Сөз бостандығын ойлап шығарған қазақ халқының "Айтылмаса, сөздің атасы өледі" деген қанатты сөзі бар. Қыңыр кісінің айтқаны қырық кісінің айтқанына қарсы болуы мүмкін, бірақ, ол – қыңырдың сөзінің "шындығы жоқ" не "теріс" дегенді білдірмейді.
Бүгінгі менің "қыңырлығым" – 15 ақпанда аталып өткен Ауған соғысына деген жеке көзқарасым. Қолыма қалам алуға себеп болған мәселе – "Ziatker" ҚР Білім және Ғылым порталындағы "Есімде ауған соғысы" деп аталатын тәрбие сағатының "Мақсаты" деп аталатын бөліміндегі "Ауған соғысының тарихи мағынасының ақиқатын ашу. Тәуелсіздік жолындағы күрескен ағаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, жастарды отан сүйгіштікке, ерлікке баулу, т.т." деген жолдар.
Меніңше, бұл – біздің осыдан 30 жыл бұрын өткен ауған соғысына, соған қатысқан "ауғандықтарға" берген ресми бағамыз. Жоғарыдағы жолдар – біздің мемлекеттік идеологиямыздың жемісі, жалғандық пен өтіріктің нақты көрінісі. Кешіріңіздер, ауған соғысына қатысқан жандардың "Тәуелсіздік жолындағы күреске" ешқандай қатысы, "отан сүйгіштік" деген жолдар да бұл жерде мүлдем орынсыз қолданған тіркес...(Мүмкін, бұл жолдар "Желтоқсаншыларға" лайық болар).
Өкінішке қарай, Ауған соғысына екі түрлі көзқарас бар сияқты. Біреуі – жоғарыдағы жалған жолдарды өмірге әкелген ресми көзқарас та, екіншісі – шындыққа негізделген, бірақ кез келген мемлекеттік билікке жақпайтын өмір ақиқаты.
Шындық біреу-ақ. Кеңес одағының әскерлері бейбіт жатқан Ауған еліне түрлі саяси сылтаулармен басып кіріп, ауған жерін қанға бөктіріп, он жылдың ішінде 15 мың адамынан айрылып, алдарына қойылған не саяси, не әскери мәселелерді шеше алмай, талқаны шығып, үдере қашты. Демек, бұдан үлгі алып, әспеттеудің қажеті жоқ. Кәрі, жасына қарамай ауған халқы қолдарына қару алып, өз елін басқыншылардан қорғады. Күш тең емес еді. Сондықтан болу керек, бір жағы 15 мың адамнан айрылса, Отандарын қорғап қалу үшін ауғандықтардан 2 миллион адам өз өмірлерін қиды. Бұлардың көпшілігінің қатын-қалаш, бала-шаға екені де рас.
Әрине, саясаттың құрбаны болған жауынгерлер қан майданда ерліктің сан түрін көрсеткен де болар, бірақ "мемлекет жіберген, құқыққа сыйымды соғыстың (Біздің заңымыздан үзінді)" да әділетсіз соғыс болатынын ұмытпайық. Айтпақшы бұл соғысқа 1991 жылы КСРО-ның Халық депутаттарының екінші съезі ауған соғысына ресми түрде "аса дөрекі, кешіруге болмайтын саяси қателік" деген баға берген. Қысқасы, соғысты бастаған билік сол соғыстың әділетсіз екендігін өздері мойындады.
Айта кету керек, сан ғасырлар бойы күреспен келген тәуелсіздіктен кейін қазақ жерінде "әділетсіз соғысқа қатысқандарға" барлық облыстарда, одан қалса, аудандарда ескерткіштер қойылды, ал Тәуелсіздік үшін, жеке мемлекет болу үшін күрескен "алаштықтар", "желтоқсандықтар" мен "азаттықтар" атаусыз қалды. Әңгіме мемлекеттік идеологияда ғана сияқты; мемлекеттің жұмсаған жағына барып, жазықсыз елді басып алып, өздерінің отанын, жерлерін басқыншылардан қорғаған ауған моджахедтерімен соғыс жүргізгендер Кеңес өкіметінің тоталитарлық саясатына қарсы шығып, ұлттың болашағы үшін, өмірлерін, бостандықтарын берген жандардан жоғары тұр...
Бұл парадокстың екі себебі бар деп ойлаймын.
Біріншіден, сол Кеңес дәуірінен келген, сол идеологияны жүргізушілер бүгінгі Қазақ елінің билігінде отыр. Ол бейшаралар "Ауған соғысы", "Ауғандықтар" дегенді 1980 жылдардағыдай қабылдайды. Сондықтан болуы керек, қазіргі оқушыларға да осы жалған түсінікті таңып, оларды "тәуелсіздікті қорғаушылар" есебінде қабылдайды (ауғандықтар Кеңес одағына соғыс жариялап, біздің әскерлер оларға тойтарыс берген сияқты...).
Екіншісі – Биліктің, жүйенің шешіміне қарсы шыққан "Желтоқсаншылар" біздерге әділетсіздікке қарсыласу рухын берді, Ауған соғысына қатысушылар – биліктің, мемлекеттің орындаушылары, айтқанын жүзеге асырушылар ғана болды.
Кеңестік жүйе кезінде Ауған соғысының барлық шындығы жасырылып, қоғамға мүлде басқаша ақпарат берілгені белгілі. Керек десеңіз, Ауғанстанда қаза болған жауынгерлердің үйіне "Еліміздің оңтүстік шекарасын қорғау кезінде қаза тапты" деген қаралы қағаздар жіберіліп тұрған. Алайда, қазір бұл соғыстың жай-жапсарын бәріміз жақсы білеміз, бірақ 15 ақпанды атап өтуден және 2 миллионнан астам жазықсыз ауған азаматтарын қырып-жойған кеңес әскерінің қатарында болғандарды марапаттаудан жалықпаймыз. Бүл күнгі ақпараттар ағынында "турнир өткізілді", "ескерткіш орнатылды", "мерекелік концерт қойылды", "облыстық мәслихат пен облыс әкімнің Алғыс хатымен марапатталды" деген сөздерден көз сүрінеді.
Қандай соғыс болсын, жауынгерлер құрбан болады, олар бірін-бірі өлімнен алып шығады, бірі үшін бірі кеуделерін оққа тосады, ерліктің сан түрін көрсетеді. Бірақ, шындыққа жүгінейік, "ауғандықтар" – елін, жерін қорғаушы да, отан үшін от кескен де жандар емес, олар – Кеңес өкіметінің идеологиялық саясатының құрбандары. Бірақ, бүгінгі өмірде де олардың орны бар деп ойлаймын. "Ауғандықтардың" майдандық тәжірибелерінің (жазалау тәжірибесі емес!) біздің сарбаздарға қажеттілігін ешкім жоққа шығармайды. Сонымен қатар, қазіргі жастарға "біздер сияқты биліктің ойыншығы болмаңдар, отандарыңды қорғаңдар, бірақ өзге елге барып, ойран салып, қарғысқа қалмаңдар" деген ақыл айтса, нұр үстіне нұр.
Айтпақшы, мен бірде Астана мен Алматы қалаларына басында сәлде, қолында автоматы бар ауған моджахедінің ескерткішін орнатып, ескерткіштің астына "Еліңді, жеріңді осы моджахедтей қорға!" деген сөз жазылса екен деген бастама көтергенмін. Мемлекет пен "Ауған соғысына қатысқандардың" Одағы қолдау көрсете ме екен...
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.