2000 жылдардың басында адамдар біз қазір өмір сүріп жатқан кезең жөнінде фантастикалық кинолар түсіретін. Адамдар қаланың үстінде ұшып жүретін, құдды бір бөгдепланеталық секілді сипаттайтын сюжеттерден құралатын. Сол кезде 2020 жылға аса бір ынтық һәм аласұрған көңілмен қарайтынбыз.
Сөйткен 2020 жыл да, міне, басталды. Бірақ қияли әлем бір басқа, біз өмір сүріп отырған әлем бір басқа. Біз сол бұрынғыша, жерде аяқ басып жүрміз. Ұшып кетпедік. Компьютерге мәтінді қолмен тереміз, миымызға чип жалғанбаған.
Дегенмен, "түк жаңалық жоқ, бәз баяғыдай" деп айтуға да келмейді. Өйткені, өміріміздің соңғы 10 жылына технологиялық тұрғыдан қысқа ғана шолу жасап өтсек, технологиялық құбылыстардың бар екендігі, сондай-ақ оның өмірімізге әсер етіп жатқаны айдан анық. Ендеше, бір-бірлеп тоқтала кетсем.
Смартфондар легі
Барлығын Apple компаниясы бастады. Жоға, Pocket PC немесе Palm PC деп аталатын қалта немесе алақан компьютерлер оған дейін де бар еді. Миллениалдар асқан бір өкінішпен еске алатын Nokia компаниясының асқан шеберлікпен жасалған заманауи коммуникаторлары болған жоқ емес, болды. Дегенмен, технологиялық өнімді нарыққа ұсыну мен нарықтың дайын болуы һәм инфрақұрылымның сай келе қалуы секілді дөп түсетін уақыты бар. Оны timing деп айтады. Ел ілесе алмайтындай тым ерте де ұсынбау, көштен қалып қоятындай тым кеш те ұсынбау. Оның үстіне, пернесі бар телефондар мен қолақпандай коммуникаторлардың кемшін тұсын дәл тауып, смартфон-телефондар өндірісіне революциялық төңкеріс жасаған Apple компаниясының iPhone телефондары расында жаңалық еді. Артынша, Samsung қостап, өзге мануфактуралар іліп әкетіп, қолымызда ұстап жүрген телефон – телефон болудан қалып, адамзат баласының күндіз де, түнде де жанынан қалмайтын айнымас серігіне айналды.
Әлеуметтік желілер
Барлығын Facebook бастады. Рас, АҚШ-та MySpace, ТМД аумағында МойМир секілді әлеуметтік желілер көп болды. Дегенмен, қарапайым ғана студенттің мұқтаждығын қанағаттандыруға арналған желілік сайттың инвесторлар күшімен әлемдік деңгейде қарқын алып, қазіргі таңда, әлемдегі 7,5 млрд адамның 4 млрды – интернет қолданушысы болса, оның 3 миллиарды – әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысына жатады, ал соның ішіндегі Facebook қолданушылары 2,1 млрд.
Кейбір адамдардар біледі, бұрын Second life деп аталатын виртуал ойын болатын. Адамдар соның ішінде өзінің виртуал әлемін жасап алып, өзінің виртуал болмысымен өмір сүретін. Тіпті қайбір жылдары АҚШ-тағы Intel компаниясының жұмысшылары айлық өсіруін талап етіп, шын өмірде емес, осы ойынның ішіндегі компанияның кеңсесінің алдында митинг жасап, соның нәтижесінде шын өмірде жалақылары өсіп, компания өкілдері мән берген болатын. Қазір әлемдік деңгейде Facebook әлеуметтік желісі де әу бастағы студенттер бастаңғы жасайтын желіден, саяси-қоғамдық мәселелер талқыланатын, әлем назар салатын ортаға айналды. Ал оның артынан өзге әлеуметтік желілер де қадам басып келеді. Кез келген статистикалық мәліметті қарайтын болсақ, әлем халқының интернет пен әлеуметтік желі деген сөздердің арасына тең болады белгісін қоятынын байқауға болады.
Оқи отырыңыз: Google, Facebook, Netflix – уақыт машинасы, ал кедейлер мен сауаты төмендер қайтпек?
