Оған 1 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған. Нысан жылдың соңында толық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл облыстағы ауқымды қоймалардың бірі болмақ, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Панфилов ауданында жеміс-жидек көп, алайда оны сақтайтын лайықты қойма жоқ екенін облыс әкімі Бейбіт Исабаев халықпен кездесуі кезінде айтып, осындай жобаны қолға алу керектігін тапсырған болатын. 

Жалпы аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бұл аймақта жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын шағын көлемді 8 қойма бар. Енді бұл қатарға кәсіпкер Аюпжан Валиев басқаратын "Валиев" шаруа қожалығының 6 мың тонналық ірі көлемді заманауи қоймасы қосылмақ.

Шаруашылық өкілі Анаят Тохтахуновтың айтуынша, жеміс-жидек сақтау қоймасын салу жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Нысанның құрылыс жұмыстарына жергілікті жерден 10 адам тартылған. Жоба биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 1 мың тонналық бөлігі іске қосылған. Құрылыс жұмыстары түбегейлі бітіп, қойма толық қуатымен іске кіріскенде 40 шақты адамға жұмыс орны ашылады деп межеленген. 


Оқи отырыңыз: Жаркентте жүгерінің шығымы жоғары: Панфилов ауданы биыл 180 мың тонна жүгері жинамақ


Жалпы қоймада 12 тоңазытқыш камерасы орнатылады. Мұнда өнімдерді сақтап қана қоймай, оны өңдеуге де ден қойылмақшы. Яғни қойманың бір шетінен 871 шаршы метрден астам жерге цех орнатуды жоспарлап отыр. Онда повидло өндіретін цех немесе жеміс сүрлеу комбинаты орнатылуы тиіс, осы екі жобаның қайсысы тиімді болатыны қазір қарастырылу үстінде.   

"Жаркент аймағы – жеміс-жидек, көкөніске бай аймақ. Бағбандар күзгі жиын-теріннен соң өз өнімін өткізетін жер таппай қиналып қалады. Осы мәселені көзімізбен көріп жүрген соң, қойма ашу бізге де, шаруаларға да тиімді деп шешіп, құрылыс жұмыстарына кірісіп кеттік. Қойманың іске қосылған бөлігінде қазір алма, қырыққабат, бұрыш және басқа да жеміс, көкөністерді сақтауды қолға алып жатырмыз. Мұндағы алма Айдарлы ауылындағы "Жаркент-Фрукт" жеміс бағынан, ал бұрыш пен қырыққабат Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан сатып алынып жатыр. Бұл экологиялық таза өнімдер көтерме және бөлшек саудаға шығарылады, – деді А. Тохтахунов.  

Жалпы бұрыш, қызанақ, сәбіз, баклажан секілді көкөністерді үй жағдайында сақтау қиын. Сондықтан шаруашылықтар мұндай өнімдерін келісім бойынша белгіленген мерзімге осы қоймада сақтай алады. 


Оқи отырыңыз: "Күйеуіме қарап отырмай жеке кәсібімді ашқым келді". Жер өңдеп, жеміс кептірген әйелдер қалай табыс тауып отыр?


Атап өтсек, Жетісу облысы аумағында жалпы сыйымдылығы 36 800 тонна болатын 31 қойма бар, оның 18-і – 23 250 тонналық  картоп қоймасы, 7-еуі – сыйымдылығы 11 800 тонна болатын көкөніс қоймасы, 6-уы – 1 750 тонналық жеміс қоймасы. Солардың 11-і заманауи құралдармен жабдықталған. 

Жалпы өткен 9 айдағы көрсеткіш бойынша Жетісу облысында 185,9 мың тонна картоп (76,2%), 211,6 мың тонна көкөніс (94,1%) және 51,5 мың тонна (100%) бақша дақылдары жиналған.