Алматыда кәріз қызметін 7,77 теңгеге қымбаттату ұсынылды
2020 жылдан бастап алматылықтар кәріз қызметі үшін бұрынғыдан артық ақша төлеуі мүмкін. Қоғамдық тыңдау өткізген "Алматы су" МКК суық су мен кәріз қызметінің төлемі Қазақстан бойынша Алматыда арзан екенін алға тартып, тарифті көтеруді ұсынды. Кәсіпорын жеке тұлғаларға кәріз тарифін 25,92 теңгеден 33,69 теңгеге дейін өсіруге бекініп отыр. Ал суық судың құны өзгеріссіз қалады.
2014 жылдың қаңтарында бекітілген тарифке сәйкес, жеке тұлғалар үшін 1 текше метр суық судың құны 50,01 теңге.
Ал заңды тұлғалар үшін суық су мен кәріз жүйесі қызметінің бағасы қатар көтерілмек. Қазір заңды тұлғалар суық суға 152,73 теңге төлейтін болса, жаңа жылдан бастап ол 168,01 теңгеге қымбаттайды. Сондай-ақ, кәріз қызметіне бекітілген 52,61 теңгені 68,39 теңгеге дейін көтеру ұсынылды.
"Соңғы жылдары біз су құбырларына аса көңіл бөліп келеміз, бірақ тұрғындар оның жұмысы өте қиын екенін біле бермейді. Кәріз суын тазарту ауызсуды тазарту процесінен де қиын. Қоқысты тазарту оңай шаруа емес, соған орай, қызметкерлердің жүктемесі де өте ауыр. Сондықтан, тарифтен түскен пайданы жұмысшылардың жалақысын көтеруге жұмсаймыз. Екіншіден, қаражат тозығы жеткен құбырларды ауыстыруға бағытталады. Соңғы 15 жылда қалада тек ауыз су құбырлары ғана жаңартылып, кәріз құбыры тасада қалып жатыр. Мысалы, биыл 15 шақырым ауыз су желісін жөндесек, кәріз құбырлары мүлдем ауыстырылмады", – деді "Алматы су" МКК ресми өкілі Серік Шагиров.
"Алматы су" МКК мәліметінше, Алматыда қазір су мен кәріз құбырларының 60 пайызы ескірген және ауыстыруды талап етеді. Мамандар тарифті көтеру арқылы бірінші кезекте тозығы жеткен жабдықтарды жөндеуге болатынына баса мән беріп отыр.
Оқи отырыңыз: Коммуналдық төлемдерден қалай ақша үнемдеуге болады? 12 пайдалы кеңес
Айта кетсек, қолданыстағы қызмет түрлерінің тарифі қалада 2014 жылдан бері көтерілмеген. Енді қоғамдық тыңдауға ұсынылған тарифтік жоба қала тұрғындары арасында бірнеше рет талқыланады. Ақырғы шешімді Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қабылдайды. Мақұлданғаннан кейін тариф тағы 5 жыл өзгермейді.