Қысқа уақытта қомақты қаржы табуды ойлап жүргендер Questra Holdings Inc. туралы естіген болар.

Бұл қаржы пирамидасы бастапқыда инвестициялық компания ретінде танылған болатын. Жағымды пайыздық мөлшерлеме ұсыну арқылы қарапайым халықты қызықтырды.

Алаяқтықтың әдісі былай. Бастапқыда айына екі реттен 7-8 пайыз көлемінде сыйақы төленеді. Инвестор болғысы келген адамдардың саны артып, құйылған қаржы көбейген соң, компания өзінің алаяқтық ісін бастайды.

Нақтырақ айтар болсақ, салымшылардан жиналған ақшаны оффшор компанияларының есепшотына аударып, өздерін банкрот жариялайды.

Questra Holdings Inc. туралы ақпараттар неге жасырын?

Біз білген Questra Holdings Inc. 2015 жылы құрылып, бір жылдан кейін екіге бөлінеді. Олардың бірі Questra World деп аталса, ал екіншісі Atlantic Global Asset Management (AGAM) оффшорлық компаниясы болып саналады.

Әлемде ішкі нарыққа инвестиция тарту мақсатында кейбір елдер өз территориясында ресми тіркелген компанияларды салық төлеу міндетінен айырып, олардың үстінен бақылауды да азайтады. Осындай елдердің қатарына Британдық Виргин аралдары, Кипр, Панама, Лихтенштейн және Маврикий, Сейшел сынды арал-мемлекеттер кіреді.

Ресми емес деректерге сенсек, Questra Holdings Inc. компаниясы да Виргин аралдарында тіркелген. Неліктен ресми емес деректер дейсіз бе? Себебі оффшорлық мүмкіндіктерді беретін елдер өз территориясында тіркелген компаниялар туралы ақпаратты ешкіммен бөліспейді. Сондықтан ашық дереккөздерде бұл қаржы пирамидасы туралы толық ақпарат жоқтың қасы.


Questra Holdings Inc. Виргин аралдарында тіркелгенін растайтын құжат көшірмесі / scamquestra.com сайтынан алынды

Интернеттегі қолжетімді ақпаратқа сүйенсек, Questra World компаниясының ресми сайты Испания доменімен ашылған. Ал оның Қазақстандағы бизнесін жарнамалайтын сайт (questraworld.me) бір беттік (лендинг пейдж) екенін көруге болады. Лендинг пейдж – интернетте тауарын сатушыларға арналған жай платформа.

Əдетте инвестициямен айналысатын сенімді компаниялардың сайты мультиплатформалы, барлық ақпаратты қамтиды.

Міне осындай, бір беттік жарнамалық сайтта Questra World компаниясының лицензиясы, басшылығы, мекенжайы және байланыс нөмірлері ашық көрсетілмеген. Тек бір ғана WhatsApp мессенджері арқылы байланысқа шығу мүмкіндігі бар.

Өзін компания өкілі деп таныстыратын маманның да аталған компаниядағы ресми қызметінің статусы көрсетілмейді. Questra Holdings Inc. инвесторлардың сеніміне ие болу үшін Константин Дзю есімді белгілі боксшыны өз командасында деп көрсетіп отыр. Расында, Дзю есімі жарнамалау мақсатында ғана қолданылып жүр.

Анығында, көптеген елдерде Questra World пен Atlantic Global Asset Management (questraworld.es және atlanticgam.es) компанияларына инвестиция тартумен айналысуға лицензиясы мен рұқсаты жоқ болғаны үшін тыйым салынған.

Мысалы, Еуропаның Бельгия, Аустрия, Чехия, Словения және Ұлыбритания сынды елдерінде компания әрекеті ресми тоқтатылған. Ал Қазақстанда, әзірге, еліміздің бас прокуратурасының ескертуімен шектеліп отыр.

Алаяқтар қандай майшелпек ұсынады?

Жалпы мұндай қаржы пирамидалары өзінің инвестициялық компания екеніне жұртты сендіру мақсатында уәдені үйіп-төгеді. Салымшыларды мырғамға батасың деп сендіріп, қызықтыратын түрлі үстеме пайызы бар инвестициялық пакет ұсынады.

Айта кетсек, салған қаражатыңыздың көлемі ұлғайған сайын сізге түсуі тиісті табыс та еселенеді. Тек қағаз жүзінде. Бірақ салымшы оны ескермейді. Жарнамада жазылған мыңдаған ЕВРО-ны қалтасына түскендей көріп, алданып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады.

Questra – қазақтарды сан соқтырған бірінші қаржы пирамидасы емес. Бұрын да болған.

90-шы жылдары ресейлік Мавродидің ылаңын ел ұмытқан тәрізді. QNet тәрізді желілік маркетинг өкілдері де қазақтың қалтасын біршама қаққан.

Тіпті, үйін сатып, қаржы салып, ұтылғандар қаншама! Өкініштісі, сабақ болмай келеді.


Questra Holdings Inc. ұсынған, ұйықтасаң түсіңе кіретін майшелпектер / questraholdings.com сайтынан алынды

Мысалы, ең қарапайым әрі арзан "White" пакеті бойынша қаржы салсаңыз, аптасына €4, айына €16, ал жылына €187 табыс үлесін ұсынады. Осындай табысқа кенелу үшін аталған пакетке небәрі €90 көлемінде инвестиция салуыңыз керек екен.

Бұл не қылған батпан құйрық екенін ешкімге түсіндірмейді де.

Questra Holdings Inc. өкілдері қаржыны қайда салып жатқаны туралы сұрастыратын адамдарға Atlantic Global Asset Management (AGAM) компаниясының акционерлері екенін айтумен шектеледі. Ал AGAM инвестициялық қорының ресми сайты да (atlanticgam.es) Испанияда тіркелген.


AGAM ресми сайтының домені Испанияда тіркелген / dominios.es сайтынан алынды

"Маңғыттар" мен "саңғыттар". Қазақстанда оларға шектеу қойылмаған

Ағымдағы жылдың сәуірінде Questra Holdings Inc. компаниясының жарнамасына байланысты Қызылорда облысы прокуратурасы қозғаған іс қарала бастады. Облыс прокурорының орынбасары Жасұлан Еламановтың айтуынша, оған компанияның бизнестегі бағыты қаржы пирамидасының әрекеттерін қайталайтындығы негіз болған.

Десе де, қаржы пирамидасының ресми сайты бұғатталмаған. Әлеуметтік желілерде жарнамалары әлі жүріп жатыр.

Одан бөлек, Алматы облысында жақында Questra World инвестициялық пакеттерін ұсынатын «ФинСтатус» ЖШС-і анықталып, ұсталды. Ал Questra өкілдерінің Панфилов және Талғар аудандарында белсенділіктері күшейген, Ақсу ауданында 100 адамның алданғаны белгілі болып отыр.

Солардың бірі – Айғаным. Банк несиесін жабуға қаражаты жетпей, тез арада ақша табу үшін Questra Holding Inc.-ға қаржы салған. Нәтижесінде ақша да жоқ, несиесін де төлей алмай отыр. Пирамида аузына саңғытып кетті.

Алматы облысының прокуроры Данияр Мухияев қазіргі таңда қаржы пирамидаларынан зардап шеккендер санын анықтау мүмкін емес дейді. Себебі сенімсіз болса да, салған қаржысын қысқа уақытта мол табысқа кенеліп, тез байып алғысы келетіндер қатары азаймай отыр.

Прокурордың айтуынша, тергеу жұмыстары басталды. Қаржы пирамидаларын құрғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Іс бітті, қу кетті. Қаржы пирамидасының белгілері (симптомдары) қандай?

Капиталистік қоғамда еш әрекет етпей, аз уақытта қомақты қаржыға кенелу мүмкін емес. Сондықтан әртүрлі компаниялардың қызықтырған ұсыныстарына келіспес бұрын, олардың іс-әрекетін зерделеңіз, ақылға салыңыз.

Егер белгілі бір компания сізге жоғары пайыздық мөлшерлемемен аз уақыт көлемінде сыйақы беруді ұсынса, табыс ретінде берілетін ақшаның қайдан келетіні туралы ойланыңыз.

Сізге сыйақы ретінде берілген қаржы өзге біреудің сол компанияға жасаған салымы болуы мүмкін. Сосын сіздің жарнаңыз біреуге сыйақы ретінде беріледі.

Бір сөзбен айтқанда, барлық инвесторлардың қаржысы мен үстемақысын толық қамтамасыз ететін сенімді капитал көзі жоқ. Компанияның салымшыларға берешегі тым көбейіп кеткенде, қаржы пирамидасы өз қызметін тоқтатады. Ал инвесторлар табыс былай тұрсын, өз ақшасын да қайтара алмайды.

Негізгі белгілері:

  • Қаржы пирамидалары қарапайым халық арасынан инвестор тарту үшін өздерінің ұсынатын пакеттеріне нарықтағы құнды қағаз үстемақысынан жоғары пайыздық сыйақы белгілейді.
  • Қаржы пирамидалары инвестицияның толық сақтандырылғанын сеніммен айтады. Расында, құнды қағаздар нарығында инвестицияға ешқандай гарант жоқ. Оны алып инвестициялық компаниялар да растайды.
  • Қаржы пирамидалары жоғары табысқа қол жеткізу мүмкіндігі жайлы әлеуметтік желілерде жаппай жарнамалар жүргізеді. Ал инвестициялық қорлар әлеуметтік желіде жарнама жасамайды.
  • Қаржы пирамидалары компанияның негізін салушылар мен қызметкерлері және мекенжайы туралы қарапайым ақпаратты жалпыға бірдей бөліспейді. Тек ақпарат беруші бір ғана байланыс көзін көрсетеді. Мысалы, WhatsApp мессенджері.
  • Қаржы пирамидалары табыс көзіне қатысты бизнес бағытын ашық жазбайды, яғни табыстың қайдан келетіні туралы мәлімет берілмейді.

Инвестициялық компанияны қаржы пирамидасынан қалай айыруға болады?

Бірігіп жұмыс істейтін екі қаржы пирамидасының зардабын көріп жатқандар қатарында Қазақстаннан бөлек, Германия, Ресей, Украина, Польша, Швейцария, Словакия елдері де бар.

Әсіресе, Германия мен Қазақстанда салған салымынан айырылған азаматтар саны көп. Сондықтан осы сынды қаржы пирамидаларын инвестициялық компаниялардан ажырата білу өте маңызды.

Инвестициядық компания ЖШС немесе АҚ ретінде тіркеліп өз жұмысын атқара алмайды, яғни қаржы операцияларын жасау үшін Ұлттық банктен ресми лицензия алуға тиіс.

Сонымен қатар, кез келген инвестициялық компанияға қаржы салымын жасаудан бұрын инвестицияның сақтандыру капиталы болуы керек. Егер осы екі құжат болмаса, сіз қаржы пирамидасына тап болдыңыз.

AGAM компаниясының қаржы пирамидасы екендігіне тағы да бір көз жеткізудің жолы бар. Ол үшін инвестиция құюға өтініш беріп, салым салу туралы келісім-шартқа қол қоймас бұрын, оны мұқият оқып шығыңыз.

AGAM компаниясы Африканың батыс бөлігінде орналасқан Кабо-Верде арал-мемлекетінде ресми тіркелген болса да, келісім-шарт қағазы Questra Holdings Inc. компаниясы атынан келеді.

Ал AGAM және Questra World компанияларының хаттарында олардың Questra Holdings Inc. компаниясымен ешқандай байланысы жоқ екендігі туралы жазылғанын ескерсек, бұл біріккен алаяқтық бизнес екеніне көз жеткіземіз.

Айта кеткен жөн, Қаржы пирамидасы өзіне инвестиция тартқан кезде банк секторының қызметіне жүгінбейді. Олар әдетте инвестицияны әртүрлі ақша аударымдарын жасайтын қосымша қызметтердің көмегімен (Мысалы, Advanced Cash) өздерінің оффшорлық есепшоттарына жібереді.

Ол жақтан капиталдың қалай және қайда жұмсалатын туралы мәлімет алу мүмкін емес. Себебі оффшорлық есепшотты ашуға рұқсат еткен елдер құпия сақтауды біледі.

Не істеу керек?

Бүгінгі капиталистік қоғамда қаржының бір орында тұрмай, көбейгені маңызды. Сондықтан инвестициялық қорлар мен money management-пен айналысатын инвестициялық компаниялар өз үлесіндегі бар капиталды әртүрлі қаржы операциялардың көмегімен арттырып отыруды мақсат етеді.

Олардың инвесторларға ұсынатын пайыздық үстемақылары ақылға қонымды, яғни қаржы пирамидалары сынды қысқа уақытта екі немесе үш есе табысты уәде етпейді. Сондықтан инвестор болғыңыз келсе, тек нарықта аты белгілі, ресми тіркелген компаниялармен жұмыла жұмыс істеуге беттеңіз.

Ал құнды қағаздарды сатып алып, валюта нарығында ойнауды жөн көрмесеңіз, бар қаржыңызды банкке салыңыз. Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер депозит ашып, ақша сақтау үшін белгілі бір көлемде пайыздық үстемақылар ұсынады.

ҚР Ұлттық Банкінің ресми шешімі бойынша, егер сіз депозитті ұлттық валютада ашсаңыз, онда әр банктің ұсынысына орай 10-13 пайыз көлемінде жылдық табыс алып отырасыз.

Айта кетсек, АҚШ доллары бойынша депозит сыйақысы Қазақстанның барлық банктерінде бірдей, яғни – 1,5%. Каспий банкте теңге бойынша депозит сыйақысы – 12%, ал Халық банкте небәрі – 11%. Сонымен қатар, Forte bank ұсынысы да 11 пайызбен шектелсе, Қазком 12,7 пайыз сыйақы береді.

Тез байығанша соз (а) байы

Қазіргі таңда, елімізде "екінші деңгейлі банк" статусын 33 банк алып отыр. Олардың қызметі Ұлттық банк тарапынан бақылауға алынғандықтан, жүргізілетін қаржы операциялары ашық түрде өтеді. Сондықтан толық сенім артуға болады.


Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (KDIF) мына банктердегі Қазақстан азаматтарының депозиттеріна кепілдік береді / Дереккөзі: KDIF

Одан бөлек, Қазақстан азаматының атымен ашылған депозитті Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (KDIF) сақтандырады. KDIF үкіметтің үндеуімен құрылған мемлекеттік сектордың қоры.

Сондықтан, белгілі бір банк қаржы тапшылығын көріп, сіздің салымыңызды қайтара алмаған жағдайда, кепілдік берген қор сізге бар капиталыңызды толығымен қаржыландырады.