Прямой эфир Новости спорта

Жалғыздық синдромы туралы

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабек Қазақстан қоғамында жалғыздық синдромы дендеп келе жатыр деп есептейді. Бұл ұлт қауіпсіздігіне қатер тудырады.

Бүгінде жалғыздық пен жалғызбастылық ұғымдары әлеуметтік мәселеден гөрі қалыпты құбылыс, тіпті, трендке айналып кетті десек те болады. Отбасы құрмағандар, жалғызбасты аналар, жалғызбасты әкелер, жалғызбасты қарттар саны көп. Қазір, тіпті, физиологиялық емес, психологиялық жалғыздық та дендеп келеді. Бернард Шоу айтпақшы, "жалғыздық деген ұлы нәрсе, тек өзің жалғыз болмағанда". Сонымен, жалғыздықтың әлеуметтік салдарына үңілсек, көп айтыла бермейтін, бірақ қоғам назарын аударатын түрлі жағдайлар бар.

Жалғызбасты әкелер

Біз әдетте жалғызбастылық десе, әйелдерді ойға аламыз. Неге? Мүмкін, менталитеттің әсері болар, әйтеуір өмірін сүр бойдақтықпен өткізетін ер адамдар мен жалғызбасты әкелер туралы көп айта бермейміз. Ресми деректер бойынша, бүгінде елімізде жалғызбасты аналардың саны 450 мыңға жуықтаса, мұндай әкелердің саны 42 мыңдай екен. Қазақстанда гендерлік зерттеулердің көбіне әйелдерге қатысты жүргізілетінін және ресми жалғызбасты әкелерді есепке алатын әлеуметтік статистиканың жүргізілмейтінін ескерсек, ер азаматтарға қатысты дерекке күдікпен қарауға болады. Жалғызбасты әкелердің саны бұдан еселеп көп болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Қоғамдағы жасандылық пен демонстративтілік туралы

Зерттеулер бойынша әйелдерге қарағанда ер азаматтар жалғыздықты басынан қиын өткізеді екен. Себебі, әйелдердің ерлерге қарағанда өмірде атқаратын жалпы әлеуметтік ролі мен функциясы көп. Мәселен, әйел жұмыстан айрылғанымен үй шаруасындағы қызметінен ешқашан босамаған. Бұл оның өзін жалғыз сезініп, мұңға берілмеуіне сеп. Ал ер адам үшін жұмыстан не әйелінен ажырау оның отбасының асыраушысы, табыс табушысы, қорғаны, әке, күйеу ретіндегі әлеуметтік рольдерінің бірден 90 пайызынан ажыратып тастайды. Бұл ер адамды күйзеліске салуы мүмкін. Осыны білген дана аталарымыз "Алла өмірімді бәйбішемнен бұрын ала гөр" дейді екен...

Мүлдем некеде болмағандар

Оқу, жұмыс, одан қалса, әлеуметтік жағдай және өзге де себептермен отбасы құру жасынан асып кеткен оң жақтағы арулар мен сүр бойдақтардың да саны күн санап артып келеді. Бұл Қазақстанға ғана тән емес, мұхит ассақ, АҚШ, берісі батыс елдері, күншығыс Жапония сияқты мемлекеттерде де өмір салтына айналған құбылыс. Мамандар Қазақстан үшін бұл үрдістің демография, тіпті, ұлт қауіпсіздігі үшін демаңызды мәселе екенін айтып, дабыл қағып отыр.

Оқи отырыңыз: Ата-ана неге қараусыз қалады?

Ірі қалалардың тұрғындары жалғыздықтан қорқады

Цюрих Иншуранс тобы мен GfK маркетингтік зерттеу институты бірлесіп Швейцария, Португалия, Испания, Австрия, Германия, Италия, Ұлыбритания және Ресейдің 15 пен 75 жас аралығындағы 4500 тұрғынынан оларға маза бермейтін қорқыныштары туралы сауалнама жүргізеді. Зерттеу нәтижесі бойынша олардың көпшілігін ең бірінші жұмыстағы стресс пен қаржылық дағдарыс және балалары, отбасы көбірек толғандыратыны және екінші кезекте жалғыз қалудан қорқатындары белгілі болған. "Kompetenz" ақпараттық-талдау орталығы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының 18 бен 72 жас аралығындағы 1600 тұрғындарынан өмірде неден көбірек қорқатыны туралы сұхбат жүргізген. Жауап берушілердің 54 пайызы ең бірінші жақындарын жоғалтып алудан және жалғыз қалудан қорқатындарын жеткізген. Одан кейін барып, ауру-сырқаудан, тауарлар мен азық-түлікке бағаның қымбаттауынан, дағдарыстан қорқатындарын айтқан.

Жалғыздық пен денсаулықтың ұқсас тұстары бар. Мәселен, денсаулықтың маңызы мен салауатты өмір салтын ұстанудың қажет екенін бәрі дерлік саналы түрде түсінгенімен, әрекетке келгенде жүйелі, уақытылы дәрігерге қаралмайды не күтінбейді. Сол сияқты адамдар жалғыздықтан қорқады, алайда жалғыз өмір сүре беруді қалайды: отбасы құруға не бала санын арттыруға ниеттенбейді.

