Прямой эфир Новости спорта

Сұлуынан – жылуы

Автордың фотосы
Автордың фотосы
Жаяуларға жанашырлық керек. Он екінші ғасыр мен жиырма бірінші ғасыр арасындағы жағдайды салыстырсақ.

"Терісаққан" көпірі

Астанада аяз минус 30 градустан асып тұрған күні Мәңгілік ел даңғылымен жүрген автобус Достық көшесінен өткен соң аялдамадан түстік. Енді даңғылдың қарсы бетіне шығуымыз керек. Бұл жерде көшені кесіп өтер жолақ жоқ, Нұржол бульварында Мәңгілік ел даңғылының үстімен салынған екі көпір тұр. Сол арқылы өтеміз.

Жаяулардың қауіпсіздігі үшін жасалған көпірге бардық. Бірақ, үстіне шыға алмайды екенбіз. Мәңгілік ел даңғылының бойында көпірге көтерілетін баспалдақ жоқ.


Астанадағы Мәңгілік ел даңғылы бойындағы аялдамадан түскенмен көпірге бірден көтеріле алмайсың

Астанадағы Мәңгілік ел даңғылы бойындағы аялдамадан түскенмен көпірге бірден көтеріле алмайсың / Автордың фотосы


Бұл қалай деп қарасақ, оны оң жақта жиырма метрдей жерде жасапты. Тек баспалдақтар бері емес, әрі қарай бастайды. Оның үстіне баспалдақтар бірінен бірі үш қатар екен. Сөйтіп өтер жолымыздан кемінде елу метр теріс қарай жүрдік. Мына аязда.

Мехнат онымен бітпеді. Баспалдақтармен көтеріліп, көпірге шығып алған соң енді тура 180 градусқа бұрылдық. Жаңағы елу метрді қайта жүріп Мәңгілік ел даңғылының үстімен өттік-ау. Рас, көпір де, баспалдақтар да салтанатты. Бірақ қолайлы емес.

Даңғылдың ар жағына жеткенімізде оң жақтағы үйлерге қарай түсуіміз керек еді. Бірақ көпірден түсетін баспалдақ сол жақта ғана. Мынасы несі? Тағы да теріс қарай кетуге тура келді. Нұржол бульварының ортасына түсірген баспалдақтар біткен соң кері бұрылып, өз бағытымызды таптық. Осыншама қолайсыздық неден? Жобалаушылардың қарапайым адамдардың қажеттігін ескермеуінен.

"Терісаққан" деген ат қойдық. Иә, бірнеше жыл бұрын Астанада "Марал", "Арқар" аталатын көпірлер болған. Беріде ол атаулар ұмыт қалды. Бір көпірдің екі жағындағы марал мүсіндерін қалай алып кеткенін көрдік. Оны тиеген көлік басқа көпірдің жоғары ернеуіне соғылып, мүйізі қираған. Маралдың өзі тұрмақ мүсіні киелі екен дегенбіз.


Астанадағы жаяу көпірден сол жақтағы үйлерге бару үшін оң жақтағы баспалдақпен түсуге тура келеді

Астанадағы жаяу көпірден сол жақтағы үйлерге бару үшін оң жақтағы баспалдақпен түсуге тура келеді / Автордың фотосы


Енді біз үшін мына көпір – "Терісаққан". Арқада осылай аталатын өзен барын барша жұрт біледі. Тағы бір теріс арна есімізде. Арыда Қапшағай су қоймасы салынбай, беріде Қытай бір бөлігін бұрып алмай тұрғанда Іле өзені төменгі ағысында тарамдалып арналарға бөлінетін. Соның бірі кері бұрылып, Алатау жаққа ағатын. Оны жергілікті жұрт Терісақпай атайтын.

Ол екеуі табиғи теріс бұрылу десек, мынау – өзіміздің сәулетшілер жобалаған теріс жүргізу. Мәңгілік ел даңғылы тұсында көпірлердің екі жағына жұрт шығатын баспалдық жасай салса, сыны кетпес еді. Есесіне көпке қолайлы болмақ. Біздің тек сұлу жасауға ден қоятын сәулетшілер жұртқа жайлы болу жағын ескере бермейді. Әттең!

Аспалы аяқ жолдар

Әлемде жаяу жүргіншілер үшін ең қолайлы қала қайда дегенде ойымызға Америка Құрама Штаттарындағы Де-Мойн оралды. Айова штатының орталығы. Атақты "екі қабатты Америка" өлшеміне сай келетін қала. Айналаға коттеджтер түрінде етек-жеңі кең жайылып жатыр. Өткен ғасырдың 70 жылдары даму дүмпуімен қала ортасында бірқатар зәулімдер бой көтеріпті. 45, 36, 33 қабатты қаржы орталықтары мен-мұндалап тұр. Одан басқа химия, ауыл шаруашылық машиналарын жасау, ет-консерві, ұн-жарма корпорациялары өзгеден қалыспай биік-биік офистер тұрғызған. Банкілер және бар. Қонақ үйлер де аспанмен бой таластырады.

Сондай қонақ үйдің біріне жайғасқан үш қазақстандық журналист көшеге шықтық. Өз көзімізге сенбедік, үлкен қалада тірі жан жоқ. Иә, жаяу жүрген бір адам көзге түспейді. Жол чегімізді нақты ақшаға ауыстыру үшін банкіге кірсек іші толы клиенттер. Бұлар сонда сыртқа шықпай ма деп қойдық. Одан үлкен дүкенге бардық. Қаптаған адам. Бірақ сыртқы есіктен кірген тек үшеуіміз сияқтымыз. Бізбен қатар сауда жасағанның ешбірі далаға шықпапты. Үшінші бас сұғар жеріміз белгілі – тамақтанатын жер. Оның жөнін сұрамаққа тоқтатайық десек, көшеден жан баласын көрмедік. Бәрін жер жұтып қойғандай. Әйтеуір, бір кафе таптық. Мұнда да адам баршылық екен. Сонда бұлар қайдан келіп, қайда кетеді?

Жауабын қонақ үйге қайтып келген соң әкімшіден білдік. Көшені жаяу адақтап жүргеніміз бекершілік екен. Қаладағы барлық зәулім ғимараттар: офистер, банктер, сауда үйлері, қонақ үйлер, тіпті автотұрақтар тегіс екінші қабаттан түйісетін дәліздермен қосылған. Кісі атаулы сонымен жүреді.

Иә, қала сыртындағы коттеджден келдің де, автокөлігіңді көп қабатты тұраққа қойдың. Енді далаға шығып әуре болмайсың. Дәлізге түсіп ал да, жауын мен дауылдан, аяз бен аптаптан қорықпай жүре бер. Қыста қалың киініп керегі жоқ. Жұмысыңды істе, саудаңды жаса, тамағыңды іш, көңіліңді көтер, соның бәрінде сыртқа шықпайсың. Рахат. Адасып та кетпейсің. Әр бұрышта дәліздің картасы бар. Қай тұста тұрғаның көрсетілген. Қайда барам десең де тайға таңба басқандай сайрап тұр.

Біреулер "аспалы аяқ жол", енді біреулер "монтажды көпір" атайтын дәліздер барлық қажетті ғимараттардың екінші қабаттарына қосылған. Бұл идеяны қарапайым инженер ұсынған. Мэрия қолдап, қаржы бөлген. Сөйтіп, 1980 жылдар ортасынан бір ғимаратты екіншісіне дәлізбен жалғау басталған.


Де-Мойн қаласындағы зәулімдерді қосқан дәліздер

Де-Мойн қаласындағы зәулімдерді қосқан дәліздер / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Жалпы ұзындығы 7 шақырымға жуықтайды. Іші таза. Сырты шынымен қапталған. Айова – қыста қары қалың, аязды, жазда күн ыстық болатын аймақ. Кейде сұрапыл құйын соғып өтеді. Соның ешбірі қаладағы жаяуларға қорқынышты емес. Көшенің әр тұсынан аспалы аяқ жолға түсіп-шығасыз. Ғимараттарды жалғаумен бірге қиылыстардан өтерде қауіпсіз.

Бастапқыда аспалы аяқ жол көше саудасына, яғни шағын бизнеске кедергі деп дауласқандар болыпты. Бірақ әр тұста көтеріліп, түсетін сатылар жасалғанда олардың үні өшкен.

Міне, біздің Астанаға керегі осы еді. "Хан Шатыр" кешеніне бастап, жолай "Азияпарк" пен "Керуен" сауда орталықтарын, ірі компаниялардың офистері мен бизнес орталықтарын жалғап "Нұрсая" кешеніне дейін шынымен қапталған аспалы аяқ жол жасалғанда, жаяу адамдар аяз бен боранды, аптап мен желді елемейтін еді. Ондай жолдың бір тармағы ЭКСПО орталығынан жолай "Абу Даби Плаза" сынды зәулімдерді қосып "Думан" ойын-сауық орталығына дейін жетсе, мына көшедегі кептеліс мәселесі оңай шешілер еді.

Екінші қабаттағы дәлізбен жүретін жұрт автокөлік қозғалысына кедергі болмайды. Ал қазіргі жағдайда Қонаев көшесіндегі жолақтан бір жаяу адамды өткізу үшін кемінде 20 автокөлік кідіретінін көріп жүрміз.

Айтпақшы, беріде Де-Мойн қаласында тағы бір керемет көпір салыныпты. Тағы тек жаяуларға арналған. Ені мен ұзындығы жағынан да әлемде теңдесіздің бірі. 770 метрге созылып жатыр.


Де-Мойн өзеніне салынған жаяуларға арналған инновациялық көпір

Де-Мойн өзеніне салынған жаяуларға арналған инновациялық көпір / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Де-Мойн өзенінің үстімен тартылған бұл инженерлік ғажапты өнеркәсіптік дизайнер Дэвид Дальквист жобалаған. Онымен жүріп өткенде анимациялық кадр кідірту тәсілін бастан өткізесіз. Алдыдан кезегімен шығып тұратын болат бағаналар сондай әсерге бөлейді.

Жаяуды аяу керек

Жаяулардың жайын ойлау ежелден басталған. Әлемдегі ең ескі көпірдің бірі Риальто деп аталады. Қалалардың атасы Венецияда болғанда ол көпірдің астымен Гранд арна арқылы кемемен өттік. Үстімен жаяу да жүрдік. Қаптаған турист. Өз тобыңды жоғары көтерілген туға қарап табасың.

Алғашқы көпір мұнда 1181 жылы салынды. Бөшкелердің үстіне тақтай төсеп жасаған. Оны понтон дейді. Кезінде Семей қаласының ортасындағы аралға осындай көпірмен өтуші едік.

Одан бір ғасырдан соң мұнда ағаш көпір салынған. Бір көтеріліс тұсында оны өртейді. Осы тұста ойымызға Қадыр Мырза Әли ағамыздың өлеңі оралды. Соңғы жағы "Қашқан жаудың көпірді, Өртейтіні белгілі" деп аяқталатын. Шамасы, мұнда да жеңілген жақтың әрекеті болса керек. Жанып кеткен көпір қайта салынды.

Қызығы мұнымен аяқталмайды. 1444 жылы арнамен желкенді қайық жарыстырған кезде оны тамашалауға топырлап шыққан көпшіліктің салмағына шыдамай ағашы шашылған. Талайлар суға құлаған. Қанша адамның харап болғаны туралы дерек айтылмайды.

Одан тағы тұрғызылған. Тағы құлаған. Ақыры ағаш емес, тас көпір тұрғызуға шешім қабылданды. Конкурс. 1551 жыл. Италия Қайта өрлеу дәуірінде. Бәсекеге кімдер қатысқан дейсіз бе? Ең басында Микеланджело тұр. Кім жеңген дейсіз бе? Ол тұста аты белгісіз Антонио де Понте. Ол жақтың орта ғасырлардағы конкурсы біздің ХХІ ғасырдағы тендерлерден гөрі әділ өткен бе?!


Венециядағы атақты Риальто көпірі

Венециядағы атақты Риальто көпірі / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Айтпақшы, көре алмайтындар ол кезде де бар екен. "Мынауың ұзаққа шыдамайды" деп мысқылдағандар болыпты. "Ортасында тіреуі жоқ көпір құлап қалмаса, менің екі бұтымның ортасы өртенсін" дейді бір әйел. "Мына көпір аман тұрса онда бір жеріме тырнақ өссін" деп күпсінеді бір еркек. Осы екеуін архитектор жақтаудағы тасқа бедерлеген. Бұтының арасы жанып жатқан әйелге бір жеріне тырнақ шыққан еркек төніп келеді.

Осы жерде ойымызға Төлеген Айбергенов оралды. "Өле берсін күншілдер күйігінде, Мен өлемін өзімнің бигімде". Басқаға емес, Антонио де Понтеге арнап шығарғандай.

Биіктігі демекші, жерден жоғары тұсы жеті жарым метрлік көпір бес ғасыр бойы мыңқ еткен жоқ. Ішінде ұсақ дүкендер бар. Венеция мен осы көпірдің сан қилы жәдігері көздің жауын алады. Зергерлік бұйымдар да сатылады.

Ең бастысы көпірде емес, тура үйде келе жатқандайсыз. Төбе бар, терезе бар. Теңіз жақтан Гранд арна бойымен ертеңгісін алай, кешкісін былай соғатын жел, маусымына орай шелектеп құятын жаңбыр әрлі-берлі жүргіншілерге бөгет емес. Жаяудың қамын ойлаудың көне мысалы осы шығар.

Ал Астана жаңа қала. ХХІ ғасыр қаласы. Сұлулығына талас жоқ. Тек, жылу да керек. Оның ішінде жаяу жүргіншілерді аялау да бар дейміз.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров