Қазақтан шыққан "Темір адам" – баянауылдық жігіт
– 12-демін. Жаз айы болатын. Ауылдың сыртында қой бағып жүріп, ұйықтап қалыппын. Түсімде үстіне аппақ киім киген, ұзын бойлы ата маған жақындап келіп: "Балам, бойыңда күш пен жігер бар. Денеңді пышақпен кескенде қан шықпайды. Ештеңеден тайсалма, қорықпа!" – деп айтты да жоқ болып кетті. Мен ұйқымнан шошып ояндым. Кешке қойды өрістен үйге айдап əкелген соң, анама көрген түсімді айтып бердім, – дейді Жеңісбек.
Анасы баласының бойына ерекше қасиет қонғанын біліп, оны жоғары бағалауын сұраған. Бірақ балалықпен мән бермейді.
Тек есейе келе, өнердің осы түрімен – терісін жүзі өткір қанжармен кескілеп, айналыса бастайды. 24 жасында Көкшетауда өткен облыстық "Жігіт сұлтаны" байқауында алғаш рет сахнада денесін пышақ кеспейтінін көрсетіп, жүлделі орынға ие болыпты.
– Байқауға қатысқан жігіттер өздерінің өнерін көрсете бастады. Мен не көрсетерімді білмей, тығырықтан шығар жол іздедім. Сосын пышақпен денемді кесіп көрсеттім. Қан шыққан жоқ. Тек іздері қалды. Мен сол кезде көптен бері қолға алмай кеткен бойымдағы осы қасиетті дамыту керектігін түсіндім.
Бұл қасиеті кезінде өмірін сақтап қалуға да сеп болған.
– Баянауылда топ жігіттер арасындағы төбелесте бір жігіт бетімнен балтаның өткір жүзімен ұрған. Сол балта сүйегімді сындыра алған жоқ. Тек бет терісін ғана жаралады. Миыма да зақым келмеген, – дейді Жеңісбек.
Аталары аюды өлтірген
Жеңісбек өзіне бұндай ерекше қасиет ата-бабасынан дарыған дейді. Атасы аян бергенін естіген әкесі бабаларының бойында осындай ерекше қасиет бар болғанын айтқан.
– Атамның Ақтай, Бозтай деген екі ұлы болған екен. Бірде әкелерінің жақсы көретін жалғыз ақ түйесін аю жарып жеп кетіпті. Содан екі ұлы түз тағысынан кек алуды ойлайды. Ақылдасып, аюдың апанын тауып, шығатын мезетін аңдыған. Ағасы інісіне "аю ақырып жүгіргенде мен құлағынан бас салам, сен шабын пышақпен жарып жібер" дейді. Осылайша екеуі аюды өлтіріп, әкесінің өшін алған екен.
"Үш жасында қозыны қолтығыма қысып өлтіре салады екенмін"
Жеңісбек – отбасындағы жеті баланың кенжесі. Әкесі Қадыр да баласының бойындағы ерекше қасиетті ерте байқаған. Оның іс-қимылдарына көзі жетіп, разы болған кезден бастап қана көңіл бөліп, баули бастаған.
– Үш жасымда ойнап жүріп, үлкен қозыларды ұстап алып, үстіне мінгенде белін сындырып жіберетін болыппын. Қала берді қолыммен қысып, тұншықтыра салады екенмін. Бір күні әкем неге қозылар өле береді деп, бір төбенің басына шығып, қарап отырса, менің қозыларды қалай өлтіргенімді көріп, таң қалады. Содан бері мені жанынан тастамай, тауларға шығарып, тас сындыртып, қыста қарға жуындырып, баули бастады.
"Туғандағы салмағым бес келі болған" дейді темір адам
Үш жасынан денесін қармен ысқылайтын Жеңісбек әлі де сол әдетін тастамаған. Дене шынықтырумен айналысады. Суық суға шомылып, қымыз ішіп, таза ауада серуен құрғанды жақсы көреді.
Ол әсіресе, арнайы жаттығуларға үлкен мән береді. Бұдан бөлек, адамның жүйкесін тыныштандыратын дем арқылы жасалатын жаттығулар жасайды. Өйткені сахна моральдық тұрғыдан дайындықты қажет етеді дейді.
– Менің дүние есігін ашқандағы салмағым бес келіге жуық болған екен. Соған қарамастан жеті жасқа дейін емгенмін. Жүгіргенде алдыма жан салмайтынмын. Сосын мектеп қабырғасында жеңіл атлетикамен айналыстым. Аудандық, облыстық жарыстарға қатысып тұрдым. Күрестен де құралақан емеспін. Спорт – менің өмірім десем болады.
Асауға құрық салуға білектің күші керек
– Әкем 12 жасымда мені сынағысы келген болар, жылқылардың ішінен шу асауға арқан лақтыртты. Мен аттың үстінде тұрып, арқанды лақтырып асауды бұғауладым. Сонда әкем риза болып,"екі білегіңде құрыштай күш бар екен" деген еді.
Оңашада жасаған тәжірибесі оң нәтиже берген
– Түс көргеннен кейін ертесіне әкемнің пышағын ұрлап алып, оңаша жерге барып, денемді кесіп көргенім бар. Шынымен денемнен қан шыққан жоқ. Алдымен қолымды кесіп көрдім. Бірақ іздері ғана қалды.
