Прямой эфир Новости спорта

Қазақстан мұнай сатып жүргенде, Вьетнамға дейін қарыштай дамып, басып озды

А.Сарымның фейсбук парақшасынан
А.Сарымның фейсбук парақшасынан
Соңғы екі жылда Вьетнам жалпы ішкі өнімінің көлемінен Қазақстаннан оқ бойы озып кетті. Және жыл өткен сайын өркендеп, алыстап барады

Белгілі қазақстандық саясаткер Айдос Сарым қазір Вьетнамда саяхаттап жүр. Көріп-білгенін, ойға түйгенін әлемжеліде бөлісіп отырады. Алматылық веб-дизайнер, қазір Вьетнамның Да Нанг қаласында қызмет жасайтын Бекзат Садыков та фейсбук арқылы жақсы таныс. Екі азаматтың екі елді салыстыра жазған жолжазбалары мен қолжазбаларын өздерінің келісімімен жинақтап таныстырмақпыз.

Айдос Сарым
Саясаткер

Вьеттер қазақтарға қатты ұқсайды. Олардың да қорқынышы – Қытай


Вьетнам

Вьетнам. Нячанг / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Вьетнам – Қытаймен іргелес ел. Олар да қазақтардай қара қытай қаптайды деп қорқады. Теңіз жағасындағы әсем курортты жерлерді сатып алғысы келеді екен деген сияқты қаңқу сөз қаулап тұр. Мұнда да жалаңдаған қалталы қытайлық күйеу балалар топ-топ болып, жергілікті сұлуларды іздеп, Вьетнамды шарлап жүр деген қауесет көп. Соған қарағанда жер дауы әлі алда сияқты. Өйткені, қытайлықтардың ішінде вьетнам қыздарына үйленіп, жер сатып алып, мейрамхана ашып, басқа да кәсіп жасап жатқандары бар.

Бұл жерде вьетнамдықтардың санының 100 миллионға жетіп жығылатынын және екі рет Қытайға тойтарыс беріп, француздар мен американдықтарды да түре қуып шыққанын ескеру керек.

Анықтама: Вьетнам Оңтүстік-Шығыс Азияда орналасқан. Халқы 95 миллион адам (2016). 88%-і – вьеттер (жергілікті тұрғындар). Қалғандары – мыонг, кхмер, таи, тхай тағы да басқа ұсақ халықтар. Ресми тілі – вьетнам тілі. Тұрғындары негізінен буддизмді, сонымен қатар христиан, ислам діндерін ұстанады. Жерінің бестен төрт бөлігі – таулы қыраттар. Климаты тропиктік, муссондық. Қаңтар айының орташа температурасы 15°С, шілдедегі орташа температура 26°С. Ең ежелгі мемлекеттік құрылым Ванланг деп аталады. Біздің заманымыздан бұрынғы 2 ғасырда Қытай жаулап алды да, 10 ғасырға дейін бодандықта ұстады. Вьетнам халқы 1257-1288 жылы үш дүркін Шыңғыс хан әскеріне тойтарыс берді. 1884 жылдан бастап Вьетнам толықтай Францияның отарына айналды. 20 ғасырдың басында ұлт-азаттық қозғалыс өріс алды. Ол 1954 жылы француз армиясының жеңілуімен аяқталды. Вьетнам 17-ендіктің (параллель) бойымен екі мемлекетке бөлініп кетті. Соғыс басталды. 1975 жылдың басында Вьетнам Республикасындағы Сайгон режимі құлап, 1976 жылы екі Вьетнамның бірігуі аяқталды.

Вьетнамдық геосаясат. Айдаһардан ақша күшті

Вьетнамның Қытаймен шекаралас жатқанының өзі көп мәселені айшықтайды. Әрине, үрей басым, дегенмен бұл – басты біріктіріп, жұмылдыратын да күш әрі мол мүмкіндік көзі. Сондықтан вьеттер қытайдан қорыққанымен, сауда жасаудан қашпайды, қайта сауда-саттық аясын кеңейтуге, олардың қаражатын барынша алып қалуға тырысады. Қытай тілін үйренушілердің де, бірігіп кәсіп етушілердің де саны күн санап артып келеді.

Анықтама: Вьетнам шекарасының жалпы ұзындығы – 3818 шақырым, оның 1281-і Қытаймен шектесіп жатыр.

Ал американдықтарға деген көзқарас екі түрлі. Өйткені туристер мен инвесторлардың басым көпшілігі солар болғандықтан басты пайда көзі де солар. Бірақ шапқыншыға деген сыз да бар. Мұнда әлі күнге дейін тіпті таудан аққан суды қайнатып ішеді. Соғыс кезінде тасталған улы жарылғыш заттардың зардабы. Мүгедек вьетнамдықтар саны 3 миллионнан асады.

Франция мәдениетінің ықпалы әлі білінеді. Бұрынғы метрополия көп із қалдырған, әсіресе, архитектурада. Бұл – менмұндалап көзге ұрып тұрмаса да үнсіз сезілетін әсер. Отарлану кезеңінің көптеген нысандары, теміржол, вокзалдар, бүгінде туризм көзіне айналған. Өз жұмысын жасап тұрған шіркеулер көп. Христиандар зираты да көп кездеседі. Француздар салған мектептер де ашық.


Вьетнам. Нячанг

Вьетнам. Нячанг / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Далат Нячангтан 200 шақырым қашықтықта ойлы-қырлы жерде велосипед жарыстырған француздардың үлкен тобын кездестірдік. Жергілікті халықтың оларға деген көзқарастары сабырлы. Басқыншыларға деген ашу-ыза жоқ.

Мектептерде Хо (Хо Ши Мин) кезінде орысша мен қытайша оқытылғандықтан, ересек вьетнамдықтардың көбі орысша жақсы түсінеді, сөйлейді. Балаларға арналған Ленин туралы тақпақтарды әлі күнге жатқа айтады.

Қазір балалар ағылшын мен жапон тілін оқиды. Бұл жалпы Азиядағы осы аймаққа тән. Жастар негізінен ағылшынша сөйлейді. Менің шамалы ағылшыншамның өзі пайдаға жарады.

Вьетнам латын қарпінде жазады. Бұл ағылшын тілін меңгеруді жеңілдетеді. Ресми мен мемілекеттік тіл – вьетнам тілі. Таулы, орманды аймақтарда этникалық аз ұлттар әлі де тұрады, оларды өркениетке жақындатып, ауылдарға тарту үрдісі жүріп жатыр.

Той десе қу бас домалайды

Олар қазаққа ұқсас. Мейірбан, жайдары, қонақжай. Мол етіп дастархан жайғанды ұнатады. Үйлену тойына кем дегенде 200-300 адам шақырады.


Вьеттер де тойлағанды жақсы көреді

Вьеттер де тойлағанды жақсы көреді / bigpicture.ru сайтынан алынды


Бастық, бай адам болса, 500-ден жоғары. Конвертке салып 20 АҚШ долларын, не соған сай сыйлық апарады. Жас жанұялардың алғашқы неке түні ақша санаумен өтеді.


bigpicture.ru сайтынан алынды


Арнайы журналға кім, қанша ақша берді, бәрін тәптіштеп жазады. Келесіде сол адамдардың тойына барғанда, апарғаның кем түспеуі керек.


Вьеттер де қарттарды қатты сыйлайды

Вьеттер қарттарын қатты құрметтейді / bigpicture.ru сайтынан алынды


Жемқорлық өршіп тұр

Коррупцияның деңгейі өте жоғары. Компартияның күні кетіп жатыр. Бірақ Үкімет басында коммунистер әлі де отыр. Обком мен қалалық комитет ғимараттары жоғары дәрежелі қонақ үйлерден бір де кем емес. Неопатизм (тамыр-таныстықты пайдалану) елді жайлап алған. Коммунизм аяқталды, ал бұрынғы комсомол жетекшілері мен партократтар бизнеске ағылып жатыр.

Анықтама: Вьетнам 1986 жылдан реформа жолына түсті, ол Қытайдың үлгісімен экономика саласында басталды. Ал 1989 жылы "әскери коммунизм" режимінен біржолата бас тартып, елді жаңғырту кезеңі басталды. Мемлекет бағаның құралуына, өндіріске, сыртқы саудаға араласпайды. 90-шы жылдары нарықтық экономиканың негізі қаланды. Мемлекеттік кәсіпорындар жекешелене бастады. Нәтижесінде, 1991-1996 жылдары өндіріс өнімі 2 есе өсті. Шет елдік инвестиция көлемі артып, тек 90-шы жылдардың басындағы 4 жылда экономикаға 4,7 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы құйылды.

Қазір бұл қарқын толастаған жоқ. 2015 жылдың өзінде экономиканың өсуі 7% құрады.

Мұнда керісінше солтүстік вьеттер пысық

Олар да оңтүстік, солтүстік болып жікке бөлінеді. Солтүстіктегілер денелі келеді және бір қызығы пысық әрі іскер саналады. Янкилерді (американдықтарды) елден қуып жібергеннен кейін еті тірі солтүстік вьетнамдықтар оңтүстікке ағылып, дереу игере бастаған. Егер үлкендеу үй көрсең ол солтүстіктердікі деп жергілікті халық өзара айтады. Өйткені олар пысық, белсенді, бірауызды, асарлатып үй көтеріп тастайды. Ал оңтүстік вьетнамдықтар уақтау келеді екен, босбелбеулеу, өздерімен өздері...

Жер қымбат

Жер мен мүлік – өте қымбат. Орташа жалақы – 150 доллар шамасында. Бір бөлмелі пәтердің бағасы жерін есептемегенде 35 мың доллардан жоғары.


Бір бөлмелі пәтер 35 мың доллар

Үй қымбат. Бір бөлмелі пәтер 35 мың доллар / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Үйлері шап-шағын, бірақ жоғары қарай көтеріп, үсті-үстіне сала берген. Үш, төрт қабат. Бірінші қабатта әдетте дүкен, қойма, көлік жөндеу орындары, тағысын тағы кете береді.


Вьеттер үйді қызық салады, жер қымбат болғасын қуықтай үйін жоғары көтере береді

Вьеттер үйді қызық салады, жер қымбат болғасын қуықтай үйін жоғары көтере береді / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Көлік те өте қымбат. 20 мың доллардан жоғары. Сондықтан адамдардың көбі мопедпен жүреді. Оның бағасы 1000 доллардан басталады. Егер мопед моторының көлемі 50 текше метрден төмен болса, жүргізушілік куәлікті алып қажеті жоқ.


Моторы 50 текше метрге дейін жүргізушілік куәлігі қажеті емес

Моторы 50 текше метрге дейін көлікке жүргізушілік куәлігі қажеті емес / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Олар еңбекқор

Вьетнамдықтар өте еңбекқор келеді және жер тырмалағанды жақсы көреді, ата кәсіп санайды. Күріш танаптары мен жеміс көшеттері мінсіз, түп-түзу отырғызылған.


Вьетнам. Күріш алқабы

Вьетнам. Күріш алқабы / willorganic.com.au сайтынан алынды


Бірақ үй тұрмысын дәл осындай тап-тұйнақтай деп айта алмайсың, өмірге деген көзқарастары да бөлек. Жалпы Үндіқытайға тән қасиет, үй-жайын әспеттеп жатпайды. Үйлері жұпыны, айнала шиеленіскен электр, телефон сымдары.


Вьетнам. Жалпы Үндіқытай елдеріне тән қасиет - вьеттердің үй-жайы электр, телефон, тағы басқа сым құрсауында жатады / pixabay.com сайтынан алынды


Бір ұнағаны, ауылдық жердегі әр үйдің айналасындағы жылыжайдан көз тұнады.


Үйді айнала салынған жылажайдан көз сүрінеді

Үйді айнала салынған жылажайдан көз тұнады / А.Сарым


Дін


Вьетнам. Будда храмы

Вьетнам. Будда храмы / А. Сарым


Будда ілімі кең тараған ел болғанымен, көптеген вьетнамдықтар католик, протестанттар. Мұнда шіркеу мен ауылдық махалла көп.


Вьетнам. Будда храмы / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Коммунизмге қазір ешкім сенбейді, әр түрлі дін жамағаттары көбейген. Басқа да конфессиялардың уағызшылары көптеп келіп жатады, ислам діні де бар. Бір қызығы будда ілімі католик дінінің ұстанымдарына ықпал жасап өзгертіп жіберген.


Будда храмының іші

Вьетнам. Будда храмының іші / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Мысалы, өлген адамды жерлегенде бұл өмірге жаңарып қайта келеді деп көмеді. Сондықтан жаппай мүрдені өртеуден бас тартып жатыр. Жерлеу екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші, өліктің семіп, қаңқаға айналуы, екінші – мәңгілікке жерлеу, тағысын тағы.


Вьетнам. Діндарлар өз құдайларына сыйынып жатыр

Вьетнам. Діндарлардың өз құдайларына мінәжат ету сәтінен/ А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Топан ақшамен миллионер боласың


Бар жерде Хо ақсақал

Бар ақшада Хо (Хо Ши Мин) ақсақал / votpusk.ru сайтынан алынды


Барлық елде маршрут такси мен автобус жүргізушілері бірдей екен. Алып ұшып жүреді. Ақша, ақша...

Қағаз ақшадағы көп нольдерге көз үйрету қиын. Вьетнамдықтардың өздері мүдірмей 20, 50, 200 деп санай береді. Бәрінен бұрын айырбастау бағамын есептеу қиын. Бірақ біздегі 90-шы жылдарда шыңдалғандар үшін бұл түк емес.

Анықтама: Донг — Вьетнам ақша бірлігі. ₫ немесе VND символдарымен белгіленеді. Ол 10 хао-ға және 100 су-ға бөлінеді. Бірақ ол қазір айналымда жоқ. Себебі, 1987 жылы инфляцияға байланысты құны 100, 200, 1000, 2000 и 5000 донг, 1990 жылы құны 10 000 және 50 000 донг, 1991 жылы – 20 000 донг, 1994 жылы – 100 000 донг қағаз ақша қолданысқа енді.

Ағымдағы валюта бағамы VND/KZT - 0.014. Яғни, сіз 0.0137 теңгеге 1 VND ала аласыз немесе 1 теңге 72.6399 VND тұрады.

Сырасы балдай. Үндіқытайдың бар жеріндегідей басым көпшілігі Хайнекен. Жергілікті сорттары бар – Тайгер, Сайгон, 333.

Мейрамханаларында баға удай. Бірақ саяхатшылар көп жүретін бағыттардан алшақтау жердегі дүкендерде – арзан. Қорыта айтсақ, теңіз бен қымбат қонақүйлерден қашықтаған сайын арзандай береді. Бұл саяхатшылар үшін біле жүретін басты лайфхак.

Туризм дамып келеді


Вьетнам. Ньячанг

Вьетнам. Нячанг / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Вьетнам – әлі де ауылшаруашылығы басым ел. Дегенмен урбанизациялану үрдісі жүріп, туризмді дамытуға күш салынып жатыр.


Туризмді дамытуға күш салып жатыр

Туризмді дамытуға күш салынып жатыр / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Бірақ туризм сөз жүзінде ғана әдемі. Бұл бағытта Вьетнамға көп үйрену керек. Шындығына келсек, Тайландқа жетуге оларға әлі де алыс.


Тайландқа жету әлі алыс

Тайландқа жету әлі алыс / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Бірақ жақсы өмірге ұмтылған вьетнамдықтарда ынта мен жігер мол. Басты құндылық – адам екенін ескерсек, ол күн де қашық емес.