Мессенджерлер
Барлығын WhatsApp бастады. Жоға, интернет пайда болғалы мессенджер мен чаттардың түрі бар еді. Icq көрген ұрпақ арамызда баршылық. Ең кемі 1Бұл қазақты МайлРуАгенттен шығаратын ешқандай күш жоқ болар1 деп жүрген журналистер де болды. Бірақ, peer2peer яғни екеуара байланысты жаңа деңгейге көтерген, нағыз әлемдік һәм халықтық сұранысқа тап келген WhatsApp мессенджері қарапайым чаттан бұқаралық ақпарат алмасу құралына айналғаны қашан. Ал Facebook желісінің Messenger мессенджері мен Telegram мессенджері бастаған, Viber қостаған мессенджерлер кәсіпкерлер мен журналистердің айнымас серігіне айналды. Өзге де сан алуан тақырыптық мессенджерлер қатарында іргедегі Қытайдың WeChat мессенджері дүкенімен, сайтымен, әмиянымен, арналарымен өзге бір бағытта дамып кетті.
Big Data
Бәрін Клиффорд Линч бастады. Ол 2008 жылғы мақаласында "Үлкен мәлімет" яғни Big Data ұғымын енгізген болатын. Жоға, ақпарат ағыны һәм өте үлкен көлемдегі мәлімет жиынтығы мен оны өңдеу туралы түсінік бұған дейін де болды. Алайда, ірі компаниялар, банк саласы, бұқаралық сипаттағы жалпы ақпаратқа ие алпауыт мекемелер әлемдік деңгейде сөз қылып, екінің бірі тілге тиек ете бастаған һәм оның маңызы мен мәніне аса мән бере бастаған кез - осы соңғы он жылдық еді. Айталық, IBS компаниясының мәліметі бойынша, бүкіл адамзат баласы 2003 жылға дейін 5 эксабайт мәлімет қорын жинаса (1ЭБ = 1 млрд гигабайт), 2008 жылы әлемдік ақпарат қоры 0,18 зеттабайтқа дейін жеткен (1 ЗБ = 1024 эксабайт). Ал 2020 жылдан бастап бұл көрсеткіш 40-44 зеттабайт ақпарат болады деп болжанып отыр. Осы жерде "Үлкен мәлімет" һәм Биг Дата сөзіне қысқаша түсініктеме беріп өтсек, күніне 100 Гб ақпарат ағынына ие мәліметтер жиынтығы мен олардың өңдеулі һәм жүйеленуі жатады.
Нейрожелілер
Барлығын 2016 жылы ресейлік бағдарламашылар жасаған Prisma атты программа бастады. Жоға, ғалымдар "нейрондық желілер" тақырыбын ХХ ғасыр бойы талқылаған болатын. Тіпті, ең алғашқы нейрожеліні жасамақ боп ұмтылған ғалымдар ретінде Уоррен Мак-Каллок мен Уолтер Питтс екеуін айтып, 1943 жылғы алғашқы тұжырымды айтады. Алайда, бәлкім заман, бәлкім уақыт, бәлкім технология мүмкіндік бермеді, әйтеуір біз басып өткен соңғы 10 жылдың еншісіне жататын һәм ең көп талқылана бастаған тақырыптардың бірі ретінде осы нейрожелілер жатады. Нейрожелі дегеніміздің қарапайым алгоритмдік кодтан айырмашылығы, олар инструкциямен ғана шешім шығарып, басқа уақытта тоқтап қалатын бағытта емес, жастайынан грамматикасыз, ережесіз, өздігімен тіл үйреніп өсетін балалар секілді, сыртқы ортадан келген ақпарат негізінде өзіне ұсынылған мәселені шешуге тырысатын бағдарламалық ортадан тұрады. Яғни, жасанды интеллект көз алдында тұрған мысық емес ит екенін анықтау үшін оның қорыту жүйесіне сан мыңдаған иттің кескіні ұсынылады. Соның нәтижесінде, ауылшаруашылық саласында, денсаулық сақтау саласында, логистикада, робототехникада, технологиялық әлемде адамзат баласы үшін аса маңызды технология жүзеге асты. Нейрожелілердің қарқынды дамуы да әлеуметтік желілермен, смартфондардың қарқынды дамуымен, әлемде айналымға түскен, интернеттің қойны-қонышына толған ақпараттың молдығы да қатты әсер етті деседі. Себебі, нейрожелінің басты қорек көзі – апқарат қоры екені баршаға аян.
Оқи отырыңыз: Ыбырай Алтынсарин – І өндірістік революция жаршысы ма?
Блокчейн, биткойн һәм криптовалюталар
Бәрін бастаған Сатоши Накамото. Ол осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2009 жылы өзінің биткойнын жарыққа шығарған болатын. Жоға, әрине, ол тарихта алғашқы емес. Оған дейін де адамзат баласы электронды ақшалар, қағаз ақшаның цифрлық аналогы туралы тілге тиек етіп жүрген еді. Мысалы, Стефан Брэндс пен Дэвид Чаум сонау 1983 жылдың өзінде цифрлық ақшаның консептісін ұсынған еді. Бірақ, біз өмір сүрген соңғы он жылдағы блокчейн технологиясының ауыздан ауызға өтіп, ерінбегеннің барлығы криптовалюта иесі боп, аз-мұз ақшалы боп қалған заман ағымы дәл қазір өтіп жатыр. Бұл бір өте қызық кезең. Ойлап қараңызшы, осыдан он жыл бұрын ғана әлдебір адамның 10 000 биткойнға 2 түйір пицца сатып алса, 2017 жылы бір түйір биткойн 20 000 АҚШ долларына бағаланды. Криптовалюта дегеніміз, компьютердің немесе арнайы майнинг фермасының есептеу күші арқылы жиналатын цифрлық ақша. Аты айтып тұрғандай, криптовалюта – кез келген адамға криптографиялық шифрларды есептегені үшін берілетін валюта. Ол блокчейн деп аталатын децентрализацияланған яғни орталықтандырылмаған жүйенің аясында жасалады.
Блокчейн мен криптовалюталардың бүкіл адам тілге тиек етіп, сәнге айналған тақырыбынан басқа пайдасы - децентрализация һәм ақпаратты қауіпсіз сақтау мен транзакция кезіндегі құпиялылығы деседі.
Онлайн-оқыту
Бәрін 2012 жылы бастаған Coursera еді. Жоға, оған дейін де әлемдік университтер бар, басқасы бар, онлайн яғни интернет сайт арқылы оқытуды қолға алып, өз сабақтарын беріп жүрген болатын. Алайда, MOOC, massive open online courses деген ұғымды ресмилендіріп, барлық атақты университтердің лекциялары мен оқытушыларын бір арнаға тоғыстырып, онлайн оқыту саласында революция жасады. 2017 жылғы мәлімет бойынша, Coursera сайтында 24 млн қолданушы тіркеліп, 160 мамандық бойынша 149 білім беру ұйымының 2000 үстінде курс ұсынылған.
Ойлап қараңызшы, сіз Маңғыстау облысының Қарақия ауданының Жетібай ауылында отырып, сонау АҚШ-тың Стэнфорд немесе МІТ университетіндегі студенттің сабағын оқи алатын жағдайдасыз. Бұл – менің білуімше, технологияның адамзат үшін игіліктерінің бірі болса керек.
Интернеттің келуімен білім беру саласына түбегейлі өзгерістер енді. Coursera бастап, edX қостап, Гарвард пен Берклидің лекцияларын тегін платформаға тоғыстырып, Udacity сияқты онлайн оқыту сайттары nanodegree атты өзіндік бағалау жүйесін қалыптастырып үлгерді. Ал бүгінгі таңда онлайн академиялық оқу – интернеттегі әрбір адамның қолы жететін мүмкіндікке айналды.
3D принтерлер
Бәрін бастаған Aliexpress интернет базары. Жоға, 3D принтер деген соншалықты жаңалық технология емес қой. Бұрын ол "Жедел прототиптеу құрылғысы" деп аталып, жапондық Хидео Кодамо 1981 жылдың өзінде патент алғысы келсе, лазердің қуатын тұрмыстық һәм өндірістік жағдайда қолдану мүмкіндігін пайдаланғысы келген адамдар баршылық болды. Бұл жерде, оған дейін "ана жерде анадай нәрсе, мына жерде мынадай нәрсе 3D принтер көмегімен басылып шықты" дегенді естігеніміз болмаса, қолмен ұстап, көзбен көрмегенімізді айтқымыз келген болатын. Қытайлық Джек Ма атты кәсіпкердің Alibaba компаниясына тиесілі Aliexpress сайты әлемге 3D принтерлердің түр-түрін сата бастағаннан оның бұқаралық сипаты басталды деуге әбден болады. Енді әркім өзі үйде отырып, арзанырақ 3D принтер сатып алып, шағын детальдар мен кішкентай ойыншықтарды басып шығара алатын мүмкіндікке ие.
Ал Defence Distributed компаниясы 2013 жылы үйінде 3D принтері бар кез келген адам басып шығара алатын, Liberator деп аталатын 3D пистолеттің моделін ашық интернетке шығарды.
Қытайлық WinSun компаниясы 2014 жылы 24 сағатта басып шығаруға болатын үйлердің кескінін көрсетсе, артынша 5 қабатты үйді жасап көрсетті. Оңтүстік Калифорния университеті тәулігіне 250 шаршы метр аумақта басып шығара алатын 3D принтер көрсетсе, 2016 жылы Дубайда 3D принтерде басылған ғимарат көпшілік назарына ұсынылды.
3D принтердің қолданыла басталған тағы бір саласы – медицина. Протез жасауда 3D принтерлер таптырмас құралға айналса, адам ағзасын жасауда да, медикамент жасауда да бұл құрылғылар пайдаға асып жатыр. Мәселен, Назарбаев Унивеситетінің биотехнолог ғалымы Дәмелі Мектепбаева Мен Дана Ақылбекованың жобалық тобы 3D-принтер адамның ағзасын басып шығару секілді саланы зерттеу үстінде.
Оқи отырыңыз: Блокчейн архитекторы болуды армандап па едіңіз?
Бұлт технологиялары
Бәрін бастаған Dropbox болатын. Рас, оған дейін де онлайнда құжат сақтау мен файл алмасу қызметтері болған жоқ емес, болды. Тіпті "Бұлт технологиясы" дегеннің өзі тым екіұдай сөзден құралған, ар жағындағы кәдімгі интернет байланысы мен кез-келген сервердегі файл сақтау дискісінен тұратын қарабайыр технологияға негізделген шешім еді. Алайда, сөзіміздің басында айтып кеткендей, смартфондардың жаппай дамуы, инетрнеттің бұқаралық сипат алуы һәм құрылғы аралық ақпараттың ағыны көбейгені себепті, клауд технологиясына негізделген файл сақтау немесе күрделі желілік инфрақұрылымдар да кеңнен таныла бастады. Оған Amazon-ның серверлері мен Google-дің дата орталықтары һәм Microsoft-тың Azure атты бұлт технологиясын ұсынатын серверлері әрбір қолданушыға ұсынылды.
Адамдар бұрынғыдай бір смартфонды жылдар бойы ұстап, бір компьютерді үнемі өзімен тасып жүру қиындығынан арылды. Себебі, бұлт технологиясы оның кез-келген мәліметінің бұлтта қауіпсіз түрде сақталып, өзі қай жерде жүрсе, қай гаджет һәм девайсты қолданса, сол жерде қол астында болу мүмкіндігін жасады. Фото, құжат, мәлімет, тіпті телефондағы контактілердің өзі бұлтқа бір сақталса, болғаны.
Тағылатын заттар мен бөлісілетін экономика һәм уберизация
Барлығы Fitbit деп аталатын тағатын құрылғыдан басталды. Осыдан 10 жыл бұрын. Жоға, адамдар тағатын технологияның тағдыры күні кешеге жатпайды. Айталық, 1285 жылы Италияда алғашқы көзілдірік пайда болған деседі. Яғни, көзі нашар көретін адамдардың технология көмегімен кемшілігін жасыру һәм қосымша артықшылыққа ие болу мүмкіндігі пайда болды.
Алайда, өзіміздің соңғы он жылдыққа қарасақ, адамдардың ұйқысы мен жүрісін, жүрек қағысы мен қан қысымын тіркейтін және дереу көріп отыруға мүмкіндік беретін технологиялар дүмпуінен соң Apple компаниясының Apple Watch сағаттары wearables деп аталатын сегментте технологиялық секіріс жасады. Тағылатын заттарға біз қолға ұстап, үстімізге тағып жүрген барлық нәрсе жатқанымен, технологиялық тұрғыдан: бірінші интернетке қосылуы тиіс, екінші қандай да бір ақпаратты жинақтауы тиіс, үшінші өзге де құрылғылармен байланысқа түсе отырып, адамға күнделікті қажетті аксессуар рөлін атқаруы тиіс. Мәселен, Apple Watch арқылы жүкті әйелдің жатырындағы баланың жүре қағысынан оның педиатры кеңсесінде отырып-ақ хабардар бола алады. Ал Google Glasses ұсынған концепт өте сұмдық технология еді. Қазіргі таңда әрбір адам баласы осындай wearables технологиялар арқылы жүрген жері, отырған позасы, қозғалған қимылы, айналасы, кеңістігі, жеке физикалық һәм биологиялық параметрлері секілді бірнеше жеке ақпаратты серверлерге жіберіп жатыр. Оның барлығы тиісінше Биг Датаны құрайды.
Ал енді уберизация тақырыбы Uber такси компаниясынан бастау алады. Жоға, таксистер де, такси компаниялары да осыған дейін болды ғой. Дегенмен, әрбір адамның астындағы жеке көлікті такси ретінде қолдану секілді қарапайым ғана әдісті өзінің бизнес-моделі ретінде ұсынған Uber компаниясы өз кезегінде уберизация деп аталатын түсінікті енгізді. Оның негізінде AirBnb секілді shared economy компаниялары жарыққа келді. Яғни әркім өзінде бар және бос тұрған дүниелерін өзгелерге уақытша жалға беру мүмкіндігіне ие болды.
Центениалдар
Бәрін бастаған интернет, смартфон, әлеуметтік желілер. Жоға, адамзат баласы бұған дейін де ұрпақ таратты, бала туды. Алайда, XXI ғасырдың 2010 жылдарынан бастау алған технологиялық дүмпулер қарсаңында өмірге келген ұрпақ – адамзат баласының тарихындағы соңғы технологиялармен етене араласып, кіндігінен гаджетке жабысып шыққан алғашқы ұрпаққа жатады. Тіпті классикалық Маслоу пирамидасының алғашқы баспалдағындағы базалық мұқтаждықтардан да бұрын бастапқы деңгей ретінед көрсетілетін жаңа бір қабат – интернет деп аталып жүр. Z ұрпақ деп аталатын цифр ұрпақ, яғни центениалдар құрсақтан шыққаннан гаджетпен егіз болған алғашқы ұрпаққа жатады. Оларды gadget first, youtube first, netflix first ұрпақ деп те атайды. ТМД аумағаныдағы Кеңес кезеңін көріп қалған ұрпақтың әрқайсысы "Ну погоди!" мультфилмін көрген адамдар ретінде локалды деңгейдегі менталитеті ұқсас түрде қалыптасса, Youtube ұрпаққа жататын центениалдар арада уақыт өтіп бір-бірін кездестіре қалса, тілі мен дініне, ұсықын мен менталитетіне қарамай, барлығы бір құндылық, бір видеороликпен өскен боп шығады. Яғни, ең алғашқы жаһандық ұрпақ. Олардың болмысы мен түйсігі және ойлау қабілеті турасында әлеуметтанушылар мен психологтар қазірден полемикаға түсіп жатыр.
Осының барлығы, әрине, біздің өмірімізді цифрлы өзгеріске ұшыратып, барлық салада өзгеріс енгізіп жатқаны анық. Ендігі алдымыздағы он жылдықтың басты тақырыбы – киберқауіпсіздік пен жеке бас ақпаратының құпиялылығы болмақ.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.