Оқи отырыңыз: Заңсыз қос азаматтық алушылардың жазасы неге жеңіл?

Жалғызілікті өлім және көмусіз қалу

Жалғыздықтың салдарына одан да тереңірек үңілсек, қазақта "көмусіз қалу" деген ұғым бар. Жалғыздықтың соңы не болатыны бүгінгі Жапония қоғамында көрініс тауып отыр. Дамыған, әлемнің ең бай мемлекеттерінің бірі саналатын бұл елде бүгінгі таңда жалғыздық өмір салтына айналып кеткен және оның салдары ретінде жалғызілікті өлім (жапонша "кокодуши") әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Дүние жүзі бойынша ұзақ өмір сүретін жапондар болса, олардың көбі 65 жастан кейін өмірін жалғызбасты болып өткізеді. Бар өмірін жұмысқа сарп еткен жапондар отбасы құруға асықпайды да, кейіннен жалғыз қалып жатады. Бұл, әсіресе, ер адамдардың арасында жиі кездеседі. Жылына 30 мыңнан астам қарт адам жалғызілікті болып дүниеден өтіп жатады. Тіпті, пәтерлерінде 5 күннен 1-2 айға дейін жатып қалған мәйіттер табылады. Оларды төленбеген комуналдық қызметтер арқылы не мүңкіген иіс арқылы тауап жатады екен. Қазір Жапонияда көптеген жеке компаниялар "кокодушиді" тазалау, қалған мүліктерін жинау және басқа қызметтер ұсынады. Бұл қызметті пайдаланушылар саны да көбейіп отыр. Жалғызілікті өлімнің себептерінің бірі – отбасын құрмау және отбасын кеш құру. Жапонияның Халық және әлеуметтік қамтамасыз ету ұлттық институтының зерттеуінше, егер 2010 жылы жалғыз тұратын адамдардың саны 32,4 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2035 жылы 37,2 пайызға артпақ. Сонымен қатар, 2010 жылғы санақ бойынша да 50 жастағы жапон ер азаматтарының 20,1 пайызы, әйелдердің 10,6 пайызы ешқашан отбасын құрмағандығы анықталған. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Осындайда қазақтың "тұқымың көбейгір" деген оң қарғысының мәнінің маңызын байқауға болады.

Оқи отырыңыз: Көнені көре білген көздер

Вашингтонда өткен әлеуметтік психологтардың конференциясында ғалымдар жалғыздықтың адам бойында артрит, Альцгеймер, жүрек, қан-тамыр қысымының көтерілуі, қант, әлсіздік, жұмыс істеу қабілетінің нашарлауы сияқты аурулардың пайда болуына әсері барын анықтады. Сонымен қатар, жалғызбастылар стрессті басынан көбірек өткізеді және ұйқысыздық ауруымен ауыратын көрінеді. Ал Калифорниялық ғалымдар 6 жыл бойы 60-тан асқан 600 адамды зерттеп, жалғызбастылық адамның қысқа өмір сүруіне де әсер ететінін байқаған. Психологиялық тұрғыда жалғыздықты жеңу үшін адамдар ойдан өздеріне серік ойлап табатын көрінеді. Әсіресе, ұзақ саяхатқа шығып, түрлі жағдайлар нәтижесінде жалғыз қалып қойған жолаушыларды зерттеген норвегиялық психолог Гру Сандал олардың көбіне табиғатпен тіл табысуға тырысатынын анықтаған. Осылайша, жапандағы аралда күн кешкен Робинзон Крузо өзін жалғыз сезінбегенін білеміз. Ал еуропалықтар көбіне үй жануарларын серік етеді. Пенсильвания университеті ғалымдарының зерттеуінше, иелері оларға көбіне адам сияқты қарайтын көрінеді. Бұл адамдардың өзін-өзі бағалауына, жалпы денсаулығына оң әсер етеді Олардың 94 пайызы жануарлармен сөйлессе, 81 пайызы жануарлар олардың көңіл-күйін сезінеді, ойларын ұғады деп санайтын көрінеді. Шыны керек, ит жетектеген немістен гөрі немересін тербеткен қазақтың әжелері әлдеқайда бақытты. Алайда біздің елімізде де қарттық пен жалғызбастылық ұғымдары бір-біріне жақындап келеді. 40 мыңға жуық жалғызбасты жетім-қарттар Қарттар үйлерінде өмір сүруде. Тұл жетімдерінен гөрі әлеуметтік жетімдер – балалары не туыстары әкеп тастағандардың үлесі көп.

Оқи отырыңыз: Қазақтан өзге ешкім неге билеріне ескерткіш қоймаған?

Сонымен, жалғыздық тек физиологиялық құбылыс емес, қауымның ортасында отырып та өзіңді жалғыз сезіну бар. Керісінше жалғызілікті күн кешсең де, көпшілікпен тығыз әлеуметтік қарым-қатынаста болып, өзіңді мүлдем жалғыз санамауың да мүмкін. Мамандар жалғыздықты жеңудің ең тиімді құралдарының бірі махаббат екенін айтады. Себебі, сезім жалғыздықтан құтқарып, қартаюды шегеріп, адамға рухани және физикалық күш береді екен. Жалпы, біздің қоғам жалғыздықтың салдарының зардабын енді тартатын секілді.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Поделиться:

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Новости партнеров