Елордада діни білім беретін "Ислам орталығы" ашылады
ҚМДБ 2022 жылды "Ислам – ынтымақ пен бірлік діні" жылы деп жариялады.Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2022 жылға арналған кеңейтілген төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бағдарлық баяндама жасады.
"Біз 2022 жылды "Ислам – ынтымақ пен бірлік діні" жылы деп жарияладық. Бұл еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығын нығайтуға оң ықпал етеді деген сенімдемін. Қоғам алдындағы біздің басты міндетіміз – мұсылман қауымының бірлігін нығайту, бүлік пен жалған діни ұрандарға жол бермеу. Біз мұны терең ойланып, жамағаттың көкейіне салуымыз тиіс", – деді Бас мүфти.
Оқи отырыңыз: ҚМДБ 2022 жылғы діни күндер кестесін бекітті
Ол, сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда арнайы терең діни білім беретін "Ислам орталығын" ашу жоспарымен бөлісті. Мұндағы мақсат – отандық діни кадрлардың сапасын арттыру.
"Біз – Ислам мәдениеті мен өркениетіне үлкен үлес қосқан халықпыз. Осыған орай "Матуриди ақидасы және Қазақстандағы Ислам", "Алтын Орданың Қазақ жеріндегі Исламның дамуына қосқан үлесі" тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз", – деді Бас мүфти.