Прямой эфир Новости спорта

Палуанның табаны, жазушының қаламы

Қажымұқан шарлаған аймақтарда қалған із бен ол туралы хикаяға үңілгенде...

Көргенін көңілге түйген

Балалық шақта сүйсіне оқыған кітабымыздың бірі Қалмақан Әбдіқадыровтың "Қажымұқан" повесі еді. Даңқы дүниежүзіне тараған палуанның балалық шағынан бастап соғысқа ұшақ жасап беретін мәрттігіне дейін суреттелген хикая ғой. Қажымұқанның табаны тиген қалалардың бірқатарын беріде көрдік.

Омбы, Қазан, Петербург, Мәскеу қалалары, Франция, Германия, Түркия, Австрия елдері, Арабия өңірі, Америка құрылығында болғанда сол кітаптағы көріністерді іздедік. Парижде француз күресінен әлем чемпионаты өткен, төрт орыс палуанының бірі болып Муханара деген бүркеншік атпен Қажымұқан қатысқан Казино де Пари ғимаратын көрдік. Атамыз барардан он жыл бұрын салыныпты. Біз көрген түрі күрделі жөндеуден өткеннен кейінгісі екен.


Казино де Паридің іші. Белгісіз суретшінің 1900 жылғы суретінің көшірмесі

Казино де Паридің іші. Белгісіз суретшінің 1900 жылғы суретінің көшірмесі / Сурет meisterdrucke.ru сайтынан алынды


Жапон билеген мәнжуси жұртының орталығы болып, кейін Қытайға өткен Харбиннің іргесінен қайттық. Мұнда ол "джиу-джитсу" күресінен алтын медаль алған. Құлағының жартысын жұлған қарсыласы Саракики Джинфодудың ернін мұрнымен қоса сыпыратын сапары ғой. Швецияда болдық. 1909 жылы қазақ ұлтынан алғаш "әлем чемпионы" атанған жері еді.

Сөйтіп Қалмақанның кітабы жағырапия оқулығынан кем болмады. Жазушы оны қырқыншы жылдар басында өзіне бар сырын ақтарған Қажымұқанның естеліктері негізінде жазды. Палуан барған қалаларын есте сақтағанымен, дүбірлі жарыстар өткен сарайларды түстей бермеген. Әрі қайсы әлем чемпионаты, қайсы басқадай жарыс болды, оны жіліктемеген.

Кітаптың өзінде жазылатындай, палуанның жас кезінде оқуға құлқы болмаған. Оны мына үзінді аңғартады: "Сонымен бір жыл оқып, "А" деген әріптің түсін танымай-ақ қойды. Молданы әбден ашу кернеп, Мұқанды екпетінен жатқызып қойып, көк шыбықпен көк ала торғайдай етіп сабап-сабап қоя берді. Жарасы жазылғанша мектепке бармай жүреді де, бір күні ертемен келіп, оқитын үйге кірмей есіктің алдына тұра қалады. Балалар түгел үйге кіріп, олардың соңынан шапанын желбегей киген молда ене бергенде қолындағы жуан таяқпен желкеден періп жіберіп, Мұқан молданы екпетінен түсіреді." Ескіше хат тану осылай тынған.

Одан Петербургке барып, атлеттер мектебіне түскенде орысша оқуға талпынбақ болады. "Букварь" сатып алып, досына "осыны үйретші" деп жалынады. Тағы хикаяға жүгінелік: "Бірақ, Мұқан "А" деген әріптен басқасын түнде үйренсе де, күндіз ұмытып қалып, біріне-бірін шатастырып, дыбыстың таңбасын миына бір қондыра алмай-ақ қойды. Ақырында "Семен, сен мені әурелемеші. Маған мынауың жүз пұт тас арқалағаннан ауыр. Тағы да кітаптың ішінде тышқанның суреті бар екен" деп кітапты Семеннің төсегіне қарай лақтырып жіберді".

Міне, бар оқуы қадымша мен орысшада "А" әрпімен тынған Қажымұқанда оның есесіне ғажайып зерде болған. Көшпелі халықтың баласына тән қасиет. Көргенін фотоаппарат сияқты миға таңбалап, отыз жылдан соң Қалмақанға бүге-шігесіне дейін 23 күн бойы әңгімелеп берген. Сол әңгімелерінің негізінде хикая жазылды. Палуанның бастан кешкен оқиғалары ұрпақтан-ұрпаққа сақталып қалды.

Оқи отырыңыз: Қораң қайда, "Боран"?

