Прямой эфир Новости спорта

Қазақстанның транзиттік әлеуеті мұнайдан кейінгі мол табыс көзі бола алады

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Қазақстанда логистика ЖІӨ-нің 8 пайызын береді. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабек транзит әлеуетін дұрыс пайдаланса, мұнайдан кейінгі табыс көзі болатынын айтады.

Әлем картасын көз алдымызға елестететін болсақ, шығысымызда Қытай, солтүстігімізде Ресей, оңтүстігімізде Орталық Азия, батысымызда Еуропа орналасқан. Қандай жер көлемін алып жатқанымыз тағы белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Еуразияның "жүрегіндеміз". Бұл – үлкен транзиттік әлеует. Осы әлуетті біз қаншалықты пайдаланып отырмыз? Еуропа мен Қытай арасын жалғайтын теңіз жолына паралель төте көпір бола аламыз ба?

Әлем бойынша тауар тасымалының 90 пайыздан астамы су арқылы жүзеге асады. Себебі, қызмет құны арзан. Бірақ, Жапониядан шыққан кеме Еуропаға орташа 22-24 күнде жететін болса, бүгінде Қытай – Қазақстан – Еуропа бағытындағы темір жол тасымалы 11-13 күнді құрайды.

Осы тұста уақыт және жылдамдық жағынан Еуразиялық көлік дәлізі барынша тиімді болып отыр. Бұл компьютерлік технологиялар, құрылғылар, косметика және өзге тауар тасымалы үшін таптырмас дәліз. Қытайдың технологиялық өндірістік компаниялары бұл артықшылықты пайданалып келеді. "Бір белдеу – бір жол" (One Belt One Road) атты Қытай бастамасы мен Ұлы Жібек жолың жаңғырту идеясының да негізгі бағыттарының бірі – осы Қазақстан территориясы арқылы логистиканы дамыту.

Оқи отырыңыз: Цифрлы Қазақстан. Ол қандай болады? Біз дайынбыз ба?

Бір жағынан қазіргі "амазон-қоғам" бұрынғыша жергілікті дүкен ұсынған тауарларды тұтынумен шектелмейді. Тапсырыспен алғызып, Американың пастасымен тісін жуып, Германияның аяқ киімдерін киіп, Кореяның кремдерін жағатындар көбейді. Жекелеген мұндай тапсырыстардың саны мен көлемінің әлем бойынша жедел өсіп жатқанын аңғару үшін Амазон, Алибаба сынды компаниялардың жылдық бюджетінің айналымына қарау жеткілікті.

Осы тұста Қазақстан өзінің территориясы арқылы өтетін темір, әуе, автомобиль, су (Каспий теңізі арқылы) жолдарының мүмкіндіктерін пайдаланып, тиімді логистикалық тасымал қызметін ұсынатын болса, қызмет экспортынан қазіргіден де мол пайда түсірер еді.

Қазақстан қазір не экспорттайды? Ұлттық Банк төлем балансын ашып қарайтын болсақ, тауарлар мен өнімдер экспортының басым бөлігін мұнай мен минералды шикізаттар құрайды.


2014-2018 жылғы көлік және басқа қызметтер экспорты

2014-2018 жылғы көлік және басқа қызметтер экспорты / Ұлттық банктің ресми сайты


Ал қызмет көрсету бойынша экспорттың басым бөлігі тасымал, оның ішінде құбырмен (шикізат) тасымал көлемі жоғары. Қазақстан территориясы арқылы жүк жіберуші елдер арасында Қытай, Ресей, Өзбекстан елдерінің үлесі басым.


Халықаралық қызмет балансындағы көлік қызметінің түрлері

Халықаралық қызмет балансындағы көлік қызметінің түрлері / Ұлттық банктің ресми сайты


Осылайша, Қазақстанның транзиттік әлеуетінің мүмкіндіктері толық игерілмей отырғанын көруге болады. Ал ішкі өндірістік кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, өнімдерін тарату, экспортқа шығару да тиімді логистика қалыптастыру арқылы жүзеге асады.

Оқи отырыңыз: Жалғыздық синдромы туралы

Тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды жақсарту бағытында біршама жұмыстар жасалынды. Дегенмен, елімізде өнімнің бағасындағы логистикалық шығындардың үлесі жоғары: орташа 20-25 пайыз, ал орташа әлемдік көрсеткіш 10-15 пайыз. Жалпы, логистика экономиканың табысты сегменттерінің қатарына жатады. Бүгінде әдемдік көлік нарығы 3 трлн АҚШ долларына жуықтайды. Мәселен, Германияда бұл сала жалпы ішкі өнімнің 13 пайызын, Ирландияда 14,2 пайызын, ал Қазақстанда бар болғаны 8 пайызын құрайды.

Бүгінде мультимодалды көліктер арқылы әлемдік стандарттарға сай нақты клиентке және өңдешуі өнеркәсіп қажеттіліктеріне бағытталған сервис, тиімді логистикалық шешімдер ұсыну нарықтың талабы болып отыр. Осы тұста ақпараттық-коммуникациялық технологияларды логистикалық үдерістерде қолдану, логистикалық қызмет көрсетуде жылдамдық, тиімді баға, жүкті сақтандыру, жоғары сервис ұсыну маңызды. Сондықтан, логистикалық қызметтер нарығында бәсекелестік өте жоғары, себебі, әлем бойынша жүйелі жұмыс жасайтын алпауыт халықаралық компаниялар, қалыптастқан транзиттік транспорттық дәліздер бар.

Олардан ерекшеленіп, Қазақстан жерінен өтетін маршруттардың тиімділігін арттыру үшін ең алдымен отандық көлік-логистика инфрақұрылымын және қызмет көрсету сапасын жоғарылатуымыз қажет.

Оқи отырыңыз: Қоғамдағы жасандылық пен демонстративтілік туралы

Негізгі проблемаларға жылжымалы құрамның және көлік инфрақұрылымының тозуы, тасымалдау процесін және бақылау-қадағалау органдарының қызметін басқарудың ашық емес механизмі, тасымалдау процесін ұйымдастырудың және басқару технологиясының ескіруі және басқалар жатады. Сондықтан, Қазақстанның көлік-логистика саласында халықаралық стандарттарға сәйкес теміржол, электр станцияларын, электрондық пойыздарды енгізу, аймақтық көліктік-логистикалық терминалдарды, әуежайларды дамыту маңызды болып отыр.

Теміржол, әуе, теңіз және автомобиль көлігі түрлерін қолдана отырып, мультимодальды тасымалдауды ұйымдастыру да бүгінгі заман талабы. Себебі, жекеленген тапсырыстардың артуы "есіктен есікке" дейін жылдам жеткізуді көздейді. Сонымен қатар, өңдеуші өнеркәсіп саласына жеткізілім тізбегін басқару (supply chain managment) элементтерін енгізу, яғни шикізаттан бастап, өндірістің бизнес-процесін басқару және дайын өнімді әр тұтынушыға дейін жеткізуді логистикалық ұйымдастыру маңызды.

Индустрия 4.0, яғни, цифрландандыру жағдайында интернет-заттар, блокчейн, Big Data технологияларын көлік-логистикалық салада қолдану әлем елдерінде жолға қойыла басталды.

Мұның бәрі Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетінің артуына, әртараптандырылуына және әлемдік нарықта еліміздің көліктік-логистикалық қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігінің дамуына оң әсер етеді.

Осы орайда, Қазақстанда жаңадан іске қосылатын жаңа өндірістік нысандарға логистикалық сараптама жүргізілуі қажет: объектінің орналасуы мен аймақтық терминалдар, көлік дәліздері, автомобиль жолдары, теміржол станциялары мен әуежайлар арасындағы қашықтық және де басқа критерийлерді ескеру маңызды. Әсіресе, өнеркәсіптік нысандар ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа бағдарланған болуы керек.

Оқи отырыңыз: Блокчейн архитекторы болуды армандап па едіңіз?

Индустрия 4.0 мемлекеттер алдына жаңа міндеттер жүктейді. Жаңа технологиялар негізінде экономиканы әртараптандыру, экспортқа негізделген өнеркәсіп орындарын ашу, ғылыми сыйымды өнімдер өндіру, үдерістерді цифрландыру – ғаламдық тренд. Ал қазіргі уақытта Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуеті негізінен шикізат экспорты үшін қолданылады. Тауарлар мен өнімдер экспорты көліктік-логистикалық қызметтердің көмегімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, нарық сұранысын жүйелі зерттеп, тың технологиялық шешімдерді дер кезінде енгізіп отыру белгілі бір артықшылықтар береді.

Көштен қалмау өзгеден көшіруді ғана немесе өзгенің қызметін тұтынуды ғана білдірмейді, елдің бар әлеуетін, өндірістік күшін, шикізаттық қорын тиімді пайдалануды көздейді. Әсіресе, қызмет көрсету саласы, оның ішінде тасымал, логистиканы дамыту Қазақстан экономикасы үшін аса тиімді.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

Новости партнеров