Психолог: Балаңыз маскүнем болмасын десеңіз, жастайынан спортқа беріңіз
Алкогольге тәуелділік дегеніміз – бұл ішімдік ішетін адамның да, оның жақындарының да өмірін бұзатын ауыр мінез-құлық бұзылыстарының бірі ретінде жіктелетін психикалық ауру.
Психолог мамандардың айтуынша, қоғамда алкоголизм дертінің кең таралуына экономикалық проблемалар мен күйзеліске түсіретін жағдайлар тікелей әсер етеді. Мұндай жағдайларда алкоголь күйзеліс пен жағымсыз эмоциялар, әлеуметтік жалғыздық пен оқшаулану туралы біраз уақыт ұмытуға мүмкіндік беретін құрал ретінде пайдаланылады.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында 2024 жылдың наурыз айының басында Қазақстанда алкогольге тәуелділігі бар 90 496 адам наркологиялық есепте тұрғанын хабарлады. Оның 3,2 пайызы 18 бен 29 жас аралығындағы жастар.
Егер сіз өткен жылдардағы статистикаға қарасаңыз, жалпы көрсеткіш шамалы болса да төмендегенін байқай аласыз. 2022 жылы есепте 90 763 адам, 2021 жылы 91 725 адам болды. Орталықта бұл жағдайдың екі негізгі себебі аталады.
Оқи отырыңыз: Әр ойынқұмардың орташа қарызы – 10 млн теңге. Құмар ойынның құрбаны болмаудың жолы қандай?
Біріншіден, бүгінгі күні алкоголь арақ немесе коньяк сияқты әдеттегі спирттер ғана емес, олардың баламалары жастар арасында өте танымал. Кез келген барда немесе мейрамханада коктейльдердің, тіпті авторлық сусындардың кең ассортиментін табуға болады. Дегенмен, қолдан жасалған сыраның немесе тәтті лонг-айленд пен мохитоның құрамында алкоголь бар.
Тағы бір себеп – алкогольдің көп шығарылуы және алкогольдің агрессивті жарнамасы.
Психоаналитик Жанар Оспанның айтуынша, алкоголь алаңдауға тұрарлық есірткімен пара-пар зат. Бұл тәуелділік адамның өзіне ғана емес, оның айналасына да теріс әсер етеді. Мас күйінде адам басқаларға зиян келтіретін әрекеттерді жасай алады.
"Ішімдікке салынған азаматтармен жұмыс істеу қиын. Себебі, олар өзінің тәуелді екенін сирек мойындайды және барлық жағдайды өз уысымда ұстап отырмын деп ойлайды. Осылайша, науқас өзінің қандай тұзаққа түсіп тұрғанын көрмейді", – деді психоаналитик Жанар Оспан.
Сондай-ақ, маман алкогольмен байланысты проблемасы бар азаматтардың өзін қоғам сынайды деп қатты қорқатынын айтады. Осы себепке байланысты олар, тіпті жақындарынан да көмек сұрамайды. Ал мамандарға жолығу екінші орынға ығысады. Осылайша физикалық және психикалық денсаулығы толықтай нашарлап, мәселесі тереңдей түседі.
"Әдетте маскүнемнің жақындары ішімдікке тәуелділіктің қалай басталып жатқанын байқайды. "Қазір моральдық тұрғыда қиналып жүр, бұл уақытша, ең болмаса осылай демалсын" деп ойлайды. Осындай ойлармен өзін алдарқатып, ақырында елемеуді жөн көреді. Екі тараптың да бұл феноменге тіке қарауға батылы жетпей тұр, олар құдды бала секілді шындықтан қашады. Бірнеше бөтелке сыра ішкенде тұрған ешнәрсе жоқ деп ойлайды. Артынша жұма-жексенбі арасында үзбей ішімдік ішу басталады, үйге мас күйінде келеді. Ал араға алты-жеті жыл салған соң, мұндай адам таңғы астың орнына ішімдік ішетін болады", – деп түсіндірді психоаналитик Жанар Оспан.
Оқи отырыңыз: "Арақты қою үшін бармаған жерім жоқ". Анонимді алкоголиктер тобындағы әйелдің хикаясы
Психоаналитик алкогольге тәуелділіктен қалай арылуға болатынын түсіндірді. Ең алдымен, тәуелділік дәрежесіне, қолдану ұзақтығына, адамның психо-ерік қасиеттеріне назар аудару керек. Үшінші тараптың факторларын да ескеру қажет – мысалы, адамның кәсіби қызметінің сипаты, сондай-ақ отбасындағы немесе ұжымдағы атмосфера. Әрбір фактор емделушінің оң нәтижеге жету мүмкіндігін азайтуы да, арттыруы да мүмкін, дейді сарапшы.
Психологтардың алкогольге тәуелді науқастармен жұмыс істегенде қолданатын ерекше әдістері бар. Бұл ретте "алдын алу" деген сөз мұнда шешуші рөл атқарады.
"Алдын алу әрқашан осы зұлымдықпен күресудің ең жақсы жолы болып саналады. Қарапайым: спОрт пен спИрттің антагонизм екенін бәрі біледі, олар құдды дұшпан секілді. Бұл спорт мектептерінде оқытылады. Сондықтан, егер сіз балалар мен жасөспірімдерді сақтағыңыз келсе, оларды ақылы үйірмелер немесе секциялар болса да, спортқа беріңіз. Бұл алкогольдің қорқынышты салдары туралы күн сайын айтудан мың есе жақсы. Мысал факторы ретінде пікір қалыптастыруға әсер ететін осындай қарапайым психологиялық әдіс туралы ұмытпаңыз", – деп қорытындылады психоаналитик.
Мұнымен қатар, психикалық денсаулық орталығындағылар жастар арасындағы алкоголизмді алдын алу шаралары туралы айтты. Мысалы, республиканың әртүрлі өңірлеріндегі емханаларда мамандандырылған жастар денсаулық орталықтары (ЖДО) жұмыс істейді.
"Жастар денсаулық орталықтарында психикалық және репродуктивті денсаулықтың алдын алуға және қорғауға бағытталған қабылдау, консультация, клиникалық-диагностикалық қызметтер және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – делінген ведомствоның хабарламасында.
Елімізде алкогольді тұтынумен және халықаралық ұйымдардың қатысуымен күрес жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, ДДҰ елдік кеңсесінің техникалық қолдауымен "Қазақстан Республикасындағы психикалық денсаулықты сақтаудың бірыңғай ақпараттық қызметін пилоттау" жобасы іске асырылуда. Жобаның міндеті – психикалық денсаулық саласындағы қызметтерге қолжетімділікті кеңейту және азаматтардың хабардарлығын арттыру.
Бұдан басқа, Қазақстанда Mental Health gap Action Programme (mhGAP) мамандандырылмаған Денсаулық сақтау ұйымдарында тәуелділікке байланысты көмек көрсету бойынша ДДҰ басшылығы енгізілуде. Денсаулық сақтау жүйесінің дәрігерлері мен психологтарын mhgap бағдарламасы бойынша оқыту ҚР психикалық денсаулық сақтау қызметін дамытудың 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасына енгізілген.
Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуі кезінде есірткі және алкогольмен ел болып күресуге шақырған болатын.
"Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз. Бұл ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай. Бізде алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Бірақ, бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейтуі керек. Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек. Мұхтар Әуезовтің "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген сөзі бар. Біз ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Склероз, инсульт, маскүнемдік. Қандай науқастар Қазақстанда судья бола алмайды
2024 жылғы 8 шілдеді Мемлекет басшысы тиісті құжатқа қол қойып, елімізде жастарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынды. Дәрігерлер мұның болашақ ұрпақ денсаулығы үшін аса маңызды қадам екенін атап өтті.