Мінезі пілге ұқсаған

Әлгі үзіндіде "ішінде тышқанның суреті бар екен" дегенді оқыдық қой. Хикаяда Қажымұқанның тышқаннан қорқатыны бірнеше рет аталып өткен.

Біріншісінде Қызылжарда отыз пұтты көтерген, жатақханаға алғаш түнеген Мұқаннан қожайын Масликов қалай ұйықтап шыққанын сұрайды. Бозбала төселген сабанның арасында тышқан барын, оның шиқылдаған даусынан зәресі кететінін айтады. Масликов "онда қасқырдан қорқасың ба" дегенде, Мұқан қасқыр, аю, қабаннан еш қорықпайтыны айтып, "тек адам жататын жерде тышқанның шиқылдағаны жаман" дейді.

Мұның өзі пілдің тышқаннан қорқатыны туралы белгілі әңгімені еске салады. Осылайша Қажымұқанның алыптығын бейнелеуде таптырмас детальге айналған.

Кітаптың соңына қарай тышқан шешуші әрекетке себепкер болған. Жиырмасыншы жылдар басында елді аштық жайлаған. Оны жазушы "Қалада бір қап бидайға шаналы атын, бір пұт ұнға ине-жіптен жаңа шыққан құндыз ішік беріп жатыр" деген әңгімемен сипаттап өтеді.

Осыдан пайда тапқысы келген Борсықбай бай қалаға ұрасынан астық шығарып, сатуға кіріседі. Кіреге арбакеш етіп Қажымұқанды жалдайды. Төбедей болып палуан отырған кіреге шабуыл жасауға ешкімнің батылы бармайды.

Айналада ашығып жатқан ауылдастарына өзі астыртын ақыл айтады. Палуанның ақылымен шағын топты бастап келген кішкентай шал айырға тышқан тізіп алыпты. Сонымен қорқытып, астығын ат арбасымен қоса әкеткен. "Өздері айыр мен балтадан басқа құралы жоқ бес адам екен, шыбыртқыңды қалай көтере алмай қалдың?" деп күйінген Борсықбайға Қажымұқан "бір айыр тышқан басымда ойнап тұрғанда неге шамам келсін, қорықпай қайтесің құлақтары қалқайған пәледен" деп жауап берген.

Тышқан оқиғасы Омбы мен ауылға қатысты, ал Қазан мен Петерборда өткізген жылдарында ол жайында жазылмаған. Шамасы, бұл үлкен екі қалада тышқан жоқтығын байқатса керек. Осы орайда біз Қазанның тарихымен танысқанда естіген мына әңгімені қоса кетелік.

Ресейді билеген қатын патша Елизавета Қазанға келгенде тышқан жоғына таң қалыпты. Себебін сұраса, жергілікті мысықтар сұрапыл екен, тықырлаған тышқанды құртып бітірген. Содан қатын патша "Қазанның ең таңдаулы мысықтарын астанаға әкелсін" деп жарлық шашқан. Отыз мысық Петербургке жеткізілген. "Елизавета патшайымның лейб-гвардиясы" атанып, сарайлар тұрмақ бүкіл қаланы тазартып берген.

Оқи отырыңыз: Бейрутты емдеген бауыр

Қазанның Қабанын жағалаған

Әрине, Қалмақанның мүмкіндігі шектеулі еді. Жазушы шекара асып палуан барған жерлерді шолып шыға алмайды. Айналаға "темір шымылдық" құрылған. Әрі ондай сапар үшін қаламгерге ешкім қаржы бермейді.

Қазақ даласын, ондағы дәстүрлерді суреттеуге келгенде кеңінен көсілетін қаламгер шетелде өткен оқиғаларды қысқа баяндап қояды. Палуанның табан ізі қалған қалаларында болған біз кейбір деректерді толықтырып көрелік.

Омбыдан Қазанға келген жас Мұқан сабан той мерекесіне тап болады ғой. Кітапта тойдың Қабан көлі жағасында өткені жазылған: "Алыпсатарлар, ас пісіретіндер, ағаш шауып, аяқ-табақ сататындар, дұғалық жазатын молдалар, бақсы-балгерлер, дүкен ашатын көпестер, жауырыны жерге тимеген палуандар, бәйге құмар атпаздар, ең ақыры адам алдайтын көз байлаушыларға дейін аяқ жетер жердегілер жиналатын".

