Бұл тәсілдің қай ғасырдан басталғанын ешкім білмейтін болар, бірақ "Абай жолындағы" Құнанбайдың үкімінен кейін, түйеге тартылған Қамқа мен Қодарға әр рудың, әр атаның өкілдерінің тас атып, қолдарын қандауы да осы – "коллективті хаттың" бір түрі екені даусыз. Коллективті хаттың басты ерекшелігі және басқа тәсілдерден артықшылығы – соған қол қойған жандардың барлығы – сенің жақтастарың, қолдаушың мен қорғаушың болып табылады.

Коллективті хаттардың сан түрі болады. Өз басым, билікке бағытталған хаттардың бірнешеуіне қол қойып, сол хатта көтерілген мәселенің қолдаушысы да, қорғаушысы да болдым. Алайда, өкінішке қарай, қазіргі кезеңдегі коллективті хаттар жеке адамдар мен жеке топтардың арасындағы пікір таласына немесе, ашығын айтайық, бір-біріміздің артымызды ашудың құралына айналып кетті. Ең қызығы және өкініштісі, улы жебенің ұшына, бірінші болып, ұлтымыздың ардақтылары саналатын адамдар ілінеді екен. Кейде сол ұлағатты тұлғалардың өздерінің аңдаусыз қадам басып, бастарына пәле табатыны одан да өкінішті...

Үш күн бұрын бір топ азаматтардың хаты жарияланды. Біздің әлеуметтік желі де бұл жерде қарап қалмай, "Шаханов бастаған зиялылар "Атажұртқа" қарсы шықты" (екі күнде 20 мыңнан астам адам оқып үлгіргенін ескерсек, бұл хатқа қоғам тарапынан қызығушылық болғанын мойындауымыз керек) деп, екі жақты кілемге шақырып, екі күн өтпей жатып, "Атажұрт" жағының бейнежауабын да алып үлгірді. Енді екі жақтың пікірін тыңдап көрейік:

Біріншіден, хатты саралап көрелік:

Хат өте қысқа жазылған, бар-жоғы 3-4 абзацтан тұрады. Оның біріншісі кіріспе ретінде жазылса, екіншісінде осындай бір қоғамдық ұйымдар бар дей келе олардың жалпы кемшілігі көрсетілген ("... саяси мәні бар осы күрделі мәселеге орынсыз, әрі сауатсыз араласуы"; "бұл көшеде шешілетін мәселе емес"; "ондай саяси сауатсыздықтың қашан да кері әсері болатындығы күмәнсіз". "Сондай қоғамдық ұйымның бірі – “Атажұрт еріктілері”.)

Соңғы бөлімі түгелдей "Атажұртқа" арналған. Сондықтан оны сол қалпында беруге болады деп ойлаймын:

“Атажұрт еріктілері” қоғамдық ұйымның атқарған жұмысынан гөрі дақпырты көп. Ішкі дау-дамайлары да оралмандарды жік-жікке бөлгенін көзіміз көріп отыр. Бір-бірін орынсыз қаралау, ғайбаттау, өздеріне тілеулес болмағандарға кінә арту бұл ұйым тарапынан күн санап өрістеп барады. Соның салдарынан қазір оралмандар бір-біріне күдікпен қарайтын, ал оралмандар десе жергілікті халықтың көңіліне күдік ұялайтын жағдайға жетті. Ал мұндай дау-дамайдың мемлекетіміз жүргізіп отырған көші-қон саясатына кері әсер етері күмәнсіз".

"Сондықтан көші-қон мәселесін қоғамдық ұйымдар емес, биліктің өзі шешкені жөн деп білеміз".

Жалпы оралмандар мәселесі кім көрінгеннің өздеріне ұпай жинайтын жері емес екендігін кімге де болсын ескертеміз. Бұл – ұлттық мәселе. Сондықтан бұл мәселені билік назарына ұсыну – біздің борышымыз.

Егер осы хаттың мазмұнын бір ауыз сөзбен беретін болсақ, "Жігіттер, Қытайдағы қандастарымыздың жағдайын білеміз, Қытайдың не істеп отырғанын білеміз, бірақ көп жамандап, ушықтыра бермеңдер, бұл мәселені екі елдің арасын жауластырмай, мемлекеттік деңгейде шешуге тырысайық" дегенге саяды. Бұл – бір топ азаматтың көзқарасы.

Әрине, бұны "Атажұрт еріктілерінің" арасына барып та не олардың басшыларын шақырып, ағалық кеңес түрінде де айтуға болады. (мүмкін, ондай кездесулер болған да шығар, себебі, ұмытпасам, "Атажұрттықтардың" кеңсесі сол Мұхтар ағамыз отыратын ғимаратта орналасқан).

Айта кетуім керек, мен де соңғы уақытта шектен шығып кеткен қытайфобияға қарсы жандардың бірімін, сондықтан хаттың негізгі бағытын қолдаймын. Алайда бір-екі мәселеге жеке көзқарасым бар. Біріншіден, "сондай қоғамдық ұйымдардың бірі" деген жолдарға қарағанда, бұл хат тек қана "Атажұртқа" қарата жазылмаған, басқа да осындай ұйымдар бар сияқты. Өкінішке қарай, ол ұйымдардың аттары аталмаған...

Қысқасы, егер бұл бірнеше ұйымның ұстанымы, жұмыстарының басты тәсілі болса, дөңгелек үстелдің басында солармен бас қосып, пікір алысу қажет еді, ал бір ұйымның аты аталғаны – хаттың сол ұйымға қарсы ұйымдастырылғаны сияқты әсер қалдырады. Екіншіден, "Сондықтан көші-қон мәселесін қоғамдық ұйымдар емес, биліктің өзі шешкені жөн деп білеміз деген жолдарға қосыла алмаймын. Азаматтық қоғам ұлттық мәселеге байланысты өзінің алаңдаушылығын қоғамға да, билікке де, керек десеңіз, өзге елдерге де ашық жеткізе білуі керек. Шамасы келсе, халықтық дипломатияны да тиімді пайдаланғаны дұрыс.

Екіншіден, осы хатқа берілген жауапты да ой елегінен өткізелік:

Мойындауымыз керек, Серікжан Біләш "Қытайдағы қазақтардың мәселесін Мұхтар ағамыз бастаған зиялыларға тапсыруға дайынбыз" деп саяси тәсіл жағынан, ұтып кеткен сияқты. Алайда, хат авторлары "біз осы мәселені өз қолымызға аламыз" деген жоқ, "биліктің өзі шешсін" деген сөздерді айтты (Бұл ойға қарсылығымды алдыңғы жолдарда айтып өттім). Демек, айтылмаған, жазылмаған ой-пікірді ойлап тауып, оны тиімді құралға айналдыру тәсілі – ешкімге жақсылық әкелмейді.

Тағы бір мәселеге көңіл аударайық. Ол – бейнетаспадағы жиі кездесетін – "біз ғана" деген сөз. Өз басым, "Атажұрт еріктілерінің" өкілімен бір жыл бұрын кездестім, кейіннен Қыдырәлі мен Серікжан екеуімен де пікірлесіп, кейбір мәселелерде біздің тарапымыздан жасалатын жұмыстар жөнінде де ақылдастық. "Атажұрттың" дайындаған хаттары мен дәлелдерін былтырғы сәуір айында Брюссельде, Европарламент депуттарының алдына жеткізген, бір айдан соң Қазақстандағы басты алты елдің елшілігімен кездесу өткізіп, сол жерде де негізгі мәселе етіп қойған, тағы бір айдың көлемінде Вашингтонда, АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің алдына жайып салғандардың ішінде кешегі хатқа қол қойған Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Дәурен Бабамұраттың, т.б. болғанын біреу білсе, енді біреу білмейді. Бұны мен мақтану не ақталу тұрғысынан айтып отырған жоқпын, бұл бағытта көптеген ұйымдар мен азаматтардың, топтардың еңбек еткенін бәріміз білуіміз керек деп ойлаймын.

Ал "Сайрагүлдің сотындағы" басты еңбек – қазақ қауымы мен Абзал Құспан бауырымыздікі. Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар. Мен Қыдырәлі бауырымның оралмандар үшін істеген жұмыстарын Солтүстік Қазақстанда, шалғай бір аудандарда кездесулер өткізіп жүріп естідім, өз көзіммен көрдім. Қыдырәлі құрған, соның басшылығымен жұмыс істеген "Атажұртқа" сол уақытта риза болдым.

Шынында, менің айтайын дегенім басқа ой болатын. Енді соған келейін:

Біріншіден, осы хатты талқылаудағы әлеуметтік желіде аты аталған адамдардың (Мұхтар, Сәуле, Жасарал, Серікжан, т.т.) ешқайсысы Қытайдың да, биліктің де шпионы емес. Осындай негізсіз сөздерді қоятын уақыт жетті. Біреуге дәлелсіз жала жабу – күнәнің үлкені.

Екіншіден, бұл хаттың мақсаты айқын болса да, жеткен жері, нәтижесі (әлеуметтік желіге көз жүгіртсек) үлкен өкінішке орай, – қазақты, оның ішінде оралман азаматтарды екіге бөлу болды ма деп қорқамын.

Үшіншіден, демек, жеке адамдар мен жеке топтарға бағытталған осындай "коллективті хаттарды" жазуды, оған қол жинауды тоқтату қажет деп білемін. Әрине, билікке талап қоюға бағытталған хаттардың, мәлімдемелердің жөні бір басқа.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter