Әрине, ұлттық мәселе, оның ішінде қазақ ұлтшылдығына деген сан түрлі көзқарастар – күн тәртібінен түспейтін тақырыптар, дегенмен өтірік пен өсектің, жалған пайымдардың шектен шығып бара жатқанын мойындауымыз керек. Қысқасы, осы мәселелерге көз жүгіртіп, саралап көрсем деген оймен, ұлтшылдыққа байланысты орыс тіліндегі жарияланған мақалалар мен зерттеулерді шолып шықтым да... жағамды ұстадым.
Біріншіден, соңғы бес-алты жыл бойы жарық көрген мақала-зерттеу-пікір-сараптама-сұхбаттардың басым көпшілігі ұлтшылдық, ұлттық мемлекет, қазіргі қазақ ұлтшылдығы дегенді білмейтін не біле отырып, білмегенситіндердің қаламынан шыққан сияқты. Екіншіден, әрқашан тек дерек пен дәйекке сүйеніп, бейтарап пікір білдіруге тиісті зерттеушілердің көпшілігі ұлтшылдыққа, оның ішінде қазақ ұлтшылдығына деген негативті көзқарастарын бүркемелей алмапты.
Өкінішке қарай ма, әлде қуанышыма орай ма ұлтшылдардың өкілі ретінде аты аталған бес-алтаудың ішінде мен де бар екенмін. Сондықтан, олардың пікірлеріне өзімнің көзқарасымды білдіруге менің толық құқым бар деп ойлаймын. Оларды сынап-мінеу емес, олардың "ғылыми тұрғыда, терең методологиялық тәсілдермен" жүргізген зерттеулерінің кейбір ұстанымдарына өз ойымды білдіру.
Әрине, бұдан ғылыми талдау күтудің қажеті жоқ. Көзіме түскен және терең саяси астары, ең қорқыныштысы, менің ойымша, нақты арандатушылық жатқан үш мәселеге жеке көзқарасым.
Қазақ ұлтшылдығының сипатын басқаша түсіндіру (шын мәнінде, адамдарды, оқырмандарды адастыру)
Біріншіден, кейбір өзін саясаттанушымын дейтіндердің ұлтшылдық туралы анықтамасымен келіскім келмейді.
Мысалы, Сұлтанғалиев Сұлтанбек деген саясаттанушының айтуынша ұлтшылдықтың екі түрі бар екен: "Существуют две распространенные формы национализма. Первая – это бытовой национализм. Вторая форма – это национализм политический, который провозглашает приоритетность нации в общественно-политических процессах".
Тағы бір беделді зерттеуші, Рүстем Қадыржанов "На постсоветском пространстве этнический национализм называют еще титульном национализмом. Тогда как гражданский национализм – это политический национализм". Қарапайым тілмен айтқанда, бұлардың түсінігінше, ұлтшылдықтың екі түрі бар: біреуі – әр адамның өз ұлтын жақсы көруі де, екіншісі – сол елдің азаматтарын өз ұлтындай жақсы көру, немесе өзінің ұлтындай қабылдау.
Екеуінің бір бірінен айырмашылығы бар екендігін көрсету үшін, ұлтшылдықтың екінші түрін – "азаматтық ұлтшылдық" немесе "саяси ұлтшылдық" деп те атаған. Осы жерде, "егер бір мәселені қиындатқың келсе, қарапайым мәселені күрделі мәселеге аударып жібер" деген ақыл есіме түседі.
Меніңше, ұлтшылдық сөзінің мағынасы – біреу-ақ (өзінің ұлтын – анасындай жақсы көру), бірақ оның іс жүзіндегі көрінісінде, шынында да алшақтық бар. Сондықтан, көптеген ғалымдар ұлтшылдықты "өздерін басқа ұлттан жоғары қоятын негативті ұлтшылдық" және "өз ұлтының құндылықтарын қорғайтын, сол ұлттың жерін, тілін, мәдениетіне жаны ашитын позитивті ұлтшылдық" деп, шартты түрде екіге бөледі.
Қазақ ұлтшылдығы, әрқашан, өзінің ұлттық құндылықтарын қорғайтын позитивті ұлтшылдық болып келді. Бұл жерде "осы бір қарапайым шындықты біздің саясаттанушы ғалымдарымыз білмейді ме" деген сұрақ туады. Әрине, біледі. Бұған талас жоқ. Алайда, меніңше, біздің ұлттық құндылықтарымызды қорғауға бағытталған позитивті ұлтшылдығымызды – "тұрмыстық" не "этникалық" етіп көрсету де, оған негативті реңк беру де, "азаматтық" немесе "саяси ұлтшылдыққа" қарсы қою.
Ұлтшылдық туралы сан түрлі анықтама бар, бірақ маған орыс ұлтшылы В.Распутиннің айтқан сөзі ұнайды. "Ұлтшылдық дегеніміз – өзінің анасын жақсы көру – деген Распутин, – мен үшін менің анам – ең сұлу, ең мейірбан, ең ақылды, т.т. Бірақ, өзімнің анамды жақсы көруім – басқа аналарды жек көру дегенді білдірмейді. Мен барлық аналарды құрметтеймін, бірақ өз анамның бақытты болуы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Осыны – ұлтшылдық дейді".
Енді "саяси" немесе "мемлекеттік ұлтшылдық" туралы бір ауыз сөз. Ұлт өзінің мемлекетін құрып, сол елдің барлық азаматтары сол ұлттың (мемлекеттің) тілін, тарихын, мәдениетін өз ұлтының құндылықтары сияқты қабылдаған уақытта "ұлт" сөзінің орнына "мемлекет" сөзі қолданыла береді. Сонда ғана ұлт пен мемлекет ұғымы бірігіп кетеді. Өкінішке қарай, біздер бұл деңгейге жеткен жоқпыз. Мемлекеттік тілді айтпағанда, біздегі өзге ұлт өкілдерінің басым көпшілігі әлі күнге дейін Қазақстанды өзінің отаным деп танымайды, танығысы да келмейді. Өкінішке қарай, бұндай жағдайда, бұндай елде "азаматтық" ұлшылдық ешқашан болмайды.
Ресей империясының, отаршылдық саясатты басқа тәсілдермен одан әрі жалғастырған Кеңес Одағының қорқатын басты сөзі – "Ұлтшылдық" болатын. Сондықтан, осы сөзді – құбыжықтың атауы, ал ұлтшылдарды "басбұзар", "басқа ұлттардың жауы", "мемлекетке қарсы жұмыс жүргізуші" етіп көрсету жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп отырды. Өкінішке қарай, осы ұғым Кеңестік ортадан шыққан тәуелсіз қазақ қоғамында әлі күнге дейін сол қалпында қабылданады. Сондықтан болуы керек, біздің арамызда "Қазақ мәселесі көтерілсе, ол – ұлтшылдық, ал басқа ұлттың мәселесі көтерілсе, бұл – интернационализм" деген ащы әзіл бар...
Айтпағаныңды – айтты, істемегеніңді – істеді деу (жала жабу)
Ұлттық тақырыпта зерттеу жасап, сараптама жүргізіп жүрген саясаттанушылардың тағы бір тәсілі – айтпағаныңды – айтты етіп шығару. Мысалы, Р.Қадыржанов мырза бір мақаласында қазақ ұлтшылдары өздерінің орыстанып кеткен қандастарын "шалақазақ" деп ("...которые называют русифицированных соплеменников "шалаказахами") атайды депті. Өз басым және ұлтшыл бағытта жүрген менің достарымның ешқайсысының аузынан орыстанғандарды "шалақазақ" деп атағанын естімеппін. Керісінше, солардың қатарынан нағыз ұлтшыл азаматтар көптеп кездеседі. Меніңше, бұл – өздерінің тілдерінен айырылған азаматтардың қуыстанып, "біздерді кемсітесіңдер" деп ренжіген түрлері...
Кейде ұлттық мәселе туралы сұхбат жүргізген журналистердің өздері сұрақтарын астарлап беріледі. Мысалы, "Что изменится в стране с приходом к власти казахских националистов?" деген сұрақ. Алайда, осы күнге дейін ұлтшылдар саяси партия құрып, мемлекеттік билікті алу мәселесін қойған жоқ. Ал Рүстем Қадыржанов болса, "националисты хотят, чтобы все казахи принимали то, что они пропагандируют" деп, Рақымжан Ошақбаев "принуждать другие национальности самоидентифицироваться казахами, а не казахстанцами – значит грубо нарушить их право" деп ренжиді.
Бұл ойды кім айтты немесе қандай мәлімдемеде кездестірді – ол жағы қаратүнек (Біз "Қазақстан халқы", "Қазақстан азаматы" деген терминдерге қарсы емеспіз, бірақ "қазақстандық ұлт" – ақылға симайтын мәселе. Баяғыда Кеңес одағы да "советтік ұлт" жасаймыз деп ұран көтерген...). Ұлттық мәселе – сол ұлттың ғана мәселесі, басқаларды қазақ қылу – біздің міндетіміз емес.
Меніңше, бұл үрейдің астарында бір ғана мәселе бар – ол "қазақтың ұлттық құндылықтары жаңғырып, қайта тірілсе, басқа ұлттардың жағдайлары жаман болады" деген негізсіз қорқыныш, дәлелсіз тұжырым. "Осы ұлтшылдар қашан "агрессорлар", "колонизаторлар", "Қазақстан – тек қазақтар үшін!" дей бастайды екен деген үрей ғана. 30 жыл өтті, бірақ ондай ұран естілмеді.
Естеріңізде болсын, 20-30 жылдардағы "алаштықтар" да, 90 жылдардағы "Азат" қозғалысы да, "Желтоқсандықтар" мен бүгінгі ұлтшыл топтар да бұндай ақымақ ұранды көтерген жоқ. Меніңше, ғылыми жәдігөйленудің, сан түрлі ғылыми терминдерді араластырып, қазақ ұлтшылдығына деген негативті көзқарас қалыптастыруының басты себебі де осында. Өйткені, еш сұхбат пен мақалада "осы сөзді не ұранды ұлтшылдардың мынадай ресми мәлімдемелерінен алдым" деген бір ауыз сөз жоқ.
Журналист Жеңіс Байқожа бір мақаласында "даже те, кто называет себя сторонником цивилизованного, просвещенного национализма, почти прямым тексом говорят: "Мы, казахи, – главные на этой земле, и только нам решать ее судьбу" депті. Бұндай ақымақтықты кім айтты, қашан айтты деген сұрақ тағы да жауапсыз қалады. Неғұрлым адамның миына симайтын болған сайын өтірікке адамдар соғұрлым көбірек сенеді ме сонда?
Сұлтанбек Сұлтанғалиев өзінің бір мақаласында "Чем является на практике призыв отдельных личностей к тому, чтобы все граждане Казахстане стали казахами" депті. Бірақ барлық қазақстандықтарды қазақ болуға үндеп жүрген "жеке тұлғалардың" аты-жөндерін атауды ұмытып кетіпті...
Арандатушылық
Соңғы уақыттағы көзге түсетін тағы бір мәселе – билік пен ұлтшылдардың арасына сына қағу. "Ак-Орда пользуется националистами как пугалом для неказахского населения" дегеннен бастап, "ұлтшылдық қаупіне қарсы "Интернационалдық партия" құрамыз" деген сияқты әңгімелер көбейіп кетті.
Арандатушылық дегенім билікке "Сендер ұлтшылдарды қолдап отырсыңдар" деген айып тағып, мемлекеттің "Жоқ, ондай емес, міне – қараңдар" деп, ұлтшылдарға қарсы жұмыстарын жандандыруға бағытталған нақты тәсіл. Бір жағынан, бұл негізсіз байбаламның пайда болуы – мемлекеттің ұлтшылдыққа бұрыла бастағанының көрсеткіші сияқты, ал екінші жағынан, Президенттің "Ұлттық жаңғыру" мен "...Жеті қырының" аясындағы іс-шаралардан басқа билік тарапынан ұлттық мәселені шешуге бағытталған ештеңені көріп тұрған жоқпын...
Дина Құдайбергенова деген тағы бір сарапшы ұлттың идеологиясы бар екендігін мойындай отырып, "что идеология есть, но внятной политической или экономической программы, которая могла бы встать в оппозицию правящему режиму, нет" дейді.
Сонда ұлтшылдардан оппозиция жасап, оны билікке қарсы қою кімге қажет?
Қазақстанда екі тілдік әлем қалыптасты. Біздердің алатын ақпаратымыз да, одан түйетін ой-пікіріміз де, шығаратын қорытындымыз да екі бөлек. Біреулеріміз "Дат", "Жас алаш", "Қазақстан заманын" оқимыз, ал екіншілеріміз Ресей ақпарат құралдарын қараймыз. Біреулеріміз – "Айтысты" қарасақ, екіншілеріміз "Пуст говоряттан" көзімізді алмаймыз. Біздің өз елімізде болып жатқан саяси-қоғамдық оқиғаларға беретін бағаларымыз да екі түрлі...
Өкінішке қарай, орыстілді қоғам өздерін өздері қоғамдық-саяси өмірден шектей бастады. Осы уақытта қазақтың өзекті мәселесін, қазақ қоғамының жанайқайын орыстілді қауымға жеткізетін, түсіндіретін саясаттанушылардың ісі мынау.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.