Қазақстан бойынша дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталды
Биылғы науқанда Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында жоғары көлемде егін жиналды.Қазақстанда егін жинау маусымы аяқталды. Биыл егістің орташа өнімділігі 16 ц/га құрады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.
"Биыл елімізде жалпы егіс алқабы 23,3 млн га құрады, оның ішінде 16,7 млн га жерге дәнді-дақыл егілді. Күзгі жауын-шашынға қарамастан, егін шығынсыз жиналды. Бүгінде егіс пен дәнді дақылдарды жинау аяқталды, қазір жүгеріні жинау жалғасуда. Дәнді-дақылдың 99,7%-ы жиналды. Биыл егістің орташа өнімділігі 16 ц/га құрап, 26,5 млн тонна астық бастырылды. Жоғары өнімділікке қолайлы ауа райы мен агротехнологияларды дұрыс қолдану, яғни сапалы тұқымдарды пайдалану, минералды тыңайтқыштарды енгізу және өсімдіктерді тиімді қорғау арқылы қол жеткізілді", - деді Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, биылғы науқанда Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында жоғары көлемде егін жиналды.
Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы министрлігі: Қазақстанда 22,7 миллион тоннадан астам астық дайындалды
"Астық егетін өңірлер арасында ең жоғары өнім жинау көрсеткіші Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді, мұнда орташа өнімділік 18,6 ц/га құрады. Одан әрі Ақмола облысында – 14,1 ц/га, ал Қостанай облысында – 14 ц/га егіс жиналды. Аталған өңірлерде агротехникалық іс-шараларды қатаң сақтайтын кіші шаруашылықтардың өздері де орташа деңгейден жоғары өнім алды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы "Ақ-Жер 210" шаруа қожалығы 42,5 ц/га бидай жинады. Қостанай облысында "Сарыколь Агро" шаруа қожалығы 40 ц/га өнімділікке қол жеткізді. Сонымен қатар Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы "Свободное" шаруа қожалығы 35 ц/га өнім алды", - дейді ол.