Мектеп оқулықтарында 1930-33 жылғы ашаршылық тақырыбы қалай жазылып жүр?
Берікбол Дүкеев тәуелсіздіктен бері отыз жыл аралығында жарық көрген тарих оқулықтарына талдау жасаған. Оқулық авторлары, баспаханадағы редакторлар, оқулықты сараптау орталықтарының сарапшылары, білім беру академиялары қызметкерлерімен сұхбаттасқан. Нәтижесінде тарих оқулықтарындағы ашаршылық тақырыбына қатысты үш қарама-қайшылықты анықтаған. Ол TEDxAstana конференциясында қарама-қайшылықтардың ұлт ретінде бастан өткерген қиындықты біртұтас қабылдауға және оның қасіретін бірге өткеруге кедергі келтіріп отырғанын баяндады.
Бірінші қарама-қайшылық: ашаршылықтың себебі
Берікбол Дүкеевтің айтуынша, бір оқулықтар ұжымдастыру мен отырықшыландыру сол кездегі қазақ қоғамын ілгерлетті, яғни ашаршылыққа алып келгенімен оның жақсы жақтары болды деп түсіндіреді. Мысалы, ұжымдастаруды жүзеге асыру кезінде олардың мәнін бағаламай қолданылған тек мәжбүрлеу әдістері ғана сынға алынады. Алайда күштеп ұжымдастырудың принциптері жалпы оның көшпелі қоғамда жүзеге асуы азырақ қарастырылады. Оқулықтарда "қолданыстағы заңдарды бұзу", "ұжымдастыру жергілікті жағдайларды ескермей күштеп орындалды" және "еріктілік пен заңдылық принципін бұзды" деген секілді тіркестер қолданылады.
"Онда колхоздардың құрылуы ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, мал басы көбейді. Еңбектегі үздік көрсеткіштері үшін Коммунистік Еңбек Ері атағы берілгені айтылады. Бұған қарама-қайшы пікір қазақтың дәстүрлі қоғамын бұзу үшін ұжымдастыру мен отырықшылдандыру жүргізіліп, салдары ашаршылыққа алып келді деп сипатталады. Яғни, кеңестік дәуірдегі дәстүрлі қоғамның жойылуы – ұжымдастырудың басты себебі болғаны көрсетіледі. Бұл нарративке сәйкес Кеңес өкіметі қазақ көшпелілері мен малшыларын социалистік жүйеге ілесе алмайды деп есептеді. Қазақтардың өмір сүруінің негізгі көзі – малды ұжымдық меншікке алды. Көшпенділерді өздері аз бейімделген егіншілікпен айналысуға мәжбүрледі. Нәтижесінде қазақтар аштыққа ұшырады", – деді зерттеуші.
Берікбол Дүкеев ашаршылықтан миллионнан астам адам қайтыс болғанын, алайда ашаршылықты "ілгері экономика құру үшін болды" және "қолдан ұйымдастырылды" деген қарама-қайшы түсінік ортақ жарақатты емдеуге кедергі екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Большевиктер ұйымдастырған "жұт". Қазақстандағы ашаршылық неге әлі мойындалған жоқ?
Екінші қарама-қайшылық: ашаршылықтың сипатына қатысты
Зерттеушінің сөзінше, біреулер мұны жай ғана трагедия десе, енді бірі геноцид деп түсіндіреді.
"1930-33 жылдардағы ашаршылық Кеңес одағының басқа аймақтарында, яғни Украинада, Солтүстік Кавказда, Еділ бойында және Ресейдің Сібір аймағында да болды. Онда миллиондаған адам қайтыс болды. Одан басқа, Кеңес Одағы дәуірінде ашаршылықтан басқа да қанқұйлы трагедиялар орын алды. Мысалы, Сталин кезіндегі саяси реперессиялар, Екінші дүниежүзілік соғыс, депортация, қудалаулар, тағы сондай тағдырлы зорлық-зомбылықтар. Яғни тарих оқулықтары ашаршылықты осы оқиғалардың бір тізбегі деп сипаттады. Оқулықтарда бұған қатысты "ұлы нәубет", "апат", "қиыншылық", "жаппай қырып-жою", "демографиялық апат", "жан түршігерлік ашаршылық", "үлкен қайғы", "үлкен апат" және "қайғылы оқиғалар" деген сөз тіркестері кездеседi", – деді Берікбол Дүкеев TEDxAstana конференциясында.
Ол 31 мамыр Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтілетінін, алайда ашаршылық сөзі екінші тұрғанын және репрессиямен деңгейлес оқиға ретінде еске алынатынын атап өтті.
"Екінші пікір – ашаршылықты геноцид деп тану. Себебі Кеңес одағының саясаты көшпенділерді жоюға бағытталды. Салдарынан нақты бір ұлттың басым бөлігі көбірек зардап шекті. Сол себепті бұл ұлтқа қарсы жасалған әрекет болғандықтан геноцидке жатады. Яғни, Кеңес Одағының отырықшыландыру мен ұжымдастыру саясатының зорлық-зомбылық деңгейі сондай, кейбір оқулық авторлары оны ұлттың бір бөлігін қасақана жоюмен сипаттады", – деді ол.
Зерттеуші тәуелсіздіктің екінші он жылдығында оқулықтарда кездесе бастаған мұндай түсінікке қарап кейінгі оқулықтарда ашаршылық геноцид деп танылды деп айту қиын. Себебі бүгінгі мектеп оқулықтарында трагедия да, геноцид те қатар қолданыла береді.
Оқи отырыңыз: Зұлмат статистикасы мен деректер, ашаршылық нәубетінен аман қалғандардың естеліктері
Үшінші қарама-қайшылық: Ашаршылыққа кім жауапты және кімдер көбірек зиян шекті?
Бірінші пікір. Бір оқулықтар бұған кеңес жүйесі кәнілі деп санаса, екінші бір оқулықтар жауапкершілік нақты бір тарихи тұлғада деп түсіндіреді. Неліктен Кеңес үкіметі ашаршылыққа кінәлі?
"Кеңес өкіметі ауыр өнеркәсіптерді салуға және миллиондаған жұмысшыларды азықтандыруға капитал тарту үшін астық өнімдерін экспорттауды ұлғайтуға тырысты. Бұл олардың назарын Кеңестік Қазақстанның жерлеріне назар аудартты. Өз кезегінде бұл жұмыс күшін қамтамасыз ету үшін көшпелі малшыларды отырықшыландыруды бастады, соның салдарынан ашаршылық болды. Осы контекстті ұсына отырып, оқулық ашаршылық үшін нақты аймақтың шенеуніктерін емес, кеңестік жүйенің табиғатын айыптап отыр. Оқулықтарда бұған қатысты "тоталитарлық жүйенің логикасы", "командалық-әкімшілік жүйелердің мәжбүрлі әдістері", "тоталитарлық-саяси ойлау" секілді сөйлемдер мен сөз тіркестері ұшырасады", – деді Берікбол Дүкеев.
Оның сөзінше, келесі бір оқулықтарда "Сталин көшпелі шаруашылықты түпкілікті жоюды қатты талап етті", "Сталиндік революция жоғарыдан жасалды", "Сталиндік басшылық", "Голощекин құрбандардың көзін жойды" деген сөйлемдер мен сөз тіркестері мұны жүйенің емес, нақты бір адам, яғни Голощекин не Сталиннің жауапкершілігінде дейді. Ал басқа оқулықтар олардың қатарына ұжымдастыруды ұйымдастырған қазақ коммунистер мен аймақтағы ұжымдастырушыларды қосады. Оларды қылмыскерлер санатына қосатындар да, қоспайтындар да бар.
"Осы қылмыскерлердің қолынынан кім көбірек қаза тапты деген сұраққа бір оқулықтар құрбан ретінде қазақ ұлты ең көп шығынға ұшырады десе, басқа бір оқулықтар сол кезде Қазақстанда мекен еткен басқа да ұлт өкілдерін құрбандар қатарына қосады. Мысалы, орыс, украин, өзбек, ұйғыр және тағы басқалары. Мысалы, бейтарап "адам тағдыры" термині кедейлер, шаруалар, байлар, көшпелілер сияқты әртүрлі топтағы адамдарды және қазақтар, орыстар, украиндар және өзбектер сияқты әртүрлі этникалық адамдардың құрбандарын сипаттау үшін қолданылды. Бір оқулықтар әйелдер мен балаларды басты құрбан ретінде атап өтсе, басқалары оларды азырақ көрсетеді. Мысалы, кейбір оқулықтар сол кездегі жетімдер үйінің көбеюіне екпін түсіреді. Әйелдердің балаларын сақтап қалу үшін бастан кешкен қиыншылықтарына толықтай тоқталады. Ал басқаларында бұл жоқ немесе елеусіз баяндалған", – деді Берікбол Дүкеев.
Оның сөзінше, ашаршылық – ұлт ретінде адамзат жадында оңайшылықпен ұмытылмайтын үлкен қасірет. Алайда тарих оқулықтарының авторлары апаттың табиғатын әртүрлі сипаттау арқылы ортақ жараны тезірек емдеуге көмектеспе, керісінше, ушықтырып отыр дейді ол.