Алматыда берлиндік Die Baupiloten сәулет бюросының жетекшісі және техника ғылымдарының докторы, сәулетші Сюзанн Хофманның алғаш рет қазақ және орыс тілдерінде "Архитектура жұртшылықтың қатысуынан тұрады" атты кітабының тұсаукесері өтті. 

Еуропадағы бірлесіп қатысатын жобалаудың жетекші теоряшы әрі практигі әзірлеу процесіне болашақ нысандар пайдаланушыларын тартудың авторлық әдістерін қолдана отырып, ондаған қоғамдық ғимарат пен тұтас аудандардың жобаларын жүзеге асыруымен танымал. 2023 жылы Urban Forum Kazakhstan Қазақстандағы Роза Люксембург қоры өкілдігінің қолдауымен алғаш рет сәулетшінің кітабын қазақ және орыс тілдеріне аударды. Сюзанн Хофманн Алматыда кітаптың тұсаукесеріне қатысып, кең аудиторияға дәріс оқыды.

"Бұл кітапта адамдарды жобалауға тарту философиясы, Сюзанның әртүрлі жастағы және әлеуметтік санаттағы тұрғындармен табысты жұмысының тәжірибелік үлгілері жазылған. Еуропадағы ең беделді сарапшының әдістемесі қазақстандық сәулетшілер мен урбан белсенділері үшін де таптырмас құрал", – деді Urban Forum Kazakhstan қорының директоры Әділ Нұрмақов.

Фото: Urban Forum Kazakhstan

Сюзанн Хофманн Қазақстанның басқа қалаларынан сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан келген сәулетшілер, жобалаушылар мен белсенділер үшін "Сәулеттегі бірлесіп жобалау" атты тәжірибелік семинар өткізді. Қатысушылар сәулетте бірлесіп жобалаудың әртүрлі аспектілері мен әдістемелерін қарастырып, талқылады.

"Кітаптың тұсаукесерінде Сюзанның айтқан әдістерін өз жұмысымызда қолдануымыз керек екенін түсіндік. Біздің басты ресурсымыз – адам, сондықтан қарағандылықтардың пікірін тыңдап және оларды есепке ала отырып, қаланың урбандалуын жалғастырамыз", – деді Қарағанды қаласындағы урбанистика орталығының жетекшісі Валерия Хусаева.


Оқи отырыңыз: Астана сәулетшілер одағының төрағасы қаладағы көлік кептелісін шешу жолын атады


Ташкенттен келген зерттеуші Хикоят Салимова болса үлкен қалалық жобаларды жоспарлау кезінде қала тұрғындарының пікірі жиі есепке алынбайтынын, әсіресе бұл мәселе бүкіл посткеңестік өңірлерде айқын байқалатынын айтты.

"Орталық Азия қалаларының ортақ проблемасы – қарқынды дамып жатса да, халықтың дауысы ескерілмейді. Тұрғындар өз қаласына риза болуы үшін нәтижені құрылыс аяқталған кезде ғана көрсетпей, оларды жобалау процесіне тарту қажет. Азаматтық қоғамымыз өте белсенді болған соң адамдар қаладағы ыңғайсыз өзгерістерге көнбейді. Наразы болмауы үшін азаматтарды қазірден бастап жобалауға тарту өте қажет. Мысалы, Алматыда азаматтардың қатысуымен жасалынатын жобалар пайда бола бастады. Ташкентте әзірге мұндай тәжірибе жоқ", – деді зерттеуші.

Сюзанн Хофманн / Фото: Urban Forum Kazakhstan

Қалалық кеңістікті бірлесіп жобалау тәжірибесі әлемнің түрлі қалаларында сұранысқа ие бола бастады. Орталық Азиядағы Роза Люксембург қоры өкілдігінің жетекшісі Марлис Линкенің айтуынша, адамдар өзінің құқығын жүзеге асыра отырып айналасындағы жайлы кеңістікті қалыптастыруға көмектесумен қатар, бірлесіп қатысу, жауапкершілік және өзін-өзі басқару мәдениетін дамытады.

Белгілі сәулетші Сюзанн Хофманның "Архитектура жұртшылықтың қатысуынан тұрады" кітабы қалалық кеңістікті бірлесіп жобалау тәжірибесін  тек Қазақстан қалаларында ғана емес, бүкіл Орталық Азияда да дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.