Прямой эфир Новости спорта

АҚШ-қа грин картамен 9 жыл бұрын көшкен қазақ үш пәтер алып үлгерген

Фото Арманның жеке мұрағатынан алынды
Фото Арманның жеке мұрағатынан алынды
Тараз қаласында туған Арман Жаңабаев informburo.kz тілшісіне АҚШ-қа кету себебі мен жаңа құрлықтағы жетістіктері, "америкалық арман" жайлы әңгімелеп берді.

"Ипотекаға үй алғанымызға қуанамын"

Арман Тараз қаласында туып өскен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы халықаралық қаржы институттарының бірінде бағдарламашы болып жұмыс істейді. Ол АҚШ-қа 2006 жылы бірге оқитын достарымен бірге Work and Travel бағдарламасымен барады. Сол кезде АҚШ билігі жыл сайын ұйымдастыратын грин карта (Green Card) лотереясы туралы алғаш рет естіген екен.

– АҚШ-қа Work and Travel бағдарламасымен келген студент мұндағы жалақының көлемі қандай екенін жақсы біледі. Сондықтан оқуды бітіргеннен кейін АҚШ-қа тағы барып, үйдегі қаржы тапшылығын жоюды жоспарладым. Егер Таразда ипотекаға үй алмағанымызда, АҚШ-қа кету туралы мүлде ойламаған да болар едім, – дейді Арман.

Оның айтуынша, грин карта ол үшін көптеген мүмкіндіктерге жол ашқан.

– Егер АҚШ-қа көшпегенімде, Тараздағы ипотеканың ақысын әлі төлеп жүрер едім, – дейді ол.

АҚШ билігі жаңа резиденттерді жыл сайын неге қабылдайды?

АҚШ – иммигранттар елі. Сол себепті де ел үкіметі "көпұлтты қоғам құру" принципін ұстанады. АҚШ билігі әртүрлі ұлт өкілдерін америкалықтар қатарына қосуға жыл сайын 50 мың резидент квотасын бөледі. Бұл бізге Green Card атымен белгілі, ал ресми атауы – Diversity Immigrant Visa Program.

АҚШ-тың заң шығарушы органы жыл сайын грин карта лотереясы ойнатылатын елдер тізімін жаңартып отырады. Тізімге Канада, Пәкістан, Біріккен Корольдік, Бразилия, Қытай және тағы 13 ел кірмейді.


Грин карта көп ұтқан елдер қатарында Өзбекстан, Украина, Мысыр, Непал, Албания, Ресей және Венесуэла бар

Грин карта көп ұтқан елдер қатарында Өзбекстан, Украина, Мысыр, Непал, Албания, Ресей және Венесуэла бар / Скриншот green-card.com сайтынан алынды


Грин картаға қатысушы қазақстандықтар саны соңғы жалдары күрт өскен. Олардың ішінде Арман сияқты "америкалық арманды" қуып жүрген жастар көп.

"Жаңа құрлық" резидентіне айналған азаматқа қандай жеңілдіктер беріледі?

Арманның айтуынша, грин карта ұтып алған азамат АҚШ-қа барған кезде бірқатар жеңілдіктер алады. Бастысы ол АҚШ-тың резиденті статусын алады, яғни ол Қазақстан азаматтығын сақтай отырып, АҚШ-тың тұрақты тұрғынына айналады.

– Сіз тек сайлауға қатыса алмайсыз. Қалған құқықтарыңыздың барлығы америкалықтармен бірдей. Кейде олардан да көбірек жеңілдіктерге ие боласыз. Мысалы, тіл курстары мен университет немесе колледжде тегін білім алуға және тегін медициналық сақтандыру алуға мүмкіндігіңіз болады. Одан бөлек, үй немесе көлік сатып алуға да жеңілдіктер қарастырылған. Ал оның ең басты артықшылығы АҚШ территориясында ресми жұмыс істеп, табыс таба алуыңызда болып отыр, – дейді Арман.

You have been randomly selected...

Грин карта лотереясын жыл сайын әлем бойынша 150 миллионға жуық адам ойнайды. Ал оны 1-1,5 пайызы ғана ұтады. Кейін үміткерлер АҚШ елшілігі тарапынан сұрыпталып, ұтқандардың небәрі үштен бір бөлігі ғана АҚШ резиденті атанады.

Грин карта лотереясы жыл сайын ойнатылады. Ол үшін үміткер АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің ресми сайтындағы арнайы платформа арқылы қазан айында тіркелуі тиіс. Ал оның жауабын тек келесі жылдың мамыр айында біле аласыз. Биыл Қазақстанның 1020 азаматы ұтып отыр.

