Алданған үлескерлердің баспанасын салуға міндетті кепілдік Қор бір жылда екі-ақ компанияға көмектесіпті
Қазақстанның аймақ-аймағында, Елордадан үй аламын деп қаржысын салып, кейін сан соғып қалған үлескерлер көп. Оншақты жылдан бері қаңырап тұрған сол үйлерді бітіру үшін мемлекеттік бюджеттен 450 млрд теңге бөлінсе де, Астанада алданған үлескерлердің саны әлі азайған жоқ.
Аты бар да заты жоқ тұрғын үй кешендері
Бұдан бұрын жазғанымыздай, 2007-2008 жылғы дағдарыстан кейін Қазақстанда баспана құрылысына ерекше жан бітті. Содан бастап 2013-2014 жылға дейін Астанада үлескерлік құрылыс арқылы салынады деген баспаналар жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай қаптаған болатын.
"Жайлау", "Рим кварталы", "АйсанамДеЛюкс", "21 ғасырдың Арман қаласы", "Жастар" және тағысын тағы тамаша үйлер пайда болу керек еді. Осындай сәнді де жайлы үйлер салынады деген сан түрлі жарнамаға сеніп, қаншама адам жиған-терген ақшасын үлескерлік құрылысқа құйды. Арада 10 жыл өтті: ақша да, үй де жоқ.
Анықтама: 2017 жылдың сәуіріндегі ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан бойынша салынбай қалған 121 үлескерлік нысан бар. Бірінші шілдеде осы үйлердің 62-сі салынып біту керек болатын және оның 52-сы Астанада екен.
Тойымсыз Тойымбетовтер әлі көп
Астанада алданған үлескерлердің бірі – екі баласы бар Зарина. 2014 жылы Зарина "Әл-Баракат" құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырады, ол келісімшарт бойынша оның екі баласы әлдеқашан жап-жаңа, жып-жылы үйдің төрінде ойнақтап жүруі керек еді.
Бірақ, келесі жылдың жазында "Жайлау"-да отырып, шәй ішесіз деген компания Зарина сияқты талай адамның ақшасын жұтып қойды. Компания директоры болған Бақытжан Тойымбетов тойымсыздығы үшін түрмеде отыр.
"2014 жылы "Әл-Баракат" құрылыс компаниясы Астанада "Жайлау" тұрғын үй кешенін салады деп естідім. Өз әріптестерім сол үйге ақша құйып жатқан соң, компания туралы біраз ақпарат жинағандай болдым. Бірақ, олардың алаяқ компания екенін бәрібір білмеппін.
"...Әлі өкінемін"
Сөйтіп, не керек, банкте тұрған ақшамды түгел алып, үлескері ретінде келісімшартқа отырдым. Неше жыл өзімнен аяп, балаларымның аузынан жырып жиған ақшамды алаяқтың қолына ұстата салғаныма әлі күнге дейін ызаланамын", – дейді Зарина.
Ол ақша салған компанияның басшысы Бақытжан Тойымбетов үлескерлердің ақшасын жымқырды деген айыппен сегіз жылға сотталған. Әрі қарай үйді инвестор салып бітіруі керек еді. Бірақ, үй салу жөніндегі қолға алынған ресми де, бейресми де шаралар аяқсыз қалды дейді Зарина.
"Тойымбетов сотталғаннан кейін құрылысты аяқтау үшін тұрғын үй құрылыс кооперативі құрылды. Ол кооперативті басқарған екі-үш құрам өзгеріп те үлгерді. Әрқайсысы ай сайын әр инвестордан (яғни, басында үлескер болған адамдар – авт.) 6 мың теңге, 9 мың теңге, әйтеуір түрлі сылтаумен ақша жинап алды. Ақыр аяғы, кооперативті басқарған құрам өзара жиі келіспей қала берген.
Және де сол кооперативтің жедел ақпарат алу үшін арнайы әлеуметтік желіде құрылған топтан көп инвесторды, соның ішінде мені еш себепсіз шығарып жібергенін білдік.
Неге дейсіз ғой? Өйткені, біз мұнда үнемі "ыңғайсыз" сұрақтарды қояды екенбіз. Ал дәл қазіргі жағдайда мен сияқты ақша салған инвесторлар үйлерін ала ма, жоқ па, оған ешкім нақты жауап бере алмай отыр. Әкімдік комиссия құрды, қаралады деді, бірақ, жеке менің үмітім үзілуге жақын".
Үлескерлерге көмектесуге міндетті кепілдік Қор осы үмітті жалғай ала ма?
Мемлекет әлгі 450 млрд теңгеден басқа, осы тығырықтан шығу үшін бір жыл бұрын "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын" құрды. Бұл акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Дәурен Оңаев деген жап-жас азамат. Ұлыбританияның Эдинбург университетін тәмамдаған. Инвестициялар мен қаржыны дұрыс жоспарлауға, дұрыс игеруге машықтанған.
Жастығына қарамай, бірнеше ірі компанияда инвестициялық жобаларды біріктіріп, нәтиже шығару, талдау, құрылысты дұрыс жүргізу, тасымалдау және несие беру бойынша жұмыс атқарғанын ескерсек, Оңаев үлескерлердің ақшасын тиімді игере алады деп үміттенуге болады.
Оңаевқа да оңай емес
"Бір жыл бұрын, 10 қазан күні Қазақстанда "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" жаңа Заң қабылданды. Артынша құрылған біздің қор да осы нарықты жан-жақты зерттеп, біраз проблеманы анықтадық.
