Көпшілік "біз неге теңгемізді еркін айналымға жібердік, одан басқа жол жоқ па еді" деп сұрап жатады. Осы тұста теңгемізді белгілі бір дәліздің ішінде ұстап тұру үшін сол жолы 1 жыл 8 айдың ішінде ұлттық қордан 28 млрд АҚШ доллары кеткенін біреу білсе, біреу білмейді.

Сол уақыттағы теңге-доллар бағамымен есептейтін болсақ бұл 5 трлн 180 млрд теңге. Бұл қазіргі мемлекетіміздің 1 жылдық бюджет шығыстарының тең жарымы. Әрине бұл – аз қаражат емес, 2017 жылы өткен EXPO халықаралық көрмесін ұйымдастыруға 3,5 млрд АҚШ долларын жұмсағанымызды ескеретін болсақ, бұл қаражатқа қаншама көрме ұйымдастыруға болатын еді.

Одан бөлек бұл – мемлекетіміздің экономикасын әртараптандырып, жаңа инновациялық моделін қалыптастыруға жететін қаражат еді. Ғалымдардың есебіне сәйкес, баламалы энергетика көздерін пайдаланатын жасыл экономикасы бар мемлекет болу үшін 32 млрд доллар қаражат керектігін ескерсек, бұның сол бағыттағы саясатымызды негіздеуге жететін қаражат екенін көреміз. Одан бөлек оны білім-ғылым саласына, денсаулық сақтау саласына жұмсасақ, қаншама қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге болатын еді.

Қарапайым мысал: егер бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы 10 млн теңге десек, бұл қаражатқа 518 000 баспана сатып алуға болады деген сөз. Әр отбасында шамамен 3-4 адам бар десек 1,5-2 млн адамды тұрғын үймен қамтамасыз етуге болады екен. Нарық бағасымен сатып алғанда деп есептелген. Ал егер мемлекеттік тапсырыс арқылы құрылыс компаниясына берілсе, бұдан екі есе көп адамның тұрғын үй мәселесін шешіп тастауға болады. Бұл қаражаттың барлығы теңгеміздің курсын ұстап тұру үшін жұмсалғанына үңілсек, біздің теңгені еркін айналымға тіпті 1,5 жыл кешігіп жібергенімізді байқауға болады.

Ал енді бұл қаражаттың барлығы теңге бағамын ұстап тұруға қалай кетті деген сұраққа жауап берсек немесе оның қалай жүзеге асқанын айтсақ.

Интервенция дегеніміздің өзі не? Валюталық интервенция деп ұлттық валюта бағамына әсер ету мақсатында Ұлттық Банктің шетел валютасын сату және сатып алу жолымен валюталық нарықтағы операцияларға араласуын айтады. Егер Ұлттық банк шет ел валютасын сататын болса, онда төл валюта күшейеді, нарықта өктемдігі орнайды. Сондай-ақ Ұлттық банк шет ел валютасын жаппай сатып алуы мүмкін, бұл кезде шет ел валютасы күшейіп нарықта өктем бола бастайды.

Қарапайым тілде түсіндіру үшін теңге еркін айналымға өткен кезге дейінгі уақытқа оралсақ. Себебі еркін айналымда интервенция болмауы керек. Ол кезде нақты бекітілген дәліз болды. Мысалы, нарық үшін қолайлы теңге бағамы 1 доллар 190-нан аспауы керек және 170-тен төмен болмауы керек деген дәліз бекітілген делік. Егер нарықта теңге әлсіреп, 195-тен сатыла бастаса, онда ұлттық банк интервенция жасайды. Қалай?

Өзінде бар жинақталған долларларды нарыққа шығарып 190-нан сата бастайды. Айырбас пункттерінде 195 теңге тұратын долларды ешкім сатып алмайды. Амалдары құрыған айырбас пункттері 190-мен сатуға мәжбүр болады. 2015 жылдың күзінде тап осы сценарий бойынша теңге 300-ге жуықтады. Сол кезде Ұлттық банк интервенция жасап, бірнеше млрд долларды сатып, оның бағамын 270-ке түсірген болатын. Бұл кезде де бір аптаның ішінде 5 млрд АҚШ доллары көлеміндегі алтын резерв қорындағы қаражат жұмсалды. 270 бағамымен бұл қаражатты теңгеге ауыстырсақ, 1 трлн 350 млрд теңге болып шыға келеді.

