Тікелей эфир

Коронавирус Қазақстанда: 10 мамыр хронологиясы. 175 адам жазылды, 115 науқас тіркелді

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің фотосы
Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің фотосы
Іnformburo.kz елу тоғызыншы күннің оқиғаларын рет-ретімен әңгімелейді.

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері 13 наурызда тіркелді. Алғашқы 58 күннің оқиғаларын осы жерден оқуға болады.

22.45. Коронавирус жұқтырғандар саны – 5 090

  • Алматы – 1 580;
  • Нұр-Сұлтан – 1 066;
  • Атырау облысы – 299;
  • Батыс Қазақстан облысы – 249;
  • Шымкент – 233;
  • Қызылорда облысы – 229;
  • Қарағанды облысы – 191;
  • Алматы облысы – 183;
  • Түркістан облысы – 180;
  • Жамбыл облысы – 179;
  • Ақтөбе облысы – 172;
  • Павлодар облысы – 154;
  • Маңғыстау облысы – 120;
  • Ақмола облысы – 109;
  • Қостанай облысы – 61;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 51:
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 34.

Жазылғандардың жалпы саны – 1 941.

Көз жұмғандар – 31.

22.50 – Атырауда 11 мамыр күні карантиндік режим сақталады. Аймақтың бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев хабарлағандай, Атырау қаласының периметрі бойынша орналасқан блок-бекеттер жұмыс істеуін жалғастырады. Қалаға бұрын қабылданған кіріп-шығу ережелері сақталып, жұмысқа рұқсат алған кәсіпорындар ғана жіберіледі. Қазіргі уақытта Атыраудың айналасына 4 блок-бекет қойылған.

Сонымен қатар, Атырау әкімдігі қоғамдық көлік жұмысын қалпына келтіру туралы хабарлады. Ертеңнен бастап сағат 17:00-20:00 аралығында қалада барлық 26 бағыт бойынша қоғамдық көлік жұмысы қалпына келтіріледі. Келесі күндері қоғамдық көліктер сағат 07:00-ден 10:00-ге дейін және сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін жүреді.

Оқи отырыңыз: #ҮйдеОтырыңыз. Карантин талаптарына қатысты 20 маңызды сұраққа жауап

22.45 – КВИ жұқтырған тағы 14 адам тіркелді:

  • Алматы – 2;
  • Атырау облысы – 1;
  • Жамбыл облысы – 1;
  • Батыс Қазақстан облысы – 5;
  • Түркістан облысы – 5.

Елімізде Covid-19 жұқтырған жалпы 5 090 адам анықталды.

Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

22.35 – Маңғыстау облысында карантин режимі 25 мамырға дейін ұзартылды. Өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерғали Садымановтың қаулысымен карантин және шектеу іс-шаралары 25 мамыр күні сағат 07:00-ге дейін жалғасады.

21.20 – Қауіпті кеселден тағы 40 адам сауықты:

  • Нұр-Сұлтан – 9;
  • Шымкент – 3;
  • Атырау облысы – 22;
  • Қарағанды облысы – 2;
  • Қызылорда облысы – 2;
  • Маңғыстау облысы – 2.


20.40 – Томск-Алматы чартерлік рейсімен келген Алматы облысының 102 студенті екі күндік карантинге оқшауланды. Олардың барлығы әртүрлі ресейлік жоғары оқу орындарында оқиды. Студенттер арнайы автобустармен Қапшағай маңындағы демалыс аймағына жеткізілді. Барлығы коронавирустың бар-жоғын анықтайын талдау жасады, нәтижесі белгілі болған соң олар тұрғылықты жеріне жеткізіледі.

19.15 – Қазақстанда тағы 73 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты:

  • Нұр-Сұлтан – 13;
  • Алматы – 27;
  • Шымкент – 6;
  • Алматы облысы – 7;
  • Түркістан облысы – 6;
  • Павлодар облысы – 3;
  • Қостанай облысы – 2;
  • Жамбыл облысы – 9.

Елімізде барлығы 1 901 адам қауіпті дерттен жазылды.

Оқи отырыңыз: Жазғы ыстықта коронавирус жойыла ма? Вирусолог мамандардың зерттеуі

18.50 – Алматыда 11 мамырда карантин режимі сақталады. Периметр бойынша орналасқан блок-бекеттердің жұмысы да жалғасады. Бұған дейін қабылданған қалаға кіру мен шығу ережелері сол күйі сақталады.

"Жұмысқа рұқсат алған кәсіпорындар ғана жіберіледі. Қоғамдық көліктің жұмыс тәртібі де өзгеріссіз, сағат 06.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қалады", – деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматыда қандай кәсіпорындар жұмысын жалғастырады?

18.49 – Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин тұрғындарды төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін де карантин талаптарын сақтауға шақырды. Ол алматылықтарға бетперде киіп, дезинфекциялық құралдарды пайдалануға кеңес берді. Әрі адамдар көп жиналатын жерге бармау қажеттігін айтты.

"Барлық сақтық шараларының сақталатынын айтқым келеді. Төтенше жағдай режимі аяқталған күннің өзінде шектеу шаралары, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталады. Менің ойымша, бұл бізге әлі де қажет. Өйткені, коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі толық аяқталған жоқ", – деді Жандарбек Бекшин.

Оқи отырыңыз: "Денсаулық сақтау, білім беру салаларын түбегейлі реформалау қажет". Президент мәлімдемесіндегі 10 маңызды мәселе

18.15 – Нұр-Сұлтан әкімдігі елордада карантиндік режим алынбағанын ескертті. Шектеулер ертең де қолданылады.

"Бұл дегеніміз, тек жұмыс істеуге рұқсат етілген кәсіпорындарға ғана талаптар жеңіледі деген сөз. Блок-бекеттер әзірге алынған жоқ және 11 мамырда қоғамдық көлік қозғалысы қалыпқа келтірілмейді. Мемлекет басшысы ертең мемлекеттік комиссияның отырысында мәлімдеме жасайды. Менің ойымша, содан кейін ғана карантин режимін жеңілдетуге қатысты барлық мәліметтер белгілі болады", – деді Нұр-Сұлтан әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева.

Оқи отырыңыз: Карантин талабы жеңілдеді. Енді аулаға шығуға, саяжайға баруға рұқсат

17.35 – Алматыда Covid-19 жұқтырған науқастардың 75%-да ауру жеңіл түрде өтіп жатыр. Ал сырқаттанғандардың 2%-ы қосымша аурулардың болуы салдарынан ауыр халге түскен. Қалғандарының жай-күйі орташа деңгейде. Бұл жөнінде қаланың Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

"Қазір Алматыда жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, ауыр жағдайдағы науқастар жоқ. Шахарда өлім-жітім көрсеткіші 0,58%-ды құрайды. Басқа елдерде бұл көрсеткіш 2-5% аралығында", – деді Тілеухан Әбілдаев.

Алматының инфекциялық стационарларында індет жұқтырған 1178 адам емделуде. Қауіпті кеселден 391 адам жазылып шықты.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай режиміндегі Жеңіс мерекесі. Ел аймақтарында 75 жылдық қалай тойланып жатыр?

17.28 – Алматы коронавирустың шарықтау шегінен өтті. Қаладағы ауру ошақтарының саны және тұрғындар арасындағы науқастар көрсеткіші азайды. Бұл туралы қаланың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Індет жұқтырғандар санының азаюына профилактикалық скрининг жасау әдісі көмектескен.

"Мұндай әдіс енгізілгеннен бері, мысалы, өткен сәуір айында коронавирустық инфекцияны жұқтыру деңгейі тәулігіне 6%-дан аспағандықтан, қала экономикасын кезең-кезеңімен қалпына келтіру стратегиясы жүзеге асырыла бастады. Карантиннен қауіпсіз шығу үшін Алматыда инфекцияның жасырын ошақтарын белсенді анықтау мақсатында жаппай тестілеу жүргізілуде", – деді Жандарбек Бекшин.

Профилактикалық скрининг әдісінің нәтижесінде, 75% науқастың бойындағы қатерлі инфекция симптомсыз, өте жеңіл кезеңінде анықталған. Осылайша, сырқаттың асқынуының жолы кесіліп, індет ошақтары жедел анықталған.

"Бұдан кейін де қауіпті індетті жұқтырғандарды және олармен тығыз байланыста болған адамдарды дер кезінде анықтауды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда осындай жұмыстардың нәтижесінде науқастар санының күнделікті өсу қарқыны 27%-дан 5%-ға азайған. Яғни, эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Біздің ойымызша бұл көрсеткіш те бара-бара одан әрі төмендейді", – деді Жандарбек Бекшин.

Оқи отырыңыз: Пандемиядан шығудың үш сценариі. АҚШ пен Батыс Еуропа қай жолды таңдады?

17.25 – Елімізде індет жұқтырған тағы 20 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 13;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 3;
  • Батыс Қазақстан облысы – 4.

Қазақстанда КВИ жұқтырғандардың саны – 5 076.

15.35 – 11 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізеді. Жиын барысында Мемлекет басшысы коронавирустың қазіргі ахуалын саралап, Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейінгі Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың алдағы стратегиялық іс-әрекетін айқындайтын мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

Оқи отырыңыз: 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Тоқаев мәлімдемесінің толық мәтіні

14.05 – Шымкентте бүгін коронавирус жұқтырғаны анықталған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. 1987, 1988, 1994 жылы туған азаматтар ауруханаға ЖРВИ белгілерімен жатқызылған. Сондай-ақ, 65 жастағы ер адам өзіне дейін вирусты жұқтырған науқаспен қарым-қатынаста болғаны үшін, карантиндік стационарға оқшауланған. Барлығынан талдау алынып, нәтижесі инфекцияның бар екенін растады.

13.45 – Алматы облысында қауіпті індетке Талғар ауданының тұрғыны шалдықты. Қазір науқас жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Онымен араласқан адамдар анықталуда.

13.42 – Түркістан облысында 33 жастағы Сарыағаш тұрғынынан инфекция табылды. Науқаспен байланысқан барлық адамдар оқшауланды.

Оқи отырыңыз: Карантиннен кейін жұмыссыз қалмаймыз ба? Әлеуметтік зерттеу

12.35 – КВИ жұқтырған тағы 20 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 4;
  • Алматы – 7;
  • Шымкент – 4;
  • Алматы облысы – 1;
  • Атырау облысы – 2;
  • Батыс Қазақстан облысы – 1;
  • Түркістан облысы – 1.

Елімізде қауіпті кеселге шалдыққандардың жалпы саны – 5 056.

Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық 4 есе көбейген. Агрессорларды ашудан арылтудың жолы бар ма?

12.20 – Қазақстанда тағы 62 адам коронавирус инфекциясынан жазылып шықты:

  • Нұр-Сұлтан – 13;
  • Шымкент – 2;
  • Қарағанды облысы – 2;
  • Қызылорда облысы – 3;
  • Павлодар облысы – 11;
  • Батыс Қазақстан облысы – 10;
  • Ақтөбе облысы – 20;
  • Түркістан облысы – 1.

Елімізде барлығы 1828 адам індеттен сауығып шықты.

Оқи отырыңыз: "Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады". Президент сұхбатындағы 11 өзекті мәселе

10.30 – Ақмола облысының Целиноград ауданында бір отбасының барлық мүшелері Covid-19 жұқтырды. Ерлі-зайыптылар мен үш жасар бала, бұрын қауіпті кеселмен сырқаттанғандармен байланыста болған. Қазір отбасы мүшелері ем қабылдап жатыр.

Маңғыстау облысында коронавирус инфекциясы Жаңаөзеннің үш тұрғыны мен Бейнеу ауданының төрт тұрғынынан анықталды. Науқастардың екеуі – індетті бұрын жұқтырғандармен байланыста болған, ал қалғандарында инфекция скрининг кезінде анықталды. Кейінірек ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен барлығына Covid-19 диагнозы қойылды. Қазір науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде.

Жамбыл облысында коронавирус Тараздың 25 жастағы тұрғынынан расталды. Ер адам індетте шалдыққандармен қарым-қатынаста болғаны үшін, карантиндік стационарда жатқан. Талдау оның да індетті жұқтырғанын көрсетті. Қазір науқаспен қарым-қатынаста болған тұлғалар да карантинге жатқызылды.

Қызылорда облысында Covid-19 жұқтырудың 3 жаңа жағдайы тіркелді. Барлық науқастар Қызылорда қаласының тұрғындары. Олар да бұрын вирус жұқтырғандармен байланыста болған.

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге. Екінші айда әлеуметтік төлемді 16 сәуірге дейін өтініш бергендер алады

09.45 – Коронавирус жұқтырған 61 адам тіркелді:

  • Нұр-Сұлтан – 31;
  • Алматы – 11;
  • Маңғыстау облысы – 7;
  • Қызылорда облысы – 3;
  • Ақмола облысы – 3;
  • Қарағанды облысы – 2;
  • Батыс Қазақстан облысы – 2;
  • Атырау облысы – 1;
  • Жамбыл облысы – 1.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған барлығы 5 036 адам анықталды.

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық 5 шараны тұрақты істеуге кеңес береді:

  • қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
  • қолға арналған спирттік антисептиктерді қолдану;
  • көп адам жиналған орындардан аулақ болу;
  • науқас адамдармен байланысқа түспеу;
  • салқын тию белгілері (дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы) пайда болғанда міндетті түрде дереу үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
ДСМ жедел желі номері: 1406

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары