Жыл басынан бері сел мен су басудан қорғану үшін 65,2 шақырым уақытша бөгет пен елдімекендердің айналасында 97 шақырымнан астам қорған салынды. 941 шақырымға жуық канал мен 2992 шақырым арық, 20 715 шақырым автомобиль және 4132 шақырым теміржол астындағы 24 мыңнан астам су өткізу құрылысы тазартылды. Жалпы, соңғы екі айда екі мыңға жуық төтенше жағдай тіркеліп, бір жылда олардың саны 5 пайыз өсті, деп мәлімдеді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Informburo сұрау хатына берген жауабында. 

"2024 жылдың екі айында 1999 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тіркелді. 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда төтенше жағдайлар саны 5 пайыз өсті. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару бөлімшелері төтенше жағдайлар орнына 8704 рет шықты. Құтқарушылардың жедел және үйлесімді жұмыстарының арқасында төтенше жағдайлар аймағынан 3024 адам құтқарылып, 3409 адам эвакуацияланды, 54 зардап шеккен адамға көмек көрсетілді", – делінген министрлік жауабында. 


Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов: Су тасқынынан зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі


Мұнымен қатар, министрлік өкілдері су басу және сел жүру қаупін төмендету үшін қандай нақты жұмыстар істегенін түсіндірді. 

"Жалпы су тасқыны кезеңіне дайындық қысқы кезең аяқталғаннан кейін, күн жылына бастаған кезден басталады. Жұмыстар әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарлары мен өңірлерді дамыту жоспарларына, облыстық инженерлік жұмыстар жоспарларына, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы шеңберінде бағдарламалық құжаттарға сәйкес жүргізіледі. Аталған бағдарламалық құжаттар шеңберінде су тасқыны қаупі бар елдімекендер мен тұрғын үйлерді қорғауды қамтитын 800-ден астам іс-шара аяқталды. Ауа райы құбылмалы және тәжірибе көрсеткендей, ауа температурасының күрт көтерілуі жауын-шашынның көптігімен бірге су тасқыны құбылыстарының пайда болуына себеп болуы мүмкін", – делінген хабарламада. 

Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері 65,2 шақырым уақытша бөгет және елдімекендердің айналасында 97 шақырымнан астам қорған салынған. 941 шақырымға жуық канал мен 2992 шақырым арық, 20 715 шақырым автомобиль және 4132 шақырым теміржол астындағы 24 мыңнан астам су өткізу құрылысы тазартылды. 395 мыңнан астам тонна инертті материалдар және 1,3 миллионнан астам қаптар дайындалды. Сондай-ақ елді мекендерден 17,4 млн м3 қар шығарылған.


Оқи отырыңыз: Қазақстандық ғалымдар су тасқынын алдын ала болжайтын планшет жасап шығарды


Министрлік 15 мамыр мен 15 қыркүйек аралығы сел жүретін аса қауіпті кезең екенін айтады. Осы орайда министрлік сел қаупін азайту үшін қандай іс-шаралар қолға алынғанын атап өтті. 

"Осы мақсатта қауіпті мұздық және мореналық көлдерді профилактикалық босату, яғни су деңгейін сифон әдісі, жарылыстар, сорғы арқылы су тастау, эвакуациялық арналарды тереңдету арқылы төмендету жүргізіледі. Бұл көлдердің ақтарлуы гляциалды сел тақсынына алып келуі мүмкін. Жыл сайын аса қауіпті мұздық көлдерде алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Жүргізілген алдын алу іс-шараларының нәтижесінде көлдердің жай-күйі тұрақталады және ақтарылу қаупі азаяды", – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ министрліктегілер сел қауіпті аумақтарда қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз етуде қажетті шараларды уақытылы қолдану мақсатында әкімшіліктерге, ұйымдар мен кәсіпорындар басшылықтарына, сонымен қатар саяжай қоғамдастықтарына ескертпе-ұсыныс берілетінін айтып өтті. 

"Сел қаупі бар кезеңдерде тұрғындарға, адамдар көп жиналатын орындарда, оқу орындарында (демалыс үйлері, балалар лагерлері және т.б.) және де қауіпті аймақтарда орналасқан ұйымдарға "Сақ болыңыз, сел!" ақпараттық кітапшалары таратылады. Сел қаупін ескерту үшін қауіпті жерлерге ескерту және ақпарат қалқандары орнатылады. Сел жағдайларын, биік таулы мұздақ көлдердің, сел ошақтарының жай-күйін фондық бағалау мақсатында таулы және тау бөктеріндегі аудандардағы өзендерінің алаптары бойынша мерзімді мамандандырылған жерүсті және аэровизуалды тексерулер жүйелі түрде жүргізіліп тұрады", – деп сендірді министрлік мамандары. 


Оқи отырыңыз: Ауа райының қолайсыздығына байланысты 7 облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың 13 учаскесі жабылды


Еске салайық, 28 наурыз күні премьер-министр Олжас Бектенов президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмаларының орындалуы барысымен танысу үшін СҚО-ға жұмыс сапарымен барды. Жұмыс сапары кезінде Олжас Бектенов су басуға қарсы іс-шаралардың өз уақытында жүзеге асуын, су қоймаларының сапасын тексерді. Мұнымен қатар ол Сергеев су қоймасында жиналған судың көлемі 82 пайыз құрайтынын айтып, саяжай аумағын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. 

Дәл қазір бұл аумаққа су басу салдарын реттеуге төрт мыңнан астам адам, 1,3 мыңнан астам техника жұмылдырылды.  

"Су тасқынынан зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі", – деп сендірді үкімет басшысы.