– 2009 жылы Лондонда өз салам бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан едім. Мамыр айында грин карта нәтижесін тексергенімде "You have been randomly selected" (Сіз кездейсоқ тәртіппен таңдап алындыңыз) деген бет ашылды. Содан бірден АҚШ-тың Англиядағы елшілігіне байланысқа шығып, барлық резиденттік құжаттарымды Лондонда алдым, – дейді Арман.

Грин карта құжаты 10 жылға беріледі. АҚШ резидентіне атанған адам кейінгі үш жылда ел азаматтығын алу ұсынысы беріледі. Ал азаматтықты ауыстыру адамның өз еркінде.

Грин карта Арманның өмірін қалай өзгертті?

Арман Бруклиндегі өз үйінен метроның D тармағымен күнделікті Манхэттендегі жұмыс орнына барады. Жолға шамамен 40 минут кетеді екен. Оның айтуынша, метро – жұмысына жетудің ең оңтайлы жолы.

– Дамушы елде өмір сүріп, америкалық қоғамға көшкен кезде әлеуметтік жағдайыңның бірден көтерілгенін сезінесің. Ал Қазақстандағы бір айлық жалақыны мұнда бір күнде тапқан кезде, одан да көп еңбек етуге жігерленесің, – дейді Арман.

Ол Таразда алған дипломымен Нью-Йорктағы Сауд Арабиясының инвестициялық қорын басқару міндеттелген (Money Management) SIB Portfolio Advisors компаниясында бағдарламашы болып еңбек етеді. Арман аталған компанияның жасаған инвестициялық операцияларының транзакцияларын бақылайтын "in-house application" құрумен айналысады. Ол бұл дәрежеге жеткенге дейін бірталай қиындықтардан өткен.


Арман өз жұмыс орнына жұбайын (сол жақта), әжесі (ортада) мен ағасын (оң жақта) ертіп келген сәттен

Арман өз жұмыс орнына жұбайын (сол жақта) және әжесі (ортада) мен ағасын (оң жақта) ертіп келді / Фото Арманның жеке мұрағатынан алынды


– АҚШ-қа келген кезде ешкім сізге барлық жағдайды жасап бермейді. Оған тек тынымсыз еңбек етіп қана қол жеткізесіз. Бастапқыда әртүрлі жұмыстарды істеуге тура келеді. Ал мен келген кезде (2009 жылы АҚШ-та ипотекалық дағдарыстың салдары әлі бар болатын – ред.) жұмыс табу өте қиын болатын, – дейді ол.

Арманнан оның жалақысы жайлы сұрамауды жөн көрдік. Себебі америкалық қоғамда жалақының көлемін сұрау әдепке жатпайды. Десе де, интернеттегі қолжетімді ақпаратқа сенсек, Нью-Йорк қаласында жұмыс істейтін бағдарламашылардың орташа жалақысы жылына 90 мың АҚШ долларын құрайды екен.

"Америкалық арманымды орындадым"

Америка құрама штаттарын құрған иммигранттар әрбір америкалықты алға жетелейтін идеологиялық рухты қалыптастырған. Ол – тең мүмкіндіктер мен еркіндік идеалы.

Ал заманауи қоғамда америкалық арман өз үйі мен тұрақты табыс көзі бар бақытты отбасымен теңестіріледі. Арман өзінің америкалық арманының орындалғанын айтады.

– Мен өзімді бақыттымын деп есептеймін. Сүйікті жар тауып, бала сүйіп отырмын. Отбасым аман, туысқандарым жайдары өмір сүріп жатыр. Жақында баспаналы болдық. Бұл менің америкалық арманынымның орындалғанын білдіреді, – дейді ол.


Арман жұбайы Жұлдызбен бірге

Арман жұбайы Жұлдызбен бірге Нью-Йорк штатындағы Уорик (Warwick) қалашығында / Фото Арманның жеке мұрағатынан алынды


Америкалықтардың иммигранттарға көзқарасы қандай?

Арманның айтуынша, америкалықтар шетел азаматтарын бөліп жармайды, өздерімен тең көреді. Себебі олар бұрын көшкен иммигранттардың ұрпағы екенін естерінен шығармаған.

– Нью-Йорк көшелерінде серуендей отырып, түрлі ұлт өкілдерін кезіктіресің. Бір көшенің бойында мексикалықтардың такосын, италиялықтардың лазаньясын, жапондардың раменін, кәріс стиліндегі теңіз тағамдарын, немістердің сырасы мен француздардың круассанын дайындайтын орындарды көргенде таңданбаңыз. Сонша ұлттың өкілдері бір-біріне көрші тұрып, тыныш өмір сүріп келеді. Америкалықтар өзге біреудің дәстүрі мен сеніміне құрметпен қарайды, – дейді Арман.

Америкалықтар кез келген жағдайда асығыс шешім қабылдамай, салқынқандылықпен әрекет етуге үйренген. Арман осы күнге дейін олардың тарапынан өзге ұлт өкілін кемсіту немесе оны бөліп қарау сынды жағдайға тап болмағанын айтады.

Америкалық қоғамда өмір сүрудің артықшылықтары неде?

– АҚШ-та заң бәріне бірдей. Әрбір азамат қоғамның айырылмас мүшесі болғандықтан оның жеке құқығы қорғалған. Сосын саяси билікті халық сайлайды. Сәйкесінше олар халыққа қызмет етеді, – дейді Арман.

Оның айтуынша, елдің экономикалық мүмкіндігі мен халықтың әл-ауқаты айтарлықтай жоғары болғандықтан, күнделіктік өмірге қажет кез келген өнімге еш қиындықсыз қол жеткізе аласыз.


Арман америкалықтар сынды жиі саяхаттағанды жақсы көреді

Арман америкалықтар сынды жиі саяхаттауға үйреніп алғанын айтады / Фото Арманның жеке мұрағатынан алынды


– Мысалы, супермаркетке қарапайым аспаз майын алуға барсаңыз, текшеде майдың 15 түрін көресіз. Кейде таңдау қиынға соғады, – дейді Арман.

Грин картаны неге өзбектер көп ұтады?

Көрші елден АҚШ-қа кетіп жатқандар саны жыл сайын артып келеді. АҚШ-қа барған отандастарымыз Нью-Йоркте өзбек дәмханалары мен самcаханаларын көріп таңданғандарын бөлісіп жатады. Нақтылап көргенде, олардың басым бөлігі грин картамен көшкен екен.

– Расымен Нью-Йорк қаласында өзбектер өте көп. Олардың басым бөлігі Бруклин мен Куинс округтерінде тұрады. Жақында Chinatown немесе Koreatown сынды Uzbektown пайда болса, таңданбаспын, – дейді Арман.

АҚШ үкіметі грин картаны ұтып алу мүмкіндігін барлық елге бірдей беру жүйесін құрған. Ал бәсекелестік тек елдің ішінде үлкен болуы мүмкін. Мысалы, өткен жылы 4494 өзбекстандық грин карта ұтса, биыл ол 4501-ге жеткен. Демек, лотерея ойынына өтініш білдіретін азаматтар саны да едәуір үлкен.

Орта Азиядан АҚШ-қа көшу жиілей түсті

Орта Азия тұрғындары – грин карта ұту арқылы АҚШ резиденті болу мүмкіндігін иемденетін екі аймақтық топтың бірі. Екінші топқа Шығыс Еуропа елдері кіреді. Нақтылап өтсек, Албания, Украина, Молдова, Ресей және Армения сынды елдер азаматтары бәрінен көп грин карта ұтады.


Биыл грин карта ұтқан азаматтар статистикасы АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің (State Department) ресми сайтында жарияланған

Биыл грин карта ұтқан азаматтар статистикасы АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің (State Department) ресми сайтында жарияланған / Скриншот travel.state.gov сайтынан алынды


АҚШ үкіметінің ресми мәліметіне орай, 2001-2018 жылдар аралығында 8586 қазақстандық грин карта ұтып алған. Бұл – Орта Азия елдері арасында екінші үлкен көрсеткіш. Ал бірінше орында 60 143 санымен Өзбекстан тұр.

Соңғы жылдары Қазақстаннан шетелге, әсіресе, АҚШ-қа көшкісі келетіндердің саны айтарлықтай көбейген. Нақтылап өтсек, өткен жылы 518 Қазақстан азаматы грин карта ұтса, биыл бұл көрсеткіш екі еселенген (1020 адам).

Сарапшылар соңғы жылдардағы қазақстандықтардың эмиграциясының ұлғаюы елдегі мұнай дағдарысы мен валютаның күрт құнсыздануынан болып отыр дейді. Ал Орта Азияның өзге елдерінен көшу әлдеқайда ерте басталған.

Грин картаны толтыруға не қажет?

Грин карта АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің ресми сайтында (dvlottery.state.gov) толтырылады. Одан өзге сайттарда толтырсаңыз, сіз енгізген ақпарат қолды болуы мүмкін.

Грин картаны толтыруға небәрі 5 минут уақытыңыз кетеді. Ол үшін ресми сайтқа өтіп, өзіңіз туралы базалық мәліметтер мен нақты мекенжайыңызды жазасыз. Одан бөлек, білім дәрежеңіз бен соңғы 6 айда түсірілген 5x5 суретіңізді енгізесіз.

Егер отбасыңыз болса, жұбайыңыз бен балаларыңыз туралы мәліметтерді де енгізу қажет. Олар да 5x5 фотоға түсулері керек. Ал 21 жастан жоғары балалар енгізілмейді. Грин карта лотереясына қатысу тегін, яғни ешқандай ақша талап етілмейді.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров