Бір жылда 36 тонна есірткі тәркіленген. Нашақорлықпен күреске биткоин қалай кедергі болып отыр
Қазақстанда нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға кешенді жоспар бекітілген. 7 бөлімнен тұратын жоспардың орындалуына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Әділет министрліктері және Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура жауапты. Бұған дейін құжат 2012-2016 жылдарға арналып жасалған, кейінгі 6 жылда Қазақстанда нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша бағдарламалық құжат болмады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2023 жылы елімізде 81 есірткі зертханасы анықталған. Ал жыл басынан бері мұндай 7 жағдай тіркелді. Қазір министрлік бір ай ішінде 1800-ден аса профилактикалық шара жүргізген. Бір жылда 12 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталса, оның төртеуі – трансұлттық қылмыстық топ.
"Жергілікті атқарушы органдарда ішкі істер министрлігінің арнайы штабы бар. Оның жұмысы барысында кешенді жоспардың орындалуы талқыланады. Қазіргі негізгі мәселе – есірткі қолданатындарды емдеу, оңалту жұмыстары. Мәдениет және ақпарат министрлігі Telegram арналарды бұғаттауға, жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстың үгіт-насихатын жүргізілуіне жауапты. Былтыр осы бағытта 2 746 қылмыс анықталды. Бір жылда 36 тонна есірткі тәркіленді. Ата-аналар баланың қалтасында скотч немесе изолента пайда болғанына назар аударуы керек. Баланың қосымша табысы пайда болғанын да назардан тыс қалмаған жөн", – дейді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Айтуынша, қазір осы салаға 73-тен астам үкіметтік емес ұйым тартылған.
"Олардың кейбірі емдеу жағына жауап береді. Кейбірі министрлікпен бірге акция өткізуге қатысады. Былтырдың өзі 10 мыңнан аса іс-шара өтті, ал 2-3 жыл бұрын небәрі 2-3 мың іс-шара өткізілетін. 2024 жылдың бір айында 96 іс-шара өткізілді. Олардың бәріне үкіметтік емес ұйымдар тікелей қатысып келеді. Профилактикалық жұмыстарға жергілікті атқарушы органдар белгілі бір көлемде қаражат бөледі. Конкурсқа қатысып, жұмысқа араласа алады", – деді Бақытжан Әмірханов.
Маман есірткі жеткізушілерді анықтауда биткоин арқылы төлем жасаудың қиындық тудырып отырғанын растады. Бұл бағытта да Ұлттық банк өкілдерімен кездесу өткізілген.
Оқи отырыңыз: "Олар түрмеде отыруы керек". Тоқаев есірткі тасымалы мен алаяқтар туралы айтты
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ресми ақпарат бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарында психоактивті заттарды тұтыну салдарынан психикалық мінез-құлық бұзылыстары диагнозы қойылған 108 722 адам динамикалық бақылауға алынған. Оның ішінде 18 мың адам есіркті заттарына және психоактивті заттарға тәуелділік бойынша тіркеуде тұр. Есірткіге тәуелді 16 мың адам – ерлер, 1,5 мың адам – әйелдер, 2,7 мыңы – 18-29 жастағылар. Бұл тізімде кәмелет жасына толмаған 66 бала бар.
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті басқармасының басшысы Анжела Бексұлтанова есірткіге тәуелді адамдарға қатысты ресми дерек нақты жағдайдан өзгеше екенін айтады. Себебі, есірткіге тәуелді көптеген адам өз жағдайын жасырады, жауапкершіліктен қорқады.
Ал Оқу-ағарту министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылы кәмелет жасына толмаған 30 баланың есірткі қолданғаны белгілі. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 26 баланы көрсеткен. Мамандар кәмелет жасына толмағандарды есірткі тұтынуға тартатын бірнеше фактор барын айтады. Олар:
- білімнің жетіспеушілігі;
- есірткінің әсерін, оның денсаулыққа қаншалықты зиян екенін, адам өміріне тигізетін зардабын түсінбеу;
- әлеуметтік ортаның дұрыс болмауы;
- белгілі бір ортаға қосылу үшін кәмелетке толмағандадың қысымға ұшырауы;
- есірткі сатуды тез баюдың тәсілі деп ойлау.
Балалардың қадағаланбауы – кәмелетке толмағандар ата анасының қарауынсыз қалуы мүмкін. Бұл жағдай олардың есірткі заттарын сатумен айналысу көрсеткішін арттырып отыр.
"Білім беру орындарында есірткі заттарының таралуына жол бермеу үшін білім беру ұйымдарында пайдалануға тыйым салынатын заттардың тізбесі бекітілді. Орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет жұмыстары қағидалары қабылданды. Оның мақсаты – кәмелетке толмағандардың басына түскен қиындықтарды анықтау", – дейді Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.
Оқи отырыңыз: ІІМ: Тіпті 1 грамм есірткі сақтағандар да өмір бойына бостандығынан айырылуы мүмкін
Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, министрлік нашақорлықтың алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.
"Қандай да бір есірткіге қатысты әрекетке қатысы бар адамды 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сондықтан университеттердің алдында тұрған негізгі міндет – салдарымен күрес емес, нашақорлықтың алдын алу. Жоғары білім аламын деп келгендер саналы жастар екені белгілі, әртүрлі өңірден келіп білім алады. Осы бағытта арнайы ректордың орынбасары мен Жастар департаменті жұмыс істейді. Жатақханаларда арнайы итпен кіріп, тексеру жұмыстары жүргізіледі. 2023 жылы осы бағытта университеттерде 500-ге жуық жұмыс жүргізілді. Министр әрбір жоғары оқу орнында психологиялық жұмысты күшейтуге тапсырма берді. Бұйрық та қабылданды. Яғни, студенттердің санына қарай психологқа бөлінетін штат саны 4-тен кем болмауы керек. Жастардан сауалнама алу бойынша да жұмыс күшейтілген", – дейді Ақерке Абылайхан.
Мамандар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысынан бұрын бала және жасөспірімдермен отбасыда ата-анасы жұмыс істеуі қажет екенін айтады. Балаға дәл қазір ғаламторды қолдануға тыйым салу мүмкін емес, алайда бейтаныс адамдардан ештеңе алмау, бейтаныс заттарды тұтынбау секілді жұмыстарды бастапқы кезеңде балаға сіңіру қажет деп санайды.