Міндетті түрде вакцина салдыру мерзімі 15 шілдеден 10 тамызға шегерілді
Яғни екпенің бірінші компонентін — 10 тамыз, ал екіншісін 1 қыркүйекке дейін алу қажет.Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина алу мерзімін жылжытты. Бұл туралы бас санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың қаулысында айтылған.
"Жұмысшылар 2021 жылдың 10 тамызына дейін Covid-19 алдын алу екпесінің бірінші компонентін, 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін екінші компонентін алсын (соңғы үш айда коронавируспен ауырғандар мен екпені көтере алмайтын азаматтардан басқа)", – делінген қаулыда.
Құжаттың толық мәтінін мына жерде оқуға болады.
Бұған дейін шыққан қаулыға сәйкес, жұмыс берушілер қызметкерлеріне 15 шілдеге дейін вакцинаның бірінші компонентін салдыруы тиіс еді. Сондай-ақ, 15 шілдеден кейін мониторинг топтары ұйымдарды тексеріп, олар ереже бұзған жағдайда айыппұл салуы керек болған.
Екпені денсаулығы көтере тұра салдырмаған азаматтар жеті күнде бір рет ПТР-тест тапсырып отыруға міндеттеледі.