Тікелей эфир

TikTok желісін бұғаттағаннан Қазақстан ұта ма, ұтыла ма? Сарапшылар талдауы

Фото: TikTok баспасөз қызметі
Фото: TikTok баспасөз қызметі
Депутат Ерлан Сайыров Қытайдағыдай TikTok баламасын қолдануды ұсынды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда TikTok желісінің бұғатталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, TikTok-та "алаяқтық және жалған ақпарат тарату фактілері көбейген". Ал әлеуметтік желінің ресми өкілдері қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық шараны қолданып жатқанын айтады. Осы орайда PR және коммуникация маманы, экономист Айбар Олжай TikTok-ты бұғаттаудың салдары қандай болуы мүмкін екенін талдады. 

2020 жылдан бастап әлемде бірнеше ел TikTok желісін толықтай немесе ішінара бұғаттады. Мысалы:

  • 2020 жылдан бастап Үндістанда;
  • 2022 жылдан бастап Ауғанстанда;
  • Иранда;
  • 2024 жылғы 18 сәуірден бастап Қырғызстанда тыйым салынды;
  • ЕО, Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Тайваньда үкіметтік құрылғыларға орнатуға рұқсат жоқ;
  • АҚШ-тың 30 штаты мен Нью-Йорк қаласында мемлекеттік қызметшілерге TikTok-ты телефонына орнатуға тыйым салынған. Мұнымен қатар, жуырда Джо Байден аталған әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салатын заң жобасына қол қойды. 

Депутат Қытайдағыдай TikTok-тың балаларға арналған балама форматын қолдануды ұсынды

"Әлеуметтік желіні ашқан кезде әртүрлі контент барына көздеріңіз жетіп отыр. Яғни есірткі заттарын, порнографияны, үлкендер мен балаларға қарсы буллинг, экстремистік және теріс діни сипаттағы материалдар көп. Барлығына мониторинг жасауға тура келеді, дегенмен әлеуметтік желіде теріс әсері бар контент даму үстінде. Сондай-ақ әлемдік тенденция бар – көптеген мемлекет белгілі бір әлеуметтік желілерді бұғаттап, олардан бас тартуға мәжбүр. Барлығы теріс контенттің деңгейі қаншалықты асып түсетіні және тым көп болатынымен байланысты", – деді Аида Балаева. 


Оқи отырыңыз: 2023 жыл несімен есте қалды? TikTok платформасындағы үздік роликтерге шолу


Мұнымен қатар, министр әлеуметтік желілердің тек елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау үшін ғана бұғатталатынын алға тартты. 

"Мен қазір тыйым саламыз деп жатқан жоқпын, тек қарастырып жатырмыз. Себебі көрші мемлекеттер және өзге елдер белгілі бір шешім қабылдаған кезде біз де мәселені тереңінен зерттеуге тырысамыз", – деп сендірді министр. 

Депутат Ерлан Сайыровтың мәліметінше, соңғы екі жылда TikTok желісіне 14,1 млн қазақстандық тіркелген, оның ішінде кішкентай балалар да бар.

"Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгермеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен "TikTok" арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да аз емес. Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралып жатыр. Оларды балалар тек қарап қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды. Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаттау керек. TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіне сәйкес балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізуді ұсынамын", – деді Ерлан Сайыров. 

TikTok-тың өзі не дейді?

TikTok баспасөз қызметі Informburo сұратынымына берген жауабында көптеген тілді білетін 40 мыңнан астам адамның қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп жатқанын айтты. Олардың ішінде қазақ тілді мамандар да бар. Осы орайда 2023 жылдың төртінші тоқсанында әлем бойынша қабылданған шаралардың нәтижесін ұсынды:

  • ережені бұзған 106 476 032 бейнеролик бұғатталды;
  • талапқа сай келмеген бейнебаяндардың 96,7 пайызы шықпай және шағым түспей жатып жойылды;
  • ереже бұзған бейнероликтердің 89,9 пайызы жарияланғаннан кейін 24 сағат ішінде жойылды;
  • ереже бұзғаны үшін 8 012 732 тікелей көрсетілім тоқтатылды. 

Оқи отырыңыз: WhatsApp, TikTok, Roblox. Қазақстандық балалар қандай мобильді қосымшаларды жиі қолданады?


Соның ішінде Қазақстанда: 

  • ереже бұзған 1 399 024 бейнеролик жойылды. Бұл 2023 жылдың барлық тоқсанында TikTok-тан жойылған бейнероликтердің ең үлкен көрсеткіші;
  • платформа барлық жойылған бейнероликтердің 92 пайызын белсенді түрде өшірді;
  • теріс сипаттағы бейнебаяндардың 86,3 пайызы олар жарияланғаннан кейін алғашқы 24 сағат ішінде бұғатталды;
  • Қазақстанда 2023 жылы жалпы қауымдастық ережелерін бұзған 4 225 396 бейнеролик жойылды.

"TikTok кәмелеттік жасқа толмаған, осал топтағы балалар мен жасөспірімдерге ерекше назар аударады. Оны 13 жастан бастап қолдануға болатын болғандықтан, туған күнін, жылын толық көрсетуді талап ететін тіркеу формасы бар. Модераторлар 13 жасқа толмаған балаларға тиесілі болуы мүмкін белгілерді байқауға машықтанған. Егер қауіпсіздік командасы тіркелгінің кішкентай балаға тиесілі екенін анықтаса, онда ол бұғатталады. Мысалы, 2023 жылы бүкіл әлем бойынша 13 жасқа толмаған қолданушыға тиесілі 76 484 236 есептік жазбаны жойды. Сондай-ақ, TikTok жарты жыл сайын дүниежүзі бойынша үкіметтердің сұраулары туралы ақпараттарды қамтитын есептерді жариялап, онда мұндай сұраулардың санын, қабылданған шаралар мен жойылған контенттің көлемін мәлім етеді", – деп хабарлады TikTok баспасөз қызметі. 

TikTok-тан бас тартудың Қазақстан үшін салдары қандай?

Коммуникация маманы, ОБСЕ-нің Қазақстандағы коммуникация бойынша кеңесшісі, экономист Айбар Олжай TikTok-ты бұғаттаудың Қазақстан үшін салдары қандай болатынын талдап көрді. 

"2023 жылы шетелдік әлеуметтік желілер, IT-платформалар, маркетплейстер Қазақстан бюджетіне 25,1 миллиард теңге салық төледі. Тізімде 73 компания бар. Оның ішінде TikTok 1,16 миллиард теңге салық аударған. Бұл әрине IHerb, Гугл, Мета сияқты алпауыттарға жетпейді. Бірақ TikTok осы 73 шетелдік компания тізімінде алғашқы ондыққа ілініп тұрғаны рас. Салықтан бөлек, TikTok экономикаға қандай жанама әсер береді, ол эффектіні анықтау және ақшамен есептеу өте қиын. Оны үлкен аудиторлық, консалтингтік компаниялар ғана жасай алады. Жарнама секторы бойынша құрылымына келсек, бір байқағаным TikTok тікелей тауар жарнамасы емес, жеке адам көрсететін қызмет бойынша көбірек жұмыс істейді. Демек TikTok экономиканың нақты секторына, яғни өндіріске еш әсер етпейді деген сөз. Алайда креативті экономика (музыка, кинотуындыларды жарнамалау) және жеке қызметке негізделген шағын бизнеске – психология, астрология, сюцай, хэндмейд, т.б. қатысы бар. Бірақ бұл ретте дәл осы қызметтердің кезінде инстаграм арқылы жүргенін ескерсек, TikTok жалғыз құрал емес, бұған дейін болған құралға балама, яғни оны толықтырушы ретінде рөл атқарып отырғанын байқаймыз. Яғни TikTok болмаса рилс дегендей, шағын бизнестің инстаграмға қайта оралу мүмкіндігі бар. Бұдан бір парадокс пайда болады. TikTok бұғатталып, тура осы контенттер инстаграм рилстеріне көшсе, онда Мета корпорациясымен не істейміз деген сұрақ туатыны анық. Біздегі креативті экономика көлемі шамамен 30 миллиард теңгеден асады. TikTok бұғатталса, осы көлем қысқара ма? Менің ойымша дым да болмайды. Құрылымдық түрде алып қарасақ, TikTok тек құрал ғана. Ол өз бетінше контент жасамайды. Контентті жасайтын адамдар. Сондықтан олар бәрібір балама басқа құрал тауып алатыны заңды", – деді экономист. 


Оқи отырыңыз: Қырғызстанда TikTok желісіне қолжетімділік шектеледі


Айбар Олжайдың айтуынша, TikTok бұғатталуының экономикалық әсері бар және ол әсер біз мүлде күтпеген жақтан – геосаясаттан келмек.

"TikTok-қа қатысты саясиланған дау кезінде АҚШ пен Қытай арасынан шыққан болатын. Бір қызығы, TikTok Қытайда жоқ. Ол Гонконгта ғана ашық болды да, 2020 жылы Қытай билігінің қысымымен одан да кетуге мәжбүр болды. Бірақ, TikTok Қытайдың ByteDance IT-компаниясының өнімі. Оның ең негізгі құнды технологиясы – видеоны таңдап әр адамға үлестіретін алгоритмі. АҚШ осы алгоритмдердің Қытай инженерлерінің қолында болғанын қаламады. Және TikTok АҚШ аумағында бұғатталмас үшін ол АҚШ компанияларына сатылсын деген талап қойды. Яғни, алгоритм, орталық серверлері АҚШ аумағында болуы тиіс. Ал Қытай ByteDance компаниясына TikTokты АҚШ-қа сатуға тыйым салды. Сол себепті, TikTok инженерлері екі оттың ортасында қалып қойды. TikTokқа қатысты Орталық Азиядағы шектеулерге Қытай қалай қарайды? Өткенде ғана осы әлеуметтік желіні бұғаттаған Қырғызстан шешіміне қатысты Қытай елшісі не басқа да өкілетті тұлғалары жария түрде баға берген жоқ. Бірақ позициясын нақтылап, артынан баға беруі де мүмкін. Оған уақыт керек сияқты", – деді Айбар Олжай. 

Серіктестер жаңалықтары