Прямой эфир Новости спорта

Көл бетіндегі келешектің келбеті

Сурет orinoko73.tourister.ru сайтынан алынды
Сурет orinoko73.tourister.ru сайтынан алынды
Балқаш жағасындағы ескі жобаға қарсы жаңа ұсыныстар неге айтылмайды?

"Жуғаннан емес, сыққаннан өледі"

Біздің үкімет Балқаш көлінің оңтүстік-батыс бөлігінен атом-электр стансасын салуға бірде келіскендей, бірде келіспегендей түлкі бұлаңға салып жүргеніне отыз жыл болып қалды. Иә, Кеңес Одағы кезінде-ақ бұл жоспар болған. Үлкен деп аталатын кент сол кезде, тура осы мақсатпен салынған. Одақтың тарағаны бұл тақырыпты ондаған жылға ысырып тастағаны ғана тынысымызды ашқан. Бірақ, сол ұмыт қалған қоламтаны кейінгі кезде Кеңес Одағының мұрагері Ресей қайта көсей бастады. Не үшін? Әлбетте технологиясын өткізіп, аша табу үшін. Екіншіден, Қазақстанды тағы бір салада тәуелді етіп ұстау үшін.

Атом стансасынан болар алапат қауіпті талайлар Чернобыль мен Фукусиманың мысалында айтып, көрсетіп жатыр. Бір кезде Чернобыль атом электр стансасы салынған Припять өзенінің бойында командирімен бір молаға жерленген қазақ жауынгері туралы жастар газетіне мақала жазғанбыз. Қазір ол молаға жан баласы бармайды, тек тағы аңдар үстінде ойнақтап жүруі мүмкін. Бізге де керегі осы ма?!


Жан адамға жолауға болмайтын Припять қаласы

Жан адамға жолауға болмайтын Припять қаласы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Жақында тағы бір ғалымның пікірін оқығанбыз. Үлкенде атом электр стансасы салынып, апат болмай жұмыс істеген күннің өзінде ұрпағымыз үшін Балқаш атты көл мәңгілікке жоғалмақ көрінеді. Өйткені, стансаны үнемі суытып тұруға су керек. Кеңестік жымысқы жоспар бойынша Балқаштың жағасы таңдалғаны сондықтан. Сорып алып стансаны суытқан соң жылып, тіпті ысып кеткен суды қайта Балқашқа құяды. Бұл көл суының табиғи температурасын бұзады. Балқаштың бар тіршілігі сонымен тәмам болмақ. Онда қазақтың екі өтірікші туралы аңызы айна-қатесіз басымызға келеді. Бірер жыл күйген балық жеп, ақыры өртеніп жатқан көлді көрмекпіз.

Немесе тағы бір әпсана Қожанасырдың мысығын жуғаны туралы еді ғой. Қасынан өтіп жатқан біреу "өй, Қожеке, мысықты жуғаны несі, өліп қалады ғой" десе, оны тыңдамай ісін жалғастыра береді. Әлгі адам қайтып келе жатып өлген мысықты ұстап жылап отырған Қожанасырды көреді. "Мысықты жусаң, өліп қалады деп ескерттім емес пе" десе, оған Қожекең "мысығым жуғаннан емес, сыққаннан өлді" деп жауап беріпті. Іргесіне салынған атом электр стансасында апат болмағанның өзінде Балқаш көлі соның кебін кимекші.

Ал қаншама жыл қаңырап қалған, кезінде нақ осы атом электр стансасының мамандары үшін салынған Үлкен кентін қайтеміз? Өзінің аты қазақша дегенмен, өте қисынсыз қойылған. Қазақта тек сын есімнен жердің аты қойылмайды. Ақ, Жасыл, Қысқа, Семіз, Суық, Сұйық, Қатты, Сұлу, Тегіс дегендей жер мен тау, ауыл атын естідіңіз бе? Болса Семізбұғы, Қызылкесік, Көкжыра, Сұлумәдина, Суықбұлақ болып сын есім мен зат есім қоса жазылған аттар болатын. Ендеше Үлкен деп бұл кентті атағандардың ақылы қысқа болған.


Қаңырап тұрған Үлкен кенті

Қаңырап тұрған Үлкен кенті / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Хош. Аты өзгеруге тиісті Үлкенді қайта қайтіп тірілтуге болады? Атом электр стансасын салу жалғыз жол ма? Онда бұл Үлкен кешегі Чернобыльдің мамандары тұрған Припять қаласы сияқты апат кіндігіне айналып, екінші рет және мәңгілікке қаңырап қалмасына кім кепіл?

Бір жылдары мұнда жылу электр орталығын салу көзделгенін де естігенбіз. Бірақ бар әлем көмірден бас тартып жатқанда, онсыз да бұрқыратып жатқан Қарағанды, Екібастұз, Ақсу, Теміртау, тіпті таяқ тастам жердегі Балқаш қаласының қатарына тағы көмірді вагондап жағатын станса салу қисынсыз. Еуропаңызда бұл істе жалғыз қалған Германияның өзі алдағы он жылдықта көмір жағудан бас тартарын мәлімдеді. Ендеше бұдан былай қатты отынмен жұмыс істейтін жылу-электр стансасын тұрғызу абырой емес. Ал, қайтеміз? Газбен жұмыс істейтінін салғанда да абайлау керек екен. Мұнда Ресей технологиясына мүлде сенім жоқ. Оған "Мосэнерго" жүйесінде 2019 жылы 11 шілдеде өртенген 27-жылу-электр орталығы дәлел болмақ. Оған Ресейдегі ең соңғы жаңа екі қуат блогы қойылған. Табиғи газбен жұмыс істейтін. Сақтық пен қорғаныс жағынан бүкіл елдегі ең жетілген электр стансады деп танылған. Не болды, ішіне күкіртті шырпы толы сіріңкенің қорабындай жанды да кетті.


Москваның іргесіндегі газ жағатын жылу-электр орталығындағы өрт

Москваның іргесіндегі газ жағатын жылу-электр орталығындағы өрт / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Сонда қайткен жөн? Бұл Үлкен біз үшін қайда барса Қорқыттың көрі ме? Жоқ. Қажетті сұрақты табу үшін Ресейден әріге мойын созып, шетелдіктердің мысалына жүгіну керек.

Айдыннан алынған қуат

Тайланд деген ел бар. Көмірі жоқ, мұнайы жоқ. Алтын сарай соқтырып, сол алтыннан алып Будданың мүсіндерін қойғызған ежелгі патшалары оған ақшаны қалай тапқанын қайдам, қазір бұл елдің негізгі табысы туризмнен түседі. Оған да ең алдымен электр қуаты керек емес пе.

2019 жылдың басынан Тайланд үкіметі елдегі 9 су қоймасының бетіне 16 алып сөре жасамақ. Сөрелерге күннен қуат алатын панельдер орнатылады. Осылай жүзбелі су электр стансаларын салу – бұл елдің таусылмас электр қуатын пайдалануға өту жоспары аясында жүзеге аспақшы. Ал екі жыл бұрын ЭКСПО-2017-ні "болашақтың энергиясы" деген ұранмен өткізген Қазақстан не көмірден айрылмай, не атомнан бас тарта алмай, өзі қолдан өсірген алпауыттар мен іргедегі алып елдің айтқанынан шыға алар емес.

Тайландтағы су үстіндегі жүзбелі стансалардың алғашқысы Сирикит қоймасында тұрмақ. Оның қуаты 325 мегават көрінеді. Мұнымен қатар келесі станса Сириндхрон су қоймасының бетінде тұрады. Оның қуаты шамалы енді, 45 мегаватпен шектелген. Алғашқы екі станса 2020 жылы іске қосылмақ. Ал толық тоғызын орнатып қуат алу ісі 2035 жылы аяқталады.

Әлем қазір осындай су бетіндегі жүзбелі панельдерден қуат алуға көшті. Іргелес Қытайдағы Аньхой провинциясында осындай станса 150 мегават қуат беріп тұр. Жүзелі станса қандай су қоймасының бетіне қойылды дейсіз бе? Ол бұрын көмір өндірген разрезді толтырған су айдыны болатын.


Қытайдың Аньхой провинциясындағы жүзбелі күн электр стансасы

Қытайдың Аньхой провинциясындағы жүзбелі күн электр стансасы / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Ұлыбританияда осындай жүзбелі электр стансасы 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Хитроу әуежайының іргесіндегі су қоймасының бетінде тұр. Бірнеше қала мен кәсіпорындарды, оның ішінде су тазарту зауытына қуат пен жарық береді. Мұны ағылшындар сүйікті билеушілерінің құрметіне "Елизавета Екінші патшайым" деп атаған.

Егер Қапшағай су қоймасының үстіне осындай күн панелдері арқылы қуат жинайтын жүзбелі су электр стансасын салғызса, оны "Президент Қасым-Жомарт Тоқаев" деп атау ісіне өзіміз – Қайнар Олжай бастамашы болар едік.

Иә, жүзбелі су электр стансасын Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына салудың әбден қисыны бар. Өйткені, Үлкеннің жанынан Қазақстанның оңтүстігі мен орталығын қосқан аса қуатты электр желісі өтіп жатыр. Ал Қапшағайда жұмыс істеп тұрған су электр стансасының желісіне қосыла салу мүлдем оңай. Тайланд та солай істемекші.

Қазақстанда мамандар бір мәселені көлденең тартуы мүмкін. Біздегі су қоймаларында қыста мұз қатады. Ендеше оны маусымдық жиналатын тәсілмен жасату керек. Көктем, жаз бен күзде су үстінде жүзіп тұрады. Қыста қалың мұз үстіне қайта қойылады. Қалай болғанда бұл – ізденіс. Әңкірейіп басқа қалған ЭКСПО ғимараттарынан гөрі ілгерілеу. Үлкен тағдырына қатысты бірінші ойымыз осындай. Енді екіншісіне көшейік.

Су үстінде сырық тұр

Әлемде тағы не көріп едік? Швеция мен Дания арасында айдын үстінде сансыз ебелектер айналып тұрғанын көрдік.

Теңіз бетіндегі жел электр стансаларына әдетте, офшорлық деген анықтауыш қосып айтады. Ондай стансалардың бірнеше тиімдігі бар. Біріншіден, қара жерге үнем. Әсіресе, Атлант, Солтүстік мұзды мұхиттарының жағалауындағы тоқымдай жерге тығылысып тұрған Батыс Еуропа, Скандинав түбегіндегі мемлекеттерге тиімді. Екіншіден, алып ебелектер айналғанда айтарлықтай гуіл шығады. Теңіз үстіндегі гуілдің елді мекендерден аулақ екені түсінікті. Үшіншіден, теңіз үстінде ертелі-кеш әрлі-берлі тынбай жел соғады. Соны неге пайдаланбасқа. ХХІ ғасыр басталған тұста әлем бойынша офшорлық жел стансалары 530 мегаватт электр қуатын өндірсе, соның 492 мегаваты Данияға тиесілі болған.

Хош, Дания 1976 жылы бірінші жел электр турбинасын іске қосты. Небәрі он жылда 2007 жылға дейін мемлекет аумағында 5267 жел электр турбинасы жұмыс істеп, 3136 мегаватт электр қуатын өндірді. Одан беріде 5 мың мегаватттық меже алынған шығар. Сөйтіп, ішкі үйлесіммен еңбек ететін ел бір жағынан табиғаттың қалпына келмейтін қуаттарынан бас тартса, екінші жағынан өз ауасын бүлдірмей сақтауға қол жеткізді.

Соңғы он жылда Экономикалық ынтымақтастық пен дасу ұйымына мүше алдер арасында жел электр стансалары арасында Дания көш бастап, жыл сайын рекордтар жасап келеді. Айталық 2017 жылы қаңтар айында Остерлид қаласындағы жел турбинасы бір тәулікте 216 мың киловат қуат өндірген.


Дания жағалауындағы алып ебелектер

Дания жағалауындағы алып ебелектер / Сурет интернеттегі ашық көздерден алынды


Ел үкіметі өткен ғасырдың сексенінші жылдары ауаға тарайтын көмірқышқыл газын азайту бағдарламасын қабылдап, түтінді жаппай кемітті. 1988 жыл мен 2008 жыл арасында көмірқышқыл газын шығару 25 пайызға төмендетілді. Біздегі Қарағанды мен Теміртаудың, Павлодар мен Екібастұздың, Өскемен мен Риддердің алып адамның темекі тартқандай бұрқылы еске түскенде Данияда жүріп өз-өзімізден ұялғанбыз. Айтпақшы, Кеңес Одағын әбігерге түсірген Чернобыль атом-электр стансасындағы жарылыстан соң Дания үкіметі АЭС құрылысына тыйым салыпты.

Бұл салада үлкен жетістікке жеткен мемлекет енді желден электр энергиясын алу технологиясын сатуға кірісті. Бір кезде жел қуатын пайдалану жолында шығын шығарса, енді одан пайда түсіреді. Осы саладағы нақты жылдық табыс 3 миллиард евроға жеткен. Осы орайда Дания парламентінің депутаты Свенд Аукеннің "Біз өмір салтымыздан бас тартпаймыз. Тек қазіргі қалпымыздағыдан гөрі ақылдырақ бола түсуіміз керек" деген сөзі елдегі әрбір азаматтың көкейіндегіні тап басады.

Жел электр стансалары технологиясын жасау мен дамыту саласында 20 мың жұмыс орны ашылған. Бүкіл халқы 5,5 миллион адамнан аспайтын мемлекет үшін бұл да елеулі көрсеткіш. Келесі көрсеткішті айтсақ тіпті, ғажап. Дат үкіметі жел екпінін былай қойып, енді Күн, теңіз суының толқуы және биоотын технологиясын жасауға 1 миллиард доллар бөлген. 2025 жылы тұтынылатын қуаттың 75 пайызы желден, қалғаны Күн, теңіз суы мен өсімдіктерден алынбақ. Сөйтіп, бұл ел мұнай мен газ, көмір мен торф жаққанды мүлде ұмытады. Шамамен он жыл бұрын елдің Премьер-министрі Андерс Фог Расмуссеннің "Біз болашақта Данияны мұнай, газ және көмірден тәуелсіз етеміз әрі таза энергетика саласындағы әлемдік жетекші орнымызды нығайта түсеміз" дегені – көпірме қызыл сөз емес, нақты, негізді байлам.

Аумағы біздің бір облыстан аспайтын мемлекет жел электр стансаларының бүкіл қуаты жағынан әлемдегі алғашқы ондыққа кіреді. Сол стансалардың төрттен үші кооперативтерге біріккен жеке инвесторлардың меншігі. ХХІ ғасыр басталар тұста-ақ жел электр стансаларын салған және оны иеленіп отырған екі мыңнан астам кооператив тіркелген. Әлгі бес жарым миллион тұрғынның 100 мыңы осы салаға өз қаржыларын салған. Ұрпағының табиғаты таза, тұрмысы көркем елде тұруы үшін! Қызыл ұран емес, қызу іс.

Ендеше Балқашты бойлап сансыз ебелек орнату арқылы Үлкеннің жанбай қалған бағын ашуды неге қолға алмасқа? Пайдасыз халықаралық саммит, конференция және басқа жиындар өткізгенше, Арыстағыдай қолдан апат жасап, бейбіт қаланы қиратып-қайта салып артық әуреге түскенше, қаржыны осындай экологиялық игі, экономикалық ізденісті іске бөлетін жөн шығар. Сонда әлем бізді нақ мойындарына кепілміз!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

Новости партнеров