Қазақстан Pfizer вакцинасын сатып алады. Елдегі эпидахуал қандай?
Соңғы үш айда әуе рейсімен 155 мың адамның 75-нен COVID-19 анықталса, автоөткелмен келген 440 мың адамның 666-сы коронавирус жұқтырған.Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов "сары" аймаққа кірген облыстарда 30-50 адамға дейін мейрамханаларда жиналуға рұқсат етілгенін айтты.
Оның айтуынша, мейрамханалар сияқты тамақтану орындарының жұмысы арнайы эпидемиологиялық матрица бойынша реттеледі. Онда әрбір өңір мен қаланың нақты бір аймаққа, яғни "жасыл", "сары" және "қызылға" кіргені ескеріледі. Соған қарай карантиндік шектеулер енгізілген.
"Біріншіден, "сары" аймаққа кірген облыстарда 30-50 адамға дейін мейрамханаларда жиналуға рұқсат етілген. Бірақ "қызыл" аймаққа кірген облыстарда немесе қалаларда халықтың саны 30 адамға дейін шектелген. Біз 30 адамға дейін жазда да рұқсат берген болатынбыз. Бірақ үлкен ұжымдық шараларға, мерекелік концерттік шаралар дейміз, сондайларға қатаң тыйым саламыз", – деді Шоранов.
Оқи отырыңыз: "Коронавирус бағдаршамы". Қызыл, сары, жасыл аумақтар түрлі елде нені білдіреді?
Осы орайда Марат Шоранов эпидемиологиялық матрицадағы облыстар мен қалаларды орналасу жағдайына тоқталды:
- Жоғары қаупі бар "қызыл" аймақта Атырау, Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары тұр.
- Орташа қаупі бар "сары" аймаққа үш өңір кірді. Олар – Солтүстік Қазақстан облысы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары.
Қазақстанға кейінгі үш айдың өзінде ғана әуе рейсімен 155 мың адам келіп, оның ішінде 75 адамнан COVID-19 анықталды. Автоөткелмен 440 мың адам келіп, оның ішінде 666 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.
"Науқастарды бірден оқшаулап, инфекцияның таралу қаупінің бетін қайтардық", – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.
Ол коронавирусты анықтау тестін елдегі 132 зертхана мен 48 биологиялық материалдарды жинау бекетінен өткізетінін, қазіргі таңда елде тесттен өткізу қуаты тәулігіне 100 мыңға жеткенін айтты.
Қазақстанда оқу жылы басталғалы бері 3658 оқушы коронавирус жұқтырған
"Оқушылардың коронавирус жұқтыру жағдайы артып барады. Оқу жылы басталғалы бері 3658 бала індетке шалдыққан. Оның ішінде кезекші сыныптарда оқитын балалардың саны 994. Бұл көрсеткіш - офлайн режимде оқитын оқушылардың 0,1 пайыз. Ал қашықтан оқып жүріп коронавирус жұқтырған балалардың саны – 2 664", – деді Шоранов.
Оның айтуынша пандемия оқыту процесіне едәуір жаңа амалдарды енгізген. Оқу жылындағы балалардың бір-бірімен байланысын азайту, яғни коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында жаңа оқу жылы жаңа форматта басталды.
"Өздеріңіз білетіндей, тек 1-5 сынып аралығындағы оқушылар офлайн режимде оқыды. Осыдан кейін екінші тоқсаннан бастап 300 балаға дейінгі мектептер дәстүрлі форматқа ауысты", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Covid-ке қарсы вакциналар: 8 факт пен 4 сұрақ
Қазақстан Pfizer компаниясымен келісімге келіп, коронавирусқа қарсы вакцина жеткізуге қамданып жатыр
"Бүкіл әлемде қазіргі таңда вакцинаны уақытша тіркеу туралы әңгіме айтылып жатыр. Бізде тіркеп, зерттеудің үшінші сатысының есебі бойынша уақытша тіркеуге мүмкіндік беретін тиісті ережелер әзірленді. Pfizer вакцинасы туралы айтар болсақ, оны -70 градусқа дейінгі қатаң талаптармен қатар, бағасы де ерекше. Ол ресейлік вакцинадан қарағанда екі есе қымбат. Біз бүгін Pfizer компаниясымен жарияламау туралы келісімге келдік. Бұл вакцинаны Қазақстан аумағына арнайы құжаттарды тапсыру арқылы жеткізу ісімен айналысуға дайынбыз", – деді Марат Шоранов.
Оның айтуынша, бәрі де аталмыш компанияның өндірістік қуаты мен мүмкіндігіне байланысты болады. Айта кетерлігі Қазақстан да қазіргі уақытта "Спутник V" вакцинасын тіркеу мәселесін қарап жатыр. Вакцина 2020 жылғы 24 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 21 қаңтарға дейін Гамалея атындағы ЭМҒЗИ-да сапаны бақылау процесінен өтеді. Тексеру сәтті болған жағдайда 2021 жылғы 26 қаңтардан 11 ақпанға дейін препаратты Қазақстанда тіркеу жоспарда.