Жоғарыдағы 28 млрд долларға қоссақ екі жылдың ішінде еліміз теңгені ұстап тұру үшін 33 млрд доллар қаражат жұмсады деп нық айтуға болады немесе 6 трлн 530 млрд теңге. Бұл жердегі мәліметтердің Ұлттық банктің өзінің сайтында жарияланбағандығын, алғашқы уақытта дүниежүзілік банктің есептерінен көргенімізді, елбасының өзі айтқанын атап өту керек. Ұлттық банк ішкі валюта нарығындағы өктемдікке қатысты мәліметтерді 2016 жылдың қаңтарынан бастап жариялай бастады.

Ал енді екінші сценарийді еркін айналымға дейінгі кезге қайта оралып түсіндірсек: доллар бекітілген аралықтан төмен бағаммен, 165 теңгеге сатыла бастады дейік. Бұл мемлекет үшін қолайлы болмағандықтан, Ұлттық банк тағы да интервенция жасайды. Қалай? Бірақ бұл кезде Ұлттық банк керісінше шет ел валютасын 170 теңгеден сатып ала бастайды. Айырбас пункті ұсынған 165 теңгеге сатқаннан гөрі ел қолындағы долларды Ұлттық банк ұсынған 170 теңгеге өткізетіні түсінікті.

Дәл осы екінші сценарий бойынша доллар бағамы 310 теңге болуға ұмтылған 2016 жылдың көктемінде Ұлттық банк миллиардтаған долларды сатып алып, теңгені күшейтуге жол бермеді. 340-тан сатып алып, долларға өктемдік берді де отырды. Оны Ұлттық банктің мәліметтерінен көре аламыз.


2016 жылғы ішкі валюта нарығындағы ҚРҰБ өктемдігі жөніндегі мәліметі (ай сайын)

ҚР Ұлттық банкі сайтынан алынған

Жоғарыдағы суреттен көріп отырғанымыздай 2016 жылдың қаңтарында Ұлттық банк 57,7 млн долларды сатқан болатын. Оны теңгенің өктемділігін арттыру үшін жасалған интервенция деп түсінсек болады. Минус деп тұрғаны ұлттық қордан кеткен ақша. Ол кезде доллар 384-ке бірақ барып еді. Соған байланысты жасалған болуы керек.

Ал кейінгі ақпан айында Ұлттық банктің керісінше 474,4 млн долларды сатып алғанын көреміз. Наурыз айында – 1 млрд 236 млн доллар, сәуір айында – 830,9 млн доллар, мамыр айында – 728,3 млн доллар. Ал маусымда әлдеқайда аз, 2,5 млн доллар сатып алған. Бұл Ұлттық банктің теңге долларға шаққандағы бағамының 300 теңгеге қарай күшейюіне тосқауыл жасалғанын көрсетеді.

Демек осы уақыт аралығында өктемдік шет ел валютасына беріліп отырды деген сөз. Ақпан айынан бастап теңгенің күрт қайта күшейе бастауының негізгі себебін бизнестің салықтық есептесу кезеңімен байланыстырған дұрыс. Салықтарын өтеу үшін компаниялар бар долларын теңгеге аударады, соның салдарынан теңге күшейеді. Сонымен қатар доллардың сол уақыттары өз құнынан жоғары бағаланып кеткенінің көрінісі деп атауға болады.

Бұл уақытта керісінше Ұлттық банк алтын резерв қорын 3 млрд 272,1 млн долларға толтырды. 2016 жылдың шілде айында – 198,7 млн доллар, тамыз айында – 145,8 млн доллар жұмсағанын көреміз, оны осы уақыттағы халықтың маусымдық долларға деген сұранысының артуымен түсіндіруге болады. Ол 2017 жылы да, 2018 жылы да осы айларда доллардың күрт күшеюінің негізгі себебін көрсетеді.

Енді Ұлттық банктің ресми сайтындағы 2017 жылдың ішкі валюта нарығындағы өктемдікке талдау жасасақ. Төмендегі суреттен бірден байқайтынымыз олардың жыл он екі айда долларды сатып алмағанын көруге болады. Сондай-ақ арасында әрі жылдың екінші жартысында негізінен теңгені қуаттандыру үшін өктемдік саясатын жүргізгенін байқауға болады.


ҚР Ұлттық банкі сайтынан алынған

Валюта нарығына өктем саясатпен араласуы әсіресе күз айында қатты байқалады. Қазан айында тіпті 379,8 млн доллар жұмсалған. Бұл сол айдағы барлық валюталық сату-сатып алу операцияларының 11%-ын құраған. Өктемдік жасалған 4 айдың ішінде 620,5 млн доллар жұмсалған. Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың нәтижесінде қалыптасуы керек бағамға өктемдік көрсету арқылы араласудың айтарлықтай жоғары деңгейі.

Сонда теңге қаншалықты еркін айналымда деген сауал туындайды. Ұлттық банк басшылығының түсіндіруінше:

"EXPO көрмесінен кейін тағы да теңге қатты әлсірейді деген халық арасында қауесет күшейді. Бұл теңгенің нарықтық бағамының белгіленуіне қысым түсірді. Біздің елде халық қауесетке қатты сенеді. Сондықтан долларға сұранысты арттырды.Теңге әлсіреді. Сондықтан осылай өктемдік жасау арқылы теңгенің қатты құнсызданып кетпеуіне ықпал еткен-мыс".

Ұлттық банк теңге еркін айналымға шыққаннан-ақ ара-тұра өктемдік жасау арқылы валюта нарығына араласатынын жасырмады. Бір жағынан бағамның күрт өзгерістері елдегі жасалып отырған ақша-несие саясатына деген халықтың сенімсіздігін ұялатты. Оған қоса кәсіпкерлер үшін де кәсіптерін дөңгелету үшін кері әсер етті. Ұлттық банктің валюта нарығында белсенді болып, теңгенің еш негізсіз құнсызданғанда ғана салиқалы араласып отырғаны дұрыс деген ұйғарым жасауға болады.

Екінші жағынан бұл келешек ұрпаққа арналған алтын резерв қорын, ұлттық қорды оңды-солды пайдаланып, түбі көрінгенше желге ұшыра беру дегенді білдірмеуі қажет. 2016 жылғы өктемдік саясатты 2017 жылмен салыстыратын болсақ, ең негізгі айырмашылық ретінде 2016 жылы доллардың құнын түсірмеу үшін өктемдік жасалып, долларды жоғары бағаммен кері сатып алу үрдісін байқадық. Оған еркін айналымға өткен кездегі доллардың құнының нарықтық құннан тым артық бағаланып кеткені себеп. Сондықтан Ұлттық банк 2016 жылдың көктемінде 300-ге қарай күшейген теңгені әлсірету үшін, долларға өктемдік саясатын жүргізді.

Ал 2017 жылы өктемділік саясаты теңгенің құнын ұстап тұру үшін жасалғанын көреміз. Бұл теңге құнының долларға қарағанда жыл өткен сайын әлсіреп бара жатқанын көрсетеді. Әрі 2018 жылы да доллардың теңгеге қарағандағы құнының тек өсіп келе жатқанын байқаймыз. Нарық заңы бойынша да солай болуы керек. Себебі дамушы елдерде инфляция жоғары болады. Доллар мен теңгені қатар қойғанда әрине теңге тез құнсызданады.

Доллар – әлі де тұрақты валюта, ол жылына 0,25 пайызға құнсыздануы мүмкін немесе мүлдем құнсызданбайды. Ал теңге – ел ішіндегі тауарлардың бағасының шарықтап кетуінен-ақ әлсірейтін дамушы елдің валютасы. Өткен жылдарда инфляция 10%-дың үстінде болатын, ал 2017 жылы – 7,1% болды. Демек сонша пайыз ол доллардың алдында құнсызданды. Экономика заңы – сол. Сондықтанда болуы керек Ұлттық банктің қазіргі инфляциялық таргеттеу саясатының негізгі көздегені – инфляцияны белгіленген дәліз арасында 2020 жылы 4%-ға дейін түсіру. ҰБ егер бұл мақсатқа қол жеткізсе, теңгенің де құны белгілі бір дәрежеде сақталады.

Енді 2018 жылғы валюта нарығындағы өктемдікті төмендегі кестеден көруге болады.


Ішкі валюта нарығындағы ҚРҰБ өктемдігі жөніндегі мәлімет (2018 жыл, ай сайын)

Ішкі валюта нарығындағы ҚРҰБ өктемдігі жөніндегі мәлімет (2018 жыл, ай сайын) / ҚР Ұлттық банкі сайтынан алынған

Бұл кестеден 2018 жылдың басынан бері 8 айдың ішінде Ұлттық банк валюта нарығына мүлдем араласпағанын көреміз. Сондықтан осы жылдың басынан бергі теңге мен доллардың құнын нарықтағы сұраныс пен ұсыныс белгіледі. Жыл басында теңге күшті болды, тіпті 1 доллар 320 теңгеге дейін күшейді, Ұлттық банк араласпады. Жылдың ортасынан бастап доллар күшейе бастады. Тіпті тамыз айының соңында 380-ге дейін күшейді. Ұлттық банк тағы да араласпаған.

Олай болса, "Неге интервенция жасалмады" деген сұрақ туындайды. Оның себебі бізде бюджет тапшылығы жоғары. 2014 жылдан бері бюджет тапшылығы ұлттық қордан аударымдар арқылы жабылды. Доллар көтеріліп тұрған кезде аударымдар жасалды деп есептеуге болады. Себебі доллар қымбаттаған кезде аударған пайдалы, бюджет үшін тиімді. Тапшылықты жабуға мүмкіндік болады.

Сонымен қатар мұнайды да экспорттауда осы бағамда сату келісім шарттары жасалған болуы керек. Бюджетіміздің кіріс бөлігін реттеп алғаннан кейін, елбасымыз да халыққа келесі жолдауын арнап отыр. Ұлттық банк қыркүйек айында 520,6 млн доллар теңгенің ығына өктемдік жүргізгенін көруге болады. Негізгі себеп – әлем елдері нарығындағы тұрақсыздық, алпауыт мемлекеттердің сауда соғысы, мемлекеттердің интеграциялық саясаттан протекционизм саясатын жоғары қоюы, ФРЖ-нің доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтеруі, сондай-ақ АҚШ-тың Ресейге салған санкцияларының салдарынан рубль құнсызданғандықтан, артынша теңге де әлсірейді деген күтулер еді. Халықтың, инвесторлардың 1 доллар 400 теңгеге дейін құнсызданып кетуі мүмкін деген дақпырт ақпаратқа сеніп қалуы да себеп болды. Ең қызығы теңге ең шарықтау шыңында тұрған кездің өзінде айырбас пункттеріне жүгіргендер болды. Олар қысқа уақыттың ішінде ұтылды.

Енді алдағы уақытта тағы да интервенция бола ма? Теңгенің ығына қарай интервенцияны Ұлттық банк екі жағдайда жасайды: біріншісі – валюта нарығы қызғанда дақпырт ақпараттың тарауынан теңгемізге қысым түсіп, күрт құлдырай бастаса, екіншісі – жыл басында бюджетке бекітілген доллар бағамынан асып бара жатады. Екіншісі болуы мүмкін. Себебі ол 2017 жылға бекітілген бюджетке 340 деп бекітілген болатын. Жыл басында 320 теңге болса, өткен күндері 380-ге дейін көтерілгенін көрдік. Енді бұл жағдай тұрақты сақталатын болса немесе доллар күшеюін жалғастырса, онда бюджет жоспары орындалмай қалуы мүмкін. Сондықтан Ұлттық банктің интервенциямен араласуын көре аламыз.

Мақаланың соңында ұзақ мерзімде доллардың құны артып, теңгеміздің әлсірей беретініне көз жеткендіктен, "Қаражатты теңгемен әлде доллармен ұстау керек пе?" деген сұрақ қоятындарға кеңес: үш жыл уақыт бойы тимей сақтайтын қаражатыңыз болса, оны доллармен сақтау керек. Ұзақ мерзіммен ұтасыз. Ал енді алты айдың ішінде шешіп алатын қаржыңыз болса, оны долларға ауыстыруға асықпаңыз. Бәрібір айырмада ұтылып қаласыз немесе аз ғана пайдаға бола уақыттан ұтылудың қажетті жоқ.

Теңге бүгінгі бағамымен құнды, кешегі бүгінгі емес, ертеңгі де бүгінгі болмайды, ол – құнсызданған теңге. Сондықтан оны жинап, құнын жоғалтқаннан гөрі, қазір отбасыңызға пайдалы заттарға жұмсасаңыз әлдеқайда пайдалы. Сонымен қатар қаржыгердің ұстанатын бұзылмайтын заңдылығы бар, бәрі жапатармағай сатып алып жатса да сатып алуға асықпаңыз. Сондай-ақ еш уақытта бәрі сатып жатыр деп, сатпаңыз. Екі жағдайда да ұтыласыз. Сондықтан әліптің артын бағып, байыппен шешім қабылдағаныңыз жөн.

Автордың пікірі редакция ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter