Елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысуға өтінім қабылдау басталды
Жәрмеңке "Астана Арена" стадионының жанындағы алаңда өтеді.Astana ӘКК АҚ осы жылдың мамыр айынан бастап қазан айына дейін елордада апта сайын өткізілетін өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне қатысу үшін құжаттар қабылдауды бастайды. Жәрмеңкедегі орындар тегін беріледі, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жәрмеңкелерге қатысу үшін мынадай құжаттардың көшірмелерін жіберу қажет:
- ЖК (жеке кәсіпкерлік), ЖШС, шаруа немесе фермер қожалықтарының тіркелуін растау;
- жәрмеңкеге қатысушылардың санитарлық кітапшалары, сатушылардың арнайы киімдері мен тоңазытқыш жабдықтарының фотосуреттері (қажет болған жағдайда);
- өнім сапасының сертификаты және оның бағасы (бағалар нарықтық бағадан 10-15%-ға арзан болуы тиіс);
- өткізілетін тауарға өндірушілермен немесе ірі жеткізушілермен жасалған шарттардың көшірмелері.
"Құжаттарды Әзірбайжан Мәмбетов көшесі, 24, "Аффари" БО, 8-қабат, 806-кабинетке тапсыру қажет. Жәрмеңкеге қатысушы жұмыс кестесін сақтау, өнімнің бекітілген бағасын қымбаттатуға жол бермеу, сауда орнының тазалығын қамтамасыз ету міндеттерін өз мойнына алады. Бұл нормалар екі реттен артық бұзылар болса кәсіпкер жәрмеңке аумағында сауда жүргізу құқығынан айырылады", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Ет бағасы екі аптада 200 теңгеге қымбаттады
Жәрмеңке Тұран даңғылы, 48 мекенжайында, "Астана Арена" стадионының жанындағы алаңда өтеді. Сұрақтар бойынша 8 (7171) 55-29-51 нөміріне қоңырау шалуға болады.