– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанымызды одан әрі дамытудың негізгі мақсаттарын белгілеп берді. Олардың барлығын заң жағынан қолдау үшін депутаттық корпустың алдында да жауапты міндеттер тұр. Сол үшін сессия барысында, біз, өз уақытында, халыққа қажетті, сапалы заңдар қабылдайтын боламыз, – деп бастаған Мәжіліс төрағасы осы жауапты міндетті абыроймен атқару үшін бүгіннен бастап белсене іске кірісу қажеттігін еске салды.

Әсіресе, экономиканы жаңғыртуға әлеуметтік ахуалды күшейтуге, бюджет және салық жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, шағын және орта бизнесті қолдауға, экологиялық мәселелерге басқа да сұрақтарға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Жаңа депутаттар ант берді

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Бақтияр Мәкен мен Гүлнар Иксанованың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Ал Гүлшара Әбдіқалықова, Нұржан Әшімбетов және Жұлдыз Омарбекова Мәжіліс депутаты болды.

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға ант етемін, – деп ант берді депутаттар.

Гүлшара Әбдіқалықова Мәжіліс комитетін басқарады

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Гүлшара Әбдіқалықованы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы қызметіне ұсынды.

– ҚР Парламенті Комитеттері мен комиссиялары туралы заңның 8-бабына сәйкес, мен осы орынға Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың кандидатурасын ұсынамын. Гүлшара Наушақызы көптеген лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Барлық салада білімі де, тәжірибесі де жеткілікті. Сондықтан, осы комитетті басқару үшін Гүлшара Әбдіқалықова лайықты деп есептеймін, – деді Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында. Ұсынысты 104 депутаттың барлығы мақұлдады.

Сонымен қатар Нұржан Әшімбетов Аграрлық мәселелер комитетіне, Жұлдыз Омарбекова Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына сайланды.

Республикалық бюджет 2022 жылға дейін Ұлттық қорға қол жаяды

"2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы 2019 жылдың 6 қарашасына дейін дайын болады. Бұл туралы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті төрайымы Гүлжан Қарағұсова мәлімдеді.

Сонымен қатар "Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасы мен "Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы санаттағы трансферттердің көлемі туралы" заң жобасы да 6 қарашаға дейін дайын болмақ.

Депутат Қарағұсованың айтуынша, трансферттерді есептемегенде 2020 жылы республикалық бюджет кірісі – 8 трлн теңге, 2021 жылы 8,6 трлн теңге, 2022 жылы 9,4 трлн теңге болады.

Ал республикалық бюджет шығысы 2020 жылы 12,7 трлн теңген3, 2021 жылы 13,2 трлн теңген3, 2022 жылы 13,6 трлн теңгені құрайды.

Республикалық бюджет дефициті келер жылы ІЖӨ-нің 2,1 пайызы болса, 2021 жылы 1,5 пайыз, 2022 жылы 1 пайыз болады.

Сонымен қатар Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылы 2,7 трлн теңге болса, 2022 жылға дейін бұл көрсеткіш 2,6 трлн теңгеге дейін төмендемек.

Халықтан негізсіз ақша жинап келген компания жабылды

Мәжілістің жалпы отырысында "Ақ жол" партиясы фракциясының мүшесі депутат Меруерт Қазыбекова Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке депутаттық сауал жолдады.

– Биыл 19 маусымда "Ақ жол" фракциясы "Астанаэнергосервис" АҚ-ның заңсыз қызметі туралы депутаттық сауал жолдаған еді. Аталған сауалда бірнеше жылдан бері аталған компания тұтынушыларды негізсіз ауыртпалыққа қалдырып келгені айтылды.

Компания өзі ештеңе өндірмейді, қаладағы энергетикалық компанияларды басқарған болып, халықтан ақша жинап келді. Сол компанияның жалақы қорының өзі – 600 млн теңге. Ал басшыларының айлықтары, сыйақы мен бонустарын қоспағанда айына 1,5 млн теңгеге дейін жеткен.

Бұдан бөлек кеңселері мен қызметтік көліктері бар. Ал мұның бәрі коммуналды қызмет бағасына қосылған жасырын тарифтер есебінен төленіп келгені белгілі, – деді депутат.

Қазыбекованың айтуынша, жоғарыда аталған жаз басындағы депутаттық сауалға 5 шілде күні жауап келген екен. Бірақ депутаттық сауалды реттейтін заңнаманы өрескел бұзып жауап берген. Атап айтқанда, сауал министрге жолданғанымен, министр жауап беруді өзінің орынбасарына тапсырыпты. Нақты жауап берілмеген.

Дегенмен, депутаттың айтуынша, бүгін, 4 қыркүйек күні ақпарат құралдарында жоғарыда аталған "Астанаэнергосервис" компаниясының жабылатыны туралы хабар тарап отыр. Қазыбекованың айутынша, компанияны жапқаннан кейін әкімдік жылына 1 млрд теңге үнемдемек.

Осы орайда, депутат Қазыбекова басқа қалаларда да осындай жағдайдың бар-жоғын анықтауды сұрап, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке депутаттық сауалды жолдады.

Айта кетелік, "Астанаэнергосервис" АҚ 1999 жылы құрылған. Қала әкімдігіне қарайды. Өзінің "Астана энергия" АҚ, "Астана теплотранзит" АҚ, "Астана РЭК" және "Астана энергосату" ЖШС деген төрт үлескер компаниясы бар. "Астана энергосату" ЖШС-нің 2012 жылы 150 абоненті ғана болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 4617-ге жеткенін айтқан депутат бұл компаниялардың нарықтық бәсекелеске кедергі келтіріп, екіншіден, тұрғындардың мойнына қосымша шығынды негізсіз іліп отырғанын жеткізді.