Жыл соңына дейін Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қаласында 5G іске қосылады
Вице-министрдің айтуынша, ауылдарға 5G тартылмайды.5G технологиясын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді және қазір бұл желі тестілеуден өтіп жатыр, деп мәлімдеді ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.
"Елімізде 5G 2022 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан секілді қалаларда жұмыс істей бастайды деп жоспарланып отыр", – деді Асхат Оразбек.
Әрі қарай вице-министр 2023-2024 жылдары 5G желісінің облыс орталықтарында да жұмыс істей бастайтынын айтты.
"Ауылдарға 5G тартылмайды", – деп қосты Асхат Оразбек.
Еске салсақ, Қазақстанда 58 мектептің интернет желісіне мүлдем қосылмағаны туралы хабарлаған едік. Ал 192 мектептегі интернет күші сайтарды ашуға жетпейді.