Металл құюшының шабытын EXPO-2017 оятты
Суат Солтанимановтың ERG тобына қарасты "Қазақстан электролиз зауытында" жұмыс жасағанына алты жыл болды. Бастапқыда түрлі-түсті металл құюшы болып кірген ол – бүгінде бір ауысымның бригадирі. Өмірлік ұстанымы: еңбекті адал, шын ниетпен істесең, қашан да болса жетістікке жетесің.
– Менің жұмысымды басшылық бағалады. Өзім көп балалы әке болғандықтан, еңбек өтілім аз болса да, пәтер берді.
"Қазақстан электролиз зауыты" небәрі 27 ай көлемінде салынып, заманауи технологиялармен жабдықталған. ТМД елдерінде баламасы жоқ технология бізде бар. Біздегі алюминий өндіру процессін өте инновациялық деуге болады, –дейді ол.
5 баланың әкесі Суат Солтаниманов жұмысына адал, ұжымында белсенді, достарына сыйлы.
– Қайда жүрсем де, жұмысыма пайдасы тие ме деген небір инновациялық жаңалықтарды қалт жібермеймін. Тіпті қатысы жоқ нәрсе болса да, біздің салаға қалай бейімдеуге болады екен деп қарастырамын.
Сондықтан, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі мен үшін маңызды. Себебі қазір біздің ғана емес, бүкіл әлем жер ресурстарын үнемдеу мәселесіне назар аударып жатыр, өзекті мәселе.
Суат та шетте қалмай, осы мәселенің шешілуіне аз да болсын өз үлесін қосқысы келеді.
– Біздің жұмыста ең негізгісі – электр қуаты. Соның шығынын неғұрлым азайту мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің көрсеткіштер жаман емес, өндіріс көлемін арттырып, электр қуаты шығынын 10 жылдың ішінде 15-20% азайттық.
Айтуынша, ондай көрсеткіштерге жету үшін, ең біріншіден жұмысшылардың кәсіби деңгейін жоғарылатқан. Мәселен, дипломды маман болмағандықтан, жұмысқа қабылданбас бұрын мен арнайы оқу оқып, білім алдым. Және жұмыс барысында разрядты көтеру үшін оқу оқисың, біріншіден біліктілігің артып, кәсіби деңгейің шыңдалады, екіншіден разряд өскен сайын айлығың да жоғарлайды. Еңбек қауіпсіздігі шараларын сақтау деген сияқты оқулар жиі өткізіліп тұрады.
– Әр адам өзінің жұмыс міндеттерін жетік білмесе, электроэнергияны босқа шығындайды. Мысалы, ебін келтіріп 300 КВТ жұмсайтын жерде, білмегендіктен 350 КВТ жұмасауы мүмкін. Ал бізде бір ғана жұмысшы істемейді, әрқайсысы осындай қателіктер жіберсе, қаншама шығын. Осылайша, жұмысшыларды оқыту арқылы, электр қуатын үнемдеуге келдік. Бұрын сағатына 13 мыңнан астам КВт жұмсасақ, қазір сағатына 12 мыңнан астам КВт жұмсайтын көрсеткішке жеттік, – дейді ол.
ЭКСПО-да "Болашақ энергиясы" тақырыбы аясында қамтылған, жақсы дүниелер өте көп екен. Күн, су, жел энергияларынан қуат алу бізге өте керек. Біз көп энергияны ГРЭС-тан аламыз. Ол жерде электр қуат алу үшін көмір жағады. Ол болса, жер ресурсы ғой. Оны біз үнемдеуіміз керек, – дейді Суат.
Павлодар қаласындағы төрт кәсіпорыннан 500 жұмысшы Астанаға ат басын тіреді. Бүгінде компания жаздың үш айына жоспарлаған жалпы саны 6500 адамның жартысынан көбі бас қалаға келіп, биылғы жылдың басты шарасына қатысып та үлгерді.
Еуразиялық Топтың персонал және әлеуметтік жұмыс жөніндегі басқарушы директоры Ирина Дәулетбакова:
Олар EXPO 2017 көрмесі аумағын аралап, әлемдегі озық шешімдер және тың инновациялармен танысты. Компания қызметкерлерді іссапарға жіберу, олардың жататын жері мен тамақтануы, көрме мен оның аясында өткізілетін өзге де шараларға билет сатып алу шығындарын толық өз мойнына алды. Өйткені адамдар – біздің басты активіміз. Сондықтан Еуразиялық Топ оларды жан-жақты дамытуға, олардың компания мен еліміздің өміріне белсенді араласуын барынша ынталандырады.
Loading...
Желдің ғана суретін түсіре алмадым...
Суат өзі де ТМД елдерінде теңдесі жоқ, инновациялық технологиялармен жұмыс жасап жүргендіктен, Экспо алаңына кіргенге дейін көрмеде таңқаларлықтай ештеңе жоқ деп ойлаған.
Алайда, көрме алаңындағы атмосфераның өзі оны сол ойынан біржолата айнытты.
– Қазақстанның мықтылығы көрініп тұр. Өз өзін әлемге танытып жатыр. Павильондары өте керемет. Ішіне кіргенде қуаты сезіледі. Өзіміздің "Нұр әлем" павильонына кіре бергенде-ақ жүрегіңді мақтаныш кернейді. Энергияның қандай түрі бар болса, барлығы ескерілген. Өзге елдердің де павильондарын барынша араладым. Бірақ өзіміздің павильонның бәрінен де әдемі екендігі бірден көзге түседі, әсіресе тематикалық павильондар өте түсінікті жасалған, телефоныма желден басқасының бәрін түсіріп алдым. Әрине еліміз үшін бір марқайып қаламыз осындайда, –дейді ол.
Көрменің қызығына көз тояр емес...
Суат бір күн таңнан кешке дейін араласа да, көрменің қызығына көзі тоймады. Басты назарда өз жұмысында игілігіне жарайтын жаңашылдық іздеуден тынбайды.
– Бізде компанияда жұмыстың 60-70 % барынша автоматтандырылған. Дегенмен, толықтай автоматтандырылса артық етпейді. Жұмысшылардың қазіргі істеп жатқан жұмысын роботтар атқаратын болса, босаған жұмысшыларды басқа жаңа технологияларды меңгеруге бағыттап, өндірісті кеңейтсек жақсы болар еді. Өмір бір орында тұрмайды, біз де бір қадам артта қалмай, алға жылжуымыз керек. Ұдайы даму керек.
Бүгінде конвейерде ауыр жұмыстың бәрін роботтар атқарады, тек ретке келтіріп, бақылап отырамыз. Бір конвейерде 4-5 жұмысшыдан боламыз. Күніне 320-330 тонна алюминий өндіреміз. Бұл бір ауысымда ғана. Конвейерде ғана бір тәулікте 40 адам жұмылдырылған. Мысалы, сол 40 адамның ең болмағанда 20-сының орнына роботтарды енгізсе деймін. Ал қалған 20 адамды осы зауыттың ішінде қайта оқытып, зауытты кеңейтуге ат салысуға жұмылдыру керек. Біз жасап жатқан жұмысты роботтар атқара алады. Бақылауға бір екі адам қалса болды. Біз шығарып жатқан алюминий көлемі аздық етеді. Барынша арттыру керек. Алюминийге деген сұраныс күн сайын артып келе жатыр.
Сонымен қатар электромобильде де біздің зауыттың пайдасына жарар еді. Ауыр жүк көтеретін көліктер бізде бар, бірақ олар солярка көп шығындайды.
Көрмедегі электромобильдер сияқты ауыр жүкке арналғандары болса, жақсы болушы еді. Біріншіден ауа райы, қоршаған ортаға залалы болмас еді.
Күннен қуат алатын батареялар да керек. Көп елдерде бар. Мысалы, электротокты, балшықты топырақты алу үшін көп көмір кетеді.
Мысалы, Жапон павильонында цунами апатынан қандай пайда көргендері туралы айтып жатыр. Қанша қасірет әкелген жойқын апаттың өзінен электр тоғын алу жолдарын ойлап тапқан. Бізде цунами болмаса да, өзендердің аққан қуатынан алуға болады ғой.
Бір қаланы бір өзеннің суы электр қуатпен қамтып отырса, жақсы емес пе?
Гидроэлектростанцияларды Ертіске, Есілге қойса, әрқайсысы бір-бір қаланы қамти алады деп ойлаймын.
ЭКСПО-дағы "Нұр әлем" павильонын сипаттауға сөзім жетпейді. Әйнек көпірді бір-екі басқан соң, қорқынышың сейіледі екен, дегенмен өте қызықты. Жіп сияқты түп-түзу ағып тұрған субұрқақты айтсаңызшы...
Балаларым Назарбаев университетінде оқыса ғой...
– Астана – өте әдемі қала. Келген сайын танымастай өзгеріп тұрады. Мына Назарбаев университетінің де ерекше бір қуаты сезіледі. Балаларым осында оқыса ғой деп, армандап қоямын.
Екінші күні "Қазіргі жағдайда кәсіпорындарды орнықты дамыту жүйесі" тақыбырында тренинг өткізілді. Танымал бизнес-тренерлер Надежда Зубова және Ильдар Валиуллиндермен бірге еуразиялықтар Топ кәсіпорындары жұмысының соңғы жылдардағы нәтижелерін түйіндеп, ERG кәсіпорындары мен бүкіл сала алдында туындаған қатерлер және түйткілдерді талқылап, келешектегі дамыту бағыттарын сөз етті. Оқыту интертактивті формада жүргізіліп, әрбір қатысушы Еуразиялық Топтың келешегін айқындауға қатысты.
Тренингте ұсынысымды ортаға салдым
– Тренингтің мақсаты – біздің компанияның басшысынан бастап қатардағы жұмысшысына дейін жұмыс барысына бір жаңалық енгізу. Командалық жұмыста тың идеялар болса ортаға салу маңызды. Кәсіби тұрғыда бұл мен үшін де, әріптестерім үшін де ерекше пайдалы.
Қай жерде болса да, жұмыс сапасын арттыру үшін командамен жұмыс істеу керек, бір нәрсе ұсынудан қорықпау керек, жаңа технологиялар енгізу керек. Біз қатардағы жұмысшы болғандықтан, ненің қалай жасалатынын білеміз, сондықтан біздің де ойымызбен санасады. Менің ұсынысым осындай болды. Жалпы айтар болсам, бізде рационалды ұсыныс жақсы енгізіліп келе жатыр.
Жігітке жеті өнер де аздық етер
Енді өзім бес жыл ішінде экологиясы таза қалада, ең озық технологиялар енгізілген өндірісте жұмыс істейміз деп ойлаймын. Жұмысшылар жаңа технологиялар мен роботтардан қорқады. Жұмыс орындар қысқартылып, жұмыссыз қаламыз деп ойлайды. Отбасын асырап отырған соң, әрине оларды түсінесің, ондай болады ғой. Жалпы біздің компания өте белсенді, жарты жыл сайын спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Мен волейбол, баскетболды жақсы көремін. Ән айтамын, өлең жазамын, ЭКСПО-ға да бір шумақ өлең арнадым:
Айналған татулықтың мекеніне,
ЭКСПО ел көңілін көтеруде,
Бүгінде бүкіл әлем көзі жетті,
Қазақстанның озық ел екеніне.