Бәрі – қазақ, бірақ орыс жеріне жақын жатқандықтан (Батыс Қазақстан облысы) соңғы жылдары орыс есімдері сыналап кіріп кеткен болуы керек деп ойладым. Жақында сол жердегі бір ауылға құда түсіп бардық. Болашақ құдалар өздерінің туған-туысқандарын таныстырғанда, "мынау – Әскер сват", ал мынау – "Марат сват" деп, қазақ-орыс тілін қосақтаған, жаңа біріккен сөз қолданып, біздерді бір мәз қылып тастады.
Ал Зайсан жақтағы тағы бір құдаларымның жап-жақсы Төлеубек деген аты бұраланып, "Толя" болып кеткен. Әрине, қатар жатқан екі ұлттың тілі бір-біріне әсер етіп, кейбір сөздерінің ауысатыны – табиғи құбылыс. Бірақ, қазақпен қатар жатқан орыстар неліктен Сарыбай не Дүйсенкүл деп өздерін атамайды?! Таң қалдырады...
Меніңше, бұл жерде табиғи заңдылықпен қатар нақты саясат, еліктеушілік пен басқа ұлттың мәдениетін, құндылықтарын қабылдау да бар. Сондықтан болуы керек, сібір халықтарының көпшілігінің аты-жөндері толық жойылып, орыстанып кетті. Көздері сығырайған, жалпақ бет саха, чукчалардың барлығы – Николай Петрович пен Иван Степановичтер. Мүмкін, орыстың қол астында тағы он-жиырма жыл тұрғанда біздер де "Маша" мен "Саша" болып кетер ме едік.
Қысқасы, отар елдердің, басқа халыққа бағынышты елдердің ұлттық ерекшеліктерінің, салт-дәстүрінің уақыт өткен сайын жойылуы – табиғи емес, қоғамдық-саяси астары бар, ұлттың негізіне әсер ететін, халықты іштен бөлетін аса қапуіпті құбылыс. Ең қызығы, бұл құбылысты – қазақ ұлтының салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарының жоғала бастауын, олардың басқа ұлттың құндылықтарымен ауыстырылуын бәріміз көріп, біліп отырмыз, бірақ қарсыласқымыз келмейді (қарсыласу деген сөз артықтау болар, бұл жердегі "қарсыласу" – өзіңнің құндылығыңды бағалай білу, ұстана білу). Білмеймін, басқалардың мәдениеті біздің мәдениеттен артық сияқты, ақылға қонымды сияқты көрінеді ме, қалай...
Ұлттық құндылықтардың, салт-дәстүрдің жойылу жолы да сан түрлі: бір жағдайда, өздерінің мәдениетін жоғары санайтын, ал басқа елдердің, оның ішінде өзінің отары болып отырған елдің ұлттық құндылықтарын – "жабайылық", "тағылық" деп қабылдап, оны өзгертуге күш салатын мемлекеттік саясат жүргізіледі. Бұндай отар елдерді "мәдениеттендіру" саясатын испан конкистадорларынан бастап, ағылшын, француз, орыс, т.б. отаршылдар белсенді түрде жүзеге асырды.
Ұлт зиялылары, кейде дін басылары бұл саясатқа қарсылық көрсетсе, басқыншылардың жанында жүрген конформистер метрополияның мәдениетін жарыса қабылдап, өздерінің ғасырлар бойы қалыптасқан, атадан-балаға беріліп келген құндылықтарына мұрындарын шүйіріп қарайтын болды. Метрополия отар халықтың ұлттық құндылықтарының бір түрі болып табылатын билік жүйесін де өзгертуге де күш салды. Сан ғасырлар бойы келе жатқан Қазақтың хандық жүйесін жойып, сұлтандар мен болыстар жүйесін құру да осы саясаттың салдары.
Қазақтың отаршылдық жағдайында ұлттық құндылықтарының жойыла бастауы – бәрімізге түсінікті болса, тәуелсіздік алып, өзінің мемлекетін құрған халықтың ұлттық құндылықтарының өзгеруі немесе жойылуы – терең талдауды талап ететін, сирек кездесетін құбылыс. Бұл жердегі ұлттық құндылықтарды өзгертуші күш – біріншіден, бұрынғы орыс мәдениетін қабылдаған, солардың құндылықтарын қазақ халқының құндылықтарынан жоғары қоятын адамдар болса, екіншіден, орыстанған мемлекеттік биліктің өзі болып табылады.
Біріншілері өздерінің ана мәдениеттерінен бас тартып қана қоймайды, өз ұлтының өкілдеріне өздерінің түсініктеріне сәйкес, басқа ұлттың мәдениетін таңуға күш салады. Ең қорқыныштысы, бұлардың көпшілігі мемлекеттік билік орындарында, мемлекеттік идеологияны дайындау, бағыттау, жүргізу және тарату орындарында отыр. Олардың басым көпшілігі – өкінішке қарай, қазіргі қазақ қауымының зиялыларының тобына жатады. Бұндай адамдар үшін қазақтың еті – "бешбармак", ал оны, шанышқы мен қасықты жинап қойып, қолымен жеген адам – нағыз "мәдениетсіз", этиканы білмейтін "мәмбет" (жапон, қытай, кәріс сияқты ұлттар да, өздерінің ұлттық мәдениетінен айнымай, шанышқы мен қасықты жинап қойып, тамақты екі таяқшамен жейді).
Сондықтан да олар орыстардың қазақтың етті қолмен жегенін мазақтау үшін қойған "бешбармак" атауын қазақ тілінің сөз байлығына кірген төл сөз есебінде телехабардың аты етіп қоюды ыңғайсыздық деп таппайды. Бұл – олардың бітімі мен болмысы. Меніңше, олар қазақтың ұлттық құндылығына, мәдениетіне қарсы жұмыс істеп отырғанын білмейді, керісінше, біздерді, қазақшылықты сақтаған, ұстанған адамдарды "жоғары мәдениетке" үйретіп отырмыз деп ойлайды. Бұл – кейде біздердің ашу-ызамызды тудырса, енді бірде өзімізді өте ыңғайсыз сезініп, аңтарылып та қаламыз.
Осы айтып отырған мәселенің нақты, классикалық мысалы осыдан төрт-бес жыл бұрын Парламентте де болды: депутаттардың алдында сөйлеп тұрған министр Ерболат Досаевтың аузынан "Уәке" деген сөз шығып кетіп еді, Парламент мәжілісінің төрағасы "дастархан басындағы "Уәке", "Бәке" дегенді қойып, депутаттарға аты мен әкесінің атын қосып айтыңыз" деген ескерту-тілек-ұсыныс беріп, барша қазақты бір тіксінтіп тастады (осы оқиғаға байланысты қазақ тілді интернет-сайттардағы пікірлердің 100 пайызы төрағаға қарсы айтылыпты!).
Қазақ дәстүрі – адамдардың теңдігін сақтайтын, жағымпаздық пен лауазымға жалпақтаушылыққа жібермейтін қатаң жүйе. Отырған орны мен қызметіне қарамай жасы үлкенге "Мәке", "Бәке" деу, ал одан да үлкенге "Мақсат аға", "Болат аға" деуіміз де соның көрінісі. Бұл біздің тілдік заңдарымызға (қазақ тілінің "Лексика" бөлімінің "Қаратпа сөз" деген тақырыпты қараңыз) кірген, барлық қазақ тілділердің қатаң ұстанатын Ережесі.
Өкінішке қарай, Мәжіліс төрағасы өзінің қателігін түсінбеген болуы керек, Көкшетаудағы студенттермен кездесуінде: "Әрине, ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміз бойынша үлкен адамдарға, туған-туысқандарға, жақын жолдастарға "Әбеке" немесе "Сәке" ден сыйлап сөйлеген өте орынды. Мен өзім де солай жиі сөйлеймін. Бірақ, Парламент сияқты ресми органдарда ресми сөйлеу мәдениетін сақтау керек деп ойлаймын" деген пікір айтыпты. Менің білуімше, қазақтың ұлттық мәдениеті деген бар да, "ресми сөйлеу мәдениеті" деген тарау "Қазақ тілі" ғылымынан кездестіре алмадым.
Әр елдің өзіндік сөйлеу салты бар, егер орыс халқы өзінен дәрежесі жоғары не жасы үлкен адамдарға "Иван Иванович" десе, бұл – орыс тіліндегі қаратпа сөздің үлгісі, орыс халқының салт-дәстүріне негізделген тілдік Ережесі. Қазақ тіліне бұл қаратпа сөздің ешқандай қатысы жоқ. Әңгіме Парламент Мәжілісінің төрағасының білместігінде емес, қазіргі кезеңде қазақтың ұлттық мәдениетін білмеудің, түсінбеудің жалпылық сипат алуында (балабақшадағы менің 5 жасар немерем өзінің тәрбиешісін "Маржан Әбішқызы" деп атайды... Өткен ғасырдың 60-70-жылдарында қазақ мектептеріндегі мұғалімдер "Маржан апай" болса, орыс тілді мектептерде, сол тілдің заңына орай, "Маржан Әбишовна" деп аталар еді).
Бір мәселені ұмытпауымыз керек, басқа елдің ұлттық құндылықтарын қабылдау – өз ұлтымыздың құндылықтарын құрту, жою арқылы ғана жүзеге асады. Ұлттық құндылықтарымызды жоятын тағы бір күш – біздің мемлекеттік биліктің өзі сияқты.
Кейде біз өзімізді "еліктегіш халықпыз" деп ақтауға тырысамыз. Сондықтан болуы керек бір ақымақтар "жұп гүлдерді сыйлауға болмайды, тек қана тақ гүлдерді сыйлау керек" десе (жапондықтар екі не төрт гүл сыйлай береді), бұл заңдылық қай атамыздан келді деп басымызды ауыртып жатпаймыз, ақиқат есебінде қабылдаймыз. Алдарынан қара мысық кесіп өтсе, түрлері бұзылып, түймелерін ұстап, тұрып қалатын талай қандастарымызды көрдім. Енді біреулеріміз "көз тимесін" деп, ағашты үш рет тықылдатып әлек боламыз... Сол уақытта көз алдыма кока-коланың бос қалбырын мұрындарына іліп алып, соған мәз болатын Африкадағы жабайы тайпалардың өкілдері келеді. Демек, бұл – өркениетті елдердің мәдениетін қабылдау да, "еліктеушілік" те емес, нағыз надандық пен бейшаралық болар.
Мен "Уәке-Мәкені" айтқан министрге (Ереке, Сізге рахмет!) ескерту берген адамдардан қорықпаймын. Орыс тәрбиесі, орыс мәдениетінің әсері өтіп кеткен жандар қазақ жерінде жеткілікті болар. Мен Қазақтың ұлттық құндылықтарын жойып жатқанда, ғасырлар бойы келе жатқан қаратпа сөзімізді айтқан адамға ескерту беріп жатқанда ауыздарын ашпай, үнсіз отырған Парламенттегі қазақ азаматтарынан қорқамын.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.