Прямой эфир Новости спорта

"Үйленуге қорқамын"

Фото informburo.kz
Фото informburo.kz
Еркіндіктің соңын есерлікке тіреледі кейде. Ондай жаттардың көбею сырына сан қырынан үңілсек, таяқтың екі ұшының да өзгергенін көреміз.

Тұқымын тұздай ету әдепті аяққа басуда

Күйкі тіршілікпен арпалысып жүріп, қоғамның қыр-сырына үңілгенді артық санаймыз. Өйткені, айтқанмен елеп жатпағанын көрген соң, "есіл сөзім қор болдының" кебін кигіміз келмейтіні де ақиқаттан алыс емес.

Дегенмен де, көлденең кездесетін жайттардан қоғамның бүгінгі беталысын байқайсың. Саяси аренада "Гендерлік саясат" деген атаумен әйел құқығын жалаулатып жүрген шөкімдей топтың берері мен залалы қаншалық, ой таразысына салып жатқанымыз шамалы.

Таксидегі жолсерігім –"бұлаң кезеңмен" қоштаса алмай жүрген егде әйел. Шаш үлгісі "хиппи" тәсілінде қырқылған, сояудай тырнағына қараудың өзі жәйсіз әсер етеді. Киім үлгісін жазбақ тұрмақ, айтудың өзі ерсі. Бірақ, өзін өте еркін ұстайды.Жол-жөнекей мінген кезде телефонмен сөйлескен бойы баратын мекен-жайын айтуға мұршасы жетіп, сөзін үзбестен қасыма жайғасты.

Құлағыңның түбінен қатты шыққан сөзге, саңырау болмасаң құлақ түрерің һақ. Ар жақтағы қызына күйеу баласының "Арызыңа гендерлік саясаттың негізгі қағидасын жаз! Мен оның тұқымын тұздай ғып, баланы өз тегіме жаздырып, алимент түгілі, мал-мүлкін тартып аламын?!" – деп, ар жағында жылап тұрған қызына жұлқынумен әлек. Абырой болғанда, көп ұзамай долданған бойы көліктен түсіп қалды.

"Модный" енелердің әлегі

Жас жігіт, таксис жігіт үшеуміз де "хиппи әйелден" естігенімізден естен танып келеміз. Өзіммен қатар әйелдің аузынан шыққан "ақ ит-көк иттен" соң, жастардың алдында айтарға сөзім болмай, қысылып келем. Таксист жігіт: "Апа, жаңағы апайдың "Гендерлік саясат" дегеніне қалай қарайсыз?" – деп сұрады. Ер-азаматтың пікірін тыңдағым келіп, өз ойын айтуын сұрадым.

Пайдасынан зияны көп "Гендерлік саясат"

Өздігінен ештеңе туындамайтыны белгілі. Қандай да бір жаңа саяси форма пайда болса, демек, ар жағында туындауына қозғаушы себеп-салдардың болғаны. Десе де, орнымен қолданып жүрміз бе?.. Қорғаныш іздеген әйелге арқа сүйеу болатын Гендерлік саясат, ақылы таяздың асыра сілтеуіне "қолшоқпарға" айналып кетіп жатқанын қарапайым қоғамда кездестіріп жатқанымыз өкінішті. Оған бір ғана мысал, аз уақытта жолсерік болғандардың әңгімесімен бөлісуді жөн көрдім.

Таксист жігіт: "Меніңше, соңғы кезде жалаулатып жүрген "Гендердік саясаттың" түкке керегі жоқ! Пайдасынан зияны көп. Апа, жасым отыз алтыда. Алғашқы келіншегім жап-жақсы еді. Анасы жаңағы апай сияқты "модный" боп шықты. Келіншегім алғашқы айларда жап-жақсы болатын. Аяғы ауырлаған соң, анам байғұс ауыр нәрсе көтертпестен өбектеумен болды. "Жалғыздың әйелі" деп, келіншегімнің бала көтергеніне қуанғаннан төсектен тұрғызбады.

Аптаның сенбі, жексенбісін міндетті түрде қайын жұртта өткіземіз. Енемнің талабы солай. Әкесі – айтулы партияның белсендісі. Мансабы, байлығы бар дегендей...

Тұңғышымыз туылған соң, келіншегім мінез шығарды. Жұмыстан келгенде, анамның қабағы шытыңқы, көзі домбыққанын байқаймын. Сұрасам, "мазам болмай жүр" деумен шектеледі. Бір күні, ерте кеп қалдым. Сөйтсем, енем үйге келіп, анамның шаңын қағып жатыр екен.

Айқайынан түсінгенім: "Анадай тамақты пісіріп бермейсің, мынадай витаминді жегізбейсің?.." секілді болмайтын мәселе. Келіншегіме қарасам, түк болмағандай тымпиып отыр. Анам байғұс мені көргеннен зәресі қалмай зыр жүгірді. Мені ажырасып кетеді деп қорықса керек. Енемнің бес қызы бар. Ұлы жоқ. Келіншегім – тұңғышы. Арманы – менің ұлымды өз тегіне жазғызып алу екен.

Әйелдер бір іс бастамасын, бастаса аяқтамай тоқтамайды екен. Екі жылға созылған кикілжіңнің аяғы ажырасумен тынды. Баламның тегін өзгертпедім. Екінші рет үйлендім. Құдай жарылқап, келіншегім де, ата-анасы да – қарапайым жақсы адамдар.

Баламның тегін өзгертпедім

Әйелден кетсе де, Әке баласына жауапты. Алимент төлеймін. Жаныма батқаны, жақында балама жолығуға барғанда қолына ақша ұстатып жатыр едім, енем қолынан жұлып алып: "Бұл ақшаны көшенің басындағы қайыршыларға береміз?! – деп, мұрнын тыржитты. Сөйтсем, менің берген ақшамды менсінбей, жоқ-жұтаңдарға садақаға таратады екен. Басым қатып жүр. Намыстанып бермей қойсам, Құдай алдында күнәһар болам деп қорқамын. Берсем, өстіп, төрт дөңгелектің үстінде жүріп тапқан ақ адал ақшамды қайыршыға таратса, не істеуім керек?

Жауабы қиын сұрақ

Үшеуміз де үнсізбіз. Екеуінің жасы үлкен деп маған қадалған көздерінен қысылғаннан: "Балаңның қолына ақша ұстатқанды тоқтатпа. Бала әкесінің өзіне деген қамқорлығын көріп өссін. Арғы жағының күнәсін енең мен келіншегің көтереді..." – болды. Нақтылы шешім айтуға ешкімнің де құқы жоқ. Себебі, қаншама тағдыр болса, соншасына Жаратқанның өз шешімі бар. Араласуға, үкімді ой айтуға ішкі парасатымыз жеткілікті ма?..

Үйленуге қорқамын

Үнсіз отырған жас жігіт: "Жасым отызда. Осындай жайттарды көп естіп, жиі кездестіріп жүрмін. Алдымдағы екі ағамның да енелерінің тұмсық тықпайтын жері жоқ. Мамашканың миын ашытып жіберді. Мамам маған: "анасы ақылды әйел алуымды" айтып, құлағымның құрышын жеуде. Ондай енені қайдан табамын? Миым қатып, үйленуге қорқып жүрмын. Соңғы кезде, "қызы қайсы, шешесі қайсы" екенін түсінбей қаласың. Жоқ, күтіміне қарасын. Бірақ, қызының өміріне жағаласуы дұрыс емес қой?! Жаңағыдай "модный" енеден құдай сақтасын?! Қызын алған жігітті аяймын... " – деп тоқтады.

Ащы да болса – шындық

Жынысым әйел болған соң, әйелдің сөзін алдымен қоштайтыным жасырын емес. Жоғары білімді бола тұра, кісі көзінше мықты боп жүрген ер-азаматынан үйіне кеп зәбір көріп жүрген әйелдеріміз қаншама?! "Сырты – бүтін, іші – түтін" бола жүре, отбасы мен бала-шағаның абыройын ойлап, өз өмірін құрбандыққа шалып жатқанын ойланбаймыз. "Бізге дейін де, кейін де бола бермек..." деумен шектелеміз.

Кейіпкеріме айналған "Жәйсіз әйелдердің" арғы жағында өмірден тұншығып, іші күйікке толы әйелдердің саны басым екені ащы шындық. Қорғансыздың күйін кешіп, Құдайға нали жүріп, бала-шағасын итшілеп асырап жатқан әйел қауымы болмаса, қоғамның таразы басы ендігі аударылып кетер ма еді?..

Саяси креслодағы әйелдердің лауазымды иелену жолында "Гендерлік саясаттың" рахатына кенеліп жатқанын көріп те жүрміз. Өкінерлігі, қатардағы қарапайым әйел қауымына көлеңкесі тиіп жатқаны күмән туғызады.

Егер де гендерлік саясатымыз шынайы белсенділік танытса, "шөкім топтың" ғана емес – көп балалы әйелдің жағдайын жасауға, "жарымайтын" бала төлемақы мөлшерінің көбейуіне атсалысар еді-ау?!. Жетіспеушіліктің тақсыретін тағы сол Әйел қауымы тартуда.

Саяси креслоға көзбояушылық үшін қолданылып, қарапайым халықтың басым көпшілігі құрайтын әйелдер мен жасөспірімдерге келгенде мақрұм саясаттың әйелге берері бар ма?.. Жоғарыда кездестірген "хиппи" әйелдердің сөзін жақтаушы боп қалмай, әйелдің отбасындағы қасиетінің құндылығы арта түсетіндей дәрежеге жетелесе, құба-құп болары даусыз.

Ер-азаматтың несібесі әйелде

Бабалардан жеткен атасөздің қасиеті – әйелді құрметтеудің маңыздылығы, ұрпақтың саналы боп жетілуі әйелдің қолында екенін айтса керек. Жалаулатып жүрген саяси атауды жоғары оқу орнында оқымай-ақ Ұмай Ана мен Домалақ аналардың өсиетін жалғастырған "Аналар академиясы" білген. ғасырдан ғасырға жеткізген.

Иә, Гендерлік саясаттың берері мол. Залалы – ақылы таяздың аяқасты етуіне жол беруі. Бір ер кісінің: "Гендерлік саясатпен басымызға әңгір таяқ ойнатып едіңдер. Ал, енді нағыз теңдікті қолдарыңа бердік. Бала туған сендер де, тумаған біз де бірдей 63-те зейнеткерлікке шығамыз?!." – деп күлген болатын.

Әлбетте, бір ғана пікірмен қоғамның көзқарасын өзгерту мүмкін емес те болар. Десе де, "таяқтың екі ұшы барын" ескере жүрген артықтық етпес.

Бүгінде "бойдақ қыз-жігіттер көбейіп кетті. Қырыққа келгенше отау көтермей жүретін жігіттер саны көбейіп барады. Қыздарымыз күйеусіз бала туып алуды модаға айналдырды..." деуден танбай келеміз. Бәлкім, сол келеңсіздіктің астарында біздердің – ересектердің мерезге айналған "өзімшілдік" қателігі себепкер болар?

Айналдырған он бес минутта жолсерік болған үш бірдей пікірдің "Әйел парасатына" тірелгені, ойланарлық жайт.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров