Алаяқтар "Халық банкінің" клиенттеріне хакерлік шабуыл жасап жатыр. Банк халыққа ескерту жариялады. Жаңалықтарға шолу
Арыстықтармен бірге үш селолық округтің халқы 100 мың теңгеден алады
Төлемақы алатындардың тізімінде апатты аймақтың 44 мың 994 тұрғынымен қатар Түркістан облысының Ақдала (4324), Қожатоғай (4232), Дермене (2052) ауылдарының адамдары бар.
Бірінші кезекте 55 602 тұрғынға 100 мың теңгеден 5,6 млрд теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр. Өтемақы ҚР Үкіметі резервісі есебінен (3 млрд теңге),облыстық бюджеттен (1 млрд теңге) және арнайы құрылған "Түркістан" әлеуметтік қорына түскен қаржыдан (1,6 млрд теңге) төленеді. Тұрғындардан құжат жинауға Арыс қаласындағы 17 секторда бекітілген тиісті мамандар және аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері жұмылдырылған. Өтемақы алуға өтініштер 3-ші шілдеден бастап жиналып жатыр.
Арыстағы апатқа байланысты Президент Қорғаныс Министріне қатаң сөгіс берді
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің жұмысын сынға алды.
– Біз қазір жүйелік кемшіліктердің, сондай-ақ әскери ведомство тарапынан бақылаудың әлсіреуінің салдарымен күресіп жатырмыз. Қорғаныс министрлігі жүйесіне келгеніңізге көп болған жоқ, алайда саладағы жағдайға толық жауаптысыз. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қорғаныс министрлігінде туындаған жағдайға қанағаттанбаймын. Сондықтан сізге қатаң сөгіс берілетінін жариялаймын, – деді Қ.Тоқаев.
Kazakh Invest ұлттық компаниясын Бауыржан Сартбаев басқаратын болды
Бұған дейін ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Сауда өкілі лауазымын атқарған. 11-шілдеде Ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Сапарбек Тұяқбаевтың Алматы әкімінің орынбасарлығына тағайындалғаны хабарланды.
КАDEX-2020 көрмесін өткізуге бюджеттен 791 млн теңге жұмсалмақшы
Ашық үкімет порталында жарияланған Үкіметтің қаулысында осылай деп жазылған. Құжатта аталған ақшаның 2020 жылға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне республикалық бюджеттен бөлінген қаражаты есебінен жұмсалатыны айтылған. Көрмені өткізуге жұмылдырылатын басқа мемлекеттік органдарды қаржыландыру да келер жылдың бюджетінде қаралған қаражат есебінен жүзеге асырылатыны да атап өтілген.
"КАDEX-2020" алтыншы Халықаралық қару-жарақ пен технологиялар көрмесі 2020 жылы 28-31 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі. Қаулы жобасы 26-шы шілдеге дейін талқылауға шығарылған.
Алаяқтар Халық банкінің 210 клиенті паролін алып қойған
Банктің homebank.kz сервисінің клиенттеріне хакерлер шабуыл жасауды жалғастырып жатыр. Кибершауылдарды зерттеу және талдау орталығы зардап шегушілер саны көбейіп отырғанын мәлімдеді. Орталық мамандары клиенттердің қауіпсіздігі үшін хакерлердің жинаған нәтижелерін ауыстырып жіберді. Мамандар хакерлердің осы командасы Грузия банктерінің біріне шабуыл жасап жатқанын хабарлады.
"Алаяқтық жарнамаларға жұрттың назарын аударту үшін банктің атынан автокөлік, ұялы телефондар сынды бағалы сыйлықтардың түрлі ұтыс ойындарына қатысуға шақырады" делінген банктің таратқан хабарламасында. Халық банкі "Сайт атауында таныс сөздерді қолданған, бірақ домендік аймақтарда орналасқан және com.org .biz .net .info .tv .mobi және басқа да қазақстандық интернет кеңістігімен байланысы жоқ сайттарға сенбеңіз" деп ескертеді.
Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысына іздеу жарияланды
Бусурманқұл Табалдиевті белді қылмыскер Әзиз Батуқаевты темір тордан заңсыз босатып жіберуге күдікті деп танып отыр. Б.Табалдиев Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетін 2006 жылы және 2013-2015 жылдары басқарған. Сонымен қатар 2011-2013 жылдары елдің қорғаныс кеңесінің хатшысы болды.
Sputnik Қырғызстанның мәліметінше қылмыскер Әзиз Батуқаев 2006 жылы мүлкін тәркілеумен 16 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған. 2013 жылы 9-шы сәуірде ол "ауыр науқастануына" байланысты мерзімінен бұрын-шартты түрде босатылып, Қырғызстаннан етіп қалған. Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша қазір ол қару сақтағаны үшін Шешенстан республикасында жаза мерзімін өтеп жатыр.
"Үш батыр" тұрғын үйінің үздік эскиздік жобасына байқау жарияланды
Бұл туралы Алматы әкімдігінің Медеу аудандық әкімдігінің Facebook-тегі парақшасында хабарланды. "Үш батыр" 1970-ші жылдары Алматыда салынған алғашқы тұрғын үйлердің бірі. Байқаудың басты талабы тұрғын үйдің тариxи бейнесін сақтап заманауи үлгіде жасау. Байқауға еліміздің барлық азаматтары қатысып, жеңімпаз бола алады.
Байқаудың жүлде қоры:1 орын – 300 мың теңге, 2 орын – 200 мың теңге, 3 орын – 100 мың теңге. Жобаларды бүгіннен бастап 31 шілдеге дейін мына электронды поштаға жібере аласыздар Soltanbayev_b@mail.ru WhatsApp +7-705-4444060.
Алматыда жаппай жарық сөнді
Бүгін сағат 14.00-ден бастап Алмаатының 8 ауданында электр жарығының жоқтығы хабарлнды. Жарық тек электр тоғының генераторы бар ғимараттарда ғана бар. Informburo.kz тілшісі көшедегі бағдаршамдарының бәрі бірдей сөніп қалғанын мәлім етті. Полиция департаменті көше қиылыстарында тәртіп сақшыларының жол қозғалысын қолмен реттеп жатқанын хабарлады. Метро сағат 15.00-ден бері тоқтаған. Әуежай штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Сағат 14.50-ден бастап қала тұрғындары кейбір аудандарда біртіндеп жарық берілгенін хабарлай бастады.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі смартфондар мен планшеттер балалар үшін қауіпті екенін ескертеді. "Смартфондар мен планшеттер нәрестелердің ми жұмысының дамуын нашарлатып, ақпаратты қабылдау, сөйлеу қабілетін және белсенділік деңгейін әлсіретеді. Сондай-ақ, гаджеттерге тәуелділік жасөспірімдердің ұйқысының бұзылуына, есте сақтау, есту қабілеттерінің төмендеуіне, стрестік, жалпы физикалық жағдайлардың кері процесіне алып келуі мүмкін" делінген министрліктің facebook парақшасында жарияланған хабарламада.
Baq.kz: Алдағы үш күнде еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық сақталады. Синоптиктердің болжамы бойынша, 16-148 шілдеде антициклон және Ираннан келетін ыстық ауа массаларына байланысты Қазақстанның көптеген облысында ыстық және өте қатты ыстық ауа райы сақталады. Республиканың батысында жаңбыр мен ыстықтың әлсіреуінен кейін ауа температурасы қайтадан жоғарылайды. Еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 2...7°С жоғары болады деп болжанып отыр.