Қымбат Досжан Balapan телеарнасының директоры болып тағайындалды
Арнаның бұрынғы басшысы Мақпал Жұмабай "Қазақстан" телерадиокорпорациясы басқарма төрайымының орынбасары қызметін атқарады.Бүгін "Қазақстан" телерадиокорпорациясы басшылығының шешімімен тележүргізуші Қымбат Досжан Balapan телеарнасының директоры болып тағайындалды.
Қымбат Досжанның қазақ телевизиясында 40 жылға жуық уақыт тәжірибесі бар. Qazaqstan телеарнасы жаңалықтар қызметінің продюсер-жүргізушісі, қазақ радиосының жүргізушісі, қазақ радиосының бас редакторы міндеттерін атқарды. Қазіргі уақытта Qazaqstan телеарнасындағы "Қымбат жандар" авторлық әлеуметтік бағдарламасының жүргізушісі.
"Телерадиокорпорация саласында, оның ішінде, корпорация құрамындағы теле және радиоарналарда ұзақ уақыттан бері қажырлы еңбек етіп келе жатқан мамандарға үнемі басымдық береді. Бүгінгі тағайындаулар да осы ұстаным бойынша жүзеге асып отыр", – деді басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Бұған дейін Balapan арнасын басқарған Мақпал Жұмабай корпорацияда 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. Qazaqstan телеарнасының Таңғы бағдарламалар бірлестігінің шеф-редакторы, "Balapan" телеарнасының шеф-редакторы, продюсері міндеттерін атқарды. Телеарнаны 2018 жылдан бастап басқарды.
Еске салсақ, балаларға арналған "Orda ертегілері" кітабының тұсаукесері болатыны туралы хабарлаған едік. Жоба жетекшісі Парасат Танен осы уақытқа дейін порталда 600-ден астам ертегі жарияланып, 33-і кітап болып басылғанын айтты. Ал Ordagen мобильді қосымшасын 75 мыңға жуық адам жүктеген.