Вьетнам. Сарқырама

Вьетнам. Сарқырама / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Өз шикізаты тапшы болғандықтан мұнайды арабтардан сатып алады. Жанармайдың бір литірі 80 цент (1 $ - 315 теңге десек, 252 теңге шамасында). Автокөліктер аз, ал мопед көп жанармай қажетсінбейді.


Мопед - вьеттердің негізгі көлігі

Мопед - вьеттердің негізгі көлігі / kak-ono-tam.ru сайтынан алынды


Ет Австралиядан келеді. Ол мұндағы көп теңіз тағамдарынан арзан. Шарап та сол жақтан келеді.


Вьетнам, Нячанг, балық базары

Вьетнам, Нячанг, балық базары / geophoto.ru сайтынан алынды


Балық аулауда шағын және орта бизнестің үлес салмағы басым. Баға да соған байланысты жоғары. Балық аулауды тиімді де өнімді жолға қоюға ешкім тырыспайды. Ол қарапайым балықшыларың ашық қарсылығын тудыруы мүмкін, өйткені қара халық жұмыссыз қалады.


Балықшылықпен тек шағын кәсіпкерлер айналысады

Вьетнам. Нячанг. Балықшылықпен тек шағын кәсіпкерлер айналысады / А.Сарымның Фейсбук парақшасынан алынды


Вьетнам кофе сатушы елге айнала бастады. Бразилияда егіннің шықпай қалғанын пайдаланып, экспортты күшейтті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көбі Қытайға жөнелтіледі. Ол жақта жергілікті өнім таза әрі сапалы болып саналады.

Бекзат Садыков
Веб-дизайнер, Да Нанг қаласы, Вьетнам

Вьетнамдықтар үнемді үйлену тойларын жасауға көшті

Әрине, бұл 300 адам жиналған, ән-күйі төгілген, биі өрілген салтанатты кеш емес. Лимузинмен де ешкім дастарқанды қақ жарып, той залына кірмейді. Бірақ Да Нангтегі үйлену тойы өте әдемі ұйымдастырылады.

Жағажай, теңіз, күйеу жігіт пен қалыңдықтың қасында бес-алты достары бар, кішігірім отшашу, неке қиятын дін қызметшісі.

Жастар бір біріне ант береді, қоршаған ет жақындарының қошеметімен саусақтарына жүзік салады. Содан кейін осы тобымен жағажайдағы үстелдегі торттардан дәм татады.


Вьетнам. Да Нанг. Жағажайдағы үйлену тойы

Вьетнам. Да Нанг. Жағажайдағы үйлену тойы / Б.Садыковтың Фейсбук парақшасынан алынды


Мұндай үйлену тойының шығыны әрі кетсе 3000 доллар. Әрі әдемі, әрі арзан.

Жер мен жылжымайтын мүлікті сатуда шетелдіктерге шектеу бар

Жер мен жағажайлар мемлекет құзырында. Жергілікті тұрғындар да, шетелдіктер де тек қана 50 жылға дейін жалға ала алады. Үстіне не салсаң да заң жүзінде саған тиесілі болғанымен, жер Вьетнам халқының меншігінде қала береді. 50 жылдан кейін үстіне салынған үй не басқа жылжымайтын мүлікті әйеліңе не басқа туысыңа сатып жалға алу мерзімін ұзартуға болады.

Ал пәтер сатып алғың келсе, шетелдіктерге шектеу бар екенін естен шығармау керек. Мысалы, заң бойынша бір тұрғын үй кешеніндегі шет елдіктерге тиесілі меншік 30 пайыздан аспауы тиіс. Сондықтан сақ болмасаң, үйді сатып алып, шектеулі мөлшерден асып кетсе, оны заңдастыра алмай қалуың мүмкін.

Вьетнамда нарық экономикасы элементтері бар бір партиялы бюрократия. Адамдар жақсы өмірге тұшына бастаған. Бірақ қарапайым халық коммунистерді ашық түрде қарақшыларға теңейді. Соған қарағанда коммунистер билігі бір қатты толқыныстан қалмайтын сияқты.

Мұнда мұнай компаниясы да бар. Кеңес заманынан қалған Вьетпетро мұнай компаниясы.

Анықтама: PetroVietnam мемлекеттік компаниясы мен оның PetroVietnam Gas еншілес бөлімшесі, Ресей-Вьетнам бірлескен Vietsovpetro мен Binh Son Refining and Petrochemical компаниялары мұнай-газ саласында жетекші орында. Сол сияқты Vietnam Air Petrol және Saigon Petro компанияларының да өз орны бар. Мұнай-газ саласына Petroleum Technical Services Company қызмет көрсетеді.

Вьетнам экономикасының ең қызық жері – ол экспорт, – дейді Бекзат Садыков. Экспорттың 40 пайыздай бөлігін электр және радио жабдықтары, микрочиптер құрайды. Бұл – мен үшін күтпеген жағдай. Кофе экспортынан дүние жүзінде бірінші орында. Текстиль нарығындағы орны тағы бар. Және текстильді шикізат түрінде емес, тауар күйінде соңғы өнімді нарыққа шығарады.

Текстиль өнімдері экспортының 20 пайызын АҚШ, тағы 25-ін Қытай, Корея, Жапония алады.

Анықтама: 2014 жылғы статистика бойынша негізгі экспорт көзі – текстиль (24,5 млрд долл.), ұялы телефондар мен қосалқы жабдықтары (24,1 млрд долл.), компьютерлер мен электроника (11,6 млрд долл.), аяқ киім (9,7 млрд долл.), теңіз өнімдері (7,9 млрд долл), сөмкелер мен шабадандар (2,1 млрд долл.), пластик бұйымдар (1,9 млрд долл.).

АҚШ – бір жағынан сенімді әскери одақтас. Өйткені көршілес алып Қытаймен арадағы кикілжің кез келген уақытта өршіп кетуі мүмкін. Сол себепті Аспан асты елінің оңтүстік жағалауында АҚШ-пен бірлескен оқу-жаттығу шаралары жиі жүргізіледі.

Анықтама: 2014 жылы Вьетнам экономикасына 20,2 млрд доллар инвестиция тікелей құйылды, 2015 жылы – 22,76 млрд.

Оңтүстік Корея – ең ірі инвестор (30 %), Малайзия (11 %), Япония (8 %), Гонконг, Сингапур, Қытай, Тайвань, Ұлыбритания, АҚШ пен Таиланд.

Экспортқа бағытталған экономикаға шетелдік инвестицияның құйылуы Вьетнамдағы экспорт көлемін 2014 жылы 13,6 % арттырды, 150 млрд долл.

Шетелдік тікелей инвестицияның арқасында 3 млн-ға жуық жұмыс орны ашылды және Вьетнамдағы жалпы инвестицияның 20 % құрады. 2015 жылы шетелдік инвесторлар 115 млрд доллардан экспортты қамтамасыз етті (Вьетнамдағы жалпы экспорттың 70 %).

Вьеттер қазақтардан озып кетті

2015 жылы Вьетнам жалпы ішкі өнімінің мөлшері жағынан Қазақстанды алғаш рет басып озды. Салыстырсақ, 193 және 184 млрд доллар.


2015 жылғы Вьетнамның жалпы ішкі өнім көлемі

2015 жылғы Вьетнамның жалпы ішкі өнімінің көлемі / ieconomics.com



2015 жылғы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі көлемі

2015 жылғы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі / ieconomics.com


Жалпы ішкі өнімнің динамикасына қарасақ, Қазақстан соңғы үш жылда төмен түскен, Вьетнам нық қадаммен жылына 5-7 %-ға өсіп жатыр. Адам басына шаққанда, әрине, Қазақстан алда. Өйткені біз 17 ғана миллионбыз, ал вьетнамдықтар – 100 миллионға таяп қалды.

Вьетнамның Орталық банкінің несие мөлшері Қазақстан Ұлттық банкісінен екі еседей төмен, 6,5 пайыз, бізде – 11%. Яғни, екінші деңгейдегі банктер бизнес пен халыққа тұтынушылық кредитті 8 пайыздан береді. Ал Қазақстанда... өздеріңіз білесіздер.

Жұмыссыздық деңгейі екі елде де бірдей – 2-3 пайыз шамасында. Биыл Вьетнам кофе экспортында тағы да бірінші орынға шықты. Жалпы экспорт көлемінен біз едәуір арттамыз – 47 орында, ал Вьетнам 20 орынға ие.

Вьетнам маған несімен ұнайды?

Мәселе әсем теңіз жағажайында, экзотикалық жеміс-жидектердің молшылығында, ақкөңіл вьетнамдықтарда емес. Бұл елдің даму үрдісі, осы жолдағы тәлім-тағылымы, намысқа тисе де айтайын, біздің елге жақсы үлгі-өнеге боларлықтай.

Мысалы, мына Вьетнам экспортының көрсеткіштерін алайық. Түрлі-түсті квадраттарда елдің сыртқа шығаратын өнім түрлері белгіленген.


Вьетнамның сыртқа шығаратын тауар түрлері / atlas.media.mit.edu сайтынан алынды


Вьетнам экспортының едәуір бөлігін көкшіл секция – машина жасау саласы алып тұр. Соның ішінде 16 пайызы радио мен хабар тарату жабдықтары. Яғни, Қазақстан телеканалдары күнделікті хабарларын Вьетнамда өндірілген жабдықтармен таратып отыруы әбден мүмкін.

Бұдан кейін интегралды схемалар, компьютерлер, кеңсе жабдықтары, телефондар, микрофондар мен тіпті дыбыс тыңдайтын құлаққаптарға шейін шығарады! Ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіп өнімдері: былғары аяқ киім, киім-кешек, кофе, күріш, балық пен жиһаз.

Бұлардың бәрі – ішкі жұмыс орындарында, осы елдің азаматтарының өз қолдарымен дайындаған жергілікті өнім. Қазып алып сата беретін мұнай, көмір не басқа шикізат емес.

Тағы бір назар аударатыны, Вьетнамның сыртқа шығаратын өнімдері біркелкі. Яғни, ертең бір-екі сала күйреп кетсе де, бүкіл ел дағдарысқа түспейді, экономика құлдырамайды, ақша құнсызданбайды.

Мұнайға келсек, ол жалпы экспорт көлемінің екі-ақ пайызын құрайды. Жанармай үлесі бір пайыздан аспайды.

Сөзіміз дәлелді болу үшін Қазақстанның экспорттық көрсеткіштерімен салыстырайық. Графикалық суретті түгелге жуық алып жатқан қызыл күрең бөлімі біздің экономиканың жағдайы қаншалықты мүшкіл екенін көрсетеді. Өкініштісі, біз ол құрдымнан шығуға асығар емеспіз.


Қазақстанның сыртқа шығаратын тауар түрлері / atlas.media.mit.edu сатынан алынды


Қазақтардың көбі Вьетнамда жаппай аш-жалаңаш, жоқшылық, ел соғыстан кейінгі күйзелістен шыға алмай жүр деп ойлайды. Бірақ олай емес. Қазір өмір тез өзгеріп кетті. Жоғарыда айтқанымыздай, Вьетнамның жалпы ішкі өнімі (ВВП – валовый внутренний продукт) Қазақстанның көрсеткішін басып озғанына екі жыл. Биыл бұл айырмашылық одан әрі ұлғаяды. Әлемдегі қаржы дағдарыстарына қарамастан 2000-шы жылдан бастап Вьетнам экономикасы жыл сайын 6-7 пайызбен тұрақты өсіп келе жатыр.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров