4 мамырда "Болашақ" бағдарламасына құжат қабылдау басталады
Енді стипендия жыл бойы тағайындалады."Болашақ" бағдарламасы бойынша конкурсқа құжаттарды қабылдау 4 мамыр күні басталып, 28 қазанға дейін жалғасады. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді.
Ережеге сәйкес, магистратура, докторантура бойынша тапсыратын үміткерлер "Болашақ" бағдарламасының тізімінде көрсетілген және халықаралық стипендия тағайындау үшін құжаттар ұсына алатын шетелдік ЖОО-ға өз бетімен түсуі керек.
"Өткен жылдарға қарағанда енді стипендия жыл бойы тағайындалады. Негізгі дайындық жұмыстары жүргізілді. Биыл стипендиялар үш кезеңде – маусым, тамыз және қараша айларында тағайындалады. Сонымен қатар, стипендиялар үш кезеңде пропорционалды түрде бөлінеді", – деді Мирас Дәуленов.
Оның сөзінше, "Болашақ" бағдарламасы бойынша осы жылға арналған басым мамандықтар тізбесі академиялық оқуға арналған 80 мамандықты және тағылымдамадан өтуге арналған 137 мамандықты көздейді. Тізімге "Инклюзивті білім беру", "Вирусология", "Урбанистика", "Жаңа материалдар технологиясы" сияқты өзекті мамандықтар енген. Биыл басым мамандықтар "Инновациялар және жаңа технологиялар", "Индустриялық инженерия", "Жаратылыстану ғылымдары", "Әлеуметтік ғылымдар", "Білім беру", "Медицина" және "Креативті индустрия" сияқты бағыттар бойынша бөлінген.
Бұл тізбе мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдардың өтінімдері негізінде, сондай-ақ елдің еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып әзірленген.
2021 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға 1 055 стипендия бөлінді: 555 стипендия – магистратура, резидентура, докторантура бағдарламаларына, 500 стипендия – "ғалымдар" тағылымдамаларының жаңа санатына.
Биыл басым мамандықтар тізбесінде "Инновациялар және жаңа технологиялар" жаңа бағыты пайда болды. Бұл бағыт жаңа салаларды құруға ықпал ететін инновациялық мамандықтарды біріктіреді.
"Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процестері толығымен автоматтандырылды. Үміткерге жеке кабинетінде бірегей код беріліп, оны барлық конкурстық іріктеу кезеңінде пайдалана алады. Үміткердің жеке деректері де бірегей сәйкестендіру жүйесінің көмегімен кодталған. Байқаудағы іріктеу кезеңдерінің саны алтыдан үшке дейін қысқартылды:
- кешенді тестілеу;
- тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелерімен жеке әңгімелесу;
- шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысында құжаттарды қарау.
Сондай-ақ, "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға ұсынылатын шетелдік ЖОО тізімі толықтырылды. Биыл бұл тізім 138-ден 207-ге ұлғайтылды. Тізімде үш халықаралық академиялық рейтингке кіретін және екі және одан да көп Халықаралық академиялық рейтингтің (QS, Times Higher Education (THE), Academic Rankings of World Universities (ARWU) алғашқы қатарындағы 27 елдің 207 шетелдік жоғары оқу орны бар.