"Керегеден тоқ соғады". Павлодар облысында көпбалалы аналар 400 миллионға салынған үйдің сапасына шағымданды
Баспананы қабылдап алғандар басқа қызметке ауысып кеткен.Павлодар облысында үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға берілген баспаналар бір жыл өтпей жатып жарамсыз болып қалған. Тұрғындардың айтуынша, баспананың сыз тартқан қабырғалары көгеріп жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Кәріз сасып, суымыз фундамент астына кетіп жатыр. Керегеден тоқ соғып, мұнда тұруға қорқамыз. Қабырғаларымыз да құлап кетеді ме деген қорқыныш бар", – деді Кенжекөл ауылының тұрғыны Алмагүл Балғымбаева.
Мұнымен қатар, баспаналы болған отбасылар жылу мен жарықтың дұрыс берілмегенін айтады. Осының себебінен балалары қыста бірнеше рет ауруханаға түскен.
Оқи отырыңыз: Жер алып, үй салуға болады: Отбасы банкі "Жас отбасы" бағдарламасының артықшылығын түсіндірді
"Қыстыгүні бұл жерде көпбалалы аналар тұра алмады. Балалары суықтан пневмониямен ауырып, пәтер жалдап кетуге мәжбүр болды. Қымбатшылық қысқан заманда жарық үшін 15-20 мың төлейміз. Арасында 30 мың беретіндер де бар", – деді Кенжекөл ауылының тұрғыны Диана Сайдуәлиева.
Кенжекөл ауылының тағы бір тұрғыны Мұрат Капуов әкімдік мәселені шешпесе, министрлердің көмегіне жүгінеміз деп отыр.
Баспананы қабылдап алғандар басқа қызметке ауысып кеткен. Ал қазіргі басшы үйдің сапасыз салынғанын жоққа шығармайды.
"Бұл үйлерді жөндеу үшін тәуелсіз сарапшыларды тартқалы отырмыз. Осы айдан бастап жұмысқа кірісетін болады. Сарапшылар әр баспанаға қандай жөндеу жұмыстары қажеттігі туралы шығарған қорытынды бойынша біз жобалық-сметалық құжаттама жасаймыз. Ал нақты қашан жөндеу жүргізілетінін", – деді Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Арман Асылханов.
Оқи отырыңыз: Үй өртенді: Қостанай тұрғыны қала әкімінен 14 миллионға жуық теңге өндіріп алды
Сапасыз баспананы әкімдіктің қалай қабылдап алғаны белгісіз. Екі пәтерлі 22 үйдің құрылысына қазынадан 400 миллионға жуық қаражат жұмсалған. Енді бұл үйлерді қайта қалпына келтіру үшін тағы да қомақты қаражат керек.