Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың хабарлауынша, мамырда жаһандық қаржы нарықтарындағы белгісіздік пен құбылмалылыққа қарамастан теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 415,16 теңгеге дейін немесе 6,8%-ға нығайған.

"Ұлттық валютаның нығаюы мұнай-газ  нарығындағы жоғары баға мен экспорттаушылардың салық төлемдеріне, жеке тұлғалардың шетел валютасына сұранысы төмендегендіктен нарық қатысушылары сентиментінің өзгеруіне, Ресей рублі бағамының нығаюына байланысты", – деп түсіндірді мұны Ғалымжан Пірматов.

Валюта нарығындағы ұсыныс квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы есебінен қосымша қолдау тапты, оның көлемі мамырда шамамен 598 млн доллар болды.


Оқи отырыңыз: Доллар бағамы тұрақсыз. Ақшаны қалай сақтасам болады?


Бюджетке ірі салық төлемдері кезеңі мен валютаны сатудың тиісті қажеттілігі аясында шетел валютасының ұсынысы сұраныстан асып түсті. Салық аптасы кезеңінде өтімділікті қолдау және шетел валютасының сұранысы мен ұсынысы арасында қалыптасқан теңгерімсіздікті реттеу мақсатында Ұлттық банк 110,5 млн долларға шетел валютасының артық ұсынысын сатып алды.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін ай басында 4 млн доллар сатылды. Кейін трансферттер Ұлттық қорға түсетін түсімдер есебінен қамтамасыз етілгендіктен Ұлттық Қордың валюталық қаражатын конвертациялау қажет болмаған.