Жамбыл облысында кәсіпкер "Апорт" алмасын көбейтуге үлес қосуда
Өңірдегі "Әділет" шаруа қожалығы 2000 жылдан бері алма өсірумен айналысып келеді.Жамбыл облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Бесбай Қансейітұлының айтуынша, қазіргі таңда өңірде апорттың "Александр" және "Қанқызыл" атты сорттары өседі. Бұдан бөлек, ол Алматы қаласы мен Меркі ауданынан әкелінген апорттың 10 түрін отырғызған.
"Былтыр алма бағынан 2 мың тоннаға жуық өнім жинадық. Оны Алматы, Астана, Тараз және Шымкент қалаларына өткізіп жатырмыз. Ал қыркүйек айының онынан бастап қысқы алмаларды жинауға кірістік. Біраз жылдан бері жеміс-жидек көшетін дайындауды қолға алғанбыз. Соның ішінде, былтырдан бастап жабайы апорт алмасымен будандасқан алма көшеттерінің жаңа сорттарын алдырып, өз бағымда өсірудеміз. Сондай-ақ, апорт алмасының көшеттерін дайындауға кірістік. Осылайша, апорт алмасын көбейтуге үлес қосып жатырмыз. Жылда мың түп көшет дайындап, бірсыпырасын аудандағы мекемелерге тегін таратсақ, қалғанын тапсырыс берушілер алады. Бастысы, нарықта біздің өнімімізге сұраныс бар", – деді Бесбай Қансейітұлы.
Қазақстан әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Ал кәсіпкердің 50 гектар алқапқа алма отырғызуына Ұлт жоспары – "100 нақты қадамның" аясында ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатында оларды нарықтық айналымға енгізу мүмкіндігінің берілуі түрткі болған.
"Жерді тиімді пайдалану бүгінгі таңда айтарлықтай маңызға ие. Бұл өз кезегінде өңірлерді дамытуға ықпал етіп, экономикалық өсімге жол ашады. Жуалы ауданындағы Тәттібай Дүйсебайұлы атындағы елді мекеннің қасындағы егістік алқабына апорт алмасының сегіз сортын отырғыздық. Сөйтіп, мемлекеттің қолдауының арқасында ауыл іргесіндегі егістік алқабы жайқалған алма бағына айналды. 2014 жылы бақтың ішіндегі қураған, ескірген алмаларды түбімен жұлып, орнына Меркі ауданынан апорт алмасының жаңа будандастырылған сорттарын әкеліп орналастырдық. Енді еліміздің даңқын асырған апорт алмасының көшеттерін тағы да үш-төрт гектарға отырғызуды жоспарлап жүрміз. Қазір шаруа қожалықта ұлдарым, бауырларым жұмыс істеп жатыр. Қожалық он адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр", – деді кәсіпкер.