Бұл туралы Әкімшілік полиция комитеті төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді. Маманның сөзінше, ұсақ бұзақылық, қоғамдық орында тиісу, рұқсат берілмеген жерлерде темекі тарту, тыныштықты бұзу, қоғамдық орындарды ластау, алкогольдік ішімдік ішу немесе қоғамдық орында мас күйінде жүру фактілері анықталған. Сондай-ақ, 2 мыңнан аса бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіру жағдайы тіркелген. 

Министрлік қоғамдық орындарда тіркелетін қылмыстардың азайғанын мәлімдеді. Мысалы, 2023 жылы бұл көрсеткіш 12 пайызға түскен. Ал көшелерде жасалатын қылмыстар саны 15 пайызға азайған.

Министрліктің хабарлауынша, құқық бұзушылыққа "нөлдік төзімділік" қағидасын нығайтудың нәтижесінде 2023 жылы:

  • адам өлтіру фактісі – 33%-ға;
  • бұзақылық – 29%-ға;
  • қарақшылық – 14%-ға;
  • тонау – 13%-ға;
  • ұрлық – 11%-ға;
  • отбасыдағы құқық бұзушылық туралы хабарлама – 14%-ға;
  • тұрмыстық қылмыс – 1,5%-ға төмендеді.

Мамандар қандай да бір қылмыс куәгері болса, бірден полицияға хабарласуға шақырады. 


Оқи отырыңыз: 3 жылда 2,5 мыңға жуық балаға қатысты жыныстық қылмыс жасалған. Қай өңірлер көш бастап тұр?


"Көлік жүргізушілерінің полиция қызметкерлеріне пара ұсынған фактілері де бар. Полиция қызметкерлерінің арасында Integrity check бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Соның аясында 2023 жылы 127 пара беру фактісі анықталды. Солар бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр", – дейді Қайсар Сұлтанбаев.

Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сайтындағы статистикалық деректерге сүйенсек, кейінгі 5 жылда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 32 пайызға азайған. Ал әкімшілік құқық бұзушылық деректері көп тіркелетін болған. Мысалы, 2019 жылы ел бойынша 6 миллион құқық бұзушылық тіркелген, оның 5,8 миллион азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ сол жылы 5,4 миллион адамға әкімшілік жаза қолданылған.

  • 2020 жылы 7,32 миллион әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, 7,1 миллион адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
  • 2021 жылы бұл көрсеткіш артқан – бір жылда 8,80 миллион әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген, 8 миллион адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
  • 2022 жылы 9,25 миллион әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, 8,6 миллион азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тоқтатылған әкімшілік істерге келсек, кейінгі 5 жылда 2019 жылы мұндай жағдай жиі кездескен. Бұл жылы 399 мың іс тоқталған. Сол уақыттан бері бұл көрсеткіш төмендеген. Мәселен, 2020 жылы 196 мың іс, 2021 жылы 311 мың іс, 2022 жылы 237 мың іс тоқтатылды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 269 мың жағдайға жетті. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда қылмыс жасаған жасөспірімдердің 47 пайызы еш жерде оқымаған


Жиналған айыппұл көлемі де әртүрлі. Әкімшілік айыппұл бойынша ең жоғары сома 2023 жылы түскен. 

  • 2019 жылы – 44 833 млн теңге;
  • 2020 жылы – 54 886 млн теңге;
  • 2021 жылы – 82 647 млн теңге;
  • 2022 жылы – 124 707 млн теңге;
  • 2023 жылы – 145 939 млн теңге.

Аймақтарға келсек, 2023 жылы ең көп сома Алматы қаласынан жиналған (23 397 млн теңге). Екінші орында Астана қаласы (13 737 млн теңге) тұр. Үштікте Павлодар облысы (12 420 млн теңге) де бар.

"2023 жылдың 12 айы ішінде 10 980 530 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 14,1 пайызға көп. 2022 жылы 9 245 195 жағдай тіркелген. 2023 жылы 10 млн адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға артық. Тоқтатылған әкімшілік істердің саны өткен кезеңмен салыстырғанда 13,3 пайызға өсті", – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Ішкі істер министрілігінің хабарлауынша, күн сайын қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 14 мыңнан астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылады. Олар көшелерді, саябақтарды, скверлерді, аулаларды және басқа да қоғамдық орындарды бақылайды.