Сол проблемалардың негізінде өзіміздің стратегиямызды бекітіп, тиісті тараптармен, жергілікті әкімдіктермен бірге проблемаларды шешіп жатырмыз. Біздің басты мақсат – үлескерлік құрылыстың дамуына кедергі келтіріп, көпшіліктің үмітін үзіп отырған кедергілерді жою", – дейді Дәурен Оңаев.
Алаяқ қашады, заң қуады, ал кепілдік Қор үй салады
Жалпы, Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры расымен үлескерлік құрылыста болып жатқан былықты тоқтату үшін құрылған. Дәурен Оңаев айтқан "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңға сәйкес, енді үлескерден ақша жинап, үй саламын деген компания алдымен осы Қордың кепілдігін алу керек.
Кепілдік алудың ең басты шарттарының бірі – құрылыс компаниясы үй құнының 2-6 пайызын қорға, яғни, мемлекетке беріп қояды. Ал, компания құрылысты сала алмай қалса, не болмақ?
"Егер құрылыс салушы біздің кепілдікті алып, бірақ құрылысты салуға күші жетпесе, оның міндетін мойнымызға аламыз. Егер компания басшысы қашып кетсе де, бұл міндетті біз орындаймыз, яғни, үйді кепілдік Қор салып аяқтайды", – деп түсіндірді informburo.kz тілшісінің сұрағына жауап берген Қордың Стратегия және даму депараментінің директоры Бауыржан Жүкенов.
"Талап өзгерді, енді құрылыс компаниялары да өзгерсін"
Ал Қор бір жыл ішінде небәрі екі компанияға ғана кепілдік берген. Әрине, бұл статистикаға қарап, Қазақстандағы қаптаған құрылыс компанияларының небәрі екеуі ғана үлескерлік құрылысқа тәуекел еткені ме деген ой туады.
Бауыржан Жүкенов мұның себебі жаңа талапта дейді.
"Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" бұрынғы заңның талаптары мүлде басқаша болатын. 2016 жылы 10 қазанда қабылданған заң құрылысшыларға басқа, қатаң талап қойып отыр. Компаниялар ол талаптарға әлі дайын емес.
Яғни, ішкі құжаттамаларының бәрін заңға сәйкес келтіру керек. Бір жылда екі ғана компанияның кепілдік алуын осымен түсіндіруге болады. Бірақ, жыл соңына дейін тағы бірнеше компания үлескерлік құрылыс бойынша жұмыс бастайды деген сенім бар".
Қор бұрын алданған үлескерлердің үйін салмайды. Болашақ үлескерлердің құқығы қатты қорғалады
Бауыржан Жүкенов бұл нарықты жан-жақты зерттедік дейді. Көңіл қуантпайтын тарихына қарамастан, үлескерлік құрылыс енді қарқынды дамиды деген сенімде. Айта кетейік, Қор осыған дейін алданған үлескерлердің үйін салып бере алмайды.
"Үлескерлік құрылысқа халық сенеді деп ойлаймын. Кепілдік беру қорының негізгі мақсаты да сол, болашақта үлескерлердің құқығын қорғау. Үлескерлік құрылыстың нарығы әлі дамиды".
Әкімдік өз алдына әлек
Ал, проблемалы нысандардың ең көбі орналасқан Астана әкімдігі әр аптаның жұмасы күні, таңғы 08.00-де алданған үлескерлермен кездеседі.
Журналистер қатысқан комиссияның отырыстары үнемі айқай-шу, үлескерлердің жылап-сықтауымен өтеді. Комиссия төрағасы – әкімнің орынбасары Сергей Хорошун. Комиссия 13 қазанда өткен отырыстың хаттамасын ұсынды. Сол отырыста "Азбука жилья" компаниясы салмай кеткен нысандарды аяқтау жөніндегі өтініш есепке алынған.
"12 қазан күні Астана қалалық прокуратурасында қалалық әділет департаментінің өкілі, сондай-ақ, "Орда Инжиниринг" ЖШС мен салынбай қалған жеті тұрғын үй кешенінен пәтер аламыз деген инвесторлардың жиыны өтті. "Азбука жилья" компаниясының активтері "Орда Инжиниринг" ЖШС-на өтеді деген шешім қабылданды.
Ал бүгін Құқық қорғау қызметтері жөніндегі орталықта "Азбука жилья" компаниясынан алданған үлескерлер баспасөз мәслихатын өткізуге дайындалып жатыр. Үлескерлер ведомствоаралық комиссияның бұл шешіміне, яғни, "Азбука жилья" активтерінің "Орда Инжиниринг" ЖШС-на берілуіне қарсы.
Ал, тағы бір проблемалық нысан, "Айсанам Отау Астана" Тұрғын үй кешенінің инвесторлары атынан келген Түсіпбеков атты азамат пен "АйсанамДеЛюкс Успех" Тұрғын үй кешенінің өкілдері арасындағы келіспеушілікке байланысты жалпы жиын өткен жоқ", – деп хабарлады ведомствоаралық комиссияның хаттама тобынан.
Ведомствоаралық комиссияның осы отырысында "Эксполисинвест" ЖШС директоры В.Белюсенконың 25 желтоқсанға дейін барлық блокты пайдалануға беремін деген өтініші қабылданған.
Ал, "Әл-Баракат" компаниясы саламын деген нысандардың құрылысына қаржы құйып, зардап шеккен азаматтарды пәтермен қамтамасыз ету үшін сәулет және қала құрылысы басқармасы "Прага" тұрғын үй кешенінің алаңын үлкейтуге қосымша жер телімі берілуі мүмкін дейді. Ол комиссияның алдағы отырысында белгілі болады.
Ал, кейіпкеріміз Зарина армандаған "Жайлау" тұрғын үй кешені бойынша әзірге жаңа ақпарат жоқ.