Биылғы оқу жылында аз қамтылған отбасылардағы мектеп оқушылары, яғни 1,5 миллионнан астам бала тегін тамақтанады. 

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыны, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандырумен қамту жоспарланған", – делінген Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінде.

Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, ең жоғары баға Алматы қаласында – 800 теңге.


Оқи отырыңыз: "Түзету мекемесі мен ағыны қатты канал қасында". Таразда тұрғындар "Жайлы мектеп" салынатын жерді ауыстыруды сұрады


"Алдыңғы жылдары 1 және 4-сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6 пайызды құрады. Бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары болды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізілетін болады", – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті басқармасының басшысы Дана Мақтаева.

Атап өткендей, бүгінде министрлік мектептегі тамақтану сапасын арттыру мәселесін пысықтап жатыр.