Алматыда Әлеуметтік қызметтер үйі ашылды
Мұнда 776-ға жуық қызмет көрсетіледі.Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың үкіметтік емес ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерімен бірге Әлеуметтік қызметтер үйінің ашылуына қатысты, деп хабарлайды Информбюро қала әкімінің бапасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ғимаратты қайта құру өткен жылы басталды. Қысқа мерзім ішінде мұнда "бір терезе" қағидаты бойынша барлық әлеуметтік қызметтерді алушыларға жайлы жағдайлар жасалады. Көрсетілетін қызметтердің жалпы саны – 776-ға жуық.
Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының интеграциясы әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
"Қалалықтарды әлеуметтік дамыту және қолдау – "Алматы-2050" даму стратегиясында көрсетілген Алматы әкімдігінің басты және стратегиялық міндеті. Біздің мақсатымыз – Алматыны тең мүмкіндіктер әрі инклюзивті тұлғаға бағытталған орталықтанған қала жасау", – деп атап өтті мегаполис әкімі.
Осы мақсатқа жету үшін әлеуметтік бағдарланған бюджет қалыптасуда, оның 46%-ы биыл әлеуметтік саланы дамытуға жұмсалады. Биыл әлеуметтік қолдауға 25 миллиард теңге бөлініп, 124 мың адам қамтылады.
Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың еш кедергісіз кірулері үшін ғимарат көтергіш құрылғысымен жабдықталған. Бірінші қабаттағы кең операция залында келушілерді Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат, Тұрғын үй саясаты басқармаларының, Алматының Жұмыспен қамту орталығының, Азаматтарға арналған үкіметтің "ХҚКО"-ның "Зейнетақы төлеудің мемлекеттік орталығы" АҚФ-ның, Алматы полициясы департаментінің көші-қон қызметі басқармасының, Алматы қаласы бойынша еңбек Комитетінің, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің кеңесшілері қабылдайды.
Екінші қабатта Алматының Жұмыспен қамту орталығының операция залы және бэк-офис орналасады, өтініш берушілер қолайлы жұмыс орындарын, ал жұмыс берушілер өздеріне керек жұмысшыларды таба алады.
Мұнда кәсіп таңдау кезінде кәсіби бағдар беру, кәсіби даярлау, жұмыссыз азаматтарға қайта даярлау, біліктілігін арттыру, "Бастау-Бизнес" бағдарламасы бойынша оқуға жолдама және тегін гранттар беру бойынша консультациялық қызметтер ұсынылады.
Үшінші және төртінші қабаттарда Алматының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы, Тұрғын үй саясаты басқармасының пәтерлерді бөлу бөлімі және "Адалдық алаңының" халыққа қызмет көрсету аймағы ораналасады. Бесінші қабатта Алматының Тұрғын үй саясаты басқармасының түрлі бөлімдері және әртүрі шаралар өткізетін көпбейінді акт залы болады.
Әлеуметтік қызмет көрсету үйіне түрлі өмірлік қиын жағдайларға, оның ішінде келіспеушіліктерге тап болған көптеген азаматтар келетіндігі ескеріліп, орталықта адвокат пен психолог бөлмелері қарстырылған. Балалармен келген қонақтарға ыңғайлы болу үшін ойын алаңы жабдықталған.
Бұрындары мүгедектер әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдарға бару үшін үлкен қиындықтарға тап болатын. Енді оларға қағазбастылық пен әкімшілік кедергілер жойылған әрі тиісті процедураларды іске асыру және барлық құжаттарға бір жерден қол қою мүмкіндіктері туып отыр.
Әлеуметтік қызмет көрсету үйі дамыған көлік инфрақұрылымы бар Достық даңғылының бойына орналасқан, жанында метроның "Абай" бекеті бар, бағыттар бойынша 7 автобус және 3 троллейбус жүреді. Яғни, қала тұрғындары Әлеуметтік қызмет көрсету үйіне қаланың кез-келген нүктесінен бара алады.