Жас мамандар университетті немесе колледжді бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмай жүріп қалатыны белгілі. Өйткені, жұмыс берушілер әдетте тәжірибесі бар кадрларға басымдық береді. Осы орайда, оқу орны түлектерін қолдау мақсатында Қазақстанда 2020 жылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Алғашқы жұмыс орны" жобасы жүзеге асырылып жатыр.


Динара Даниярованың жеке мұрағатынан

Динара Даниярова биыл Рудный индустриалды институтын бітірді. Ол жұмыс табу қиынға соқпайтынына сенімді еді. Өйткені, қалада оның мамандығы сұранысқа ие кәсіпорындар көп болатын. Бірақ, бәрі бастапқыда ойлағандай болмай шықты.

"Мен алдымен өз бетіммен жұмыс табуға тырыстым. Бірнеше өндірісті аралап, жұмыс берушімен әңгімелесулерге бардым. Барлық жерде жұмыс тәжірибесін талап етті, бірақ менде оларға қажет тәжірибе болған жоқ. Дипломды енді алған кезім ғой. "Жұмыс жоқ" деген жауап алумен болдым. Шарасыздықтан аудандық Жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Онда маған еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау инженері мамандығы бойынша оқу орталығында жұмыс істеу ұсынылды", – дейді Динара.

Кейіпкеріміз тағылымдамаға ілігіп, оның барысында оқудан өтіп, қызметке терең бойлауға тырысты. Содан кейін онымен келісімшарт жасалды. Айтпақшы, "Алғашқы жұмыс орны" жобасының талабына сәйкес, жұмыс беруші, сондай-ақ, Жұмыспен қамту орталығымен жас маманды кем дегенде 2 жылға тұрақты жұмысқа қалдыру жөнінде келісім жасайды. Сонымен бірге, жұмыс істеген бірінші жылы мемлекет қызметкердің ай сайынғы жалақысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде субсидия береді.

Жаңа және алғашқы жұмыс орнында Динара Даниярова жұмыс үдерісін ұйымдастыру ережелерін сақтауды назарда ұстауға жауапты. Ол өз қызметін заман талабына сай деп санайды және бүгінде білімін жетілдіруді жоспарлап жүр. Тәжірибе жинап, мықты маман болатынына сенімді.

"Қазір маған 100 мың теңге жалақы тағайындалған. Тәжірибесіз келгенімді ескерсек, біздің қаламыз үшін бұл тәуір ақша. Тіпті, отбасыма көмектесу мүмкіндігім бар, бұл мен үшін өте маңызды. Егер Жұмыспен қамту орталығы қарайласпаса, қалай болатынын білмеймін, ұзақ уақыт жұмыс іздеп сабылар ма едім? Айым оңынан туып, алғашқы жұмысым күткенімнен барлық жағынан асып түсті. Мемлекет тарапынан қолдау иеленіп, жарқын болашақ іргетасын қалауға кірісіп кеттім", – дейді Динара Даниярова.

19 жастағы Алёна Куровская Қостанай облысының Восточное ауылынан. Ол да Қостанай тұрмыстық қызмет көрсету колледжін "Тігінші" мамандығы бойынша бітіргеннен кейін жұмыс таппай дағдарды. Кедергі – сол баяғы тәжірибенің жоқтығы. Достары Алёнаға көмекті Жұмыспен қамту орталығынан сұрау керектігін айтып, кеңес береді.


Алёна Куровскаяның жеке мұрағатынан

"10 күн ішінде тігін салонына жұмысқа тұрдым. Қуанышым қойныма сыймады. Оқу бітіргеннен кейін бірнеше ай бойы жұмыс таппай сенделдім ғой. Ал бұл жерде маған тәжірибе жинауға, күрделі дүниелерді меңгеруге, өз ісінің шеберлерінен үйренуге мүмкіндік туды. Киімді әрі тігемін, әрі бүтіндеймін. Клиенттер маған сеніммен қарайды. Ал бұл біраз жайтты аңғартса керек", – дейді "Алғашқы жұмыс орны" жобасының қатысушысы.

"Алғашқы жұмыс орнының" шарты бойынша бірінші рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, сондай-ақ, 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар жобада бағын сынай алады.

Алғашқы жұмысқа орналасу кезінде көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардағы түлектерге, сондай-ақ, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандарға басымдық беріледі.

Қостанай облысы Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметі бойынша, 2020 жылдың басынан бері "Алғашқы жұмыс орны" жобасына 53 адам қатысты. Барлығы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 22 мыңнан астам адам қамтылған.