Қазанға барғанда сабан той мерекесі қалай өтетіні туралы мәлімет жинағанбыз. Содан татардың басты мерекесі ХІІІ ғасырдан бері тойланатынын білдік. Мұны Әлкей ауданында табылған тастағы бедер айғақтапты. ХХ ғасыр басындағы сабан тойдың фотолары мен құжаттар сақталған. Бәрінде мереке Қабан көлінің жағасында өтетіні көрсетілген. Ендеше палуан Қазанға барғандағы дерегін дәл берген. Жазушы әсірелемей сол қалпы қағазға түсірген.

Қабан көлін көрдік. Қазан қаласының іргесі ұлғайған соң ішінде қалыпты. Үш көл жалғасып жатыр. Жоғары Қабан, Орта Қабан, Төменгі Қабан аталады. Үшеуінің қосылғандағы ұзындығы жеті шақырымға жуықтайды. Ені 50 метрге жетпейді. Ең төменгісінен шағын жылға ағып шығады. Оның аты Бұлақ екен. Қазаққа таныс сөз ғой. Ортаншы көлден көкала мойын жабайы үйрек көрдік.

"Қажымұқан" хикаясында "Сабан той тарауға жақындағанда үлкен қаланың бірінен көшпелі цирк Қазанға келді" деген сөйлем бар. Бұл да рас. Қазан дене шынықтыру университетінің профессоры Светлана Малышеваның монографиясында ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басындағы көшпелі цирк егжей-тегжейлі зерттелген. "Циркте көрсетілетін нөмірлердің әрбірі кезекпен газетте жарнамаланған, – деп жазады профессор. – Бір нөмірге ағайынды Вильмоттардың велосипед тебетіні жазылса, келесі нөмірде музыкалық клоундар Том мен Жак көрсетілген. Үшінші газетте феерия – балет, ақыр аяғында палуандар күреске шығатыны жарнамаланған".

Оқи отырыңыз: Долан менен Вазген додаласса аз-кем

Сылқымданып суретке түскен

Қазаннан Петербург қаласындағы Иван Лебедевтің күрес мектебіне келгені кітапта палуанның айтуымен сипатталған: "...мектеп басқарушысы оны ертіп, үлкен бір үйге кіргізді. Ертегідегі Қап тауының диюлары сияқты толып жатқан жалаңаш дәулер неше алуан керметті істеп жатыр.... Үй зәулім биік, екі жүз өгізге қора болғандай кең сарай екен". Одан әрі былғары ат, жуан арқан, темір шығыршық, екі пұттық балға, темір шарбақ, кірдің тасы, ұзын рельс, шойын дөңгелек, қалың тақтай, жаюлы кілем суреттелетін.

Кітапта "мектеп" деп жазылған бұл мекеменің ресми аты – "Лебедевтің Петербургтегі атлетика мектебі". Ғимарат қазіргі Чехов көшесіне орналасқан. Лебедев гимназия мен университеттің заң факультетінде оқығанда сан мәрте атлеттік рекордтар жасаған. 1905 жылы 5 маусымда ол Ресейде француз күресінен Халықаралық чемпионат ұйымдастырған. Оған дейін 1897 жылдан әуесқойлар біріншіліктерін өткізетін.

Кітапта палуандардың маска тағып шығатыны, жеңгені жеңілгенінің маскасын сыпырып, кім екенін әйгілейтіні жазылатын еді. Ал жеңімпаз әзірге белгісіз болып көрерменді ынтықтырмай ма? Осыны ойлап тапқан – Иван Лебедев. Ол "Геркулес" журналына "өкінішке қарай, мен телеграф пен телефонды ойлап таппадым, оның есесіне Ресейде алғаш "қара масканы" ойлап шығардым" деп жазған.

Қалмақан хикаяда алғашқы жолы "нықап" деп жазып, "маска" сөзін одан кейін жақшаға алыпты. "Бетперде", "тұмша" деп жүргеніміз берідегі аудармалар, түпкі сөз "нықап" екенін осыдан аңғардық.

Лебедев мектебінен бастап Мұқан түрлі лақап аттармен чемпионаттарға қатысады. Алғаш фотоға түседі. Әрине, онысы қолында болмаған. Сондықтан жазушыға көрсете алмаған.

Оның күрес тәсілін үйретіп тұрған атақты екі фотосын Ресейдің "нөмірі бірінші" фотографы Карл Булла түсірген. Бұл 1912 жылы Петербургте өткен француз күресінен Бүкіл дүниежүзілік чемпионат кезі. Суретте оны Муханара деп жазған. Қарсыласы Поспешильдің сойы – Карл Файбек, ұлты чех. Палуандар арасында ең сымбаттысы екен. Карл Булланың оның қасына қазақ палуанын таңдағаны тегін емес. Біздің атамызда шымыр дене мен көз тойдырар көрік болған.


Муханара мен Поспешиль күрес тәсілін көрсетіп тұр

Муханара мен Поспешиль күрес тәсілін көрсетіп тұр / Суретті түсірген Карл Булла


Оның ерекше келбеті Мәскеу зоологиялық бағы алдында палуандармен түскен келесі суреттен де аңғарылатын. Бастағы шляпа, ішінде жилеті бар қымбат костюм, мықынды таянып бір қырынан тұрған тұрыс палуан атамыздың дәуірлеген кезін айғақтайды. Дене жағынан ешкімнен кем түспейді. Осы сурет Қалмақанның көзіне іліксе, хикаяда қалай майын тамызар еді дейсің!

Оқи отырыңыз: Түтіннен кейінгі бітім

Сәнқойлығымен тәнті еткен

Жилетті костюм, шляпамен тұрған Қажымұқан бар бұл суреттің төмен жағындағы газет тілімен текстовкасында палуандар былай таныстырылған: "Сол жақта таяқ ұстап тұрған палуан Штерн. Оның жанында Поддубныйдың қысқанынан оң қолының бұлшық еті ісіп кеткен жас палуан Лука Копьев. Одан әрі аренада әппақ тістерін ақситып жүргенімен, бұл жолы онысын жасырып қалған зәңгі Чемберс Ципсь. Алда тұрған Поддубный көкенің өзі. Оның ар жағында күрес кезінде ызалы, дүлей Сабатье әлденеге мәз". Пай-пай, жазады-ақ екен. Қазіргі газеттердегі суреттердің астынан осындай армансыз сипатталған түсіндірме таппаймыз ғой. Одан әрі оқисың: "Балағын қайырған шалбар киіп, ыздиып тұрған сәнқой Муханара".


Шеттегі Қажымұқан "сәнқой" деп сипатталатын фото осы

Шеттегі Қажымұқан "сәнқой" деп сипатталатын фото осы


Бұл газеттің нөмірі, ең болмаса қиындысы палуанда сақталып, оны жазушыға көрсеткенде ұшқыр қаламынан от ұшқындар еді. Амал нешік. Газет қиындысы тұмақ өңірін толтырған алтын медальдің бірін сақтай алмаған.

Сақталмаған басылымның бірі "Таганрог хабаршысы" газетінің 1902 жылы 6 шілде күнгі нөмірінде көшеде жұрт жиналған шу жазылған. "Екі қонақ үй ортасындағы аттанның арасында Поддубный, Михайлов және түрік Қара Мұстафа болған". Соңғысы Қажымұқанның бүркеншік атының бірі.

"К спорту" журналының 1913 жылғы нөмірінде Поддубный күрескен чемпионат жайында репортаж шыққан. Онда Аберг, Копьев, Янковский, Муханара, Собесский, Урса және Шмарковский күрескені баяндалған. Әттең, бұл репортаждан да Қажымұқан мен оның әңгімесін үш апта тыңдаған Қалмақан хабарсыз қалған.

Осы журналдың 1916 жылғы санында редакторы Б. Чесноковтың шолу мақаласында "Мен үздік палуандар деп Поддубныйдың өзін, Збышконы, Абергті, Бульді, Шемякинді, Ягоны айтамын" деген жолдар бар. Соңғысы – палуанға манжуси өлкесінің чемпионы болғаннан кейін жамалған кезекті лақап аттың қысқарған түрі.

Айтпақшы, Парижде болған сапарымызда Еуропа қазақтарының құрылтайы өтті. Шетелдік қазақ жастары футболдан сайысқан стадион жанында әлдеқалай бір күшік келді. Түркиядан шығып Еуропаға тараған бозбалалар оны көріп "көпек", "көпек" десті. Сонда әлгі кітаптың тағы бір бетін көз алдымызға елестеттік. Париждегі чемпионатта Қажымұқаннан жығылған түрік палуаны ызбарланып "көпейұғлы" демей ме.

"Оның жығылған жерінен тұра алмай жатып "көпейұғлы" деген сөзіне көп жылдан кейін түсіндім. Онысы "иттің баласы" деген сөзі екен. Есіткен сағатта түсінсем, цирктен тірі шығармайтын едім". Намыстың адамы туралы осындай келісті кітап бала кезімізде қиялымызды жетелесе, есейген шақта әр елдегі оқиғалары алдан шыға беретіні ғажап!

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров