Прямой эфир Новости спорта

Сахара салтын сақтаған

restbee.ru сайтынан алынды
restbee.ru сайтынан алынды
Бәдәуи деген халықты бүгінгі бізден гөрі бабаларымыз жақсы білген сияқты.

Техникалық төңкерістен түрткі көрген

Үшінші-төртінші индустриялық төңкеріс арасында тұрған мына заманда қазақ – толық отырықшы халық. Атамекенде тәуелсіз атанғаны, Түркия мен Еуропаға көшіп барғаны тұрмақ, Ресей, Моңғолия мен Қытай аймағында қалғаны түгелдей. Мұнда колхоз, анда сұмын, әріде коммуна аталған құрылымдар аталардың аяғын тұсады.

Қазақпен бірге көшпелі мәдениеттің ең биігіне жеткен іргелес жұрт – жоңғардың тағдыры тіпті, қайғылы. Біздің бабалармен жағаласқан жүз жылдық соғыста жеңіліс тапса да, артында тұяқ қалатын еді. Көшпелі халықтар әдетінде тұтастай қырып кету жоқ, әулеттің кенже баласын өлтірмеген. Ал... Қытай империясы жоңғарды мүлде жойып тастады.

Орталық Азиядағы көшпелі халықтың бірі халқа – Моңғолияның негізгі ұлты – орысқа еріп социализм соқпағына түсерде жаппай сұмынға біріктірілген. ХХ ғасырдың соңында бірнеше сұмынның орталығын көргенбіз. Екі-үш ғимараты болады. Кеңсе, почта, мектеп, салынса аурухана. "Ақ шағыл" романында Жұмекен Нәжімеденов сипаттаған қырық бесінші жылғы "Жаңа өмір" колхозының орталығынан аусашы. Сұмынның түтіні тегіс киіз үйде тұрады. Жазда алысқа, қыста іргеге көшіп келеді. Бәрібір, әр жерде орталықтары бар моңғол халқы тұтастай көшпелі деуге сыймайды.

Америкада кезінде үндістер көшпелі болған. Жаулаушыларға қарсы тұрғаны оққа ұшты. Бас игеннің өзін құртудың оңай әдісі табылды. Зымияндар алдымен бизонды қырыпты. Азықсыз қалған үндістер 1886 жылдан 1887 жылға қараған қыста баудай түсті. Осылай және бір көшпелі мәдениет жоғалды.

Оңтүстік Америкада, негізінен Парагвай мемлекетінің шекаралас аумағында гуарани деген тайпа тұрады. Мал бағып немесе аң қуып емес, өсімдік пен жеміс-жидек іздеп көшіп жүреді. Ботаникадағы атаулардың арасында гуарани тілі грек пен латыннан кейінгі үшінші орында болуы тегін емес. Жазу жазбайды. Оның есесіне барлық рухани мұрасы атадан балаға ауыз әдебиеті арқылы жетіп отыр. Өте қонақжай. Адамның тәні өлгенмен жаны өлмей, туған-туыстарын қорғаштап жүреді деп санайды. Осы сипаттамалардың бәрі көшпелі халыққа тән емес пе! Әттең, жан-жақтан тықсырған цивилизация бұл тайпаны да жұтып тынады дейді ғалымдар.


Гуарани тайпасының өкілі

Гуарани тайпасының өкілі / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Өткенде бір картадан көрдік, Ұлыбритания жаһандағы 200-ге тарта мемлекеттің 20-сын ғана отарлауға тырыспаған. Бізде Риддерді, Қарсақбайды, Ембіні иемденгендіктен мүддесі болды. Мына жағымыздағы моңғолия, ана жағымыздағы Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан әлгі көз алартылмаған жиырманың қатарында. Ал, жем болған немесе жемтікке жұтыла жаздаған елдер ішінде Ауғанстан мен Пәкстан бар. Мұны айтып жатқанымыз: тура осы аймақта және бір көшпелі мәдениет болған.

Ағылшындарға отырықшы хинди мен урду тілдес халықтарды бағындыру қиынға соқпады. Сосын Ауғанстан тауларына кіргенде арыстанның азу тісі сынды. Басқыншыға аймақтың көшпелі халқы тайлы-тұяғымен қарсы тұрды.

Бірақ, ағылшын жаугершілігі Ауғанстанды отаршылыққа көшірді. Қорғануға ыңғайлы қамал тәріздес үйлер салды. 1979 жылғы ең соңғы санақ бойынша бұл елде барлық халықтың 91 пайызы отырықшы деп жазылған. Тек қошай атты тайпа ХХ ғасырдың сексенінші жылдарына дейінгі Конституция бойынша көшпелі деп танылып, мемлекетте ерекше жағдайларды пайдаланған. Бірақ, кеңестік, соңынан американдық, ақыры халықаралық басқыншылық барысында бұл тайпа да көшпелі өмірді қойыпты. Хош.

Арды ойлаған адамдар

Бәдәуи – көне ұлттардың бірі. 5 мың жылдан бері бар. Бастапқыда киелі жануарларға табынған. Беріде Мұхаммед пайғамбардың хақ дінін қабылдайды.

Исламмен бірге араб тіліне жаппай көшкен. Ғалымдар бұл тайпалардың исламға мойынұсынғанға дейінгі тілі басқаша болған дейді. Әрі сан ғасыр бойғы арабтармен құдандалы болудың да әсері тимей қалмаған.

Израиль мемлекеті қалыптасып жатқан 1947 жылы шығыстанушы Яаков Шимони "Эрэц-Исраэль арабтарының тарихы" атты кітап жазған. Оған қарағанда көшпелі бәдәуилер арасынан иудей нанымын қабылдаған бір топ бөлініп шығып, еврей ұлтының негізін қалайды.

Бәдәуи тайпаларының бірталайы әлі күнге Израиль аумағында тұрады. Бірнеше қаланың іргелерінде олардың оңаша тұрақтарын көрдік. Шошайған күркелері жел мен жаңбырдан ықтасын, күннің көзінен қорған болуға ғана жарайтындай. Оның қасында салтанаты жағынан бабаларымыздың киіз үйі ханның сарайындай.

Израильдегі бәдәуилер елдің солтүстік және оңтүстік тұрғындары болып бөлінеді. Үш тайпадан тұратын солтүстік бәдәуилері отырықшы өмірге өтті. Лашықтарын тастап қалаларға көшті. Бұл қауымның саны шамамен 30 мыңдай болса, оңтүстікте көшпелі 200 мыңға жуық бәдәуи бар.

– Біз еврейге де, арабқа да жатпаймыз. Сан ғасыр бойы жинақталған дәстүрлерімізді заманның алдамшы игіліктері үшін сатпаймыз,– дейді осы оңтүстік қауымының өкілі Эйса Сауид. – Арабтар біз сияқты қалқа астында күн кешпес еді. Және бір ерекшелігіміз – алдымен арды ойлаймыз.


Мақала авторы бәдәуи тайпасының өкілімен сұхбаттасты

Мақала авторы бәдәуи тайпасының өкілімен сұхбаттасты / Сурет автордың мұрағатынан алынды


Қазақпен және ұқсайтын жері – жастар үлкендердің алдын кесіп өтпейді. Бірінші сәлем береді. Бүкіл тайпа анаға, жалпы әйел затына құрметпен қарайды. Тағы бір мысалды Эйса Сауид келтірген.

– Қонақжайлық – бәдәуи бойындағы басты қасиет, -– дейді ол. – Табалдырығымнан біреу аттайтын болса, алдымен алдына ас қоямын. Шөлін қандырамын. Содан кейін ғана ол бұйымтайын айтады. Аталарымыз екі күн қонып, үшінші күні шаруасын айтады екен.

Бәдәуи үйіне келген жанға кофе қайнатып береді. Әсіресе, қыз айттырып келгенге. Біздегідей құда түседі.

Пошымы киіз үйге келіңкірегенмен, не кереге мен уығы, не киізі мен желбауы жоқ баспаналарында болғанда екі халықтың арасындағы тағы бір ұқсастықты естідік. Ол бабаларынан қалған өлшеусіз әдеби мұра – бәйіттерге қатысты.

Бәдәуи поэзиясы мың жылдар бойы қалыптасқан. Біздің ақындарда ұшырасатын "ғазал" сөзі – бәдәуилердің махаббат туралы бәйіттерінің жиынтық атауы. Одан басқа шығысқа кең тараған "риса" жанры бар. "Риса" – сағыныш, құса бәйіттері. "Тардийат" жырлары болады. Абай атамыздың "Қан сонарда бүркітші шығады аңға" өлеңі – нағыз тардийат.

Мадақ жырды бәдәуи әдебиетінде "мадх" пен "фахр" деп жіліктейді. Біріншісі өзгермей жеткен, ал "фахр" мағынасын өзгертіп, "пақыр" атты сөзге айналып кеткен.

Бәйіттерде біреуді кекеп-мұқаған жанр да кездеседі. Оны өздері "нақаид" дейді. Тоқтаңыз, қазақтың "нақақ күйдірмеші" не "нақақ қараламашы" дегені есте ме? Осындағы "нақақ" пен анау "нақаид" та өзара тамырлас.


Қазан көтеріп жатқан бәдәуи әйелі

Қазан көтеріп жатқан бәдәуи әйелі / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


"Бір ерекшелігіміз – алдымен арды ойлаймыз" деген Эйса Сауид сөзі құлақта қалды. Осы мақаланы жазып шығуға жетелеген де сол сөз сияқты. Және бұл орайда қазақтармен қалай үндесіп жатыр?! Мұқағалиға жүгінейік:

Қайран біздің шешелер, арды ойлаған,
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған.

Солай және бір ортақтастық табылды. Ал ұзын тарихқа қатар көз салсақ, қазақ пен бәдәуидің көрген үркіншілігі, зорлық-зомбылығы тағы ұқсайды.

Топыраққа байланған тағдыр

Израильдің оңтүстігінде қазба жасаған археологтар көшпелі халықтардың мыңдаған жылдар бойы мал өсіргенін анықтады. Бір ғажабы: ондағы қоныстардан жылқы мен сиырдың сүйегі кездеспеген.

Израильдің Негев шөлінен қой-ешкі мен түйенің сүйектері табылды. Арада бірнеше мың жылдар өткенде бәдәуилердің лашығы жанынан үйездеп жатқан қойды, отардан оқшауланып жартасқа шығып кеткен ешкілерді көрдік. Түйеде есеп жоқ.


Малға арналған қоршаулары қазақ ауылын еске салады

Малға арналған қоршаулары қазақ ауылын еске салады / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Түйе – бәдәуидің әлі күнге басты көлігі, азығы, шуда сияқты құнды шикізат берушісі ғана емес, сұлулық сипаты. Түрі мен түсін, көзін, өркеші мен тірсегін айтпағанда ерні мен мойны өлшенеді. Қазақтың "ботакөз", "ботатірсек" сынды теңеулері мұнда өз құнын жоя қоймаған. Хош, түйе туралы сөзді түйіндеп, енді негізгі бұйдамызды қайта ұстайық.

Барлық жағырапия оқулықтарында "шөл" деп жазылғанмен, Негевте ара-тұра жерде бұлақтар бар. Қызыл-сары керіш жыраларды жарып ағады. Тастақты төбелерде қой мен түйеге азық жеткілікті. Осы аймақтан Ескендір Зұлқарнайын, Сайыпқыран Сүлеймен сияқты жаһанды жаулаушылар өткенмен, бұлардың ата-бабаларының өмірін өзгертпеген. Бәдәуиді отырықшы етпекші болған Осман империясы еді.

Бұл еркін халыққа қарама-қарсы күш ретінде Екінші Абдулхамит сұлтан Кавказдан черкестерді көшіріп әкелген. Бәдәуилерді тұрақтандыру үшін бірінші қаланы салған. Оны Бир ас-Саба деп атады. Осында өз әскерін ұстады. Білім, дәрігерлік көмек беруге, оларды есепке алуға ұмтылды. Бәдәуилер көшпелі өмірден артық ештеңе жоқ деп, қамқорлықтан бас тартыпты. Сөйтіп әрі-сәрі жүргенде уақыт бәдәуилерді басқа алпауыт ұлттың уысына жақындатты. ...Ағылшын.

Тіл болмаса да діннің ортақтығы шығар, бәдәуилер кейінгі жаулаушы емес, алғашқы билеушіге іш тартқан. Бірінші жахандық соғыста түрікті жақтап, ағылшындарға қарсы қару көтерген. Бәдәуилердің нұжмат тайпасының түйелі мың жарым сарбазы түріктерге қосылып Суец жармасына қарай жорыққа қатысқан.

Не керек, Осман империясы құлап, Ататүрік жаңа мемлекет жариялағанда бәдәуилер ол елдің аумағынан тыс қалды. Көпшілігі "Британ боданында" деп жарияланған жерде көшіп жүрді. Ағылшындар да мектеп, аурухана салды. Тұрақты су көзін ашты. Бәдәуилер бұған көп қызықпай, көшпелі халық ретінде қала берді.

Ақыры бұл жердің бір бөлігінде мүлде басқа мемлекет пайда болды. Израиль. Гитлердің еврей атаулыны аяусыз қырғанын ескерген одақтас мемлекеттер басшылары оларды бір елге ұйыссын деп шешкен. Бастапқыда Африкадағы Сомалиден жер беру қарастырылды. Әрі-бері тартыстан кейін Сирия, Ливан, Йордания, Мысыр арасына қағылған сынадай үшкіл мемлеекет пайда болды. Бұл бәдәуилердің ықылым заманнан бері Зұлқарнайын, Мәмлүк, Нәдір шах, Осман, Ұлыбритания империяларын мойындамай әрлі-берлі көшіп жүрген аймағы болатын.

Кешікпей араб-израиль соғысы басталды. Аймақтағы көшпелі жұрттың берекесі кетті. "Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің" кері келді.

Одан әрі Израиль көшпелілерді құжаттап, "концентрациялық аймақтарға" аттандыра бастады. Америкада баяғы үндістер бастан кешкен кеп. Әрі алдындағы малын түгел кәмпескелеп алды. Қазақтар көрген құқай. Бәдәуи отбасылары босқын болып кетті. Негев шөлінің үштен екісі "жабық әскери аймақ" деп жарияланды. Бұл да Семей, Нарын, Байқоңыр, Сарышаған полигондары деп талай жайылымнан айрылған қазаққа таныс көрініс. Мал бағуларына тыйым салынды. Себебі, ол жерді аздырады екен. Қайта мал тұяғы топырақты қопсытатыны, тезегі тыңайтатыны ескерілмеді. Мың жылдар бойы азып-тозбаған жайылым еді ғой.


Қыстауларын қиратуға қарсылық танытқан бәдәуи балалары

Қыстауларын қиратуға қарсылық танытқан бәдәуи балалары / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Бірбеткей бәдәуилер бәрібір ештеңені тыңдамай мал артынан көшіп, әлі талай жерді пайдаланып жатты. Екіншіден, олардың өсімі еврейлерден жоғары болды. 15 жылда екі есеге өскен. Бұл "еврейлер елі" үшін қатер деп саналды. Кейінгі санақ бойынша мемлекеттегі 8 миллион халықтың төрттен бірін бәдәуилер құрайды.

Ақыры Израиль үкіметі Бәдәуилер ісі жөніндегі арнайы комитет құрды. Ол 2011 жылы бодан халықты қалаларға орнықтыру жоспарын жасады. Бірақ, көшпелі жұрт оған көнбеді. "Қалада не істейміз?" деді. "Шөл дала мен жайылған малсыз жеке ұлт ретіндегі ерекшеліктерімізден айрыламыз" деді.

Не керек, "жерден айрылсақ – ұлт ретінде жойыламыз" деген бәдәуилердің уәжі әлемде қолдау тапты. Саясаттың басқа тұстарында Израильді қолдайтын Ұлыбританияның өзі көшпелілерді сақтауды ұсынды. Тілін тістеген – баяғы үндістердің қанды көз жасы мойнында жүрген АҚШ шығар. Сөйтіп Негев шөлінде әлгі 200 000-дай бәдәуи көшпелі өмір салтын сақтап қалды.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров