Испанияда иесінің қан қысымына мониторинг жасайтын алғашқы сағат таныстырылды
Ақылды сағат 24 сағат бойы қан қысымын дәл бақылап, есеп береді.Испанияның Барселона қаласында Huawei компаниясы таныстырған бірқатар заманауи инновациялық өнімдердің арасында адамның қан қысымына ұзақ уақыт бойы мониторинг жасай алатын ақылды сағат та бар.
D2 сериялы бұл сағаттың басты ерекшелігі – иесі өзінің қан қысымын кез-келген уақытта және кез-келген жерде өлшей алады, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы өзінің қан қысымына мониторинг жасай алады. Ақылды сағат бұл жағынан холтер және ҚҚТБ (қан қысымын тәуліктік бағалау) қызметін алмастырады.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жетістікке ғалымдар әлемдік жетекші сарапшылармен бірге ұзақ жыл қан қысымына мониторинг жасау технология саласына зерттеу жасау нәтижесінде жеткен. Қан қысымын өлшеу нәтижелерінің жылдам әрі дәл болуы үшін TruSense жүйесі қолданылады.
"Пайдаланушылар экранды бір-ақ рет түртіп, денсаулықтың 9 көрсеткішін өлшеп, Health Glance есебін ала алады", – делінген компанияның хабарламасында.
Амбулаториялық мүмкіндіктері бар ақылды сағаттан бөлек, Huawei компаниясы денсаулық сақтауға және спортпен айналысуға арналған өзге де бірнеше өнімін таныстырды. Мысалы, ақылды сағаттың GT 5 нұсқасында жаңа Эмоциялық көмекші енгізілген. Ол TruSense жүйесі арқылы физиологиялық және психологиялық қырларды қамтиды, денсаулықты толық басқаруға ықпал етеді.
Осы сағаттың Pro нұсқасы гольфшылар мен дайверлерге көмекші бола алады. Сол үшін сағатқа 15 мыңнан астам гольф алаңдарының картасы енгізілген. Ал су тереңіне сүңгігенде адамның денсаулық жағдайына кешенді мониторинг жасайды. Бұдан басқа, сағат трейлраннингке арналған навигацияны сегменттеу және 10 метрлік контурлық карта секілді кәсіби функцияларды ұсынады.
Оқи отырыңыз: Huawei ақылды сағаты және WhatsApp лайфхактары. Технология әлеміндегі жаңалықтар