– Кейін араның өткір жүзіне арқаммен жатып, үстіме адам шығарып немесе ауыр зат қойғызып, денемнің беріктігін тексеріп көрдім. Денеме өткір заттың кіргенін сезгенмен, қан шыққан жоқ. Тіпті шалқамнан жатып, биіктіктен өткір пышақтарды тастаттым. Содан кейін бұл өнерімді көпшіліктің алдында көрсете бастадым.
"Жігітке жеті өнер де аз" деген ұстаныммен өмір сүретін Жеңісбек еш қиындықсыз шынашағымен 16 келі кір тасын шыр көбелек ойнатып, мойнымен 32 келілігін көтереді.
– Сахнаға шыққанда көрермендерге пышақты да, араны да ұстап көріп, тексеруіне мүмкіндік беремін. Ағашты пышақпен жонып, арамен кесіп көрсетемін. Әрине, өткір зат болғандықтан, денемді кесіп кеткен кезі де болды. "Аймақтар аламаны" телевизиялық жобасында өнер көрсеткен күні аздап сырқаттанып қалған едім, денемді пышақ кесіп кетті. Бірақ аяғына дейін шыдадым.
Қазақстандағы суық қарумен өнер көрсететін жалғыз адам
Қазақстанда Жеңісбек секілді экстремалды шоу көрсететін азаматтар жоқ екен. Оның айтуынша, суық қарумен кез келген адам жұмыс жасай алмайды. Өйткені оған үлкен дайындық қажет.
– Білуімше, елімізде үшкір шегенің немесе үгітілген шынының үстіне жататын, қолымен темір иетін жігіттер бар. Бұл экстремалды өнердің алғашқы сатысы ғана. Ал Қазақстан көлемінде өткір араға жатып, денесін пышақпен кесетін адам жоқ. Пышақ суық қару болғандықтан көбі одан қорқады.
Суық қару демекші, Жеңісбек қолданатын пышақ – суық қару түрі болып саналады. Сондықтан оны өзімен жолда алып жүру қиындық әкеледі. Айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері тексерген кездері болған.
– Сөмкемде суық қарумен қатар, арнайы сахналық киімдер де бірге жүреді. Соны көрсетіп дәлелдеуге тырысамын. Бірақ сенбей жауып тастаған кездері болған жоқ. Бұрын кез келген пышақпен өнер көрсете беретінмін. Қазір үлкен пышақтарды алып жүремін. Кейде ұмытып кетіп, басқа пышақтармен өнер көрсеткен кездерім болды.
Актерлік таланттан да құралақан емес
Танымал өнер иесі фильм түсірушілер назарынан да тыс қалмапты. Павлодар облыстық телеарнасының "Туған жерге тағзым" атты бейнебаянында Жеңісбек Абылай ханның рөлін сомдаған екен.
Loading...
Сонымен қатар кино саласында да ерекше дарындылық танытқан Жеңісбек 40 минуттық қысқа метражды фильмде Жүсіпбек Аймауытовтың рөлін қалтқысыз ойнап шыққан.
Жақын күндері "Даналар ізімен" 12 сериядан тұратын республикалық телевизиялық киноға түсуді аяқтады.
Темірді ғана емес тасты бағындырған
Бала кезінен тау-тасты аралап өскен Жеңісбек тек өткір заттарды ғана емес, тастарды да талқандап жүр.
– Кеудеме үлкен тастарды қойғызып, балғамен ұрғызамын. Ал кірпішті басыма қойғызып, сындыртамын. Осы өнерімді көрген жұрт "Батыр Жеңісбек" деген ат қойды. Осылайша темір мен тасты қатар бағындыра бастадым.
– "Батыр Жеңісбек" атағын Ресейдің Омбы қаласының 300 жылдық мерейтойына барған кезде омбылықтар берген болатын. Қазақстаннан жалғыз мен ғана өнер көрсеттім. Өйткені экстрамал жанрындағы шоу бағдарламамды ұсынған едім.
Ізін басқан ізбасарлар да бар
Жеңісбек ата-анасымен Моңғолияның Баян өлгей аймағынан ата қонысқа 1992 жылы көшіп келген. Мектепті үздік бітірген ол, техникумға түскенмен мамандық бойынша жұмыс жасамай, шәкірт тәрбиелеумен айналыса бастаған. Қазір шәкірттері телеарналардан өнер көрсетіп жүр. Өкінішке қарай, ұлы әкесінің жолын жалғастырмаған.
Ал 1996 жылы Көкшетаудан Баянауылға қоныс ауыстырған соң, 2006 жылы Павлодар мемлекеттік университетін бітірген. Қазіргі уақытта С.Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығында қызмет атқарады.
Арманға жеткізер соңғы қадамды аттау ғана қалды
Жеңісбек өнерін ары қарай дамыту мақсатында йогамен айналысып жүр. Тіпті "Аймақтар аламаны"жобасында 2013 жылы бас жүлдеге ие болыпты. Биыл жасы 45-ке келген Жеңісбек әлі асар асуым алда дейді.
Ол өзін үнемі жаңа қырынан танытуды мақсат тұтады. Ендігі ойы Гиннес рекордтар кітабына ену. Оның алғы шарттарын жасап, құжат та өткізіп қойыпты.