Прямой эфир Новости спорта

Қарақоңыз – дара қоңыз

Қордайдағы оқиғалар арасында публицист Қайнар Олжай бертінде өзгеріп кеткен Қарақоңыз атауы туралы ой қозғады.

Табиғатта

Қоңыз – Жер бетінегі жәндіктер ішіндегі көбінің бірі. Қазір 300 мың түрі ғылымға белгілі. Сипатталған. Бағаланған. Тіркелген. Бірақ зерттеушілер кемінде "оның кемінде миллион түрі болуы тиіс, біздің қолымызда үштен бірі ғана жинақталған" дейді.

Қайда тіршілік бар, сонда қоңыз бар. Мал мен құс, шөп пен бұта тұрмақ, қына мен мүк біткен жер болса, соған бейімделген қоңыз міндетті түрде табылады.

Өзінің көзге көрінетін дене бөлшектері: бас, кеуде, қарын болып үшке бөлінеді. Жүруге, өрмелеуге, тырмысуға бейімделген аяқтарынан басқа арқасында қанаты болады. Оның бір ерекшелігі – қатты болса, екінші артықшылығы – жиналмалы екендігі. Жерде қорғаныш қалқан есебінде, ал ұшу керек болса, оны жая қояды.

Оқи отырыңыз: Тұмылдырыққа тәуелді тағдыр

Бала кезімізде ойнайтын қоңызымыз – "үй қайда көшеді" еді. Қанаты қызыл. Әр тұсында қара не ақ нүктелері бар. Ол нүктелерді табиғат "балалар қуансын" деп жаратпаған. Гүлдің күлтесімен бірдей түсте болып, жауларынан жасырыну үшін солай боялған.

Осы қоңызды қолымызға жіберетінбіз. Саусақтың ұшына шыққан соң, қанатын жайып қомданады. Қоңыз қай жаққа ұшса, ауыл солай көшеді деген ырым болған. Сондықтан ауыл баласы үшін оның аты – "үй қайда көшеді". Беріде ғылыми еңбектерді қарастырсақ, қанаты жоқ қоңыздар да бар екен табиғатта.

Қоңыз өз тіршілігінде төрт күйден өтеді. Алдымен жұмыртқа. Одан құрт шығады. Бұл күйде бірнеше рет түлейді. Одан қауашыққа айналады. Ақыры қауашақтан қоңыз пайда болмақ.

Қазақ оны ежелден жақтыра қоймаған. Себебі түсінікті. Бұл шіркіннің айналдыратыны – тезек. Бала кезімізде малдың тезегін не теуіп, не қолмен аударып тастаймыз. Астынан қанша қоңыз шыққанын көру үшін. Жасылы, қарасы, көгі, қызылы, қоңыры, сарысы, аласы, теңбілі, шұбары бар шұбырып шығар еді. Үстінгі бояуы ғана емес, тұрқы да сан түрлі. Ұзыншағы, домалағы, төртпағы, сопағы, жуаны, жіңішкесі жетеді. Мүйіздісі, мұрттысы, құйрықтысы, бадырағы да баршылық. Оған аяқтарының төрт, алты, сегіз, одан да көп болатынын қоссаңыз, есебінен жаңылмақсыз.

Оқи отырыңыз: Марафоншы Мауро жарқанат қанын ішіп, тірі қалған. Сүтқоректі жәндік туралы не білеміз?

Негізі қоңыз – Жер бетіне пайдасы орасан зор жәндік. Аң, мал тезегі мен түрлі өлекселерді қайта өңдеп, топырақты құнарландырады.

Ал адамзат үшін зияны да жеткілікті. Ағаштан салынған үйдің, ағаш жиһаздың бірінші жауы – өрт болса, екіншісі тура осы – қоңыз. Қала берді ұнға, күрішке, тағы басқа азық-түлікке кіріп, сапасын бүлдіреді. Мұны аз десеңіз, бақшадағы картоптан бастап түрлі көкөніске залал тигізеді. Еліміздің оңтүстігіндегі диқанды "колорад қоңызы" аталатын түрі зар жылатады.

Ертеректе Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик Бараевтан сұхбат алғанбыз. Институт зертханаларынан астық тұқымы түрлерімен қатар сан түрлі қоңыз, шыбын, жынды көбелек және басқасының суреттері мен сипаттамаларын көргенбіз. Өйткені, қоңыз – астыққа зиянкестің бірі. Оның шабуылы екі жақтан болады. Біразы дәнді дақыл өсіп жатқанда паналап, жұмыртқалап өнімді азайтады. Келесі тобы қамбада сақталған астықты жеп зиян келтіреді. Бараев бастаған ғалымдар жәндікті зертейтін ғылыми институттармен тығыз байланыста жұмыс істейтін.

Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетіндегі боран тақырыбы туралы

Бұл тұста жаппай химияға жүгіну тиімді емес. Химиялық дәрілеудің бүкіл табиғатқа зияны сан рет айтылды. Осылай өңдеп, ұсақ жәндіктерді құрту қарлығаш сияқты пайдалы, сүйкімді де сүйікті құстың жоғалуына жалғасты.

Ал, бүкіл қоңыз астыққа залал әкелмейді. Бұлардың ішінде шөп, дақылмен күнелтпейтін жыртқыш түрлері жеткілікті. Олар өздерінен кіші қоңыз, өсімдік биті сияқтыларды жейді. Сөйтіп астықты сақтайды. Сондықтан Бараев бізге пайдалы және зиянды қоңыздарды жіліктеп сипаттап еді.

Қоңыздың үлкен тобы егеуқұйрық немесе кептер сияқты адамзатпен іргелес өмір сүруге бейімделген. Азық-түлікке тиіскеннен басқа жүннен тоқылған кілемді, тіріден тігелген ішікті жеп тастайды. Әлем бойынша қоңыз – музейлердің қас жауы. Сондықтан дәрілейді. Көрінгенін таптайды. Бәрібір адамзат бұл күресте түпкілікті жеңіске жетпеген.

Кейінгі жылдарғы ғаламдық жылыну қоңызға зор қатер әкеліпті. Хельсинки университетінің Табиғат тарихы музейінің ғылыми қызметкері Педро Кардасо жер бетінде қоңыз азайып барады деп дабыл қағады. Тыңайтқыш пен улы дәрі шыққалы олар бұрынғыдан 40 пайызға кеміген. Бұл алдымен адамзат үшін қатерлі.

Мына бағытпен кете берсек, күндердің күні қоңыз өзінің табиғи міндеттері: өсімдікті тозаңдандыруды, ұсақ зиянкестерді жеуді әрі өзі құсқа азық болуды қояды. Бұл – ақырзаманның басы.

Оқи отырыңыз: Ресейдің сәтсіз сынақтарының көбеюі Қазақстанға қауіпті күшейтіп тұр

Танымда

Қоңыздың не түрін көріп өстік дедік. Оның сыртында оған қатысты талай сөзді естідік. Ең жиі айылатыны, әдебиеттен сан рет оқығанымыз: "дүние боғын домалатқан қоңыз" деген тіркес.

"Қан мен тер" кітабының әрбір бетінен Арал теңізі толқындарының шуылы мен балдырдың иісі келіп тұрғандай әсер ететін. Сонда Құдайменде әулеті "дүние боғын домалатқан қара қоңыз" деп сипатталады. Оралхан Бөкеев романтикалық кейіпкеріне "жер бетімен қи домалатқан қоңыз пенде ғанасыз" дегізеді. Арыдағы ертегілерде де бұл тіркес бар.

Осы әдебиеттегі теңеу сөзді көзбен көретін затқа, көркөмөнер туындысына айналдырған адам болды. Молдағұл Нарымбетов. Бұл кісімен "Хабар-2" арнасында бірге қызмет атқардық. Суретші декоратор болды. Ерінбейтін. Жаңа идеялар тудыра беретін. Осы заманғы сәнді киімді ұнатпай, киіз не мақтадан сырған шапанмен жүрді. Ақ қиізден тіккен қалпағы болды. Қоңыр киіз қоржынын асып алатын.

Молдекеңнің бірқатар туындысы шетте қалды. Өзі Нью-Йоркте, Парижде, Венада, тағы басқа қалаларда перфоманс өткізіп жүрді. "Қызыл трактор" деген суретшілер тобы болды. "Оның моторы Молдағұл еді" десек артық айта қоймаспыз.

Оқи отырыңыз: Киесі бар, иесі жоқ түйе

Шетте қалған туындысының бірі – "Дүние боғын домалатқан қоңыз". Мұнда үш жарым метрлік шарды артқы аяқтарымен итеріп келе жатқан қоңыз бейнеленген. Бұл қоладан құйылмаған, мыстан құрсауламаған, тастан қашалмаған ескерткіш бар болғаны автокөліктің ескі доңғалақтарынан жасалған. Сол арқылы екінші жағынан табиғатты таза ұстауға шақырып тұр.

Біз үшін өкініштісі – бұл өнер туындысы Ресейдің Пермь қаласында тұр. Қазақтың билігіндегілер әлі күнге өзгенің қаңсығына құмар. Алматыға қойылған ұлттық ұғымға еш қатысы жоқ ақ тиін мүсініне қараңыз. Оның орнына Молдағұлдың "Дүние боғын домалатқан қоңызы" қойылғанда анағұрлым мәнді болмас па еді.

Молдағұл ағамыз мүсіннің идеясын кітаптардан емес кәдімгі қара жерден көргенін айтып еді. Иә, өзінен үлкен тезекті домалатқан қоңызды көріпті. Соны жүз есе үлкен ескерткішке айналдырған. Рас, талантты адам табиғаттың өзінен тақырып табады. Мұндай мысал әдебиетте бар. Әбіш Кекілбайдың "Тасбақаның шөбі" деген әңгімесі шөп тістеп келе жатқан тасбақаны көрген кезде туғаны талассыз.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Париж климат келісімінің талаптарын неге орындамай отыр?

Не, мүсін өнерінен сөз өнеріне қайта ауысып кеттік пе. Солай-ақ болсын. Ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының бір мысал өлеңінде қара қоңыз өзек болған. Олар жер жүзіне қаптайды. Бір боққа елуден кем қонбайды. Тірліктерін де ақын қапысыз суреттеген:

Тезегін бұрын көмген таба алмайды,

Көп қарап, шаршап-жүдеп, шабандайды.

Қыс болса жиғанының жартысын жеп

Ендігі жаз болғанша амалдайды.

Содан қоңыздар дарияның ар жағындағы аттың тезегі жұпар шашып тұратын жер бар деп естиді. Хабар құлаққа тиген соң бүкіл қауым аттанады. Барса, дым да жоқ. Қоңыз атаулы күңіреніп кеткен. Өз даласының қадірін білмегенге!

Кешегі кең далада тастап кеткен

Тиюші ед таудай кесек дарамызға.

Әр жерден аяқ аузы үңгір қазып,

Толып ек күн-түн тасып шарамызға.

Бұл жерде бір тезек те көрінбейді,

Осынша олжа етерлік қарамызға.

Қанағат қолдағыға қылмаған соң

Мінеки, өштік кірді арамызға.

Қадірін қара қидың білмеген соң

Жер жатыр күңіреніп наламызға.

Тұрмағамбет – мықты ақын. Біздің өлшемде. Мына мысал өлеңі де соны айғақтайды. Бір кереметі – осы өлеңді 14 жасында жазыпты.

Бұл жәндікке қатысты және бір тұрақты тіркес – "қоңыз теріп кетті" – екі қаламгердің бірінде кездеседі. Қазақтың өз басынан талай өткен жәйт. Тоқсаныншы жылдарың ортасында да солай болған.

Осылайша қоңыз қазақтың ауыз және жазба әдебиеті мен мүсін өнеріне мықтап еніпті. Ендігі сөз етпегіміз – тарих.

Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер

Тарихта

Бұл мақалаға Қордай өңіріндегі Қарақоңыз атауы себеп болды дедік. Беріде ол шағын табиғи қорық атауында сақталып қалды. Ал үлкен ауылдың "Қарақоңыз" деген аты кімге ұнамағанын қайдам, әкімшілік карталарынан өшірілді. Бірақ, санадан өшуі мүмкін емес.

1952 жылы СССР Ғылым академиясының баспасынан "СССР Ғылым академиясының Шығыстану институтының жазбалары" атты кітап жарық көрген. Онда қытай тілін зерттеген ғалым Б. А. Васильевтің "Дүнгендердің ауыз әдебиеті" атты мақаласы жарияланды. Ол дүнгеннің 1877 жылы Би Янхудың бастауымен Қытай императорының қаһарынан қорқып, қашып келгенге дейінгі және қазақ пен қырғыз арасынан пана тапқаннан кейінгі ауыз әдебиеті үлгілерін талдайды.

Сонда бергі дәуірде пайда болған жырларда бірнеше рет Қарақоңыз атауы кездеседі. Ғалым оны орысша аударып берген: "Жили дунгане в Каракунузе..." немесе "Кто бы думал Масанчэн явится в Каракунузе". Иә, Масанчи болып беріде өзгертілген. 1952 жылғы академиялық еңбекте "Масанчэн" деп тайға таңба басқандай жазылған. Тағы бір тұсында "Каракунуз ведь можно считать большим местом" деген аударма бар. Дүнген халқы өз тарихынан, өз тіліндегі дастанынан бас тартқысы келмесе, Қарақоңыз атауынан қашпауы керек еді.

Оқи отырыңыз: Жойқын қарудан – жәдігер

Айтпақшы, соңғы күндер оқиғасына қатысты газеттегі мақаладан "Қарақоңыз атауы дүнгендердің осы өңірді өңдеу үшін далада қара қоңыздай қаптап жүргенінен шығуы мүмкін" дегенді оқып, мырс етіп күліп алдық. Неге?

Тура Қарақоңыз деген жерде қазақтың соңғы ханы Кенесары мен қырғыз Орманның әскері соғысқан. Бұл – 1847 жылы, яғни аш-жалаңаш дүнген келерден 30 жыл бұрынғы оқиға. Қытай тілді халықтың аты да, заты да мұнда жоқ еді.

Беріде қазақ Сүйінбай мен қырғыз Қатаған айтысында біздің ақынымыздың:

Қырғыз, қазақ егесіп

Шабысып, ұрсып, шегесіп,

Елші түнеп қаңтарда

Екі Орман сөйлесіп.

– деп келетін жырындағы оқиға Қарақоңыз аңғарында өткен. Айтыста ғана емес, тарихи деректерде Кенесарыға қарсылық таныту үшін қырғыз тарапынан Қарақоңызға көп жасақ жиналғаны айтылған.

Қазақтың соңғы ханын тәуелсіздік дәуірінде терең зерттеген тарих ғылымының докторы Жанұзақ Қасымбековпен жақсы таныс болдық. Тоқсаныншы жылдар басында Мұхтар Мағауинннің басшылығымен "Жұлдыз" журналында өткен "дөңгелек үстелде" айтқан сөзі әлі есте. Жанұзақ аға Кенесары туралы іргелі кітабында көптеген зерттеушілердің еңбектерімен қоса Ресейдің архивтерінде қалған орыс жандаралдары мен орыс-казак отрядтарының есептерін келтірген. Соның бірінде бұл жердің жағырапиясы сипатталған: "Майтөбеге екінші жақтан Кекілік-Сеңгір тауы түйіседі. Кекілік-Сеңгірден етекке қарай Қарақоңыз аңғары басталған. Одан төмен Алмалысай мен Сауылман болып екі айрылады".

Оқи отырыңыз: Тұман тұралатқандар

Міне, беріде босып келген дүнгенге мекен болған Қарақоңыз атауы оған дейінгі Кенесары дәуірінде бар екен. Ендеше "қара қоңыздай қаптаған дүнген жерді өңдеп жатқан соң солай атаған" деу – далбасаның өзі.

Айтпақшы, Кенесары мен Наурызбай бастаған жиырма шақты сұлтан, қарадан шыққан қаншама батыр, оның ішінде атақты Амангелдінің атасы Иман батыр осы Кекілік-Сеңгір етегіндегі Қарақоңызда қырғызбен ұрыста қаза тапқан. Ағыбай батыр ғана өз тобымен қырғыз шебін бұзып, Шудың төменгі жағына аман шыққан.

Ал неге бұлай аталған дегенді ойласақ, кәдімгі қарақоңыздың көптігінен. Қоңыз көптігі – мұнда оған азыққа шөп пен ағаш ерекше өседі. Қоңыз көптігінен оны шоқып жейтін құс та жеткілікті. Шағын қорықта олардың қырыққа жуық түрі ұя салады. Құс өлгенде – қайтара қоңыздың азығы. Табиғатта бәрі осы тепе-теңдікпен тіршілік етіп келеді.

Жалпы, қазақ даласында Жыланды, Бақалы, Шіркейлі, Соналы, Маралды, Арқарлы, Қарғалы, Бүркітті сынды жан-жануар, құс пен жәндік атымен аталған жер қаншама. Тіпті, атауына анықтауышы қосылып кеткендері де бар. Арал аймағындағы Қасқақұлан, Қарағанды облысындағы Семізбұғы, қазақтың алғашқы өндіріс орындарының бірі Қарсақбай, бәрі-бәрі – бұл сөзімізге дәлел.

Қарақоңыз да осы қатардан өшпеуі керек. Ал Масанчэн мәселесін шешу – саясатшылар мен онамастика мамандарының шаруасы.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

Новости партнеров