Иінағаштың екі басы
2019 жыл. Қызылорда облыстық өлкетану музейін аралап жүрміз. Тұтас қабырғаның Аралға арналғаны түсінікті. Тартылған теңіз қасіреті кімнің қабырғасына батпайды деңіз. Бірақ, қазір мұнда өзгеше өмір басталған. Жүздеген шақырымға шегініп кеткен жағалау мысықтабандап болсын қайта жақындап келеді. Бұл – берідегі жағдай. Арыда не болып еді?
Музейдегі бір тақтаға облыстан шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің аты-жөндері жазылыпты. Әрбірі – ұрпақ үшін мақтаныш. Тақтадағы тізім атақ берілген жылдардың ретімен толтырылған. 1971 жылы облысқа Алтын Жұлдыз жауып, жеті бірдей адамға Кеңес Одағының ең жоғары наградасы беріліпті. Арасында күріш совхозының директоры мен балық кемесінің капитаны бар.
Күріш пен балық – Қызылорда облысының ең басты екі өнімі. Бірақ арасында тепе-теңдік болуы қажет еді. Ертеректе ауылда иінағашпен су таситынбыз. Соның екі жағына ілінген шелектің салмағы бірдей болуы керек, әйтпесе ауып кетіп, су төгіледі. Кеңес Одағын басқарғандар осы қарапайым заңдылықты білмеді ме екен, әйтеуір экономикадағы өнімділік үшін экологияны құрбан етті. Мақта мен күрішті көбейту есебінен балығы тайдай тулаған Арал құрдымға кетті.
Әрине, бұған Социалистік Еңбек Ері атанған шаруашылық директоры Алдаберген Бисеновты айыптай алмаймыз. Жоғарғы жақ күріш егістігін ұлғайтуды талап етті. Бұл кісі совхозындағы бұған дейінгі 1300 гектар танапты 2800 гектарға жеткізді. Демек қажетті су мөлшері екі еседен артты.
Облыстағы совхоздар осылай суармалы алқапты көбейтіп жатты. Мұндағы күріш қана емес, дарияның бас жағындағы мақта өсіретіндер үшін де жоспар жылдан жылға көтеріле берді. Тың алқаптар жыртылып, жаңа каналдар тартылды. Әрбір жармаға керек су картада қыздың екі бұрымы тәрізді көрінетін Сырдария мен Әмудариядан жырымдала берді. Ақыры олар Аралға арнасы жеткенімен, суы жетпейтін ғаріп күйге түсті.
Директор Алдаберген Бисенов жоғары атаққа қол жеткізген 1971 жылы тура осындай Алтын Жұлдыз балықшылар кемесінің капитаны Төлеген Әлімбетовтің кеудесіне қадалған. Атақ бесжылдықта жоспардан тыс 794 тонна балық аулағаны үшін беріліпті.
Оқи отырыңыз: Толағайлардың тосын тағдыры
Музейдегі әлгі тақтаға зер салып тұрып Төлеген атамыздың Социалистік Еңбек Ері атанған соңғы балықшы екенін аңғардық. Оған дейін 1948 жылы "Тастүбек" балық колхозының төриесі Бақыт Рысқалов, 1970 жылы балық аулау-тоңазыту кемесінің аға матросы Үштап Өтеулиев мұндай жоғары атақ алған. Жетпісінші жылдардың басынан күрішшілер жетістіктерді өсіріп, жоғары марапат көріп жатса, балықшылар біртіндеп атаққа қол еткізбек тұрмақ, ата мекеннен ауа бастапты.
Иінағаштың бір басының салмағы екінші басынан ауырлап кетіп, экономика тұрмақ, табиғаттағы тепе-теңдік бұзылғаны даусыз еді.
Көшпен келген кісі
1976 жыл еді. Қазақ университетінің журналистика факультетіне оқуға түспек талапкерлер бір-бірімізбен танысып жатырмыз. Арамыздағы бір жігіт "Қапшағайданмын" деді де, "жақында Аралдан көшіп келгенбіз" деп сөзін жалғады. Арал балықшыларының ата мекенді тастап, жаңадан пайда болған Қапшағай су қоймасының жағасына қоныс аудара бастағанын айтқан – онда енді танысқан, қазір қазақтың қабырғалы қаламгері Шархан Қазығұлов еді.
Осылайша Аралдың тартыла бастағанын алғаш Шарханнан естігенбіз. Ол кезде Кеңес Одағының ақпарат құралдарының ешбірінде бұл туралы жазылмайтын.
Теңіздің шалқып тұрған шағында солтүстік, яғни қазақстандық бөлігінен жыл сайын 250 мың тонна балық ауланады екен. Әрі көбі сол жерде өңделетін. Балық аулайтын колхоздың саны 20-дан асады. Аттарының өзі неге тұрады: "Қасқақұлан", "Көзжетпес", "Шөмішкөл", "Қарашалаң" болып кете береді. Оған балық қабылдау пункттері мен балық зауыттарын қосыңыз. Аудан орталығы Аралдағыны айтпағанда, "Ауан", "Ұялы", "Қуандария", "Ұзынқайыр", "Бөген" сияқты қаншама балық зауыты үздіксіз жұмыс істеп тұратын. Бұл кәсіпте он екі мыңнан астам адам жұмыс істеген десек, бала-шағасымен ең кемінде 60 мың жанның күнкөрісі болғаны даусыз.
Қазақстанның белгілі мемлекет қайраткері, алғашқы Премьер-министрі Ұзақбай Қараманов туралы кітап жазу барысында ол кісінің туып-өскен жері "Үшмырза" балық колхозы, ал бесінші кластан бастап оқыған жері Ұялы ауылы екенін білдік. Мұндағы балық зауыты Үшмырза, Қосшоқы, Бектау, Сандал, Тасты, Қосшеңгелді, Аранқорған, Жалпақ, Қаратұра сияқты ауылдардың балықшыларынан жылына 20 мың тонна балық қабылдайтын көрінеді.
Ұялы мен Аралдың арасы су жолымен тура тартқанда – 300 шақырым. Ал жағалаумен 400 шақырымнан асады. Осы жағалауда бірінен кейін бірі балықшы ауылдар қоныстанып, ара-арасында балық қабылдау пункттері мен өңдеу зауыттары жұмыс істеп тұрған!
Ұзақбай аға бала кезінде Ұялыдан Арал қаласына дейін кемемен бір жарым тәулік жүзіп жеткен. Теңіздің қаншалықты шалқып жатқанын осыдан аңғаруға болар еді.
Осы өңірдің тағы бір тумасы, кейін одақтас республиканың Балық шаруашылығы министрі болған Құдайберген Саржановтың естелігіне қарағанда, Арал мен Ұялының арасына, тіпті, ұшақ қатынап тұрған. Жолда Биіктау деген ауылға қонатын. Осыншама елді мекеннің арасында қазір құм баспай, тұрғындарға қоныс болып отырғандары санаулы ғана. Көбі көрер көз тұрмақ, қағаздағы картадан өшіп кетті. Ұзақбай ағамыздың мерейтойы кезінде ол кісіні "Ұялы осы жерде тұрған" деп айдаланың топырағына аунатып қайтады.
Құдайберген Саржанов болса, балықшыларға арналған музей ашты. Темірі әлі тесілмеген немесе кесілмеген үш кемені Арал қаласындағы бұрын порт болған жерге әкелді. Соның үлкені "Лев Бергтің" ішіне Арал балықшыларының небір заттарын қойғызды. Байырғы балықшылардың фотоларын ілді. Қазақстан бойынша бірден бір кеме-музейді біз де қызықтап көргенбіз.
Оқи отырыңыз: Жармақ жыныстылар
Осы Саржанов Арал тартыла бастаған кезде балықшылардың бірлесіп Қапшағай су қоймасына көшуін ұйымдастырды. Шарханның әкесі жасанды теңіз жағасына осы көшпен жеткен. Айтпақшы, Социалистік Еңбек Ері Төлеген Әлімбетов те көшті. Бірақ, тәні Қапшағайға келгенмен, жаны Аралда қалса керек, бұл жақта қалай еңбек еткені туралы ешбір дерек кездестірмедік.
Билікпен келіспеген біліктілер
2008 жылы болуы керек, Кеңес заманындағы қызыл саясат кесірінен Камбоджада қаза тапқан қазақстандық мақташыларға қатысты материал жинадық. Сонда Сырдария мен Әмударияның суын есепсіз жұмсау Арал теңізінің тартылуына соқтырарын, бұл ересен экологиялық апатқа ұшыратарын ескерткен ғалымдар туралы білдік. Бірақ экономиканы басқаратын және жоспарлайтын Орталық олардың ғылыми уәждеріне құлақ аспады. Керісінше ондай қарсылықты басып-жаншып отырды.
Сонымен өткен ғасырдың алпысыншы жылдары мақта дақылын "шаршылап-ұялап егу" мен "жаңбырлатып суару" насихатталды. Ол – танап көлемін ұлғайту мен суды есепсіз шашу деген сөз. Кеңес Одағын басқарған Хрущев мұны жаңалық деп жар салғызды. Бүкілодақтық жиналыстарды айтпағанда, партиялық съезд мінберінен осы бағытты дәріптеді.
Ал сонау жиырмасыншы жылдары Бетпақдала мақта тұқымы шаруашылығы болып құрылып, кейін Мақтаарал совхоз-техникумы атанған ұжымда еңбек еткен, содан өсіп шыққан Мұрат Майлыбаев, Ештай Өзенбаев, Бәкір Әлібаев сынды ғалым-агрономдар онымен келіспеген. Олар дәстүрлі шағын танаптық әдіс тиімді деді. Әр танапты қоршаған тұт ағашы ылғал сақтарын және мақтамен бірге жібек өндірісін дамытуға боларын айтты. Уәждері орынды: күндіз механикалық жолмен жаңбырлатып суару – судың ысырабы, оның орнына түнде атыз арқылы суару – үнемді.
Мұрат Майлыбаев басқарған зерттеушілер мақтаның әрбір гектарына тұқым себілгеннен өнім жиналғанша 3,5 мың текшеметр су жетеді десе, Хрущев қолдаған "жаңашылдар" оған 16,5 мың текшеметр, тура бес есе артық су жұмсап жатты. Ғалымдар технологиясы бойынша суармалы танаптан гектарына 100 центнер өнім алынса, "шаршылап-ұялап егілген" әрі "жаңбырлатып суарылған" мақтаның өнімділігі 20 центнерден аспады. Алқап көлемін ұлғайту және әр гектарға керек суды бес есе көбейту Әмудария мен Сырдарияны суалтып тынарын, арғы қасірет Аралға жетерін ғалымдар тобы сол кезде болжады.
Осы маман ғалымдар тобы Мәскеуде мақта мәселесіне арналған пленумда "шаршылап-ұялап егу" мен "жаңбырлатып суаруды" дәріптеген Хрущевпен келіспейтіндерін ашық білдірді. Ел мен жер қамын мадақ пен мақтаннан, тіпті өз тағдырларынан жоғары қойды. Сол үшін КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма бастығы және алқа мүшесі Мұрат Майлыбаев партиядан шығарылып, жұмыстан қуылды. Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрі Ештай Өзенбаев қызметтен алынды. Мақтаарал совхоз-техникумының директоры Бәкір Әлібаевты қызметпен қатар партиядан шығарды. Ол қудалау барысында қайғылы қазаға ұшырады.
Осылай мақта өндірісі мен Арал тағдыры арасындағы алғашқы айқаста теңізді ғылым жолымен қорғағандар өзімшіл де өктем биліктің қысымына ұшырады. Келер жолы күріш өсіру мен Аралды сақтау арасындағы тартыста ғалымдар тағы азшылық болып қалды.
1968 жылы Қазақстанда күріш танаптарын суару үшін Қызылқұм каналы салына бастағанда оған Алматыда белгілі ғалым Уфа Ахметсафин қарсылық танытты. Ол жаңа үлкен жарма Арал теңізіне беретін Сырдария суын азайтады, сөйтіп мұндағы балық шаруашылығы келмеске кетеді, Арал тартылған соң аймақта айтып болмас табиғат зардаптар басталады деп қоңырау қақты.
Осылайша академик Ахметсафин Қызылқұл каналын салу туралы үкімет шешіміне қол қоюдан бас тартты. Бұл көзқарасы үшін оған билік тарапынан көп қысым жасалды. Оның қарсылығына қарамастан, Шардара су қоймасынан басталатын ұзындығы 140 шақырымдық жаңа канал тартылды. Жарманың көп бөлігінде екі жиегі шеменделмегендіктен бірталай су бекер жер астына сіңе бастады.
Арал теңізі өзіне тиесілі несібеден қағылды. Ғалымның пікірін кеңестік жоспарлау саясаты тағы астамшылықпен жайпап өтті.
Оқи отырыңыз: Тозақ алдындағы тұзақ
Айдалада қалған асқақ ұран
2006 жылы болуы керек, белгілі режиссер Ораз Әбішевтің киносын «Хабар» агенттігінен бір апта бойы көрсеттік. Онда қазақ деректі фильмінің атасы 90 жасқа толған, біздікі – мерейтойға орай жасаған қызметіміз еді.
Топтама ішінде Арал балықшыларының өмірінен сыр шертететін «Бір хаттың ізімен» атты фильмі де эфирден өтті. Телегей теңізді айтпағанда оның толқынындағы кеме үстінде үйлену тойын өткізген жастарды көрудің өзі ерекше әсер еткен. Бұл фильмді Ораз ақсақал 1974 жылы түсірген. Аралдың басына үйірілген бұлт сәл алыс тұрғандықтан, сценарист пен режиссер алдағы қасіретті аңғармаса керек.
Осы фильм эфирден өтіп жатқанда агенттік қызметкерлерінің бірінің атасы бұдан бұрын Арал туралы фильм түсіруге қатысқанын естідік. Қызығып кеттік те, анықтауға кірістік. Рас екен. 1963 жылы режиссер Геннадий Новожилов «Арал теңізі» деген деректі фильм түсіргенде оның дыбыс операторы Өтеген Дәулетғалиев болыпты. Жалпы, Новожилов табиғат туралы тамаша кино түсіретін маманның бірі еді. Оның «Тұп-тұнық Алтай» фильміне келесі қазақ Әнуар Дауылбаев режиссердің ассистентті ретінде қатысқан.
1963 жылғы фильмде Аралдың ең терең тұсы 69 метр болғаны айтылады. Ал орта есеппен алғанда теңіздің тереңдігі 22 метр деп есептелген. Сол уақытта суының тұздылығы мұхиттағыдан үш есе төмен екен. Кейін керісінше үш есе артып кететіні белгілі.
Фильмді қарап отырып қаншалықты дәулеттің қолдан сусып кеткенін аңғарасыз. «Балық – Аралдың басты байлығы» дейді деректі фильмінде авторлар. Содан мұнда 40 түрлі балық барын көрсетеді. 1963 жылы су түбін камерамен түсіру – кеңестік киноның табысы шығар. Аралдың сондағы тұнықтығы таңдай қақтырған. Теңіздің табаны балық үшін азық болатын балғын шөп пен балдырға бай.
Ұзақбай ағамыз балықшыларға бригадир болған әкесі Қараман жайында айтқанда, «ол кісі теңіздің қай жерінде көксаз өсетінін, сазанның сол сазды қашан еметінін білетін» деген. Судағы сазан, тыран, қаяз, торта, бекіре, ақбалық және басқасының мекенін Арал балықшысы еш қателеспей тауып, жылымды сонда құратын еді.
Әлгі фильмде айтылатын 40 түрлі балықтың 32-сі кәсіп үшін ауланған. Аралға кәсіптік аулау үшін бұрын өспеген балық түрлері жіберілгені де сөз болыпты. Соның ішінде бірнеше кадр ақ амур балығына арналған. Оның арнайы әкелінгені, тек су түбіндегі шөппен қоректенетіні көрсетілген. Фильмде мамандар ақ амурды ұстап, салмағын өлшеп, қайта теңізге жібереді.
Тыңдап отырсақ, алпысыншы жылдар басында мұнда жыл сайын 500 мың тонна балық ауланған. Жартысы Қазақстанға, жартысы Өзбекстанға тиесілі. Сазан аулаудан Арал теңізі Кеңес Одағында 2-орында тұрған. Табан балықтан 3-орында көрінеді. Ал Арал бекіресін көрсеткенде аузыңның суы құриды.
Осы деректі фильмде "Лев Берг" кемесі сырты мен ішінен армансыз түсіріліпті. Ол ғылыми-зерттеу жүргізу үшін арнайы жасалған. Қазақ Ихтиология және балық шаруашылығы институтының Арал бөлімшесінің мамандары бекіренің жотасын сипап, желбезектегі бунақтарды санап отыр. Бекіре кейін мұнда көзден бұл-бұл ұшты ғой.
Кеңестік солақай саясат кесірінен Арал айдынындағы қырық түрлі барлық түгел қырылды. Ең соңғы болып тұзды суға төзімді деген, мұхиттан әкеліп жерсіндірілген камбала келмеске кетті. 1980 жылы Сырдарияның Аралға құяр тұсында ғана балықтың 6 түрі қалған.
Айтпақшы, кейін Құдайберген Саржановтың бас болуымен музейге айналған кеме – дәл осы "Лев Берг". Фильмде Арал айдынында екі жүзден астам кеме балық аулап, жүк пен жолаушылар тасып жүргені айтылады. Кейін соның бәрі құм ортасында қалғанын фотолардан көріп жүрміз.
Сонымен Өтеген Дәулетғалиев дыбыс операторы болған фильм "Біздің орман, балық және су және басқа табиғи шикізаттарымыз – ұлы ұлттық байлықтарымыз. Коммунизмге барар жолда табиғатты қамқорлықпен қорғауға тиіспіз. Оны шаруақорлық есеппен пайдаланып, өзен, көл және теңіздеріміздің байлығын қайта қалпына келтіріп отырумыз керек" деген сөйлемдермен аяқталыпты.
Құлақ қоятын-ақ үндеу екен. Әттең, фильм авторларының бұл тұжырымын кеңестің жоспарлы саясаты, сол саясаттың бір саласы – мақта мен күріш жолындағы жойдасыз жорығы аяқ-асты екені анық.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.