Алматы облысында жерасты дүмпуінен кейін қабырғасы сөгіліп апатты жағдайға түскен білім ордасының оқушылары онлайн оқытуға жіберілген. Алайда интернеттен таршылық көрген ата-аналар бұған қарсы болып отыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Бірнеше уақыттан бері балаларын қашықтан оқытып жүрген Жайнақ ауылының тұрғындары шыдамдарының әбден таусылғанын айтады. 4 наурызда болған жер сілкінісінен кейін мектеп қабырғасындағы жарықтар кеңейіп, апатты жағдайға түскен. Сондықтан білім басқармасындағылар оқушыларды онлайнға ауыстыруға шешім қабылдапты. Бірақ көпбалалы отбасылар әрқайсысына беретін телефон тапшы, тіпті интернетке кіруге де мүмкіндік жоқ деп күйініп отыр.

"Онлайн білімге қарсымыз. Үйде оқымайды. Мен бізге мектеп берілуін талап етемін. Балаларды басқа мектепке көшірсін немесе жөндесін", – деді ата-ана Айжан Тәңірбергенова. 

Тағы бір ата-ана мектепте үш бірдей баласының оқитынын айтады. 


Оқи отырыңыз: Қызылордада 40 жекеменшік балабақша жабылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалмақ


"Менің осы мектепте үш балам оқиды. Мен оларды онлайн оқыта алмаймын. Үшеуіне бірдей онлайн телефон керек. Ал бізде ұялы телефон жоқ. Оларға ұялы телефон алып берсін", – деді ата-ана Фируза Жарылқасымова. 

Ал апатты жағдайға түскен білім ордасының мамандары болса, қазір мұнда сабақ өту қаншалықты қауіпсіз екенін білмейміз дейді. Себебі, құрылыс басқармасының қызметкерлері арнайы тексеріске кіріскен. 2000-нан астам оқушының өміріне алаңдаған ұстаздар қорытынды шықпай ғимаратты пайдалану мүмкін емес деп отыр.