Бұл тралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов хабарлады.

"Қазір әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарлары бағасын тұрақты деп айтуға болады. Соңғы екі айдағы статистика бойынша, баға өсімі 0,6 пайызды құрады. Бұл 2015 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Сонымен қатар, 25 ақпаннан 3 наурызға дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының 0,1 пайызға төмендегені байқалды", – деді министр.

Оқи отырыңыз: Оқушылар 16 наурыздан бастап каникулға шығады. Қазақстан тағы қандай сақтық шараларын қабылдады?

Сондай-ақ, Бақыт Сұлтанов әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпараттың негізсіз екенін айтты:

"Қазір Қазақстанның ішкі нарығында ешқандай дефицит жоқ. Яғни, әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпарат жалған. WhatsApp мессенджерінде кассаның жанында түсірілген сурет тарап жатыр. Бүгінгі ажиотаждың шығуына ешқандай себеп жоқ. Сондықтан, жалған негатив ақпарат таратпауларыңызды сұраймын".

Министрдің айтуынша, қант, тауық еті сияқты азық-түлік түрлері жетпей жатқан жағдайда оларды көрші елдерден тасымалдауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, аймақтардағы жергілікті билік органдары бағаны тұрақты ұстап тұру үшін қажетті шараларды жасап жатқаны да айтылды. Мысалы, кеше Нұр-Сұлтан қаласының билігі қазан айына дейін бағаны тұрақты ұстап тұру үшін қаладағы сауда үйлерімен келісімшартқа жасауға 1 млрд теңге бөлген.

Оқи отырыңыз: Коронавирус себебімен қысқарған әуе рейстерінің билетін қайтару ұсынылды. Қайда хабарласу керек?

Ал, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров аймақтардың азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізетін жедел штаб құрылғанын хабарлады:

"Мониторинг күн сайын жүргізіледі. Өңірлік тұрақтандыру қорларындағы, өндірушілердің қоймаларындағы, сауда орындарындағы азық-түлік қорын қадағалап отырмыз. Дәл қазір халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейі жоғары. Бүгінгі ақпарат бойынша, дәл қазір 1,2 млн тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының қоры бар. Адам басына шаққанда, бұл қор халықты 5-6 ай қамтамасыз етуге толығымен жетеді".

Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, барлық азық-түлік тауарларының өндірісі халықты жыл бойы толығымен қамтамасыз етеді. Ал кейбір тауар түрлері артығымен өндіріледі. Мысалы, жыл сайын 3 млн тоннадан астам ұн, 144 мың тонна күріш, 165 мың тонна макарон, 3,9 млн тонна картоп өндіріледі.

Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы. Ол әлем елдерін карантин жариялауға міндеттей ме?

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тиісті органдар қазіргі ситуацияны пайдаланып, бағаны негізгіз өсіргісі келетіндердің әрекетіне жол бермейді дейді:

"Осы жағдайды пайдаланып, бағаны негізсіз көтеретін кәсіпкерлерді көрсеңіздер, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті не тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне хабарласыңыздар!"